Жексенбі, 24 Қараша 2024
5483 4 пікір 11 Наурыз, 2019 сағат 14:41

Көпшілік тәу етер киелі мекен...

Кең байтақ қазақ жерінде қасиет тұнған, киелі жерлер аз емес. Сол жерлердің бірі – Алматының іргесіндегі Покровка ауылының маңында орналасқан әулие-абыз Әлмерек Жаншықұлы жатқан жер. Кезінде мұнда қазақтың аяулы перзенті Д.Қонаев келіп, құран бағыштап, тәу етіп тұрған деседі. Қазір де бұл жерге арнайы барып, дұға тілеп, қасиетті бұлағынан дертіне шипа тауып жатқан кісілердің қарасы көп.

Мұнда адамдардың басым көпшілігі жерден шығып жатқан табиғи бұлаққа келетін көрінеді. Себебі, ол судың емдік қасиеті ел арасына ғана емес алыс-жақын шет елдерге де мәлім. Сондықтан мұнда Қырғызстан, Ресей, Қытай тіпті Франциядан адамдар арнайы келеді. Сол жерде 20 жылдан астам уақыттан бері келушілерге қызмет көрсетіп келе жатқан Алтыншаш Кәрібаеваның айтуынша, бұлақтың қасиетінен талай адам ауруынан айыққан. Бала көтере алмаған келіншектерге ана бақыты бұйырып, тіпті, көзі көрмейтін зағип қыздың көзі ашылған дейді.

(Кесене маңындағы 1-бұлақ)

Бұл әрине, әуелі Алланың құдіреті. Одан кейін әулиенің киесі мен бұлақтың қасиеті ұштасып жатқаннан болар. Қалай десек те мұнда бір тылсым дүние жатқаны ақиқат.

Ал, көзі тірісінде-ақ әулие-абыз деңгейіне көтерілген Әлмерек Жаншықұлы кім?

Әлмерек Жаншықұлы – 1658-1754 жылдары өмір сүрген  батыр қолбасшы, тапқыр шешен және алдағы құбылыстарды дәл болжай алатын ойшыл адам болған деседі. Оның есімі алғаш рет елін жаудан қорғаған ерлігімен танылған. Жетісуда жоңғарларға қарсы әскер құрып, елін жаудан азат еткен ержүрек тұлға.

Есімі жалпы қазаққа мәлім Райымбек батырды  бата дарыған, ержүрек батыр десек, сол батырдың батагөйі де осы Әлмерек абыз болған.

Алайда, ол кісі жайлы аңыздар көп болғанымен, нақты ғылыми деректер аз. Тек, 1998 жылы Алматыда шыққан Қазақстан ұлттық энциклопедиясының 1-томында қысқа ғана мәлімет берілген. Онда:

“Әлмерек абыз шамамен XVI ғасырдың басы мен XVII бас кезі, қазіргі Жамбыл облысы – батыр, шешен, көріпкел, әулие. Ат жалын тартып мінген кезінен бастап, қазақ жастарынан жоңғарларға қарсы жасақ ұйымдастырды. Сарбаздардың қатары көбейіп, соғыстың әдіс-айласын меңгергеннен кейін жоңғарларға тұтқиылдан шабуыл жасап, Сөгеті тауы мен тағы біраз жерлерде оларға соққа берген. Одан Ханкелді, Бақай, Малай, Райымбек батырлар бата алған. Тоқсаннан асқан шағында ел үшін еткен еңбегі және қазақтың бірлігін қорғаудағы қайраткерлік қасиетіне риза болған халық оған абыз деген атақ берген.

Әлмерек абыздан бес бала болған: Жәнібек, Баба, Құрман, Тоқан, Қаракісі. Жетісу өңіріндегі 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің басшыларының бірі Ұзақ батыр Құрманның тұқымы” деп жазылған.

Ал, ғалым, зерттеуші Шоқан Уәлиханов Албан руынан тарайтын Әлмерек абыздың бес баласы бес рулы ел болғанын зерттеп, тарихта қалдырған. Сондай-ақ, Шоқан Шыңғысұлы Қашқария сапарында абыздың  ұрпағы Тазабек бидің үйінде болып, дәм татқан деседі.

Бүгінде, оның ұрпақтарының ішінде елге белгілі тұлғалар мен қоғам қайраткерлері шықты. Олардың ішінде классик жазушы Бердібек Соқпақбаев, академик Карл Байпақов, ережесіз жекпе-жектен әлем чемпионы атанған Ардақ, Бейбіт Назаровтар да осы абыздың ұрпағы.

Ал, Әлмерек Жаншықұлының жатқан жерін табуға қазақтың аяулы перзенті Дінмұхаммед Қонаев атсалысқан. Себебі, ол кісінің бала кезінде әкесі Меңліахмет ақсақал Әлмерек абыздың қазіргі кесенесі тұрған жерге әкеліп, басындағы бұлағынан су ішкізген деседі. Және, “бұл жерден өткенде оған сиынып жүр” деп өсиет айтқан екен. Бала кезден абыз жатқан жердің  қадірін түсініп өскен Димаш ата үлкен қызметте жүргенде де, ұмытпай, ары-бері өткенде тоқтап, құран оқып жүретін болыпты. Кейіннен, ол кісі өзі білетін мәліметтерін жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбайға айтып берген. Тұрсын Жұртбай ол кісі туралы зерттеп-жазып, абыздан қалған 350 жылдық тарихы бар мыстан құйылған қара ошақты табады. Бұл туарлы жазушы Төлен Қаупынбайұлының еңбектерінде де бар.

Нұрсәбит Керімбеков, шырақшы:

– 1997 жылы осы жерде Әлмерек ұрпақтарының басы қосылып, бабамыздың кесенесін тұрғызбақ болды. Бұл жер бұрын құлап қалған ескі мазар болған. Сол жылы осы жерде ас беріліп, атаның белгілі ұрпақтары келіп Әлмерек атындағы қор құрайық деп шешкен. Сөйтіп қор құрылды. Қордың президенті болып Нұрғали Мамыров деген академик сайланды. Атқарушы директор болып – Рауан Әріпов деген кісі болды. Шырақшы болып менің әкем Сүйгенбай Керімбеков  сайланды. Сөйтіп, ұрпақтарының қолдауымен, кәсіпкерлердің көмектесуімен қор жұмысын бастап кетті. 2000 жылы Серік Сұлтанғалиев деген кәсіпкер азамат, (ол кісі де атаның ұрпағы боп келеді) кесенені көтеріп, шырақшылар отыратын үйді салып, аумағын түгел қоршап берді. 

Ал, қордың қазіргі президенті Жанболат Жөргенбаев. Атқарушы директоры Ысқақ Нұрмұханбетов ағамыз.

Соңғы жылдары мұнда зиярат етіп келушілер саны өте көп. Бұл жерде үш бұлақ бар. Келіп жатқан халықтың шамамен 60 % сол бұлақ үшін келеді. Ол бұлақтың шынымен шипасын көріп жатқандар көп.  

Менің әкем шырақшы боп жүрген кезінде бір зағип қызға осы бұлақ шипа болып, көзі ашылып кеткені туралы естігем. Ал, өзім үстіне жара шығып, еш жерден жазылмаған бір жігіттің жазылып кеткенін көргенмін. Арағын қойып кеткендер мен балалы болған келіншектер де көп.

Негізі мұнда бір ғана бұлақ болған еді. Құдайдың құдіретімен екінші, үшінші бұлақтың көзі ашылды. Кейіннен сол екі бұлақтың суын ғалымдарға беріп, тексерттік. Олар бізге химиялық құрамын анықтап берді. Бір қызығы, екі бұлақтың суы да алдыңғы бірінші бұлақ суымен бірдей. Ғалымдардың айтуынша, судың құрамында күмісі мол, ауыр металл мүлде жоқ. Минералдарға өте бай. Халыққа содан шипа болып жатыр дейді. Ал, қазір қасынан кішігірім тағы екі бұлақ шығып жатыр. Бірақ, олардың құрамын әлі тексерткен жоқпыз.

(Зиярат етіп келген қонақтарды қабылдайтын шырақшылар үйі)

Түйін.

Көзі тірісінде әулие атанған Әлмерек абыз “бақ дәулет бірлікте, атқарылған тірлікте” деп артына өсиет қалдырған екен. Осы өсиетін ұғынған ұрпағы бүгінде бабасы жатқан киелі жерді халық игілігіне қызмет етер орынға айналдырып отыр. Сәйкесінше, кесене маңындағы үш бастау да халық денсаулығына пайдалы екені дәлелденген. Бүгінде бұлақтың суы - экзема, бауыр, бүйрек, қан қысымы, асқазан – іш құрылысына, жүйке ауруларына ем ретінде қолданылады.

Ал, мұнда болып жатқан тылсым дүниелер Әлмерек абыздың шын мәнінде Құдайдан берілген ерекше қасиеті мен әулие кісі болғанын айқындайды. Бүгінде Алматының іргесіндегі  баба кесенесі көпшіліктің тәу етер киелі орнына айналған. Ал, халық арасында "Ұлы баба Әлмерек, шын сиынсаң, Алла қолдап әл беред(і)" деген сөз кеңінен таралған...

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5592