Жұма, 4 Желтоқсан 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 134706. Жазылғандар — 118643. Қайтыс болғандар — 2034
«Соқыр» Фемида 2894 17 пікір 26 Ақпан, 2019 сағат 10:38

Сапарбаев салдармен емес себеппен күрессе екен

Жаңаөзенде 22-ақпаннан бері жұмыссыздыққа қарсы наразылық өтіп жатыр. Халық мұнай кен орындарында немесе басқа да жерлерге жұмысқа орналасуды талап еткен. Ал, жергілікті билік халықпен жабық залдарда кездесулер жасаған. Алайда, "уәдеге әбден тойдық" деген тұрғындар бейбіт жиындар мен кездесулерді көшеде өткізуге тырысып бағуда

Митинг өткізерден екі апта бұрын Жаңаөзен әкімшілігі қаладағы жұмыссыз, көпбалалы, мүгедек адамдармен кездескен. Бірақ, жергілікті билік халыққа ештеңе түсіндіре алмаған. Тіпті, артынан еш жауап берместен қашып кеткен.

Бұдан соң халық жатақханалар мен өздері тұратын аулаларда жиындар өткізеді. Оған әртүрлі шағын кәсіпорындарда істейтін жұмысшылар да қатысып, айлықтарын 80-90 мың теңгеден 150 мың теңгеге көтеру қажеттігін айтады.

Қарсылық білдірген көптеген азаматтар шенеуніктерге ғана емес, жергілікті тау-кен кәсіпорындарына, соның ішінде шетелдік компанияларға да ашық талаптар қойған. Себебі, «ҚазМұнайГаз» еншілес компанияларының 50% акцияларын Қытай компаниялары басқарады. Мәселен, «МаңғыстауМұнайГаздың» тізгіні Лю Цзиньчэн атты Қытай азаматының қолында.

Сонымен, 22-ақпан күні қарсылықтарын білдіріп алаңға шыққан жастармен кездесуге мұздай қаруланған полиция жасақтарын ертіп Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары Ержан Тұрмағамбетов барды.

Ол мәселесін айта бастаған жастарға “темекі шегіп, түкіргенің үшін әкімшілік жауапқа тартамын” деп дікеңдей сөйлейді. Тіпті, “жұмыссыз жүрсең құрылған комиссияның шешімін күт, бәріміздің жақсылықтан үмітіміз бар” деп “сабырлы болуға”  шақырады. Сөйлей бастаған әр адамға саусағын шошайтып, даусын көтере сөйлейтін вице-прокурор Заңды жақсылап оқыңдар деп кеңес беріпті.Ал, Заңның 32-бабында: “Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы. Бұл құқықты пайдалану мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделері үшін заңмен шектелуі мүмкін” деп жазылған. Демек, азаматтар өз наразылықтарын айтып, бейбіт жиын өткізуге толық құқықтары бар.

Жалпы, біздің билік кез-келген мәселенің себебімен емес, салдарымен күреседі. Мәселен, былтыр мұнайлы ауданда 14 мыңнан астам адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Ал, билік өкілдері халыққа "неге көшеге шығасың?" дегеннен гөрі, сол жұмыссыздардың көрсеткіші қаншалықты өсті немесе кеміді? Азаматтардың жұмыссыз қалуының себебі неде? Ол мәселенің шешімі қалай болады деген сауалдарға жауап іздесе дейсің.

Өйткені, қазір халықты құрғақ уәде, бос сөзбен алдау мүмкін емес.Мұны Жаңаөзендік шенділер де әбден түсінеді деп ойлаймыз. Себебі, осыдан сегіз жыл бұрынғы қанды оқиға да мәселенің тек салдарымен күрескеннен болған еді. Нәтижесінде, халыққа оқ атылып, қаншама жастардың өмірі қыршыннан қиылды. Жаңаөзендік шенділерге бұдан артық қандай сабақ керек?

Түйін.

Кеше Үкіметте аздаған ауыс-түйістер болды. Бастысы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Әбілқасымова қызметінен босатылды. Астанадан аттап шықпаған министр ханым, осылайша Жаңаөзен халқының жұмыссыз отырғанынан да бейхабар күйінде кетті. Енді оның қызметін Бердібек Сапарбаев атқаратын болады. Жұмысына енді кіріскен Сапарбаев мырза мұнайлы өлкедегі азаматтардың мұңына бей-жай қарамауға тиіс. Себебі, Жаңаөзен халқының жүректегі жарасы әлі жазыла қойған жоқ...

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

17 пікір