Азамат Қожахмет. Халал балабақша қайдан шықты?
Ауғанстан, Шешенстан сияқты елдерді бұрыннан шарпыған діни-экстремистік жарылыстар Қазақстанға да таң болмай қалды. Оған Қазақстанға бағытталған қоқан-лоқыға толы ауғандық тәліптердің хатын қосыңыз. Алматыға білім алу үшін келген ауғандық мың студенттің ішінде де терроршылар жасырынып жүрмегеніне кім кепіл? Елде үрей көп, билік қамсыз. Қазір жоғары оқу орындары мен мектептерді былай қойғанда, балабақшалардың өзіне діни ағымдар дендеп еніп жатыр.
Ауғанстан, Шешенстан сияқты елдерді бұрыннан шарпыған діни-экстремистік жарылыстар Қазақстанға да таң болмай қалды. Оған Қазақстанға бағытталған қоқан-лоқыға толы ауғандық тәліптердің хатын қосыңыз. Алматыға білім алу үшін келген ауғандық мың студенттің ішінде де терроршылар жасырынып жүрмегеніне кім кепіл? Елде үрей көп, билік қамсыз. Қазір жоғары оқу орындары мен мектептерді былай қойғанда, балабақшалардың өзіне діни ағымдар дендеп еніп жатыр.
Халал сауна, халал кафе, халал дәмхана, халал емхана, халал макарон сияқты толып жатқан халалдарға құлағымыз үйренісе бастаған біз халал балабақша дегенді естігенде, ыршып-ақ түстік. Өмірдің ащы-тұщысын басынан өткермеген, періштедей пәк сәбилерге дін ұстануға қандай қажеттілік бар? Өмірді танып-білмеген бүлдіршіндер дінді қалай түсінеді? Бүгін үнсіз отырмыз, ертең қайтеміз? Қолына қару алып адам қанын жүктеуден тайынбайтын терроршылар халал балабақшалардың «жемісті өнімі» боп шықса, қайтпекпіз? Янтарлық зомби-ұлулар туралы естуіңіз бар ма? Біздің құрлықтан алыс аралдарда өмір сүретін олардың ішіне паразиттер түсіп, қозғалыс мүшелерінен өзгелерінің бәрін өлтіреді. Бұл жәндік көз қызықтырар түрлі түсті бояуға боялып, паразиттердің бұйрығын орындаушы машинаға айналады. Тал басына өрмелеп шыққан «көркем» ұлуды ұшып жүрген құстар іліп кетеді. Паразиттердің әу бастағы көксегені - биікте ұшқан құстың ішіне түсіп, азық ету. Мұны неге айтып отыр дерсіз? Біздің «мұсылманбыз» деп бүкіл жаһанға жиһад жариялап жүрген бауырларымыз да осы жансыз ұлу тәрізді көрінеді кейде. Құдай сақтасын...
Жеке кәсіпкерлік куәлігімен заңсыз жұмыс жасап отырған халал балабақшалардың Астанада бар екенін, оны камерамен түсіруге «Асыл арнадан» басқа телеарналарға рұқсат берілмейтінін әріптестеріміз баспасөз бетінде жазған еді. Мекеменің артында ештеңе жоқ болса, несіне жасырынып-тұмшаланады деген ой келеді. Уақыт санап, саны артып келе жатқан осы тақылеттес «Әл-Кәусар», «Ахляқ» атты халал балабақшалар Алматыда да ашылған. Интернет пен газет беттеріндегі жарнамалары да жаман емес. Ағылшын мен араб тілдерін үйретпек. Ересектеріміздің өзі қазақ тілін дұрыс меңгере алмай жатқанда, бесіктен белі шықпаған балаға араб пен ағылшын тілін қосақтап қойғанымыз қиянат емес пе? Бала 5-сыныпқа барғанға дейін өз ана тілімен ғана сусындаса, қазақы қаймағы бұзылмайтынын айтады психолог ғалымдар. «Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» деген бар. Рас сөз. Хиджаб киген мұғалімдер намаз оқығанымен де, қазақ дәстүрінен беймағлұм екені анық. Олар сәбилерді қазақ етіп тәрбиелей ме, ол қолдарынан келе ме?
Республикамызда балабақша тапшылығы - әлі шешімін таппаған мәселе. Бағасы аспандаған жекеменшік балабақшаларға кез келген сектаның құрық салуына мүмкіндік жетерлік. Оларға әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ.
Халал балабақшалар туралы дерек алу мақсатымен бір-екі мекемеге қоңырау шалған едік. «Ахляқ» балабақшасының меңгерушісі Әмина Сәрсенаева «Бізде балалар ислам діні мен иман шарттарынан сабақ алады. Айлық төлемі - 35 мың теңге», - дейді. Ал «Әл-Кәусардың» әрбір баладан айына табар табысы 48 мың теңге екен.
Қазір жұрттың «халал» деп айдар тағылған дүниелерден көңілі қала бастағандай. Пысықай кәсіпкерлердің сапасыз өнімді «халал» брендімен өткізіп жіберуді көздейтіні байқалып қалып жатады. Халал балабақшаға қызығып, арыстанның аузына өз ұрпағымызды өзіміз салып беріп жатқан жоқпыз ба? Ұлт боламыз десек, ұлттық сипаттағы, яғни салт-дәстүріміздің аясындағы балабақшалардың санын арттыру - кезек күттірмейтін мәселе. Қазақ ертегілері мен ұлттық музыканы құлағына сіңіріп, ұлттық тағамдармен тамақтанып өскен жастың болашағы жарқын болмақ. Бұл басқасы - басқа, мемлекеттің өз құзырындағы іс болуға тиіс. Әйтпесе ұрпақ өсіріп жатырмыз деудің өзі бекер.
Совет-Хан ҒАББАСОВ, педагог-психолог:
- Бүкіл балабақшаның бағдарламасын қайтадан жасауымыз керек. Еуропацентристік әдістеме, Еуропа тәрбиесі балиғаттық кезең дегенді мүлде түсінбейді. Оны «қиын бала» дейді. Қиын бала болушы ма еді? Бұл кезде мына құдіретті қараңыз, жеті жасқа дейін жүрек-қан тамыры, жүйке жүйесі бір-бірімен үндесіп жұмыс істейді. Енді келіп үшінші - гормональдық жүйе қосылады. Бала 7 жаста бүршік жарады. 13 жаста гүл атады. Бұл кезеңде кейде гормональдық жүйе жүрек-қан тамыры, жұлын, жүйке жүйесін басқарып кетеді. Міне, осы кезде баланың тәрбиесі қандай болуы керек? Біз балбөбек, сәбилік кезеңде кәмелеттік кезеңдегі дүниені келіп тықпалаймыз. Фараби ілімінде «кәмелеттік ке- зең - ол ақыл, әділет, рақым» делінген.
Майгүл ЖЕТПІСОВА,
тәрбиеші:
- Қазір балабақшаларды топырлатып ашу науқаны басталып кетті. Ал олар ұлттық тәрбие беретін мамандарды қайдан алады? Кадр дайын емес. Балабақшада баяғы ескі, жаттанды тақпақ пен жұмбақты жаттатады. Содан аса алмайды. Сол баяғы «Аю мен қасқыр», «Үш торай» деген ертегіден тәрбиеші үзінді оқиды. Дінімізді, тілімізді түзейміз деп жатқан кезде «Үш торайдың» не қажеті бар?! Біздің өзіміздің төрт түлігіміз бар емес пе? Неге сол төрт түлікке қатысты өлең-тақпақ жаттатып, ойын ойнатпасқа?! Ертеден кешке дейін отыз баламен жұмыс істеу оңай емес. Тәрбиешінің жұмысы өте ауыр. Осындай келеңсіздіктерге басшылар кінәлі. Таза қазақ балабақшасының иісі есіктен кіріп келгенде аңқып тұруы керек. Қазақтың киіз үйі, төрт түлікпен безендірілген ойын алаңдары болса, қандай ғанибет! Қазіргі балалар қой мен жылқының төлін ажырата алмайды.
«Общественная позиция»
(проект «DAT» № 20 (103) 01 мамыр 2011жыл