Дүйсенбі, 25 Наурыз 2019
«Соқыр» Фемида 2255 23 пікір 12 Наурыз, 2019 сағат 11:51

Олар мәжілістегі «Халық қаһармандары»...

Бір-екі күн өтті. Бүкіл жұрт жапатармағай жамырап жүріп 8-наурызды тойладық. Сәбеттен қалған сарқынды дегенімізбен, символикалық түрде қыз-келіншектерді марапаттадық. Мейрамдарымен құттықтадық. Осы бір мерекелік датаға орай Қазақстанның саясатындағы әйелдердің типтік образын жасау туралы ойға келдік.

Ал енді жалпылама сөз құрауға және келмейді.  Сенатта да, Үкіметте де, Мәжілісте де әйел саясаткерлер аз емес. Әрқайсысы бір-бір типтік образ.

Қайсысын жазамыз? «Бір бала да, екі бала» деп быдықтап сөйлейтін пенсионер Қарақұсованы ма, әлде Президент туралы асқан пафоспен сөйлеуде шашасына шаң жұқтырмайтын жүйрік Хаменованы ма? Ойбай-оу, айтқан әр сөзі «хит» Дәу үйдегі Дариға апай бар ғой. «Құдайға шүкір, орыс тілін ешкім алып тастаған жоқ» деп жүрген ол кісінің әр айтқаны қоғамдық резонансты тудырады, рас. Саясаттың ауласында жүрген Дариға, Гүлжан, Бақытгүл секілдідер аз емес.

Енді осының барлығын қалай жинаймыз? Бұрындары біреудің саяси сұлбасын түзү үшін ол адамның сөйлеген сөздеріне екпін беруші едік.

Бұ жолы жасайтын жұмысы мен таққан темір-терсектерін тілге тиек еттік. Әуелі Парламенттің төменгі палатасынан бастайық.

Парламенттің төменгі палатасы – Мәжіліс. Мәжілісте 27 депутат әйел бар екен. Жаңағы Хаменова мен Қарақұсовалар осы жерде жұмыс жасайды.

Бұл жиырма жеті ханымның кеудесіндегі темір алқалары Солтүстік Кореяның «ардагерлерінен» бір кем емес. Әрқайсысы орден таққан. Әрқайсысы «Ерен еңбек сіңірген». Кіл мықтылар. Кіл дөкейлер. Өздеріңіз көріңіздер... Мархабат...

Мәжілістегі депутат әйелдер

Майра Айсина – биыл 63 жаста. Ағылшын тілін еркін меңгерген. 2007 жылдан бері Мәжіліс депутаты болып келеді. IV, V, VI шақырылымның депутаты. Нұр Отан партиясының өкілі. Депутаттық қызметіне биыл – 12 жыл.

Алған атақ-абыройы мен таққан темір-терсектері:

«Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі (1999ж.),

«Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі (2001ж.),

«ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» медальі (2001ж.),

«ҚР Құрметті спорт қайраткері» төсбелгісі (2004ж.),

«Туризмді дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі (2004 ж.),

«ҚР Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалі (2005ж.),

«Ерен еңбегі үшін» медалі (2005ж.),

«Ы.Алтынсарин атындағы медаль» (2006ж.),

«Астана» естелік медалі (2006ж.),

«Ғылымдағы жетістігі үшін» төсбелгісі (2009ж.),

«ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі (2011ж.),

«Құрмет» ордені (2011 ж.).

Зәуреш Аманжолова – 15-наурыз күні 61 жасқа толады. Мамандығы дәрігер. Медицина ғылымының докторы деген дардай атағы бар. Алматыда ұзақ жыл әкімнің орынбасары болды. 2016 жылы Мәжіліс депутаты болып тағайындалды. Депутаттық қызметіне биыл – 3 жыл.

Алған атақ-абыройы мен таққан темір-терсектері:

«ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі (1999 ж.),

«ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалі (2001 ж.),

«Қазақстанның үздік акушер-гинекологы» марапаты (2005 ж.),

«ҚР Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалі (2005 ж.),

«Алтын сакльпель» белгісі (2007 ж.),

«Белсенді қызметі үшін» «Нұр Отан» партиясының төсбелгісі (2007 ж.),

«За профессионализм и деловую репутацию» А.П.Чижевский атындағы Алтын медаль (2007 ж.),

Гиппократ ордені (2007 ж.),

«Ұлт мақтанышы» медалі (2014 ж.),

«ҚХА 20 жыл» мерекелік медалі (2015 ж.),

«ҚР Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалі (2015 ж.),

«Қазақ хандығына 550 жыл» мерекелік медалі (2015 ж.),

«Құрмет» ордені (2011 ж.).

Ирина Аронова – биыл 62 жасын атап өтеді. Ресейдің Калининград облысында туған. Шымкентте, Қостанайда оқу бітірген. Мамандығы педагог. Мәдениет саласында біраз жыл қызмет еткен. 2007 жылдан бастап Нұр Отан партиясының Қостанай облыстық филиалында төраға орынбасары болған.

2012 жылдың 20-қаңтарынан бері Мәжілісте жүр.  Депутаттық қызметіне биыл – 7 жыл.

Алған атақ-абыройы мен таққан темір-терсектері:

«ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалі (2001 ж.),

«ҚР Парламентіне 10 жыл» медалі (2006 ж.),

«ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі (2011 ж.),

«Құрмет» ордені (2012 ж.),

ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен (2007 ж.) марапатталған.

Галина Баймаханова – биыл 67 жаста. Геолого-минералды ғылымдар кандидаты, доцент. Мамандығы геолог. Ұзақ жыл өз саласы бойынша қызмет еткен. 40-тан астам ғылыми-методикалық еңбек жазған.

Галина апа Баймаханова 70-жылдары геологиялық барлау факультетінде комсомол ұйымының хатшысы болған. 1987 жылдан бері коммунист. Коммунистік партияның басшылық құрамына да сайланған. 2012 Мәжіліске дәл осы компартия атынан өткен. Депутаттық қызметіне биыл – 7 жыл.

Алған атақ-абыройы мен таққан темір-терсектері:

«Ерен еңбегі үшін» медалі (2013 ж.),

«ҚР Қаржы полициясына 20 жыл» медалі (2014 ж.),

«ҚКХП 10 жыл» (2014 ж.),

«Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», (2014 ж.),

«Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалі» (2015ж.),

«Қазақстан Конституциясына 20 жыл» (2015 ж.).

Зағипа Балиева – биыл қазан айында 61 жасқа толады. Еңбек жолын СПТУ-да лаборант болып бастаған. Мамандығы экономист. Алматы әкімдігінде де қызмет еткен.

1994-1995 жылдары Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған. 1995-1996 жылдары ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрайымы болды.  Ал 2005-2009 жылдары ҚР Әділет министрі креслосына отырды.

6 баланың анасы. Нұр Отан партиясының өкілі. 2009 жылдан бері депутат. Депутаттық қызметіне биыл – 10 жыл.

Алған атақ-абыройы мен таққан темір-терсектері:

«Күміс алқа» медалі,

«ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалі,

«ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі,

«ҚР Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалі,

«Құрмет» ордені,

«Парасат» ордені.


Гүлнара Бижанова – 1969 жылы Қарағандының Қаражалында туған. Биыл 50 жаста. Мамандығы заңгер, құқықтанушы. Қарағындыда заігерлікті оқыған, Қарағандыда қаржыгерлікті оқыған. РФ Президенті жанындағы мемлекеттік басқару және халық шаруашылығы академиясын бітірген.

Еңбек жолын 1987 жылы сатушылықтан бастаған. Кейін прокуратураға ауысқан. Сөйтіп жүріп 2010 жылы «Қазақмыстан» бір-ақ шығады. Онда Басқарма төрағасының кеңесшісі болып қызмет етеді.

Нұр Отан партиясының өкілі. 2016 жылдан бері Мәжілісте депутат. Депутаттық қызметіне биыл – 3 жыл.

Алған атақ-абыройы мен таққан темір-терсектері:

«Прокуратура озаты» 2-дәреже (2006 ж.),

«Әділет органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» (2014ж.),

«Қазақстан Маслихаттарына 20 жыл» (2014ж.),

«Қазақстан Конституциясына 20 жыл» (2015ж.),

«Қазақстан Республикасының прокуратурасына 20 жыл» (2016ж.),

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016ж.),

«Қазақстан Республикасының прокуратурасына 25 жыл» (2017ж.),

 «Ерен еңбегі үшін» (2017ж.).

Светлана Бычкова – биыл шілдеде 62 жасқа толады. Мамандығы – заңгер, физик. Сот саласында біраз жыл қызмет еткен. «Профессор» ғылыми атағын алған. 180-нен астам мақала жазған. Нұр Отан партиясының өкілі. Мәжілістің IV, V, VI шақырылымның депутаты. Депутаттық қызметіне биыл – 12 жыл.

Алған атақ-абыройы мен таққан темір-терсектері:

«Ерен еңбегі үшін» медалі (2001 ж.),

«Құрмет» ордені (2011 ж.).

Дания Еспаева – биыл 5-наурызда 58 жасқа толды. Жоғары білімді. Мамандығы – экономист. Еңбек жолын КСРО кезінде банк саласынан бастаған. Банк саласында 34 жыл қызмет еткен. Оның 17 жылында басшылық қызметте болған. 2 мәрте Ақтөбе облыстық маслихатына сайланған. Ақ жол партиясының өкілі.

Алған атақ-абыройы мен таққан темір-терсектері:

«Үздік қаржыгер» қоғамдық медалі,

«ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медаль,

«Құрмет» ордені.

Анар Жайылғанова – биыл шілдеде 50 жасқа толады. Семей өңірінің тумасы. Мамандығы – заңгер. Сот саласында 1994 жылдан бастап қызмет еткен. 1999 жылдары Президент әкімшілігінде істеген. 2004 жылы Жоғарғы соттың судьясы атанған. 2008 жылы Сенат шешімімен Конституциялық кеңес мүшесі болды. 2003 жылы екінші жоғарғы дипломын алып, экономист атанды.

2016 жылы Нұр Отан партиясына мүшелікке қабылданып, Конституциялық кеңестен шықты. Сөйтіп 2016 жылы Мәжіліс депутаты атанды. Депутаттық қызметіне биыл – 3 жыл.

Алған атақ-абыройы мен таққан темір-терсектері:

«ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалі,

«Астананың 10 жылдығы» мерекелік медалі,

«ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі,

«Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісі,

«ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі,

«Конституциялық заңдылықты нығайтуға қосқан үлесі үшін» медалі,

«Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» медалі,

«Қазақстан Республикасы Конституциясына 20 жыл» медалі,

«ҚР Прокуратурасына 25 жыл» медалі,

«Үш би» Құрмет белгісі,

«Құрмет» ордені.

Наталья Жумадильдаева – биыл 29-наурызда 54 жасқа толады. Қарағандының Теміртауында туған. Мордовада оқу бітірген. Мамандығы – филолог.

Еңбек жолын 1987 жылы Қызылордада бастауыш сынып мұғалімінен бастаған. 1987-2013 жылдар аралығында мұғалім, мектеп директоры т.б. болып қызмет еткен.   2016 жылдан бері Мәжілісте депутат. Ассамблея атынан сайланған. Депутаттық қызметіне биыл – 3 жыл.

Алған атақ-абыройы мен таққан темір-терсектері:

«Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» медалі,

«Қызылорда облысына 70 жыл» төсбелгісі,

«Ы.Алтынсарин атындағы» төсбелгі.

Гүлнар Иксанова – биыл сәуірде 61 жасқа толады. Экономика ғылымының кандидаты. 1994 жылдан бастап телерадио хабар тарату саласында қызмет еткен. ТАН телекомпаниясының вице-президенті болған. «МИР» арнасында реферант, «Хабар» агенттігінде вице-президент болды.

Нұр Отан партиясының мүшесі. 2012 жылы Мәжіліске депутат болып таңдалған. Содан бері сол жақта жүр. Депутаттық қызметіне биыл – 7 жыл.

Алған атақ-абыройы мен таққан темір-терсектері:

Бірнеше мерекелік медальмен марапатталған.

«Құрмет» ордені,

«Парасат» ордені,

«БАҚ саласындағы ҚР Президентінің» сыйлығын алған.

Снежанна Имашева – 1981 жылы Батыс Қазақстанда туған. Биыл сәуірде 38 жасқа толады. Мамандығы – заңгер. Нұр Отан партиясының мүшесі. 2016 жылдан бері Мәжіліс депутаты. Мәжіліске партиялық тізіммен өткен. Депутаттық қызметіне биыл – 3 жыл.

Алған атақ-абыройы мен таққан темір-терсектері:

Жоқ.

Гүлмира Исимбаева – 23-тамызда 62 жасқа толады. Мамандығы – орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Мәжілістің вице-спикері. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған. 12 жылдық білім беру жүйесіне арнап жазылған 1 сыныптарға арналған «Букварь» оқулығының авторы.

1990 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болған.

2007 жылдан бері Мәжілісте депутат болып келеді. Мәжілістегі Нұр Отан фракциясының жетекшісі. Депутаттық қызметіне биіл – 12 жыл.

Алған атақ-абыройы мен таққан темір-терсектері:

Алматы қаласы әкімдігінің алғыс хаты,

«А.С.Пушкин» медалі мен алғыс хаты,

«М.В.Ломоносов атындағы» сыйлықтың лауреаты,

«Ы.Алтынсарин атындағы» төсбелгі,

ҚР Президентінің алғыс хаты,

«Ерен еңбегі үшін» медалі,

«Құрмет» ордені,

«Парасат» ордені.

Меруерт Қазбекова – Көкшетаудың тумасы. Биыл 58 жаста. Саясат ғылымдарының кандидаты. РФ Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет академиясын бітірген. Бірқатар жекелеген кәсіпорындар мен компанияларда қызмет еткен. «Қазақстан темір жолында» қызметте болған. АҚШ-та тәжірбиеден өткен. Қазақ және орыс тілдерін меңгерген.

2002 жылдан бері «Ақ жол» партиясының мүшесі. 2012 жылы «Ақ жолдың» партиялық тізімімен Мәжіліске барған. Содан бері Парламентте жүр. Депутаттық қызметіне биыл – 7 жыл.

Алған атақ-абыройы мен таққан темір-терсектері:

«ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медальі.

Гүлжан Қарақұсова – Мәжілістегі «хит» апалардың бірі. Биыл 69 жаста. Экономика ғылымының докторы, профессор.

Бір кездері Президент Назарбаевтың өзі айтқандай-ақ, 1994 жылден бері Назарбаевтың қасында жүр. Ағылшын тілін біледі. 3 бала, 8 немере сүйіп отырған әже.

1994 жылы Президенттің көмекшісі болған. 1997-2001 жылдар аралығында Сенат депутаты болды. 2001-2007 жылдар аралығында Еңбек министрі болып көрді.

Ал 2007 жылы Мәжіліске ойысты. Содан бері Гүл апа Мәжілістен кеткен жоқ. Президенттің сенімді серіктерінің бірі. Гүлжан апаның депутаттық қызметіне биыл, Сенат пен Мәжілісті қосып есептегенде – 16 жыл.

Алған атақ-абыройы мен таққан темір-терсектері:

Гүл апаның таққан темір-терсектерін санап бітпеспіз, десек те, бір сыпырасын жазайық...

«ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі,

«Астананың 10 жылдығы» мерекелік медалі,

«ҚР Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалі,

«ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» меркелік медалі,

«Астана» медалі,

«Барыс» ордені II- дәреже,

«Достық» ордені,

«Парасат» ордені.

Құралай Қарекен – биыл 61 жаста. Ақтөбеде туған. Мамандығы – дәрігер. Медицина саласында біразжыл қызмет еткен. 2 бала 5 немесе бағып отырған әже.

2012 жылдан бері Мәжілісте депутат. Нұр Отан партиясының өкілі. Депутаттық қызметіне биыл – 7 жыл.

Алған атақ-абыройы мен таққан темір-терсектері:

«Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл»,

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл»,

«Астананың 10 жылдығы»,

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл»,

«Ерен еңбегі үшін»,

«Қазақстан Конституциясына 20 жыл»,

«Қазақстан денсаулық сақтау ісінің үздігі»,

«Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін»,

«Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының үздігі».

Балайым Кесебаева – биыл 53 жаста. Шымкент облысының тумасы. Талдықорғанда оқу бітірген. Мамандығы – заңгер. Әділет департаментінде біраз жыл еңбек еткен.

2012 жылы «Нұр Отан» партиясының мүшесі. 2016 жылы Мәжіліс депутаты атанған. Содан бері Мәжілісте жүр.

Алған атақ-абыройы мен таққан темір-терсектері:

«ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі,

«Әділет органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі,

«Әділет органдары жүйесінің құрметті қызметкері» төсбелгісі, 

«Ерен еңбегі үшін» медалі,

«Құрмет» ордені.

Наринэ Микаелян – биыл сәуірде 36 жасқа толады. Мәжілістегі ең жас депутат әйелдерінің бірі. Әйел дейміз-ау, бұл сылқым әлі отбасын құрмаған екен. Алматыдағы Абай атындағы педуниверді бітірген.

Еңбек жолын 2007 жылы бастаған. 2012 жылы Арменияның Қазақстандағы Елшілігінде консулдың көмекшісі болып қызмет еткен. Армян мәдени орталығында біраз жыл жұмыс жасаған. Ассамблея мүшесі.

Ассамблеяның атынан 2016 жылы Мәжіліске депутат болып тағайындалған.

Алған атақ-абыройы мен таққан темір-терсектері:

«Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» медалі.

Екатерина Никитинская – Алматының тумасы. Катя апай биыл 64 жаста. Мамандығы – экономист. Экономика ғылымының докторы. Біраз кәсіптің басын қайырған. «Хабар» агенттігінде қаржыгер болған.

«Ақ жол» партиясының өкілі. Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының төраға орынбасары болған.

2012 жылдан бері Мәжілісте депутат. Депутаттық қызметіне биыл – 7 жыл.

Алған атақ-абыройы мен таққан темір-терсектері:

«Құрмет» ордені.

Айгүл Нуркина – биыл 53 жасқа толады. Керекуде туған. Мамандығы – заңгер. «Заңгер» деп аталатын қоғамдық қорды басқарған.  2004 жылы бұрынғы «Асар» партиясының Павлодардағы филиалын басқарған. 2006 жылы «Нұр Отан» партиясының Павлодардағы филиалының төраға орынбасары болған. 2007-2011 жылдар аралығында Павлодарда маслихатқа тағайындалған.

2011 жылы Мәжіліске кандидат ретінде ұсынылған. 2012 жылы Мәжіліс депутаты атанған. Содан бері Парламент қабырғасында жүр.  Депутаттық өтілі – 7 жыл.

Алған атақ-абыройы мен таққан темір-терсектері:

ҚР Президентінің Алғыс хаты,

Түркітілдес елдер Парламенті Ассамблеясының Алғыс хаты,

Павлодар облысы әкімінің Алғыс хаты,

ТМД елдері парламентаралық Ассамблеясының Құрмет грамотасы,

«Белсенді қызметі үшін» төсбелгісі,

«ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі,

«ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі,

«Астана 10 жыл» медалі,

«Ерен еңбегі үшін» медалі,

«Құрмет» ордені.

Жамила Нурманбетова – биыл ақпанда 55 жасқа толды. Философия ғылымдарының кандидаты. Дкандидаттық диссертацияны Мәскеуде қорғаған. Профессор. ҰҒА кореспондент мүшесі. ЕҰУ-де проректор болған.

2016 жылдар бері Парламенттің төменгі палатасында жүр. Нұр Отан партиясының мүшесі. Астана филиалын басқарған. Депутаттық өтілі – 3 жыл.

Алған атақ-абыройы мен таққан темір-терсектері:

«ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі,

«Ы.Алтынсарин атындағы» төсбелгі,

«Астана 10 жыл» медалі,

«ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі,

«ҚХА 20 жыл» мерекелік медалі,

«ҚР Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалі,

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері»,

«Құрмет» ордені.

Жанат Омарбекова – биыл тамыз айында 58 жасқа толады. Физика-математика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын Семейде орта мектепте мұғалім болып бастаған.

Нұр Отан партиясының мүшесі. 2016 жылы партия тізімімен Парламентке барған. Депутаттық өтілі – 3 жыл.

Алған атақ-абыройы мен таққан темір-терсектері:

«Қайсар Тұлға» премиясының лауреаты. Ол бұл сыйлықты параолимпиадалық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін алған.

Әлия Сапарова – 1984 жылғы. Биыл қыркүйекте 35 жасқа толады. Қостанайдың Әулиекөлінде туған. Мәжілістің ең жас әйел депутаты.  Мамандығы – журналист. Өңірлік телекомпанияда қызмет еткен. Нұр Отан партиясының мүшесі.

Алған атақ-абыройы мен таққан темір-терсектері:

Жоқ.

Ирина Унжакова – биыл 55 жаста. Ресейдің Иркутскі облысында, Усть-Куте қаласында туған. 1983 жылы Өскемендегі құрылыс техникумын бітірген. Еңбек жолын сол 1983 жылы құрылысшы, маляр болып бастаған. 1995-1997 жылдары тележурналистикаға бет бұрған. Өскеменде тележүргізуші болған. Мақалалар жазған.

Бейбітшілік жөніндегі нобель сыйлығын да алмақшы болған екен. 2004 жылы Нобельдің Бейбітшілік сыйлығына ұсынылған 1000 әйелдің қатарына кірген.

2016 жылдан бері Мәжіліс депутаты. Нұр Отан партиясы мүшесі. Депутаттық өтілі – 3 жыл.

Алған атақ-абыройы мен таққан темір-терсектері:

«Астана 10 жылдығы» медалі,

«Ерен еңбегі үшін» медалі,

«ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі.

 

Бақытгүл Хаменова – Атыраудың тумасы. Биыл 38 жаста. Мамандығы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Тележурналист болған. Университетте кафедра басқарған.

2016 жылдан бері депутат. Нұр Отан партиясының мүшесі. Депутаттық өтілі – 3 жыл.

Алған атақ-абыройы мен таққан темір-терсектері:

«Ы.Алтынсарин атындағы» төсбелгі,

«ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі,

ҚР Президентінің Алғыс хаты,

«Қазақстан маслихатына 20 жыл» медалі,

«Белсенді қызметі үшін» төсбелгісі,

«ҚР Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалі,

«Экономика мақтанышы» ордені,

«Құрмет» ордені.


Ольга Шишигина – биыл 51 жаста. Даңқты спотшы. Олимпиада жүлдегері. 1987-1992 жылдар аралығында ҚР Қарулы күштері сапында борышын өтеген. 1994-2013 жылдар аралығында ҚР ҰҚК-де қызметте болған. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 1994-1998 жылдары Азия ойындарын жеңген. Азия чемпионы. Седней олимпиадасының чемпионы. Әлем чемпионатының қола жүлдегері. Қазақстанның жеңіл атлетикадан еңбек сіңірген спортшысы.

2013 жылдан бері Мәжіліс депутаты. Нұр Отан партиясының мүшесі.

Алған атақ-абыройы мен таққан темір-терсектері:

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты,

«Достық» ордені II-дәреже,

«Барыс» ордені I-дәреже,

«Құрмет» ордені.

Татьяна Яковлева – биыл 61 жаста. Ресейдің Воронеж облысында туған. Ақмолада ауылшаруашылық институтын біәтірген. Экономика ғылымының кандидаты. Қаржыгер. Ұлы және 2 немересі бар.

2007 жылдан бері Мәжіліс депутаты. Нұр Отан партиясының мүшесі. Депутаттық өтілі – 12 жыл.

Алған атақ-абыройы мен таққан темір-терсектері:

Бірнеше мерекелік медаль,

«Құрмет» ордені.

Түйін.

Жоғарыдағы ұзын-сонар тізімдікті өздеріңіз оқып көрдіңіздер. Қазақстан Парламентінің төменгі палатасы десек те негізгі Заң шығарушы орган саналатын Мәжілістегі нәзік жандылардың есім-сойлары осы.

Анау, Қарақұсова, Хаменова сынды жұрт көзіне түскісі келмесе де көп жерде көрініп қала беретін «хит» ханымдарды айтпасақ, көбісін былайғы жұрт біле бермейтіні анық. Шындығына келсек, бұл апайлар мен тәтейлердің  кейбірінің есімдерін айту тілге ауыр.

Жастары 40-қа жетпеген 4-ақ әйел депутат бар

Міне, бұл кісілер – «халық қалаулылары» деген дардай атты арқалап жүргендер. Енді бұл тізімдікті әрі қарай сараптайық.

Қарап отырсаңыз, Мәжілісте 27 әйел депутат бар екен.

35-40 жас аралығында – 4 депутат бар.

40-50 жас аралығында – 0.

50- 60 жас аралығында – 11 депутат бар.

60-70 жас аралығында – 12 депутат бар.

2014 жылғы зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғырту жөніндегі концепцияға сәйкес, 2018 жылдың шілдесінен бастап әйелдердің зейнет жасы кезең-кезеңімен көтеріле бастаған. Осы арифметикаға сап есептесек, қазір Мәжіліс кулуарында жүрген мынау апайлар мен тәтейлердің арасында зейнет жасынан асып кеткендері қаншама. Демек, зейнет жасы 2019 жылдың 1-қаңтарынан бастап 59 жас.

Мәжілістегі 27 әйелдің 12-і зейнеткер

Жоғарыдағы 27 депутат ханымдардың ішінде 12 депутат зейнетке осыдан 3-4 жыл бұрын шығып қойғандар екен.

Мысалы, жастары 70-ке таяп қалған Баймаханова, Никитинская мен Қарақұсовалардың ізін басқан алпысты аттап өткен апалардың әрқайсысы немере бағып отырар шағында Парламент дәлізінде шаршап жүр.

Тағы бір қызық дерек, біле жүріңіз. Мәжілістегі 27 әйел жынысты депутаттың доминанты Нұр Отандықтар.

Нұр Отан мүшелері – 21 депутат,

Ақ жол мүшелері – 3 депутат,

ҚКП мүшелері – 1 депутат,

Ассамблея мүшелері – 2 депутат.

2 депутат Ресейде туған

Ол аз десеңіз тағы 2 депутат Ресей жерінде туған. Олар – Ирина Аронова (Ресейдің Калининград облысында туған) және Ирина Унжакова  (Ресейдің Иркутскі облысында туған).

Мәні кеткен марапат

«Құрмет» орденімен – 16 депутат,

«Парасат» орденімен – 4 депутат,

«Ерен еңбегі үшін» медалімен – 8 депутат марапатталған екен.

Жоғарыдағы есімдері екшеленген 27 депутат ханымның ішінде сөлкебайы жоқ – 2 депутат қана бар екен.

Міне, солай. Біз бұл жолы Парламенттің төменгі палатасының қыз-келіншек, апа-тәтелерін ғана тізімдедік. Дәл соы Парламенттің жоғарғы палатасының пациенттерінің ішінде де небір «халық қаһармандары» отырғаны анық. Олар туралы ендігі жолы жаза жатармыз.

Әзірге, айтпағымыз, біздің биліктің қазіргі саяси силуеті осы міне. Кіл зейнеткерлер. Үлкен саясаттың төңірегінде жүргендер ғой. Арасында кейбіреуінің министрлік есігін көргені болмаса, Парламенттен асып әрі барғаны шамалы. Парламентте де үнсіз отырады көбісі. Сондықтан да, жұрт бұл ханымдардың есім-сойын естіп-біле бермейді.

Біздің бүгінгі Парламенттің сықпыты Снежанналар, Микаеляндар. Одан қалса, Қарақұсовалар мен Никитинскаялар... Ал сіз биыл «Жастар жылы» дейсіз...Пішту!

Жалғасы бар...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

23 пікір