Дүйсенбі, 7 Қазан 2024
Күбіртке 8121 9 пікір 18 Наурыз, 2019 сағат 13:21

Сот құрылысын тоқтатқан Қытай зауыты заңға бағынбай ма?

Түркістан облысы Ордабасы ауданында қытайлық компания қорғасын қалдықтарын өңдейтін зауыттың құрылысын бастады. Алайда, жергілікті тұрғындар зауыттың салынуына қарсылық білдіріп, құрылыстың тоқтауын талап етіп отыр. Тұрғындардың айтуынша, зауыт іске қосылса, ең алдымен аллергиялық аурулар өршитін көрінеді. Сонымен қатар, бұл зауыт күнделікті мал шаруашылығымен айналысуға да кедергі болады деп дабыл қағуда.

(Зауыттың салынуына қарсы Ордабасылық тұрғындар)

Халықпен кездескен компания өкілдері бұл кәсіпорында Шымкенттегі қорғасын зауытынан шыққан қалдықтар өңделетінін айтқан. Ал, халықтың сөзінше, қорғасын қалдығын пайдалану адам өміріне өте зиян. Тіпті, оның шайындысын жер астына да, өзен суларға да тастауға болмайды дейді. Сондай-ақ, зауыт жұмысы басталса, күнделікті мал шаруашылығына да айтарлықтай зиян келетін көрінеді.

Тұрғындар бұл мәселе бойынша шенеуніктер мен құзырлы орган өкілдеріне бірнеше рет шағымданған. Олардан үміт болмаған соң,  халық қоғам белсенділері мен заңгерлерге жүгініпті.

Сонымен, халықтың қарсылығына қарамай қарқынды құрылыс жүргізіп отырған бұл қандай компания?

2018 жылдың 3-мамырында ОҚО сол кездегі әкімі (қазір Түркістан облысы) Жансейіт Түймебаев Қазақстандағы ҚХР Шэньси провинциясы Үкіметі өкілдігінің басшысы Чэн Хэ бастап келген инвесторлармен кездесті. Кездесуде қос тарап өкілдері Қытай мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланысты арттыру, бірлескен жобалар құрып, облыс аумағында кәсіпорындар ашу жайын талқылаған.

(ҚХР Шэньси провинциясы Үкіметі өкілдігінің басшысы Чэн Хэ бастап келген инвесторлар)

Сондай-ақ, Жансейіт Қансейітұлы шығыстан келген қонақтарды оңтүстік өңірдің экономикалық әлеуетімен таныстырып, өндіріс орындарын ашуға ниетті инвесторларға барынша жағдай жасалатынын айтқан. Және, өңірде қытайлық компаниялардың 5 ірі жобасы жүзеге асып отырғанын да мақтанышпен жеткізген.

«Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан мен Қытай арасында стратегиялық байланыс орнаған. Нәтижесінде екі ел арасындағы тауар айналым 10,4 млрд. АҚШ долларын құрады. Бір ғана біздің облыстың өзінде қытайлық компаниялардың қатысуымен 5 бірдей жоба жүзеге асып отыр. Болашақта өздеріңізбен дипломатиялық қарым-қатынасты нығайта отырып, инвестициялық жобаларды жүзеге асырамыз деген ойдамыз», – деді сол кездесуде Жансейіт Қансейітұлы.

Жансейіт мырзаның сөзіне риза болған қытайлық қонақтар да оңтүстік өңірге жалпы құны 4,8 млрд.теңгені құрайтын қорғасын және мырыш қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт салуға ниетті екенін айтқан. Ол жоба жылына 300 мың тонна қалдықты өңдеуге қауқарлы. Және, қытайлық қонақтардың айтуынша, зауыт іске қосылса, 100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылатын көрінеді.

Сонымен қатар, сол кездесуде өңірде өндірілетін ауыл шаруашылық өнімдерін Қытайға экспорттау жайы да талқыланған. Одан бөлек, Жансейіт мырзаның ұсынысымен оңтүстікте электр қуатымен жүретін көлік шығаратын зауыт салу да жоспарланған көрінеді. Қонақтар бұл ұсынысқа ерекше риза болып, аталған жобаларды бірге жүзеге асыруға дайын екенін айтқан. Кездесудің соңында қос тарап бір-біріне сый-сияпат жасап, естелікке суретке түскен көрінеді.

Ал, осы кездесу жергілікті халыққа кесел боп жабысатын түрі бар.Тұрғындар бұл зауыттың салынуына қарсылық білдіріп, экология мамандарына да шағым түсірген. Нәтижесінде, сот зауыт құрылысын уақытша тоқтату туралы шешім шығарған. Алайда, меншік иелері көпшілікпен санаспақ түгілі, назар да аудармаған. Сөйтіп, 10,5 гектар жерді қоршап алып, құрылысты бастап кеткен көрінеді.

Түйін

Көпшілік қоршаған ортаға зиянды болатын мұндай кәсіпорынның жұмыс істеуіне жол бермейтіндерін айтады. Ал, халықтың осы талабымен кәсіпорын басшылары санаса ма? Қалай десек те “Халық қаласа хан түйесін сояды” дейтін тәмсіл бар емес пе?

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

 

9 пікір