Жексенбі, 24 Қараша 2024
Бетбұрыс 4291 1 пікір 21 Ақпан, 2019 сағат 11:46

Жаңа замандағы - Жібек жолы һәм Қазақстан

"Бұл жол халықтар арасындағы жаhандық өзара тауар айналымы мен зияткерлік ынтымақтастықтың қалыптасып, дамуы үшін орнықты платформа болды".

Нұрсұлтан Назарбаев

 

Түйелі және арбалы керуендердің дәуірлеп тұрған шағында, жаhандық тауар айырбасы мен мәдени алмасулардың дені, Ұлы Еуразия даласын ендей өтетін, сондай-ақ, негізгі бөлігі біздің мекенімізді бойлап жатқан Жібек жолы бойымен әм сол арқылы іске асқаны белгілі. Өндіргіш күштер мешеу, тауарлы экономика дамымаған ол замандардағы қазіргі ұғымдағы халықаралық сауданың бар мазмұнын да осы Жібек жолы айырбасы айқындайтын.

Бар тыныштықты теңізге жорту техникасының ашылуы мен қарқынды дамуы бұзды. Батыс Еуропадағы ашылған ғылыми жаңалықтар мен технологиялық тапқырлықтар осыған дейінгі әлемдік үрдістер мен дағдыларды мүлде өзгертіп, әлемнің геосаяси-экономикалық картасын қайта туғандай жаңартып берді. Жаңа техникалық тапқырлықтардың қолданылуы, өте-мөте, осы технологиялармен қаруланған және шикізатқа сусап отырған елдерге теңізге шығуға, бөгде материктердің қойнауын ашуға орасан мүмкіндік берді. Өздері орныққан қарт Еуропападан жырақтарға шарықтаудың мұрсатын қапысыз пайдаланған елдер, әсіресе, осы теңізде жорту технологиясын жетілдіруге барын салды. Желкендері бу маторына алмасып, ағаш қауырсындары металлға ауыстырылған кемелер керуені пайда болды! Бұл кемелер ендігәрі бөгде құрлықтардан отарлар жаулаудың құралы ғана емес, олардан өнеркәсіп шикізатын кері таситын әм мұнда өндірілген бұйымдарды соларға ұсынудың орны өгейсімес тасымалдаушысына айналды.

“Өнеркәсіп төңкерісі” атанған осынау секіріс Батыс Еуропа елдерінің өндірушілік қуатын қауырт өсіріп, сыртқа таситын тауарын орасан байытып қана қоймай, олардың шикізаттық тұтыну тәбетін айырықша көтерді. Нәтижеде, осы елдердің сыртқы экономикалық қимылдары әлемдік сауда айналымының ауданын игеруге жол алды. Мұрнағы Жібек жолы саудасы ауқымы жағынан да, техникалық тегеуіріні жағынан да теңізүстілік саудаға жол босатуға мәжбүр болды. Cонымен бір уақытта, жаңа техника мен технологиялардың көбеюі мен Еуропадан басқа өңірлерге таралуы жаhандық геосаясаттағы аумалы-төкпелі жағдайларға ұрындырды. Жібек жолының ана басында тұрған, неше ғасырлап әлемдік сауданың ауанын айқындап келген Қытай “байтал тұрмақ бас қайғы күйге” түсіп, мұрнағы мешел Ресей Азияның қолқалы тұсын қолына алды. Ежелгі үндістер мекенінде шыт жаңа мемлекет ірге көтеріп, өнеркәсіптенуді жылдам еңсеріп, әлемдік сауда-саттықта ырықты межеге қол артты. Осыдан кейін бағзы Жібек жолы қадымғы дәуренінен айрылып, құрлықүстілік сауда мен мәдени-рухани алмасулар түбегейлі теңізге жол босатты.

ХІХ-ғасырдың соңғы жартысына жеткенде адамзат байырғы отарландырудан бас тартты, халықаралық өндіріс бөлісі мен әлеуеттер тәжікелестігінің теңшеуінен жаhандық сауда-саттық пен ресурстар түзілісі әлем картасында жаңа сипатпен қайта орналасты, геосаяси жаңа ойыншылар бой түзеді, неше түрлі және алуан ауқымдағы  өңірлік экономикалық қауымдастықтар пайда болды, осының барлығы жершарындық тауар айырбасы мен қызмет алмасудың, рухани-өркениеттік бөлісулердің теңізүстілік монополиясына сын қоя бастады. Жан-жақтылы қуатты мемлекеттердің мұхиттардағы стратегиялық маңызды нұқталарға иемденушілік пиғылының асқынуы мен олар жайласқан елдерді ықпалына тарту ұмтылысы теңізүстілік тауар тасымалына, керісінше, қауіп біліне бастады. Әсіресе, тағы да сол техниканың дамуы мен технологиялық секірістер құрлықтағы тасымал құралдарының әлеуетін мейлінше арттырып, олардың мұхиттағы алып лайнермен бәсекелестігіне дәрмен сыйлады.

Шойынжол қарқынының еселеп артуы және тасжол құралдары сыйымдылығы мен көтерімділігінің ұлғаюы тауар тасымалын теңізге тәуелділіктен арылтты. Тіпті қарқыны мен қолайлылығы, икемділігі тұрғысынан ол теңіз тасымалынан әлдеқайда тиімді де өнімді екенін көрсетті. Энергия бұлақтары жер асты құбырлары арқылы құрлықтан құрлыққа ақтарылды. Ақпараттық техниканың дамуы заттық айырбас пен ақпарат, қызмет, өркениет жетістіктерін алмасудың жаңа нұсқаларын өмірге әкелді. Бұл да құрлықүстілік алым-берімнің мазмұнын үстеп, бәсіресін асыруға септесті. Құрлықпорты деген ұғым пайда болып, олар халықаралық саудадағы маңызды деңдерге айналып үлгерді. Қысқасы, адамзат баласы жер бетімен сауда жасау мен ақпарат алмасуға қайтадан ден қойды.

Еуропа мен Азияның өзара қауышар ұрымтал тұсынан ұтымды орын алған еліміздің, дәуірінде сонау жібекжолының дәуренінің дүркіреп, бағының баяндануына айырықша үлес қосқаны тарихи ақиқат. Бабаларымыз, тіпті, сол күре жол бойындағы сауда мен өркениеттер тоғысуының ұйымдастырушысы әм қатысушысы болғаны белгілі. Адамзат ХХІ-ғасырға аяқ басып, әлемдік экономика-сауда, геосаяси, мәдени, ақпараттық ресурстар қайта бөліске түсіп, халықаралық сауда және геосаяси-экономикалық ықпалдылыққа, энергетикалық ырықтылыққа ұмтылыс бәске түсіп жатқан алмағайып тұстағы еліміздің геосаяси маңыздылығы сонау Жібек жолы дәуіріндегіден бір мысқал да кем соқпай тұр. Өйткені бүгінде Қазақстан жершарындағы екінші ірі экономика - Қытай мен үшінші ірі экономика - Еуроодақ орналасқан қарт Еуропаны жалғап жатыр.

Бір бірімен сауда байланысы жыл санап артып, әрқайсысының халықаралық саудадағы өзаралық салмағы ауқымданып келе жатқан тараптар, араға айлар салып қатынайтын теңіз лайнерлеріне телмірмей-ақ, өзара жеткізілімді екі аптада іске асыратын шойынжол тасымалына құлықты болатын. Еліміздің ашық экономикалық ұстанымы, соған сәйкес, қос құрлық ара транзиттік дәлізді айқара ұстап отырған позициясы, осы әлеуетті онан сайын жетілдірудегі құлшынысы мүдделі тараптардың ықыласына бөленуде. Қазақстандағы тұрақтылық аталмыш тараптардың осы дәлізді алаңсыз пайдалануға деген құлықына жігер беруде. Нәтижесінде, статистика олардың еліміз арқылы жеткізілетін тауар айналымының жыл сайын артып келе жатқанын айғақтап отыр. Еліміздің өткерме ақыдан табатын табысы да сәйкесті түрде көбею үстінде. Бұл бағыттағы жеткізілім, әсірісе, Қытайдың “бір белдеу, бір жол” стратегиясы жолға қойылғаннан кейін, тіптен, қарқын алған. Қазақстан осындағы Жібек жолы экономикалық белдеуінің алғашқы деңі, белдеу бойы 40-тан аса мемлекетті Қытаймен жалғайтын тұңғыш бекет. Қасиетті мекеніміздің қадірінің өзі осымен әйгіленбек.

Әлемдік БАҚ шығысымыздағы экспорт империясынан Еуропаға бет алған құрамалардың Қазақстан арқылы тоқтаусыз жүйткіп жатқанын, Батыс Қытай - Батыс Еуропа тас жолының ықтимал әлеуетін, Қазақстанмен өтетін мұнай және газ құбырларының Қытайдың энергетикалық импортын көптараптандырудағы рөлін әспеттей жазуы және оған, ылғи да, қайталай соғуы еліміздің Еуразиялық жаңа Жібек жолындағы дара бөгенайын аша түскені болмақ. Осы сипатымен Қазақстанның геоорналасуы аталмыш жобаның авторы Қытай үшін тіптен құнды. Өйткені, ол әу бастан Қытайдың әлемдегі екінші ірі экономиканы тұлғалағаннан кейін, осы тұрпатымен әлемдік экономикада ықпалын өткізу, дауысын шығару, бұрындары АҚШ белгілеп келген халықаралақ сауда ережелеріне өз шарттарын енгізу, жаhандық шаруалардағы АҚШ-тың монополиясын жою амбициясынан туындаған жобасы болатын.

Капиталы шағын  бір елдің бюджетіне парапар Азия инфрақұрылымдық банкін құрып, сонымен сүйемел жасауды көздеген бұл жоба, былтырдан бері ішінара кедергілерге ұшырағанымен, әлі күшінде. Билік басына Трамп келгелі АҚШ Қытайдың өңірлік экспансиясы мен ғаламдық тәбетін тежеуге, әсіресе оңтүстік-шығыс мұхит алаңында, мықтап кірісіп жатқаны бар. Демек, жобаның “теңіздегі Жібек жолы” қанаты кедергіге іліккен сайын, құрлықтағы “Жібек жолы белдеуі” қанатының маңызы арта түсетіні анық. Қытай билігінің аталмыш жобамен біздің “нұрлы жол” бағдарламасын қатар атап, екеуін өзара өбіскен жобалар деп әспеттеп, екі ел аралық экономика-бизнес әріптестіктерінде осы екі бағдарламаны қабыстыра өрбітуді жаны қалмай дәріптеуі бекер емес.

Қазба байлықтарымыздың қадірін білуге шақырған Шерхан ағамыздың көзі тірісінде алтын сандықтың үстінде отырғанымызды бейнелей ескерткені бар-ды. Дәуіріміздегі геосаяси-экономикалық тұрғыдан бағамдасақ, еліміз алтын өткелдің де жағасында отыр. “Дала белдеуі Қытай, Үнді, Парсы, Жерорта теңізі, таяу шығыс және славян өркениеттерін байланыстырған” (Н.Назарбаев) қалпын қайта тауып қана қоймай, Тынық мұхиттың батыс жиегі мен сонау батыстағы Англо-саксон өркениеттерін де астастыратын алтын көпірге айналып отыр. Алдымызда осынау тарихи мүмкіндікті қалай игеру, оны елдік мүддеге қалай қызмет жасату, онан пайдаланып халықаралық сауда жүйесіндегі әлеуетімізді айқындау мен бекемдеу міндеті тұр. “Керуен жолдарын мінсіз ұйымдастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз еткен” бабалар дәстүрін еске салған “Ұлы Жібек жолы” тақырыбы, экономист-ғалымдарымыз бен іскер топ буынын бүгінгі қайта тірілген Жібек жолына қалай үлес салу, ондағы геосаяси-экономикалық ұстанымымызды қалай айқындау, қазіргі халықаралық сауда жүйесіндегі мүдделерімізді қалай қорғау бағытында жұмылуға ұйыстырса игі.

(жалғасы бар)

Құрмет Қабылғазыұлы

Abai.kz

 

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5602