Жексенбі, 24 Қараша 2024
2694 0 пікір 11 Наурыз, 2019 сағат 11:56

Өртенген үйден екі баланы құтқарған студентке білім гранты берілді

Ерлік көрсетіп, Талдықорғанда өрт шыққан үйден екі кішкентай баланы құтқарған 19 жасар студент Арман Бақытбайұлына білім гранты беріледі. Бұл туралы облыс әкімдігінің ресми сайтында жазылды.

Естеріңізге сала кетейік, Талдықорған қаласының тұрғыны, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің 1 курс студенті Арман Бақытбайұлы  6 наурызда көшеден өтіп бара жатып көп пәтерлі үйдің екінші қабатынан көмекке шақырған дауысты естиді. Терезеден түтін шығып жатқанын көреді. Арман газ құбырымен өрмелеп, есігі жабық пәтердің ішінен терезеден екі кішкентай қызды алып шыққан.

Кішкене балалардың ата-анасы балаларды сыртынан жауып, жұмысқа кеткен екен. Оқиға орнына өрт сөндірушілер дер кезінде жетіп, қажетті көмекті көрсеткен.

Арманның ерлік әрекетін естіген облыс әкімі Амандық Баталов студентті қабылдап, оның өзінен оқу барысы, отбасылық жағдайы, өмірдегі қызығушылығы туралы сұрап білді. Әңгіме барысында белгілі болғандай, жас батыр университетте дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша ақылы бөлімде оқиды, қарындасы екеуін әкесі тәрбиелеп отыр, спортқа жаны жақын, футболды жақсы көреді, бұрын еркін күреспен де айналысқан.

Университет ректоры Қуат Баймырзаевтың айтуынша, Арман жақсы оқитын студенттер қатарында, сессияны жақсы көрсеткіштермен аяқтаған. Ректор Арманның ержүректігіне ризашылығы ретінде және отбасылық жағдайын ескеріп, оқу ақысын өзінің жеке есебінен көтеруге дайын екенін жеткізді.

Облыс әкімі бұл ұсынысты қолдады, дегенмен келесі жаңа оқу жылынан бастап Арманға облыс әкімінің гранты берілетінін айтты. Сол сияқты мектепті аяқтаған соң А. Бақытбайұлының қарындасына да қолдау көрсетілмек.

- Ерліктің үлкен-кішісі болмайды. Біреудің қайғысына бейжай қарамай, көмек қолын созғаның сенің үлкен жүректі азамат екеніңді көрсетті. Өзің спортпен айналысасың, саламатты өмір салтын ұстанады екенсің. Сен сияқты жастардан қатарластарың үлгі алуы тиіс. Әрқашан осындай қарапайым, байсалды, мейірімді қалпыңнан танбай, арман-мақсатыңа жете бер! Саған әрдайым жақсылық тілеймін! – дей келе, облыс әкімі А. Баталов Арманға ноутбук сыйға тартты.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5590