Шыңғыс туды Арқардан...
Шыңғыс қағанның айналасындағы адамдардың да, ру-тайпа аттарының бәрі де тек қана қазаққа тән. Олар, Есекей, Алтан, Құшар, Сағабек, Темір, Тастемір, Шыңғыс, Өлең, Бөрте, Жібек, Марал, Жамұқа, Белгітай, Қасар, Нақу-Баян, Бауыршы, Тарғытай, Желме, Алтан, Мұқалы, Жеменей, Есен, Бөкен, Жанай батыр, Үгедей, Жолшы (Жошы), Төле, Дәрітай, Шағатай, Тайшар Қарасақал, Жебе т.б. Оның үстіне Қият, Жадыран, Жары, Адай, Байұлы, Маңғыт, Керей, Найман, Меркіт, Жалайыр, Қоңырат, Ұйғыр, Жабал т. б. ру-тайпа атауларын қосыңыз. Жер жүзінің барлық елдерінде, адам аттарында өздерінің ұлттық ерекшеліктері болады. Ал қазіргі заманның тілімен айтқанда ұлттың, мемлекеттің «төлқұжаты» сияқты.
Сол кездегі жоғарыда көрсетілген ру-тайпалардың бәрі қазіргі қазақ халқының құрамында тұр. Мысалы, адамның тегіне «ов», «ев» (Иванов, Рублев, Сидоров) жалғаулары қосылса оның ұлтының орыс екенін, «ко» (Соломенко, Костенко, Приходко) украин, «оглы» (Бюл-Бюл оглы, Мамед оглы) әзірбайжан екенін бірден білеміз. Бұл қағиданы бүкіл дүние жүзі елдерінің бәрі де қолданады. Ежелгі қазақтар өз атына да, тегіне де ешқандай жалғау сөз қоспай жазған. Мысалы, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Жаныс Төле би, Ескелді Сүгір, Кете Жүсіп т. т. Болып руының (атасының) аты бірінші айтылып, жалғасып кете береді. Бұл жағдайды қазақ ұлтының шығу тегін өзге ұлттар мен салыстырғанда, тіпті әріде екенін көрсетеді, - деп тұжырымдауға әбден болады.
Сонымен қатар Шыңғысханның айналасындағы адамдардың көпшілігінің аттарының қасына «Ад», «Дай», «Адай», «Жары» деген тегі (казіргіше айтқанда фамилиясы) қосылып отырады. Мысалы, «Жажир-Адай», «Туху-Адай», «Бөрі-Адай» (186 бет), «Нояқ-Адай», «Қаран-Дай», «Буда-Ад», «Дахал-Адай», «Арул-Ад» (187 бет), «Дай-сешен» (190 бет), «Жары-Адай» (200 бет), «Шырғы-Адай Батыр», «Жажир – Адайлық Жамұқа» (220 бет), «Жырғы Адай (Жебе)» (223 бет), «Жүрме Адай» (234 бет), «Жары Адайлық Қарыдар» (239 бет), «Жүрше Адай» (240 бет), «Бары Адайлық Наяан» (251 бет), «Жүрже Дай», «Долы Адай» (259 бет), «Идік Адай», «Қынкия Адай» (260 бет), «Жары Адай-Еген» (265 бет), «Алшы Адай» (271 бет). (Ілияс Есенберлин «Асыл аңыз» Моңғолдың кәдімгі жинағы. Алматы, 2002 жыл Көшпенділер баспасы).
Дүбун-Баянның (Дүйім-Баян М.Қ.) екі баласының аты Білге-Адай, Бекже-Адай. (Әбілғазы. «Түрік шежіресі» 46 бет).
Бұл жағдай ескі тарихи жазбаларда көптеп кездесетін «Ад», «Дай», «Алтай» елдерінің Адайлармен бір тектен шыққанын және қазіргі Адайлардың сол ежелгі Ад, Дай, Алтайлықтардың заңды жалғасы, яғни солардың қарашаңырағын ұстап қалған бүгінгі ұрпағы екендігін көрсетеді. Аталарымыздың «Аттың орнын тай басар (Адтың орнын дай басар)» деген мақалыныңда сыры осы. Алтайлықтардың сан мыңдаған жылдардан бері ауыздарынан тастамай жырлап келе жатқан «Ман Адай Қара» дастаныныңда сыры осы (Бүкіл әлем елдері өз тегініңде, мәдениетініңде Алтайдан басталатынын жақсы біледі). Манның атын Манқыстау, Адайдың атын Адай, Қараның атын «Түпқараған (Қарағантүп)» яғни барлық қаралардың шыққан түбі күні бүгінде де ұстап отыр.
Сонымен қатар, Шыңғыс ханның ата-бабаларының және оның айналасындағы адамдардың есіміне қазақ халқында күні бүгінде де қолданыста жүрген «батыр», «мерген», «шешен», «бек (бегі, бекі)», «хан», «қаған» деген елден ерек, бүкіл халық мойындаған құрметті атақтары мен лауазымдары қосылып жазылған. Мысалы, «Нашын-батыр», «Бұлтегі-батыр», «Бартан-батыр» (187 бет), «Есугей-батыр» («189 бет), «Сүбетей-батыр» (210 бет), «Аушы-батыр» (220 бет), «Тақой-батыр» (225 бет), «Гүрі-батыр) (229 бет), «Қадақ-батыр (241 бет), «Мұқалы Шылайын-батыр» (264 бет) «Хорышар-мерген», «Боржығытай-мерген», «Добун-мерген», «Барқұдай-мерген», «Қорылартай-мерген» (183 бет), «Дүмбілай–шешен» (187 бет), (Дай-шешен» (190 бет), «Құйылдыр-шешен» (241 бет), «Тоқта-бекі», «Құдық-бекі», «Белгі-бекі» (220 бет), «Алақ-бекі» (276 бет), «Ван-хан» (202 бет), «Торуыл-хан» (204 бет), «Далдұр-хан» (212 бет), «Бұйрық-хан» (220 бет), «Таян-хан», «Күшлік-хан» (246 бет), «Алтан хан» (282 бет), «Қабыл-қаған», «Құтыла-қаған» (187 бет), «Амбағай-қаған» (192 бет). Ілияс Есенберлин «Асыл аңыз». Сонымен қатар, осы еңбектің 19 бетінде: «ХІІ ғасырдың ортасында моңғол (мұңал) рулары бөлек-бөлек тұрған. Әшейінде олар әр түрлі топтарға біріккен: тайпаға, немесе ұлыстарға, халыққа, «халық иелігіне» бөлінді. Ұлыс үлкендігі мен күшіне байланысты әртүрлі болды: ұлыс иелігінен бастап алғашқы мемлекеттік құрылысқа дейін: «Ежелгі моңғолдарда, - деп жазды Б.Я. Владимировцов,-көсемге, ханға, ноянға, тайшыға, батырға, т.б. бағынышты болуына қарағанда, рулардың, тайпалардың, әулеттің біріккен құрылымы «ұлыс», «ұлыс-халық», «халық-ел», «осындай бір ұлысқа біріккен халық», немесе «ұлыс иелігін құрушы», «мемлекет-иелігін құрушы халық», «мемлекет» - деп аталды деп жазды. Моңғолдарды, нағыз көшпенділерді, бұл түсінікте оның территориясы емес, халқы қызықтырады». Ұлыс басында мал шаруасымен айналысатын атақты ру басылары тұрды. Құрметті атау иесі – нояндардан: баходыр – батыр, имен – ақылды, мерген – құралайды көзге атқыш, білген – ақылды, бүке «бұқа» - күшті, тайшы – ханзада, т.б.
Мұндай ұлыс иесі, баһадұр – батыр титулына ие болған, Темужиннің әкесі Есугей де болды» дейді.
Мұңал шындығы бойынша, бізде нояндық шен – бекі қоятын дәстүр бар. Боданшардың үлкен ұлы Баарынның тұқымдары осындай шенге ие болған...» («Мұңалдың құпия шежіресі». 154 бет.)
Түсініктеме: Маңғыстаудағы Жетібай кенті (Қарақия ауданы) мен Шетпенің (Маңғыстау ауданының орталағы) арасындағы алқап мен елді мекен күні бүгінде де сол дәуірдің тірі куәсіндей «Бекі», Каспий – Арал аймағы Жем өзені бойында Казбек деген жер, қазіргі Грузияның Аландар еліндегі (солтүстік Осетия) тау мен елді мекен «Казбек», яғни Қазақтың бегі деп аталады. Әскердің Бас қолбасшысы «беглер бегі» деп аталды. Сол сияқты Бек, Бекі, Бекен, Бекжан, Бекібай, Бекмұрат, Бекқали, Бектұрған, Қазыбек (Қаз дауысты Қазыбек би), Казбек есімдері ел арасында жетіп артылады.
Шыңғыс ханның тегі Қазақ, Алшын, Байұлы, Адай екендігін «Асыл аңыздың» мына деректерінен де анық көруге болады: «Сонда Үрүйіттің Жүргетайы мен Маңғыттың Құйылдыры Жамуханың ол жерден кетуін күтіп, одан қалыс қалып, Шыңғысханға өзінің, Үрүйіттері мен Маңғыттарын бастап келді. Сондай-ақ бастапқыда Жамұха да өзінің жеті ұлымен Шыңғысханға қосылды» (І.Есенберлин «Асыл аңыз». 215 бет).
«...Бұл хабарды естіген Шыңғысхан: «Ұрытты» Жүрме Адай ағай, егер сізді алдыңғы шепке тағайындасам, қалай қарайсыз?»-деді. Жүрме Адай аузын ашып үлгерместен, Маңғыттық Құйылдыр-сешен: «Андамның дәл алдында мен шайқасамын! Менің жетімектеріме қамқорлық жасау-анданың еркі» - деді. –Жоқ,- деді Жүрме Адай, біз екеуміз де Шыңғысханның көз алдында шайқасамыз: «Ұрыт және Маңғыт!» Осы сөздермен Жүрме адай мен Құйылдыр Шыңғысханның бет алдына өздерінің Ұрыттықтары мен Маңғыттарын сапқа тұрғызды. Олар сапқа тұрып үлгерместен, жүркеліктер басқарған жау жағы келіп қалды. Ол келгеннен кейін Ұрыт пен Маңғыт соққы беріп, Жүркеліктерді таптап тастады. (Асыл аңыз. 234 бет).
Түсініктеме: Адайымыз сірә Адай ғой. Ал, ол замандағы Маңғыт дегеніміз қазіргі Кіші жүз қазақтары құрамындағы тайпаның аты. Манғыт ежелгі Маңғыстауды мекендеген Мандардың, яғни Ман атаның ұрпақтары деген мағына береді. Маңғыттар кейін Ноғай хан билік жүргізгенде Ноғайлықтар, Маңғыттар және Қазақтар деп қатар аталды. Осы айтылғандардың толықтай дәлелдемесін атақты жыраулар Мұрат Мөңкеұлы мен Мұрын жырау Сеңгірбекұлы жырлаған «Қарға бойлы Қазтуған» жырынан табамыз. Алтын Орданың соңғы билеушісі Адайдың Мұңалының ұрпағы «Ел қамын жеген ер Едіге» би осы Маңғыт тайпасынан делінеді.
«Ман ата» асуы мен Ман атамыздың моласы Маңғыстаудың қара ойынан қырға көтерілер жерде күні бүгінде де бар.
Шыңғысханның тегі Мұңалдың Қиян (Қият) руынан екендігін, оның Адай Байұлынан тарайтынын «Мұңалдың құпия шежіресін де» анық көрсетілген. «Содан кейін Шыңғысхан Оңғыр (кейбір деректе Үңгір) – аспазшыға: «Сен менімен бір үйдің баласындай болдың. Сен, Мүнгеті – Қиянның баласы Оңғыр «Бұлтты күні – жолдан адаспадың, жекпе-жекте жеңілмедің, жаңбырлы күні бірге су болдық, аязда – бірге тоңдық. Қазір саған қандай сый керек?» - «Егер маған рұқсат етсең, - деп жауап қайтарды Оңғыр, - егер маған таңдауға рұқсат етсең, маған әр қиырда бытырап, жан-жақта шашырап жүрген Байұлы бауырларымды бір жерге жинап алайын». – «Жарайды, -деді ол, - Байұлы бауырларыңды жинап алуыңа рұхсат беремін сен оларға мыңбасы бол» (151 бет).
Түсініктеме: Шыңғысханның Мұңалдың Қият (Қиян) руынан екендігі бұл күнде бүткіл жер бетіндегі бірде – бір тарихшыға күмән туғызбайды. Бұл әлем мойындаған шындық. Енді мына сөзге назар аударайық. Оңғыр – аспазшының руы да Қият (Мүнгеті - Қиянның баласы). Ол Шыңғысханның рулас – бауыры, сондықтанда Шыңғысхан оған өзінің де, бүткіл әскерінің де өмірін сеніп-тапсырды, бас аспазы етті. Оңғыр жан-жақта шашырап жүрген Байұлы бауырларын Шыңғысханның рұқсатымен бір жерге жинады. Бұл жөнінде осы «Асыл аңыздың» 50 тармағында: «Бартан – Батырдың төрт ұлы болды Мүнгеті-Қиян, Некүн-Тайшы, Есугей-Бахадүр, Дәрітай-Отшығын. Құтықты-Мүңгірдің ұлы Бөрі-Бөке болды. Онон шатқалындағы тойда Белгітайдың иығын жарақаттаған дәл осы еді» дейді. Бұдан Үңгірдің әкесі Мүнгеті мен Шыңғыстың әкесі Есекейдің бір атаның балалары екендігі анық көрініп тұр емес пе?! Тағы сол сияқты 120-шы тармағында «Түні бойы ұйықтамай жол жүрді. Жан-жағына қараған олар келесідей тайпалардың жақын келгенін көрді. ...Мүнгеті – Қиянның ұлы Үңгір өзінің Шаншуыттары және Байұлыларымен дейді.
Осы деректен Шыңғысхан мен Үңгірдің бір-біріне немере туыс, Қияттың да, Мұңалдың да Байұлы – Алшыннан (Кіші Жүз-Бегарыс) тарайтыны «тайға таңба басқандай» болып, анық көрініп тұрған жоқпа?! Шежіре де Мұңалды Адайдың кенже немересі, ал Адайды Байұлының, сонымен қатар бүткіл қазақтың кенжесі, яғни қарашаңырағының иесі делінеді.
Осы тұжырымның ақиқаттығын ешқандай дау-дамайға жібермейтін деректерді Әбілғазының «Түрік шежіресінен де» табамыз. Онда Шыңғыс ханның тегі Қиян, Оғыз хан, Қарахан, Мұңал хан, Алынша хан» деп, көрсетілген. Бұған күмән келтіруге ешкімнің де құқы жоқ. Себебі, қазақ өз ата-тегінен ешқашанда жаңылысқан емес, жаңылыспайды да. «Тегін білмеген тексіз» деп ондайларды адам қатарына санамаған. Ал, бұл шежірені жазып қалдырған қарапайым адам емес, ХҮ11 ғасырдағы басында Каспий-Арал өңірі қазақтары, артынан Хиуа ханы, әрі әйгілі Шыңғыс қағанның тікелей ұрпағы Әбілғазы баһадүр хан болып табылады.
Осы айтылғандардың топономикалық айғақтамасы Маңғыстаудағы Шайыр ауылы маңында Қиян атты алқап пен Жары (Жарты) атты әулие қорым күні бүгінде де осылай аталады. Осы көрсетілген деректер Алшын шежіресімен де 100 пайыз сәйкес келеді. Онда Қиянның (Қияттың) тегі Жары – Мұңал – Адай – Байұлы – Алшын делінген.
Мүнгеті, Мүңгір, Мұңғыл бұлардың бәрі Мұңалдың синонимі. Біз оны «Мұң (Мүн)» деген сөз түбірінен, яғни өз түбінен, өз атасынан айқын көреміз.
Қазақтың - Кіші Жүз (Бегарыс) – Алшын - Он екі ата Байұлы мен оның кенжесі Адай руының Шыңғысхан заманындағы жағдайы жайлы Әбілғазының «Түрік шежіресі» атты еңбегінің «Байұлы елінің баяны» тарауында былайша беріледі: «Байұлы – көп рулы ел, ішіндегі көбірегі де, жақсырағы да екі ру еді, оның біреуін Адай Байұлы, екіншісін Мекірейін Байұлы дер еді. Оның себебі олар Адай және Мекірейін деген екі үлкен өзеннің жағасында отырар еді. Жұрттары Ойрат жұртына жақын болар, мұңалдың дөрлікін руынан айрылады». Бұл деректерден ол кезде Байұлының ру,тайпа емес «ел» (мемлекет деген мағына да), Адай мен Мұңалдың, Қиян мен Нукуздің дәрлүкін руынан айырылатын туыс тайпа, ру екендігін көреміз. Ал, Мұңалияда Адай өзені күні бүгінде де солай аталады.
Осы айтылғандардың тағы бір айғақтамасы Әбілғазының жоғарыда көрсетілген «Түрік шежіресінде» былайша беріледі: «Барша түрік руларының бірін қалдырмай түгендеп айтып шығу бір адамның қолынан келмес, өзіміздің хәл-қадерімізше бірсыпырасын айтып шықтық, енді мұңал нәсілінен болған рулардың тарихын сөз етейік» деп келіп осы жерде меркіт, қоңырат, ормауыт, қоңқамар, бадай және қышлық, дүрбаң, баран және суқат, жалайыр, байұлы елдерін мұңалмен нәсілдес (тұқымдас), бір атадан тараған деп Адай – Байұлы жайлы жоғарыдағы деректерді келтірген (40-44 беттер). Бұл деректерден де мұңал мен адай-байұлының аталас екені көрініп тұрған жоқпа?!
Орыс патшалығы және оның жалғасы Кеңестер үкіметі Шыңғысханды да, оның ата жұртында барынша жек көріп, ата жауы санады. 1917-35 жылдардағы арнайы «қасақана» ұйымдастырылған «геноцид» - те қазақ халқының 5-тен 4 бөлігі қырғынға ұшыратылды. Олар жазған барлық әдеби шығарма және тарихи еңбектерде Шыңғыс ханның халыққа жасаған жақсылықтары мен оларға арнаған даналық-өсиеттерінің бірде-бірі айтылмай, атамызды тек қана «құбыжық» етіп көрсетті. Егер біз мұны «дұшпаның жек көрген «тұлға» сол елдің баға жетпес, көзінің қарашығындай сақтауға тиісті асылы болып табылады» деген қағидаға салсақ Шыңғыс қағанның қазақтың бір туар ұлы екендігі дәлелденіп тұрған жоқ па?!
Тағы да Әбілғазының «Түрік шежіресіне» жүгінейік: «Аланко (қазақ шежіресінде Әлеуке) осыдан кейін үш ұл тапты... Үшіншісі – Бұдыңжар (Бұдың Жары) Мұңал, оны хан көтерді, Шыңғыс хан және Мұңалдың көп рулары соның нәсілінен болар. Бұл үш ұлдан болған елдердің бәрін нирун дер еді, нирунның мағынасы – «ару тұқым руы» дегені, өйткені мұңалдың түсінігі бойынша, ол ру нұрдан пайда болды» (47 бет).
Түсініктеме: Шежіре дерегі бойынша Жары руы Адайдың Мұңалынан тарайды. Бұл деректен Шыңғысханның арғы атасы Будың жарының Мұңал руынан тарайтыны анық көрініп тұр емес пе?! Атасының аты (руы) Мұңал болғанда, одан тараған ұрпақ Мұңал болмай кім болады?! Қашаған жыраудың «Адай нұрдан жаралған» деп жырлағаны осыдан болатын.
Бүкіл Қазақ, Түріктің қарашаңырағының иесі (кенжесі) Байұлы (Алшындардың) қазіргі Мұңал даласында (Шыңғысхан) билікке келіп, оның бүкіл қазақтың басын қосып, Ұлы жүз, Орта жүз аймағынан өтіп, бүкіл батысты бағындырып, ежелгі ата-мекендері қазіргі Кіші жүз аймағына келіп тұрақтағанын Мұхамеджан Тынышбайұлы да жазып кеткен: «12-14 ғасырларда алшындардың (Байұлы) негізгі тобы орыс даласының оңтүстік және оңтүстік-шығыс бөлігін мекендеді. Олардан оңтүстік-шығысқа қарай басқа екі топ (Қаракесек пен Жетіру) қоныстанды. Жоғарыда келтірілген жылнамалық деректер 14-ғасырдың соңында алшындардың бір атасының өзі Оңтүстік Ресей ғана емес Литва, Польша, Болгария, Сербия, тіпті алыстағы Византияның да тікелей тізесін қалтыратқан Ноғай ордасының негізгі ұйытқысын құрады. Бұл орайды Ұлы жүз қазақтарының Алтын Орда жерінде ештеңе білмейтін, Орта жүзде ол жөнінде қыпшақтар мен арғындардың ғана аздап сөз ете алатынын еске түсірсек алшындардың барлық аңыздары мен жырлары тек Алтын Орда мен Ноғайлы өмірін тілге тиек етуден тұрады. Кіші жүздің ноғайлардың құрамына кіргендігінде еш күдік болмасқа керек, бұл қызықты да күрделі мәселе ерекше зерттеу тақырыбына әбден лайық. Алшындардың жадында Тоқтамыс, Едіге туралы Ноғай ордасының белгілі билері мен мырзалары Ысмайыл, Қазы, Мұса, Орақ, Мамай, Орманбет туралы жыр-аңыздар көп-ақ. Оларда алшындардың ноғайлармен қатынасы Ноғай ордасында өткен үздік-создық соғыстар жайында көп айтылады. Әйгілі ақын Мұрат Мөңкеұлы өзінің «Үш қиян» атты тамаша толғауында: «Орманбет би өлген жер, он сан ноғай бүлген жер...Ноғай да шулап босқан жер» - деп, Алтын Орданың ыдырауы мен ноғай ұлысының шайқалуын жырға қосты. ХҮ-ғасырдың ортасында алшындардың көп бөлігі Әбілқайырдың қол астында болғанымен, оның өмірі кезінде-ақ Едіге ұрпақтарының арасындағы алауыздықтың салдарынан бөлініп кетті» дейді. (Қазақ шежіресі. 39-40 беттер).
Бұл жерде айтайын дегеніміз, осы еңбек сол М.Тынышбайұлы айтқан «ерекше зерттеу тақырыбы» болып табылады. М.Тынышбайұлының мүлт кеткен, немесе әдейі айтпай, немесе айта алмай кеткен жері сол атышулы Ноғай (Қазақ) ордасының негізін қалаған өзегі, яғни қозғаушы күші тап сол Алшындардың өзі болатын. Кейіннен ұлы Орда екіге бөлінгенде Алтын Ордамыз Шығыс түрік қағанаты, ал Ноғай ұлысы Батыс түрік қағанаты болып, Алтын Орданың билігі Мұңалдарда, ал Ноғай ордасының билігі Тобыштарда болған болып шығады.
...Кешегі Дүиім Баян кеткен соң
Алты жыл анық өткен соң,
Ар-сар болып жүрегі,
Қанға толып білегі,
Шыңғыс туды Арқардан?.(1)
Оның туған тұқымы
Патша болып таралған.
Осы бір сөздер көңіліме
Бұрынғы өткен үлкеннен
Қағида болып қалынған.
Шежіре болып жазылған
Тілімі түзу бағытты
Көңілім зерек қалыпты.
Аңдаған жақын, алысты,
Болжаған қисық, шалысты,
Бұрынғы қарт атамның сөздерін
Құлағым естіп, көргенін
Осындай құралы келген жерлерде
Шығарып жүрмін жарыққа.
Шариғат қарап, жол пәмдеп.
Мұсылманға үмбет деп,
Атасын анық білмеген,
Айтса болар мүрдет? деп..(2) (Қашаған Күржіманұлы (1841-1929) өзінің «Адай тегі»).
Шыңғыс қағанның тегін айтып отыр. Осы бір ауыз сөзбен Шыңғыс қағанның тегінің қазақтың Адайы екені анық көрсетілген. Себебі, ең алғаш рет дала аңы Арқарды қолға үйретіп, қой мен қошқарға айналдырған, бүгінгі күнде қой мен қойшының пірі ретінде дәріптелетін Қазақтың атақты ұлы Шопан ата болатын. Шопан Ата қорымы Ескі Өзен қаласынан Бекет Атаға (Оғыландыға) барар жолдың 50-ші км-де орналасқан. Шыңғысхан елінің де, біз ешқандай руға жатпаймыз деп, жүрген төрелердің де (Атасыз ұл болатын ба еді?) ұраны «Архар» болатыны осыдан. Хан Ордасы (Бөкей) ауылының қасындағы «хан зиратындағы» құлпытаста: «Арқар руғы Нұралы хан» деген жазба таңбаланған. Бұндай жазба сол қорымдағы құлпытастың бәрінде бар.
Атасын білмейтіндерді кәпір, яғни «тірі өлік» деп отыр.
«Атамыз Адай – Мұңалдың
Кіші жүздің ішінде
Қарасам қатар теңі жоқ,
Шашылған дабыл-даңқыңның
Баяны болса кемі жоқ.
Бүгінгі жүрген адамнан
Дәрежесі артық жаралған,
Адайдан Мұңал болғанда
Тұсында озған ешкім жоқ
...Дүйімбаян, Шыңғысхан –
Нәсілің нұрдан жаралған
Халқына әділ қараған
Ауыз тимей парадан,
Пақыр-міскін, бай мен бек,
Жарлы, жалсыз, аз бен көп
Бәрінде бірдей санаған» (Қазақтың халық ақыны Сәттіғұл Жанғабыұлы «Жыр-дария» 252 бет). Шыңғыс қаған және ол құрған Мұңал қағанаты жайлы қазақтың ақын-жырауларының шығармаларында мұндай мадақ жолдар өте көп кездеседі.
Түсініктеме: Дүйім Баян – Дүйім Байұлы деген сөз. Біз оны қазіргі қолданысымыздағы Дүйім жұрт деген сөз тіркестерінен айқын көреміз. Ал, Баян – он екі Ата Байұлының қысқартылған нұсқасы болып табылады. Адай шежіресі бойынша «12 ата Байұлы» Қазақтың қарашаңырағы болса, Байұлдарының кенжесі Адай болады. Біз оны Қазақтың рулық шежіресінде Адайлардың «қарашаңырақ» атанып, он екі ата Байұлының ең соңында тұрғанынан көреміз.
Шыңғыс қағанның баласы Үгедей хан жаздырған «Мұңалдың құпия шежіресінде» Шыңғыс ханның арғы тегін Бөрте Бөрі мен оның зайыбы Марал сұлудан бастап, одан бері қарай оның тоғызыншы буын ұрпағының есімін Қият Бөржігін дейді. Одан бергісі Дүйім Баян мен Алаң гуа делінеді. Кей тарихшылар оны Добун мерген немесе Домбауыл мерген деп жазады. Адай шежіре-дастандары оны Дүйім Баян – Шыңғыс хан деп жырлайды. Ал, Шыңғыс қағаннның өзі Қият Бөржігіндердің көсемі Есугей баһадүрдің үлкен ұлы.
«Шыңғыс қағанның тегі: Тәңірі бақытты етіп жаратқан Бөрте Бөрі зайыбы Марал сұлумен бірге талай-теңіз дарияны кешіп келіп Онын өзені бас алған Бұрхан Қалдын тауын тұрақ еткен кезде, Батшаған деген бір ұл туады.
Батшағанның ұлы – Тамаша, Тамашаның ұлы – Қоришар мерген, Қоришар мергеннің ұлы – Ұжым Бурыл, Ұжым бурылдың ұлы – Сәл Қашау, Сәл Қашаудың ұлы – Икін Ұдын (Бадырақ көз), Икін Ұдынның ұлы - Шінсоши, Шінсошидің ұлы – Қаршу. Қаршудың ұлы – Боржығыдай (Бөржігін Адай М.Қ.) мерген еді» делінеді. ("Мұңалдың құпия шежіресі" Алматы-1998. 26 бет).
«Көк Тәңірдің жебеуімен, теңізден өтіп келген Бөрте Шынуа мен Сұлу Марал екеуі Бұрхан Қалдын деген тауды мекен етіпті. Екеуінің тұңғышы болып Батсаған туады. Батшағанның баласы – Тамаша, Тамашаның баласы – Қорышар мерген, оның баласы – Ужым Бурыл, ал оның баласы Сәли Қалжау. Сәли Қалжаудың баласы Үлкен көз деген еді. Үлкен көздің баласы Семсошы, оның баласы Қарашаш, Ал, оның баласы Бұрхан Қалдын тауының етегіндегі Ботақан Буыршын деген жерде туған Боршығынтай (Бөржігін Адай) еді («Алтан Тобыш» Алматы-1998 14 бет).
Өздеріңіз көріп отырғандай, Батшаған – Батсаған, Тамаша – Тамаша, Қоришар мерген – Қорышар мерген, Ұжым Бурыл – Ұжым Бурыл, Сәл Қашау – Сәли Қалжау, Икін Ұдын (Бадырақ көз) – Үлкен көз, Шінсоши – Семсоши, Қаршу – Қарашаш, Боржығыдай – Боршығынтай, яғни Бөржігін Адай деп беріледі.
Түсініктеме: Шыңғыс қағанның арғы атасы Бөрте Бөрі, анасы Марал сұлу. Ал, Шыңғыс қаған солардың толып, толысқан тоғызыншы буын ұрпағы.
Бөрте Бөрі – Бөрте өз аты, Бөрі тегі болады. Каспий мен Арал өңірінде Алшындардың Бөрте деген билеушісі болғаны жайлы ежелгі деректерде жазылған.
Бөрі (Көк бөрі) – Бөрі мен Алшын синоним. Бөрі – Алаш, Алты Алаш, олардың қарашаңырағы Алшынның лақап (мадақ) аты. Ал, Көк – көке (әке) деген сөз.
Маралдың түбірі Арал. Арал теңізінің атауы сол анамыздың атын сақтап отыр.
Шыңғыс қаған құрған Алтын орда атауындағы, Алтын атауының Алшынмен түбірлес екенін көреміз. «Маңғыстау да «Бөржігін (Бөрі жігінің (руының) баласы») деген топономикалық атау күні бүгінде де бар.
Аталарымыз "Құл болғың келсе иттен, тәуелсіз ел болғың келсе Бөріден үйреніңдер" деген ұлағатты сөзді бекер айтпаған.
Жыр алыбы Сүйінбай Аронұлы Атамыздың «Бөрілі менің байрағым! Бөрілі байрақ көтерсем, қозады қай-қайдағым" деп жырлағаны да, Маңғыстаудың қара ойындағы Қаратаудың ең биік шыңы Отпанның басына салынған «Адай Ата тарихи кешеніне» көкке қарап ұлып тұрған бөрінің бейнесі қойылғаны да осыдан.
Қият Бөржігін дегені – Қият Алшынның ұлы деген сөз.
Домбауыл мерген – домбыра, садақ және жебе елі деген сөз.
Добу мерген дегенімізде де Адайдың «Садақ тартып тұрған салт атты» таңбасын меңзеп тұр. Адайдың «Садақ» пен «Жебе» таңбасы да осы мергендікке байланысты.
«Ұлы бабаң Домбауыл» - домбыра жасаушылар ауылы. (Қара: «Домбыраны дүниеге әкелген қазақ руы» http://abai.kz/post/44512).
Домбауыл бабамыздың кесенесі Қаракеңгір өзенінің жағасында, Ұлытау ауданы жерінде орналасқан. Салыну тарихы белгісіз. Шежіре деректері оны сонау Ғұн заманынан қалған жәдігер дегенді айтады.
Сол заманғы тарихи еңбектерде Боданшарды – Боданшар мұңал деп, ру (ата) атымен қосып жазған.
Қытай және өзге шығыс тарихшылары Үгедейді - Ақ Адай, Шағатайды – Шах Адай деп хаттаған.
Шыңғыс қаған Қияттардың көсемі Есугей баһадүрдің үлкен ұлы, яғни тақ мұрагері болса, Алтын Орда билеушісі Жошы хан да Шыңғыс қағанның үлкен ұлы, яғни тақ мұрагері болып табылады.
Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы
Abai.kz