Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
4184 15 пікір 29 Наурыз, 2019 сағат 15:26

Қытай өзінің "терроризммен күресу амалын қолдаған" Қазақстанға алғыс айтты

Қытай үкіметінің бас дипломаты Пекиннің Шыңжаң аймағындағы "радикалдармен күрес" бағдарламасын қолдағаны үшін Қазақстанға алғыс айтып, басқа елдерді де Қытайдан үлгі алуға шақырды.

Бұл туралы 28 наурызда Қытай мемлекеттік кеңесінің мүшесі, сыртқы істер министрі Ван И Пекинге ресми сапарлап барған Қазақстан сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловпен кездесуі кезінде айтқан.

Пекин 28 наурызда таратқан хабарламада Ванның Атамқұловпен кездесуі кезінде "Шыңжаңдағы радикалдармен күрес бағдарламасы өте нәтижелі болды" дегені жазылған.

Ван "Бұл қадамдар жергілікті қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етіп, аймақтағы бейбітшілікке ықпал етті. Біз халықаралық қауымдастыққа терроризм мен экстремистік ойларды қудалаудың тиімді амалын көрсеттік" деді.

Хабарламада Ванның "Қазақстан үкіметінің Қытай позициясын түсініп, қолдағанын бағалаймыз, ешкімнің, ешбір күштің Қытай мен Қазақстан арасындағы достық пен сенімге селкеу түсіруіне жол бермейміз" дегені айтылады.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің сайты да кездесуден соң мәлімдеме таратты. Министрлік "келіссөздердің жеке бөлігі ретінде Қытай аумағында тұратын этникалық қазақтар жағдайы туралы мәселе болды. Екі ел мәселені дипломаттар жұмысындағы мәселелерді шешуге мүдделі екенін айтып, консулдық қызметтердің жұмысын жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді" деп жазады.

Бірақ Қазақстан билігі Қытай елшісінің "экстремизммен күрес бағдарламасын қолдағаны үшін" Нұр-Сұлтанға алғыс айтқанын жазбаған.

Қазақстан үкіметі Қытайда қамауда отырған мұсылмандарға байланысты Пекинді ашық сынаған емес, бірақ қамаудағы қос азаматтығы бар қазақтарды шығару жөнінде келіссөз жүргізіп жатқанын бірнеше рет айтқан.

Биыл наурыздың басында Алматыда полиция тіркелмеген "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшті ұстап, Астанаға алып кеткен. Сот шешімімен ол екі ай мерзімге үйқамаққа алынды. Прокуратура Біләштің ұсталуына Алматыда 8 ақпанда өткен жиындардың бірінде белсендінің "азаматтарды "жиһадқа" - этникалық қытайларға қарсы соғысқа шақыруы" себеп болғанын хабарлаған.

Соңғы екі жылдан бері Шыңжаңда аз ұлттардың қуғынға ұшырағаны туралы ақпарат шығып жатыр. Біріккен ұлттар ұйымы Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу орталықтарында" миллионға жуық адам "еркінен тыс" қамауда отырғанын мәлімдеген. Қытай үкіметі басында бұл орталықтардың барын жоққа шығарып келді. Кейін Пекин қысымды "экстремизмге қарсы шара" деп мәлімдеді және "қамалғандар тіл үйреніп, кәсіп меңгеріп шығады" деген ақпарат таратты.

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048