Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5640 0 пікір 2 Маусым, 2011 сағат 09:04

2010 жыл бойынша Адам құқықтарының қорғалуы жөніндегі есеп

2010 жыл бойынша Адам құқықтарының қорғалуы жөніндегі есеп

АҚШ Мемлекеттік Департаменті

Қазақстан

8 СӘУІР, 2011 ЖЫЛ

Шамамен 15,6 миллион халқы бар Қазақстан Республикасында Президент Назарбаев басқаратын «Нұр Отан» партиясы үстемдік ететін парламенттік жүйе қалыптасқан. Конституция билікті президенттің қолына шоғырландырған; президент аймақтық және жергілікті билік органдарын бақылайды, заң шығару және сот билігіне елеулі ықпал етеді. згерістер мен толықтырулар конституцияға президенттің рұқсатымен енгізіледі. 2007 жылғы Мәжіліс (парламенттің төменгі палатасы) сайлауы халықаралық стандарттарға сәйкес келмеді. «Нұр Отан» партиясы 88 пайыз дауыс жинап, ондағы барлық орынды жеңіп алды. Азаматтық билік органдары қауіпсіздік күштерінің үстінен пәрменді бақылау жүргізді.

2010 жыл бойынша Адам құқықтарының қорғалуы жөніндегі есеп

АҚШ Мемлекеттік Департаменті

Қазақстан

8 СӘУІР, 2011 ЖЫЛ

Шамамен 15,6 миллион халқы бар Қазақстан Республикасында Президент Назарбаев басқаратын «Нұр Отан» партиясы үстемдік ететін парламенттік жүйе қалыптасқан. Конституция билікті президенттің қолына шоғырландырған; президент аймақтық және жергілікті билік органдарын бақылайды, заң шығару және сот билігіне елеулі ықпал етеді. згерістер мен толықтырулар конституцияға президенттің рұқсатымен енгізіледі. 2007 жылғы Мәжіліс (парламенттің төменгі палатасы) сайлауы халықаралық стандарттарға сәйкес келмеді. «Нұр Отан» партиясы 88 пайыз дауыс жинап, ондағы барлық орынды жеңіп алды. Азаматтық билік органдары қауіпсіздік күштерінің үстінен пәрменді бақылау жүргізді.

Адам құқықтарына қатысты мынадай мәселелер орын алды: азаматтардың өз үкіметін өзгерту құқықтарын қатаң шектеу; әскердегі кісі өліміне әкеп соққан әлімжеттік; қамауға алынғандар мен түрмеге жабылғандарды қорлау және басқа да кемсітулер; түрмелердегі денсаулыққа қауіпті жағдай; заңсыз тұтқындау және қамауға алу, тәуелсіз сот жүйесінің жоқтығы; сөз, баспасөз, жиналу және ұйымдарға бірігу бостандығын шектеу; әсіресе құқық қорғау органдары мен сот жүйесінде кеңінен тараған сыбайлас жемқорлық; саяси партияларды тіркеу талаптарының тыйым салу сипатында болуы; үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына шек қою; әйелдерді кемсіту және оларға зорлық-зомбылық көрсету, адам саудасы және гомосексуалистерге, бисексуалдарға, трансжыныстылар мен ВИЧ/СПИД-ке шалдыққандарға қарсы қоғам тарапынан кемсітушілік.

АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫН САҚТАУ

1 Бөлім. Адамның қадір-қасиетін қорғау, оның ішінде мыналарға қарсы бостандықтар:

a. Абайсызда немесе заңсыз түрде өзгенің өмірін қию

Үкіметтің немесе қандай да бір үкімет өкілінің абайсызда немесе заңсыз кісі өлтіргені туралы хабарламалар түсіп жатты.

9 ақпанда Бас прокурор 2009 жылы желтоқсанда абақтыда қаза тапқан Азамат Кәрібаевтің өлімін тергеу жөніндегі шағымды қанағаттырмай, қайтарып тастады. Лаңкестік әрекетке қатысты деп жазаланғаннан үш ай өткен соң Кәрібаевтың қорлау іздері бар денесі түрме камерасында табылды. Кәрібаевтың жесірінің айтуынша, оған танымайтын біреу телефон шалып, күйеуінің өлтірілгенін және Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) өкілдерінің оны өзі ұстанған исламның «бейресми» түрінен бас тартқызу мақсатында қорлағанын айтып берді дейді. Өлерінің алдында адам құқықтарын қорғау белсенділері оған қарсы өткізілген сот отырысының заң бұзушылықтарға толы болғанын атап өткен еді.

Ақпараттарға сәйкес Қарағанды маңындағы «Долинка» түрмесінде қамалған Максим Қожанов 22 шілдеде өзін-өзі өлтірген. Қожанов түрме офицерінің қамаудағы біреуді соғып жатқанын бейнетаспаға түсіріп алған, кейіннен бейнежазбаны түрме әкімшілігі мен тәуелсіз ҮЕҰ бақылаушылары жалған деп тапқан. Соған байланысты жазаға наразылық білдірген тұтқындардың бір тобы (арасында Қожановтың өзі бар) іштерін жарып, өз денелерін өздері кескілеген. Әкімшілік өкілдері Қожановты ауруханаға жатқызған, бірақ келесі күні оның асылған денесі сол жерде табылған. Қарашаның 11-інде сот бейнетаспаны әзірлеуге қатысқан тұтқындарды қосымша бір жыл бас бостандығынан айыруға шешім шығарды.

Әскердегі әлімжеттік соңы кісі өлтіру, өз-өзіне қол жұмсау және ауыр жарақаттануға әкеп соқтырды. Өкіметтің мәлімдеуінше, жыл ішінде арты өліммен бітпеген 93 әлімжеттік оқиғасы тіркелген. Өкімет жыл бойына әлімжеттік салдарынан орын алған кісі өлімдеріне байланысты статистиканы жариялаған жоқ. Әскердегі өз-өзіне қол жұмсау жайттарының саны былтырғыға қарағанда айтарлықтай өзерген жоқ. Өкімет 17 суицид оқиғасы болғанын хабарлады; 2009 жылы мұндай 15 жағдай тіркелген еді.

4 мамырда Алматы гарнизонының Әуе кеңістігін қорғау бригадасында келісім-шартпен қызмет етіп жатқан бір сержант шақырулы қызметтегі әскериді қатты соққыға жыққан көрінеді, соның салдарынан Азамат Оразбаев деген азамат қаза тауып, және тағы екі жауынгер ауыр жарақат алған. Ресми орындар сержантты қамауға алып, гарнизон командирін қызметтен босатты және істі тергеуді бастады, бұл тергеу осы күнге дейін біткен жоқ.

Мамырдың 15-інде полицейлер Ерлан Төребековтың денесін аурухананың шеберханасынан тапты, Бас прокуратураның пайымдауынша ол сол жерде жейдесін тігіп отырған кезінде ине жұтып қойған. Кейіннен ресми орындар оны асылып қалды деп жариялады. Төребековтың ата-анасы денесін қайта қазып алып тексергенде, денесінен соққы іздерін тапқан. Ресми орындар осы өлімге қатысты тергеу бастады, ол әлі жалғасып жатыр.

ә. Жоғалып кету

Президент Назабаевтың келіні Майра Назарбаевамен ақпарат құралдарында көп жазылған бизнес төңірегіндегі дау-дамайға араласқан танымал бизнесмен Эдгар Салдузи 14 тамызда бизнестегі серіктесімен кездесу үшін үйінен шыққан соң жоғалып кетті. Алматы қалалық полициясы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қалалық департаменті ұрланған бизнесменді 27 қыркүйекте тірі күйінде тапты.

б. Азаптау және басқа қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекет пен жаза түрлері

Заң мұндай әрекеттерге тыйым салғанымен, полиция мен түрме қызметкерлері қамауға алынғандарды қылмысты мойындату үшін үнемі соққыға жығып, қорлап отырды. Адам құқықтарын қорғау белсенділері азаптаудың заңдағы анықтамасы тым шашыраңқы және оның БҰҰ стандарттарына сәйкес келмейтінін, ал сол әрекет үшін кесілетін жаза тым жұмсақ екенін айтады. Бас прокуратура (БП), Президентке қарасты Адам құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мен адам құқықтары омбудсмені құқық қорғау органдарының кейбір қызметкерлерінің тергеу барысында азаптау және басқа заңсыз әдістерді қолданатынын мойындады. Адам құқықтарын қорғаушылар мен халықаралық заңдылықтың сақталуын бақылаушылар тергеу амалдары және прокурорлық іс-шаралар айыпталушының қылмысын дәлелдеуге қажетті басқа айғақтар жинауды емес, керісінше айыпталушыға қылмысты жасағанын мойындатуды көздейтінін хабарлады. Жалпы алғанда сот айыпталушылардың азап немесе қысым көргендіктен қылмысты мойындауға мәжбүр болдық деген сөздеріне құлақ асқан жоқ.

29 қыркүйек пен 1 қазан аралығында БҰҰ-ның азаптау және басқа қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекет пен жаза түрлері жөніндегі арнайы бақылаушысы Манфред Новак 2009 жылғы мамыр айындағы Қазақстанға сапары барысында жасаған ұсыныстарын талқылау үшін үкімет мүшелерімен және ҮЕҰ өкілдерімен кездесті. Аталмыш сапар барысында ол бірнеше түрме мен қамау орнын тексерген еді. БҰҰ-ның Босқындар мәселелері жөніндегі Бас комиссары (БҰҰБК) және бірнеше ҮЕҰ ұйымдастырған кездесуде Новак өзінің осы лауазымдағы алты жыл ішінде көрген көптеген елдердің арасында Қазақстанның өз абақтыларындағы шынайы жағдайды жасыруға тырысқан жалғыз мемлекет екенін атап өтті. Оның пайымы бойынша азаптау елде кең тарамаған, бірақ қалыптасқан жазасыздық жағдайы полицияға қылмысты мойындату мақсатында шектен шығатын қатты соққыға жығу және қылқындыру секілді әдістерді пайдалануға мүмкіншілік береді. Новактың пайымдауынша полиция азаптау туралы шағымдарды тергеуді өте сирек қолға алды.

Адам құқықтары омбудсмені тұтқындар мен қамауға алынғандардың шағымдарын қарады. Омбудсмен тиісті мекемеге тікелей ұсыныс айтуға немесе ашық мәлімдеме жасауға құқылы, алайда оның ұсыныстарын күштеп орындатуға билігі жоқ. Жыл ішінде Азаптауға қарсы қоғамдық ұйымдар коалициясы 263 шағым қабылдады. Жергілікті қоғамдық ұйымдардың мәлімдеуінше, бұрынғы жылдармен салыстырғанда үкімет азаптау мәселесінің бар екенін осы жылы ашық мойындады.

Үкіметтік емес ұйымдар коалициясының есебіне сүйенетін болсақ, 20 мамырда Алматы маңайындағы Заречный түрмесіндегі бір топ қызметкер мен тұтқын түрме тұтқыны Жандос Сағатовты бірнеше сағат бойына ұрып-соққан. Қоғамдық ұйымдардың қысымынан соң прокуратура «азаптау әдісін қолданды» деген айыппен түрме басшыларына қарсы іс қозғады, тергеу осы күнге дейін жалғасып жатыр. Қазанның 6-да тұтқын Қанат Мұхамбетқалиев екі бүйрегінің қызметі бұзылғаннан ауруханада қайтыс болды. Көптеген қоғамдық ұйымдардың мәлімдеуінше, түрме әкімшілігі оны қатты соққыға жығып, денесіне көп зақым келтірген, кейін бұл зақымдар оның өліміне себеп болған. 17 қарашада полиция екі түрме қызметкері Николай Сидорович пен Ғабит Байтишкинге «билігін асыра пайдаланды» деген айып тағып, тергеуді бастады, тергеу әлі жалғасып жатыр.

Жылдың аяғына дейін өкімет 2009 жылы сәуірде қаскерлікпен айналысқаны үшін тұтқындалған және тұтқында болған кезінде соққыға жығылған үш балықшының ісін тергеді. ҰҚК балықшылардың тұтқыннан босатылғанын мәлімдесе, балықшылардың өздері ақпарат құралдарына қамаудан қашып шыққандарын айтқан. Олардың үшеуі де ішкі жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген, ал балықшылардың біреуінің миы шайқалған. ҰҚК қызметкерлері ешқандай заңбұзушылық болмағанын айтып, «қаскерлік істеді» деген айып тағып, балықшыларға қарсы қылмыстық іс қозғаған.

Бас прокуратура 2009 жылы болған 167 қылмыспен салыстырғанда осы жылы әскердегі әлімжеттік пен билікті асыра пайдаланушылыққа байланысты 162 қылмыс орын алғанын мәлімдеді.

Үкімет әскердегі әлімжеттік істерін тергеп, қорлыққа қатысы бар жауынгерлердің үстінен іс қозғап, бір жылда 32 істі сотқа жіберді. Қорғаныс министрлігі арнайы тексерулер жүргізіп, аға офицерлерден өз бөлімдеріндегі жағдай туралы жүйелі есеп талап етті.

Түрмелер мен қамау орындарындағы жағдай

Түрмелердегі жағдай ауыр күйінде қалды, ал түрме жайлары халықаралық денсаулық стандарттарына сай болмады. Дәрігерлік көмектің жетіспеушілігі әлі де мәселе күйінде қалып отыр. Азапқа қарсы қоғамдық ұйымдар коалициясының мәліметі бойынша, қамаудағылардың жартысына жуығы, әсіресе ВИЧ/СПИД, туберкулез және өзге жұқпалы ауру жұқтырғандары, дәрігерлік көмекті қажет етті. Полиция абақтыларында, сотқа дейінгі қамау орындарында және түрмелерде жәбір көрсету жайттары орын алды. Бақылаушылар абақтылардың лық толып тұрғанын, ал қамаудағыларға дұрыс көңіл аударылмайтынын және әкімшілік қызметкерлеріне арналған кәсіби тренинг бағдарламаларының жетіспеушілігін сынға алды.

Бақылаушылардың мәлімдеуінше, тұтқындар мен қамауға алынғандар келушілермен кездесуге жалпы мүмкіншілік алды, және дінді ұстануға кедергі жасалды деген шағымдар түскен жоқ. Азапқа қарсы қоғамдық ұйымдар коалициясының мәліметі бойынша, тұтқындардан түсіп жатқан әртүрлі шағымдардың саны өсті. Халықаралық жаза реформасы ұйымының (ХЖР) мәлімдеуінше, азаптау әрекеттеріне байланысты шағымдардың барлығына азаматтық қоғам өкілдерінің араласуын талап ететін жаңа тәртіпке орай, өкімет баспасөз бен тәуелсіз бақылаушылардың қамау орындарына барып, ондағы жағдайды кеңінен жариялауға мүмкіншілік берді. ХЖР-дың ұйғарымы бойынша, осындай кейбір бақылаулар әрекеттері қамау орындары әкімшіліктерінің жауапкершілігін арттыруға көмектескен.

Үкімет 2009 жылы қамалған 43 адаммен салыстырғанда, өткен жыл ішінде 31 адамның тергеу изоляторлары мен полиция абақтысында қайтыс болғанын хабарлады. ХЖР-дың мәлімдеуінше, 2010 жылдың алғашқы 10 айында түрмелер мен тергеу изоляторларында 351 адам қайтыс болды. Үкімет 2010 жылы 40 адамның өзін-өзі өлтіргенін жариялады, бұл көрсеткіш 2009 жылға қарағанда төмендеді, оның үшеуі сотқа дейінгі қамау орындарында, 36-сы - түрмеде, және біреуі - полиция абақтысында орын алды.

Түрмелерді бақылаумен айналысатын үкіметтік емес ұйымдардың арқасында жиналған соңғы статистикалық мәліметке сәйкес елде 55000 адам түрмеде және сотқа дейінгі тергеу орындарында қамауда болды. Ерлер мен әйелдер және кәмелетке толмағандар бөлек ұсталады. Ал тергеу орындарындағылар түрмедегілерден бөлек ұсталады. Саяси тұтқындар басқа қылмыскерлерден бөлек ұсталды деген мәліметтер болған жоқ.

Түрмелердегі ауыр жағдай мен қорлыққа наразылық білдірген тұтқындардың өз денелерін өздері кескілеу оқиғалары жалғасын тапты; жыл барысында 174 тұтқынның қатысуымен болған осындай 87 оқиға орын алды. Бұлардың 27-сі - тұтқындардың топтасып, өз денелерін өздері бірге кескілеген жайттар. Үкіметтік емес ұйымдардың мәлімдеуінше, қамау орындарындағы зорлық әрекеттері жөніндегі есептер қамаудағылардың жағдайын нашарлатқан жоқ, керісінше, олар тұтқындау жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етті.

Ақпанның 1-де Шығыс Қазақстанда орналасқан 156/17 түрмеде, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қарамағындағы бірнеше тұтқын қыс мерзімінде түрмеде жылу мен ыстық судың жоқтығына наразылық білдіріп, өз денелерін өздері кескіледі.

3 шілдеде Степной ауылындағы 166/26 түрмесінің 14 тұтқыны әкімшілік тарапынан көрсетілген зорлыққа наразылық білдіріп, өз денелерін өздері кескіледі. Заң орындары «өз билігін асыра пайдаланып, тұтқындарға зорлық көрсетіп, азаптады» деген айыппен екі лауазымды қазметкерді жазалады, оның ішінде кейіннен жұмысынан босатылған Ақмола облыстық пенетенциарлық комитеті төрағасының орынбасары да болды. Прокуратура тергеуін бітірді, алайда сот отырысы әлі болған жоқ. 5 шілдеде тұтқындардың тағы бір тобы өз денелерін өздері кескіледі. Тұтқындардың туыстары мен тұтқындар құқықтарын қоғаушылар журналистерге ұялы телефонға түсірілген тұтқындардың денелерін кескілеп жатқан фотолар мен бейнежазбаларды табыс етті.

Сәуірдің 22-де Солтүстік Қазақстандағы Горный ауылында орналасқан 164/4 түрмесінің 37 тұтқыны әкімшілік тарапынан көрсетілетін зорлыққа наразылық білдіріп, өз денелерін өздері кескілеген. Істі тергегеннен соң, өкімет 12 тұтқынды басқа қамау орындарына ауыстырды. 30 шілдеде, Халықаралық адам құқықтарын қорғау бюросының Қазақстандық басқармасының мәлімдеуінше, Алматыдағы сотқа дейінгі қамау орнында жатқан төрт айыпкер іштерін жарып тастаған. Кейіннен жарияланған есепке жүгінетін болсақ, түрме әкімшілігінің төрт тұтқынды қатты соққыға жыққанын естіген олардың туған-туысқандары қамау орнының алдында наразылық шеруін өткізді. 40-қа жуық тұтқын Бас прокурорға шағым жіберді. Қоғамдық бақылау комиссиясының жетекшісі Ардақ Жанабілеваның айтуынша, қисынды шағымдардың барлығы қанағаттандырылды.

Тамыздың 9-ында Ақмола облысының Гагарин ауылындағы № 166/25 түрмесінің 300-ге жуық тұтқыны бірігіп, наразылық ретінде өз денелерін өздері кескіледі. Осы көтерілісті басу мақсатында өкімет әскер жіберді, нәтижесінде екі тұтқын қаза болып, 100 адам жарақаттанды, 70-і ауруханаға жатқызылды.

Тамыздың 24-де Ермек Нарымбаев Алматы қалалық апелляциялық сотын өз ісін қайта қарауға мәжбүрлеу мақсатында аштық жариялады. Оның мамыр айында рұқсат етілмеген наразылық шеруіне қатысқаны үшін алғашында 15 күнге бас бостандығынан айыру жазасы аяқ астынан тағылған полицияға қарсылық көрсетті деген айыппен төрт жылға ұзартылған болатын.

Азаматтық қоғам белсенділері Әділет және Ішкі істер министрліктерінің қоғамдық қадағалау кеңестерімен, сонымен бірге адам құқықтары омбудсменінің азаптауға қарсы жұмыс тобымен бірге түрмелер мен қамау орындарындағы жағдайды бақылауға күш салды. Дей тұрғанмен, көптеген бақылаушылар бұл кеңестердің тәуелсіз еместігін немесе анық белгіленген құзіреті не болмаса билігі жоқтығын айтып, сынға алды.

Үкімет тұтқындарды қорлау мәселесіне үзбей көңіл бөліп отырды, жергілікті түрмелер мен қамау орындарына бақылау жүргізу комиссияларының өкілдерін кіргізіп, қамау орындарының әкімшілігіне тренингтер мен полиция қызметкерлеріне семинарлар ұйымдастырды. Жылдың аяғына дейін билігін асыра пайдаланғаны үшін 48 құқық қорғау органдары қызметкерінің ісін тергеп, 15-ін зорлық көрсеткені үшін жазалады.

в. Заңсыз тұтқындау немесе қамауда ұстау

Заң бойынша заңсыз тұтқындау немесе қамауда ұстауға тыйым салынады, бірақ бұл салада мәселелер шешілмеген күйінде қалды.

Полиция мен қауіпсіздік органдарының рөлі

Ішкі істер министірлігі негізінен ішкі қауіпсіздікке, оның ішінде қылмыстық және әкімшілік заң бұзушылықты тергеу және олардың алдын алуға, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауға жауапты ұлттық полиция күштерін басқарады. Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі (Қаржы полициясы) әкімшілік және қылмыстық тергеу жүргізуге құзіретті. ҰҚК шекара қауіпсіздігі мен ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, лаңкестікке қарсы күресу, заңсыз немесе тіркелмеген экстремистік және әскери ұйымдар, саяси партиялар, діни бірлестіктер, кәсіподақтар сияқты топтарды тергеу және олардың жолын кесу рөлін атқарады. 2009 жылдың ақпан айында үкімет Президентке тікелей қарайтын «Сырбар» атты сыртқы барлау қызметін құрды. ҰҚК мен Қаржы полициясы тікелей Президентке есеп береді.

Осы жыл ішінде Ішкі істер министрлігі сенім телефоны желісі полицияның сыбайлас жемқорлығы мен билікті асыра пайдаланғаны туралы 13 617 шағым қабылдады. Министрлердің көбі және премьер-министрдің өзі жеке блогтарын ашып азаматтарға шағымдану мүкіндігін берді.

Құқық қорғау шараларын үйлестіретін кеңеске Бас прокурор төрағалық етеді. Оның құрамына өзге құқық қорғау органдарының басшылары кіреді. Басқа міндеттерімен қоса бұл кеңес құқық қорғау органдарының үстінен түскен шағымдарды тексереді.

Ішкі істер министрлігі қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, полиция қызметкерлеріне арнап жергілікті деңгейде адам құқықтары туралы семинар-тренингтер өткізді. Үкімет халықаралық ұйымдармен ынтымақтаса отырып, тергеу машықтарын жетілдіру жолдарын үйрету арқылы қорлауды азайтуды көздейтін саны шектеулі семинар-тренингтер өткізді.

Тұтқындау және қамаудағы жағдай

2008 жылы тамызда үкімет тұтқындауға рұқсат беру құзіретін прокурордан алып, сот билігі тармағына тапсыратын заң қабылдады. Тәуелсіз бақылаушылардың мәлімдеуінше, сот әдетте прокурорлардың шағымын қолдап отырды. Нәтижесінде 2009 жылы полиция қамауға алған азаматтардың 98 пайызы тұтқындалды, мысал үшін 2006 мен 2008 жылдары бұл көрсеткіш 91.3 және 92 пайызды құраған.

Прокурорлардың қолында тінту және тәркілеу секілді тергеу әрекеттеріне рұқсат ету құзыреті қала берді. Заң бойынша, полиция қамауға алынған адамды айып таққанға дейін 72 сағат ұстауға қақылы. Адам құқықтарының орындалуын бақылаушылар бұл мерзімнің тым ұзақ екенін айтып, билік органдары бұл мерзімді қысым көрсету және қылмысты мойындату мақсатына пайдаланатынын айтты. Қамауға алынғандарды кепілдікке уақытша босату жүйесі болғанымен, ол кеңінен қолданылмады. Көптеген азаматтар сот басталғанға дейін тергеу изоляторларында қала берді. Заң бойынша қамауға алынғандар керек кезінде туыстарымен кездесе алады; алайда кейбір кездерде тұтқындар жолға қаражаты жоқтардың мүмкіншіліктерін шектеп, өз үйлері мен туған-туыстарынан алыстағы абақтыларға жіберілді.

Қамауға алынған, тұтқындалған немесе қылмыс жасады деген айып тағылған адамдар қамауға алынған, тұтқындалған немесе айып тағылған сәттен бастап адвокаттың көмегін алуға құқылы. Дей тұрғанмен, заң полицияны қамауға алынған адамға адвокаттың көмегін пайдалануға құқылы екенін ескертуді міндеттемейді, және іс жүзінде полиция оны ескертпейді. Адам құқықтарының орындалуын бақылаушылар полиция қызметкерлерінің қамауға алынған азаматтарды адвокатпен кездеспеуге көндіріп, адвокат келгенге дейін бастапқы жауап алу арқылы дәлелдемелер жинап, кейбір жағдайларда дәлелдемелер жинау үшін сыбайлас жемқор адвокаттарды пайдаланғандарын айтты. Заң бойынша, күдікті немесе айыпталушы жасы кәмелетке жетпеген, ақыл-есі кем немесе мүгедек болса, немесе оған ауыр қылмыс жасады деген айып тағылмақшы болса, үкімет оны адвокатпен қамтамасыз етуге тиісті. Іс жүзінде қоғамдық қорғаушылардың айыпкерлерге көмектесуге дайындығы нашар және бұл істегі тәжірибелері аз болды.

Кейбір айыпкерлерге өз қорғаушыларын таңдауға жол берілмеді, себебі оларға қарсы қозғалған істер мемлекеттік құпияға қатысты деп танылды, ал заңға сәйкес ондай істерге тек арнайы рұқсаты бар заңгерлер қатыса алады. Мемлекеттік «Қазатомпром» уран өндіру компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің үстінен қозғалып, 15 мамырда аяқталған қаржыны жымқыру ісінде ҰҚК Жәкішевтің өз адвокатымен кездесуіне кедергі жасады, себебі заңгердің тиісті рұқсаты болған жоқ. Сондықтан Жәкішев рұқсат алған адвокаттар тізімінен өзіне қорғаушы таңдауға мәжбүр болды, тек содан соң ғана онымен кездесуге рұқсат алды.

Прокурорлардың мәлімдеуінше азаматтарды заңсыз тұтқындау күрделі мәселе болып қала берді. 2010 жылдың алғашқы он айының ішінде билік органдары сотқа дейінгі қамау мекемелерінде заңсыз отырған 1000 адамды босатты, және 973 адам полиция абақтыларынан заңсыз тұтқыннан босатылды.

Билік өкілдері ара-тұра өкіметке қарсы шыққандар мен оларды сынағандарды, кейде рұқсатсыз жиын өткізді деген секілді шағын заңбұзушылықтары үшін қамауға алып отырды. Дегенмен, саяси астары бар ұзақ мерзімдік тұтқындаулар жайында шағым түскен жоқ.

г. Істі әділ де ашық сотта қараудан бас тарту

Заң тәуелсіз сот жүйесімен тиісті дәрежеде қамтамасыз етпейді. Атқарушы билік сот тәуелсіздігін шектеп отырды. Прокурорлар жалған сот төресі рөлін атқарды, оларға сот шешімдерін уақытша тоқтату билігі берілді.

Сыбайлас жемқорлық сот үдерісінің әрбір сатысы мен деңгейінде көрініс тапты. Судьялар ең көп жалақы алатын мемлекеттік қызметкерлердің қатарында болғанымен, заңгерлер мен адам құқықтарын бақылаушылардың айтуынша, судьялар, прокурорлар және басқа шенеуніктер қылмыстық істердің көпшілігіне үкім шығарғанда оны әлдекімнің пайдасына шешу үшін азаматтарды пара беруге итермеледі.

Әскери соттар әскери қызметкерлерге қатысы бар деп танылған азаматтық тұлғалардың қылмыстық істерін қарау құзіретіне ие. Әскери соттар мен азаматтық соттар бір қылмыстық кодексті қолданады.

Істің сотта қаралу тәртібі

Айыпталушыларға кiнәсiздiк презумпциясы берілген және олардың өздеріне қарсы айғақ бермеуге қақысы бар. Мемлекеттік құпия жария болатын жағдайда не азаматтың жеке өмірін, оның отбасылық құпияларын қорғау мақсатынан басқа жағдайларда соттар ашық түрде өткізілді. Дегенмен, журналистер мен бақылаушылардың ашық сот отырыстарына жіберілмегендері жайлы мәлімдемелер болды. Тек өте ауыр айып тағылған айыпталушылардың істері алқа билер сотында қаралуға қақылы.

2006 жылы қабылданған заңнамалық актілерге сәйкес, ауыр қылмыстық істердің алқа билер сотында қаралуы жыл барысында одан әрі жалғасты. Бақылаушылар алқа билерін таңдау әрқилы мәнерде жүргізілгенін және алқа билерімен бірге кеңесетін судьялардың істе үстемдік етуге бейім болғанын атап айтты. 2010 жылдың 11 айында алқа билер қатысқан 206 сот мәжілісі болып, 286 айыпталушының ісі қаралды; алқа билер 19 адамды ақтады.

Қылмыстық істердегі айыпталушылар адвокат қызметіне ақы төлей алмаса, үкімет тарапынан қамтамасыз етілетін адвокат жалдауға және заңдық кеңес алуға құқылы. Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес, егер айыпталушы жасы кәмелетке жетпеген, ақыл-есі кем немесе мүгедек болса, сот үдерісі жүргізілетін тілде сөйлемесе, не болмаса оған он не одан да көп жылға түрмеге жабылу қаупі төнсе, оның адвокаты болуы тиіс. Іс жүзінде, адвокаттар қылмыстық істердің тек жартысына ғана қатысты, оның бір себебі - үкіметтің адвокаттарға ақы төлеуге жеткілікті қоры болмаған. Заң, сондай-ақ, айыпталушыларға өз ісін қарайтын сотқа қатысуға, сотта сөз сөйлеуге және өзін қорғайтын куәгер шақыруға құқық береді. Сондай-ақ, олардың сот шешімін жоғары дәрежелі соттың қарауына жіберуге құқығы бар. Бақылаушылардың мәлемдеуінше, сотта қорғаушы рөлі қатты шектеулі, керісінше прокурордың билігі басым болды.

Қазақстандық және халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдарының мәлімдеуінше, жергілікті сот жүйесі көптеген мәселелерді шешкен жоқ, оның ішінде сот отырыстарына қатысу мүмкіндігін шектеу, мемлекеттің қолындағы дәлел-айғаққа қол жеткізбеу, процедураларды бұзу, айыпталушыларға олардың құқықтарын дұрыстап түсіндірмеу, қорғаушылар өтініштерін есепке алмау және судьялар тарапынан кінәні мойындату мақсатында азаптау мен қорқыту әдістері қолданылды деген шағымдарды тексермеу. Құқық қорғау белсенділері алқа билер қарайтын істердің санын көбейтуге шақырды. Заң талап ететін процестердің толығымен жүзеге аспауы шешілмеген мәселе ретінде қала береді, әсіресе бұл саяси астары бар оппозиция мүшелерінің наразылық шараларына қатысты немесе саяси күштер я қаражат жағынан ықпал етілген сот істеріне қатысты болды.

26 сәуірде Жоғарғы соттың ішкі тәртіптерді қарастыру алқасы белгілі адам құқықтарын қорғаушы Евгений Жовтистің адвокаты Виталий Вороновтың шағымын қанағаттандырмай, төменгі деңгейдегі соттың шығарған жол апаты салдарынан адам өлтіргені үшін төрт жылға бас бостандығынан айыру туралы үкімін күшінде қалдырды. Бұл үкім 2009 жылғы маусымда Жовтистің өз көлігімен жаяу жүргіншіні қағып өлтіргеніне байланысты шығарылған. Алматы облыстық сотының 2009 жылғы желтоқсанда өткен алқа мәжілісінде сот Жовтис қорғаушыларының талабын орындамай, апелляциялық соттың шешімін қайта қараудан бас тартты. Жергілікті және халықаралық адам құқықтарын бақылаушылар сот жүйесінде көптеген кемшілік болғанын қатты сынға алды. Кейбір бақылаушылар үкіметті көп сынайтын Жовтиске қатысты шығарылған қатаң үкімнің саяси астары бар деген пікір айтты.

9 тамызда Жоғарғы сот «Время» газетінің журналисі Тохнияз Күшіковке қатысты 2009 жылы жүргіншіні қағып өлтіргені үшін кесілген жазаны жұмсарту өтінішін қанағаттандырмады.

Желтоқсанның 6-сында Жоғарғы сот бұзақылық жасап, полицияға бағынбады деп айыпталған оппозициялық журналист Айдос Садықовтың шағымын да қайтарып тастады. Таратылған мәліметке сүйенсек, оның екі жылға бас бостандығынан айыру жазасының астарында саяси себептер жатыр.

Саяси тұтқындар мен қамауға алынғандар

Жергілікті және халықаралық адам құқықтарын қорғаушы үкіметтік емес ұйымдардың айтуынша, Евгений Жовтистің түрмеге жабылуы - елдің 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық ету қарсаңында үкіметке сын айтушы ең белсенді адамның үнін өшіруге бағытталған әрекет. Жовтиске мұқият бақылау орнатылды, ол қамау орнынан сыртқа шығып жұмыс істеуіне не демалуына рұқсат етілмеген жалғыз тұтқын болды, дегенмен оған мақала жариялап, ашық үндеулер жасауға рұқсат етілді.

Азаматтық сот амалдары және сот қорғауы

Экономикалық және азаматтық сот судьялары азаматтық істерді қарағанда қылмыстық істер сотының құрылымын көбіне қаз-қалпында қайталайды. Заң мен конституцияға сәйкес, азаматтық дау-дамай сотта шешіледі. Бақылаушылар азаматтық сотты іс жүзінде жемқор әрі сенімсіз деп санайды. Бақылаушылар азаматтық істегі тараптардың әсіресе сот әкімшісіне белгілі бір сомада ақша төлеуге келіспеген кезде сот шешімін жүзеге асыруда көп қиындық көргенін айтты.

ғ. Жеке өмірге, жанұяға, үйге немесе хат-хабарға заңсыз қол сұғу

Конституция мен заң мұндай әрекеттерге тыйым салады, дей тұрғанмен, үкімет кейбір кездері бұл құқықтарды бұзып отырды.

Заң прокуратураға азаматтардың конституциялық құқықтарын шектеуге кең мүмкіндік береді. ҰҚК, Ішкі істер министрлігі, Қаржы полициясы және басқа органдар Бас прокуратураның келісімімен жеке хат-хабар және қаржы құжаттарының құпиялығын, сонымен қатар, жекеменшік үйге қол сұғылмау құқығын бұза алады. Сот прокуратураның шешімін даулайтын істерді қарауы мүмкін, бірақ ол қол сұғуды тоқтатуға шұғыл бұйрық бере алмайды. Парламент 2009 жылы маусымда Қылмыстық іс жүргізу кодексіне өзгертулер енгізіп, полицияға рұқсат ордерінсіз-ақ телефонмен болған әңгімені тыңдауға және оны таспаға жазып алуға мүмкіндік беретін жағдайлардың тізімін ұзартты және бұрынғыдай өте шұғыл әрі өте маңызды істермен қоса маңыздылығы орта деңгейдегі істерде де жеке өмірге қол сұғу мүмкіндігін берді.

Үкіметтің қарсыластары мен олардың отбасы мүшелері өздерінің жүріс-тұрыстары мен телефон шалыстарын үкіметтегілердің анда-санда бақылап отырғанын хабарлаумен болды.

2 Бөлім. Азаматтық бостандықтарды қорғау, соның ішінде:

a. Сөз және баспасөз бостандығы

Конституция мен заң сөз және баспасөз бостандығына кепілдік береді, дей тұрғанмен, үкімет БАҚ-ты бақылап, ой-пікір білдіру бостандығын шектеу үшін заң-ережелер, қуғындау, лицензиялау ережелері, Интернетті шектеу, қылмыстық және әкімшілік іс қозғау сияқты әртүрлі амал-айлаларды пайдаланды. Үкімет шенеуніктерінің журналистер мен ақпарат құралдарын жала жапты деп азаматтық және қылмыстық сотқа беруі ақпарат құралдарының жабылуына және олардың ішкі цензураны қалыптастыруына әкеп соқты.

Үкімет адамдардың ел басшылығын сынау мүмкіндігін шектесе, жергілікті басшылар жергілікті ақпарат құралдарының өздері туралы сыни пікір айтуын шектеуге тырысты. Заң Президентке және өзге жоғары лауазымды шенеуніктерге тіл тигізуге тыйым салады. Үкімет тыйым салынған саяси-экстремистік қозғалыс - «Хизб-ут-Таһрирдың» үнпарақтар таратуын саяси және террорлық мақсаттағы азғыру әрекеті деп бағалап, оны конституция кепілдік беретін сөз бостандығынан тыс деп сипаттауын жалғастырды.

Мемлекеттік статистикаға сәйкес, 2973 ақпарат құралының 20 пайызы үкіметтің меншігінде болды. Көптеген жекеменшік газеттер мен теледидар стансалары мемлекеттен субсидия алды. Ірі агенттіктер мен тәуелсіз болып саналатын телерадио арналарының айтарлықтай көп бөлігі Президенттің жанұя мүшелері мен сенімді жолдастарының бақылауында делінген холдингтердің меншігінде болды. БАҚ бостандығын бақылаушылар республикалық жеті телеарнаның басым көпшілігі толықтай немесе жартылай үкіметтің меншігінде деп есептейді. Жергілікті әкімшіліктер бірнеше телерадио жиілігін меншіктенген, ал Байланыс және ақпарат министрлігі оларды тендер арқылы тәуелсіз арналарға пайдалануға берді.

Ақпарат құралдарының барлығынан Байланыс және ақпарат министрлігінде тіркелу талап етіледі, бірақ веб-сайттарға бұл талап қойылған жоқ. Президент 2009 жылы ақпанда БАҚ туралы заңға өзгертулер енгізу туралы заңға қол қойып, жоғары басшылығы ауысқан жағдайда ақпарат құралын қайта тіркеуден өтуді және сұхбатты жазып алардан бұрын алдын ала рұқсат сұрауды талап ететін ережелерді алып тастады. Теледидар және радио жиіліктерін бөлу мемлекеттік комиссиясы 2010 жылы отырыс өткізген жоқ, сол себептен жаңа лицензия алу мүмкіншілігі болған жоқ. 2009 жылы сәуірде өткізілген үкіметтік тендер нәтижесі бойынша ірі қалалар мен облыстарда радио жиіліктердің барлығы үкіметтің өзі қалаған компанияларға берілді. Сол сияқты үкімет 2008 жылдың қаңтарында тележиіліктерге жаңа лицензиялар беру бойынша тендер өткізді, бірақ БАҚ-ты бақылаушылар үкіметтің тендер нәтижесін алдын ала шешіп қойғанын және жаңа тележиіліктердің барлығының үкімет қалайтын компанияларға берілгенін мәлімдеді.

Заң бойынша шетелдік бағдарламаларды ретрансляциялау көлемі стацияның жалпы эфир уақытының 20 пайызынан аспауы керек. Үкімет осы заң негізінде бірде-бір телерадио агенттігінің жұмысын тоқтатпағанымен, бұл кішігірім, әлі толық дами қоймаған, өз бағдарламаларын қалыптастыруға ресурстары жоқ жергілікті телеарналарға ауыр тиді.

Журналистерге қысым жасау және зорлық-зомбылық көрсету шешілмеген мәселе күйінде қалды. Сөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» үкіметтік емес ұйымы жыл барысында кеңселер мен журналистерге жасалған сегіз шабуыл, бес журналисті қорқытып-үркіту және басылымдардың шығуын уақытша немесе мүлдем тоқтатудың үш оқиғасын тіркегенін хабарлады. Қоғамдық ұйымның мәлемдеуінше, тілшілерге кәсіби міндеттерін орындауға мүмкіншілік бермеудің 24 оқиғасы, қоғамдық маңызы бар ақпаратқа журналистің қолын мүлдем жеткізбеу немесе оған едәуір шектеу қоюдың 210 оқиғасы тіркелді. Оппозициялық ақпарат құралдарында жұмыс істейтін немесе ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлық туралы хабар беретін журналистер өздерін билік органдары мен жекелеген адамдардың қуғындайтынын және қорқытып-үркітетінін мәлімдеді.

2009 жылы қаңтарда «Азат Еуропа/Азаттық» радиосының штаттан тыс журналисі әрі осы ақпарат құралы веб-сайтының редакторы Ермек Болтайға белгісіз біреулер жасаған шабуылға байланысты істе өзгерістер болған жоқ. Баяндамаға жүгінсек, көшеде бірнеше адам Болтайдан ақша талап еткен, ол бермейтінін айтқан соң, оған қоқан-лоққы көрсеткен. Полиция бұл оқиға бойынша «бұзақылық» бабымен іс қозғады.

Қамауда жатып, денсаулығы біршама нашарлаған «Алма-Ата Инфо» газетінің бас редакторы әрі шығарушысы Рамазан Есіргепов өзінің тұтқындалуына наразылық ретінде 8 шілдеде аштық жариялады. 2009 жылы жабық түрде өткен сот отырысында Тараз қалалық соты мемлекеттік құпияға жататын құжаттарды жариялағаны үшін айыпты деп тауып, оны үш жылға бас бостандығынан айыруға шешім шығарды. Айып 2008 жылы «Алма-Ата Инфо» газетінде шыққан ҰҚК-нің құпия деген құжаттары мәшһүр етілген үкіметтегі сыбайлас жемқорлық жөніндегі мақалаға байланысты. 2009 жылы тамызда бөлек өткізілген Жоғарғы сот отырысы нәтижесінде «Алма-Ата Инфо» газеті айыпты деп танылып, сот құпия құжаттарды жариялағаны үшін газеттің шығуын үш айға тоқтату туралы төменгі деңгейдегі соттың үкімін күшінде қалдырды. Жамбыл облыстық соты 2009 жылы қазанда Есіргеповтің шағымын қабылдамай, бастапқы сот үкімін өзгеріссіз қалтырды.

15 желтоқсанда «АКИпресс» ақпарат агенттігі хабарлағанындай, Бас Прокуратура Алматыда белгісіз біреулер қол-аяғын байлап, алтыншы қабаттағы терезеден құлатып жібергеннен соң алған жарақаттары салдарынан 2009 жылдың желтоқсан айында қайтыс болған қырғызстандық оппозициялық журналист Геннадий Павлюктің өліміне кінәлі деп танылған күдктілерді Қырғызстанның құзырлы органдарына тапсырды. Желтоқсанның 1-інде Алматы қалалық соты тұтқындау ордерін шығарып, күдіктілердің бірін - Алдаяр Исманкуловты адам ұрлау және азаптау айыбымен қамауға алды. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Павлюк жыл соңына дейін Қырғызстанда оппозициялық газет пен Интернет порталын ашуға ниет танытып жүрген. 2009 жылы желтоқсанда Ішкі істер министрлігі осы іске байланысты бірнеше күдіктіні ұстағанын, және олардың барлығы Қырғызстан азаматтары екенін жариялады. Бұған қоса Ішкі істер министрлігі күдіктілер жайында, немесе оқиға себептері жөнінде ешқандай қосымша мәлімет берген жоқ.

Жергілікті үкіметтің ақпарат құралдарына қысым көрсетуі өткен жылы жалғасты. «Әділ сөз» үкіметтік емес ұйымының мәлімдеуінше, 7 қарашада Өскемен қаласы әкімінің орынбасары «Stan.TV» интернет порталының тілшісі Алла Степанованың үстінен қылмыстық іс қозғаймын деп қорқытып, өткен наразылық шеруі жөнінде ақпарат таратпауын талап етті. Осындай қорқыту әрекеті жөнінде мақала жарыққа шыққан соң ол Степанованы жала жапқаны үшін сотқа беремін деп қорқытты.

2006 жылы күшіне енген ақпарат құралдарының жұмысын шектейтін заң бойынша күштеп жабылған баспасөз құралдары туралы мәліметтер болған жоқ. БАҚ туралы заңға енгізілген өзгерістер БАҚ иелерінен бас редакторы, мекен-жайы немесе басылымының шығу жиілігі өзгерсе, ақпарат құралын қайта тіркеуді міндеттейді; жала жапты деп айыпталған адамның өзге ақпарат құралында басқарушы редактор қызметін атқаруына тыйым салады; сот үкімімен жабылған ақпарат құралының атына ұқсас атпен жаңа ақпарат құралын тіркетуге рұқсат бермейді; қазақ және орыс тілдеріндегі бағдарламалардың жалпы эфирлік уақытын талап етілген 50 де 50 пайыз мөлшерінде жүргізбегені үшін айыппұл салуды көздейді.

Мемлекеттік құпияны жария етуге және таптық, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық немесе діни үстемдікті, мейірімсіздік пен зорлық-зомбылықты уағыздауға тыйым салатын түзетулер негізінде үкімет ақпараттың мазмұнын шектей алады. Ақпарат ресми тараптан таралмаған жағдайда оның мазмұны үшін ақпарат құралының шығарушысы, редакторы, таратушысы және журналистер азаматтық және қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Үкімет осы ережені баспасөз бостандығын шектеу мақсатына пайдаланды. Заң экстремизмді жарнамалайтын немесе дәріптейтін кез келген мәлімдемені жарыққа шығаруға тыйым салады. Халықаралық заң мамандары ел үкіметі бұл терминнің мағынасын әлі толық анықтаған жоқ деп санайды.

Үкімет президентті тікелей сынағысы келетін ақпарат құралдарын құқық қорғау шаралары немесе азаматтық сотқа беру арқылы қорқытып отырды. Бұл шаралар ақпарат құралдарын үрейлендіргенімен, үкімет саясатын сынға алу тоқтаған жоқ.

Мемлекеттік құпиялар туралы заң бойынша президенттің денсаулығы, табысы немесе жеке өмірі жайлы ақпарат, сонымен қатар, елдің минералды ресурстары мен мемлекеттің шетелдік несие берушілерге қарыздары сияқты экономикалық мағлұмат беру қылмыстық іс деп саналады. Заңдық тұрғыдан дауға ұшырмас үшін ақпарат құралдары президент пен оның жанұясы туралы мәліметке келгенде ішкі цензураға жүгінеді.

Жеке тұлғалар жала жапты деген айыппен үкіметтің атынан өзге тұлғаларды қылмыстық сотқа бере алады, сотқа берген адам осындай айып бойынша азаматтық сотқа да жүгіне алады. Үкімет шенеуніктері ақпарат құралдарының жағымсыз мәлімет таратуына тосқауыл қою үшін заңның жала жабу және ар-намысына нұқсан келтіру ережелерінің шектеуші тетіктерін пайдалануды жиілетті. Қылмыстық кодекс те, Азаматтық кодекс те біреуге жала жапқаны үшін азаматтың мойнына үлкен жауапкершілік артады. Ақпарат көзінің қайдан екеніне қарамастан, жарияланған ақпараттың ақиқаттығын тексеруді шығарушы да, редактор да, таратушы да, баспахана мен журналист те тексеруі керек деп міндеттейтін заң нормасы баспасөздің барлық сатысында ішкі цензураның орнығуына себеп болды. 2009 жылы жала жапқаны үшін тағылған айыппұл көлемі тым жоғары болғандықтан, оны төлей алмай, «Республика» газеті жабылып қалды.

Бақылаушылар мен қоғамдық ұйымдардың мәлімдеуінше, «нақақ жала жапты» деген бап бойынша журналистер мен ақпарат құралдарына қарсы іс қозғау шешілмеген мәселе болып қала берді. «Әділ сөздің» айтуынша, жыл барысында жала жапқаны үшін жергілікті жеті журналистке қарсы іс қозғалды. Ақпарат құралдарына қарсы қаралған 54 азаматтық істе (оның 24-ін мемлекеттік лауазымдағылар, ал 21-ін жеке азаматтар бастаған) ар-намысқа нұқсан келтіргені үшін барлығы 7,5 миллион тенге (5,14 миллион АҚШ доллары) айыппұл талап етілген. Жыл ішінде бес журналист жазаларын қамауда өтеп шықты.

Интернет бостандығы

Бақылаушылар үкіметтің электронды пошта мен Интернеттегі әрекеттерге бақылау жүргізгенін, оппозициялық веб-сайттарға бөгет жасап, не болмаса олардың жұмысын бәсеңдеткенін және Интернеттегі чат бөлмелеріне үкіметті жақтайтын үгіт таратқанын айтты. Үкімет Интернет қызметімен қамтамасыз ететін үш кәсіпорынның жұмысын (үкімет меншігіндегі «Қазақтелекомды» қоса алғанда) реттеп отырды. Осыған қарамастан, веб-сайттарда үкіметті сынайтын пікірлер мен өзге сан алуан көзқарастар білдіріліп жатты. Тәуелсіз зерттеу жүргізетін компанияның ақпараттарына сәйкес елде 4,3 миллион тұрақты (басым бөлігі қалалық тұрғындар) Интернет қолданушы бар (жалпы халықтың 26,5 пайызы).

2009 жылы қабылданған заңға сәйкес үкіметтің сайлау науқаны кезінде немесе ұлтаралық зорлық-зомбылықты насихаттағаны үшін, веб-сайттарды қоса алғанда, ақпарат құралдарын жауып тастауына кеңірек мүмкіндік берілгеніне қарамастан, «Әділ сөз» қоғамдық бірлестігінің мәлімдеуінше, жыл ішінде ешбір ақпарат құралы немесе веб-сайт ұлтаралық зорлық-зомбылық таратты деген айыппен жабылған жоқ. Жаңа заңнама веб-сайттарды, соның ішінде чаттар мен блогтарды, «таратылатын ақпараттық өнім» деп атап, оларды БАҚ туралы заңның құзіретіне кіргізді. Және ол Интернеттегі ақпаратты «таратылатын ақпараттық өнім» анықтамасының аясына кіргізу мақсатында оның мағынасын кеңейтті.

Үкімет жеке тұлғаның бейбіт түрде білдірген саяси, діни, немесе идеологиялық көзқарастарына қарамастан, оның аты-жөнін анықтайтын ақпаратты жинауға, талап етуге, немесе таратуға талпынған жоқ.

Байланыс және ақпарат министрлігі «.kz» доменіне тіркелу тәртібін бақылап отырды. Егер тұтынушылар елдегі серверлердің орналасқан жерін көрсете алмаса, агенттік олардың доменінінің жұмысын уақытша немесе мүлдем тоқтата алады. Бақылаушылар ақпарат құралдарын тіркеу тәртібінің тым көп шектеу қоятынын және билікті асыра пайдалануға мүмкіндік беретінін айтып, оны сынға алды.

«Әділ сөз» үкіметтің 12 рет веб-сайтқа тосқауыл қойғанын мәлімдеді, және LiveJournal веб-сайтына үкіметтің қойған тосқауылы жыл бойы мезгіл-мезгіл қайталанып отырды, дегенмен, бұл веб-сайтқа басқа серверлер арқылы еркін кіруге болады. Блоггерлердің мәлімдеуінше, олардың сайттарына мезгіл-мезгіл тосқауыл қойылып тұрды.

Оппозициялық бағыттағы zona.kz веб-сайты өзіне ақпан мен сәуірде және мамырда 10 күнге созылған ұйымдасқан кибер-шабуыл жасалғанын хабарлады.

Жыл бойы Журналистерді қорғау комитеті Интернет қызметін көрсететін үкіметтің меншігіндегі «Қазақтелеком» тұтынушыларының оппозициялық «Республика» газетінің сайтын аша алмағанын мәлімдеді. Олар газетті баламалы сайттар арқылы оқи алды. Ақпанның 2-сінде Алматы қалалық соты «Республика» газетін қағазға басылған түрінде шығаруға тыйым салды, себебі басылым 2009 жылы «БТА банк» шағымы бойынша өткен сотта айыпты деп танылып, талап етілген 60 миллион теңге (400 000 АҚШ доллары) айыппұлды төлей алмады.

Ғылыми бостандық пен мәдени шаралар

Үкімет жалпы алғанда ғылыми бостандықты шектеген жоқ, дегенмен, білім және ғылым қызметкерлеріне, өзге азаматтармен бірдей, президенттің ар-намысына тиюге тыйым салынған.

Тамыз айында Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінің әкімшілігі Александр Ухманды оқытушы қызметіне бекітпей қойды, себебі, таратылған ақпарлар бойынша, Ішкі істер министрлігі Коммунистік партия мүшесінің осы жұмысқа қабылдануын қолдамаған. Ухманның айтуынша, Қарағанды қаласында 10 шілдеде орын алған кикілжің кезінде полиция қызметкері майор Кирилл Корниенко Ухманның университетке жұмысқа тұруына кедергі жасайтынын айтып, қорқытқан.

ә. Бейбіт жиналу және ұйымға бірігу бостандығы

Жиналу бостандығы

Заң шектеулі деңгейде жиналу бостандығына кепілдік береді. Іс жүзінде бұл құқық айтарлықтай деңгейде шектелген, полиция бейбіт демонстрацияларды тарату үшін күш қолданды. Заңда әлеуметтік және саяси тұрақтылықты бұзатын ресми рұқсат етілмеген жиындар, қоғамдық жиналыстар, шерулер, митингтер, ереуілдер ұйымдастыруға және заңсыз тосқауылдар қоюға «ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін әрекеттер» деген анықтама берілген.

Қоғамдық жиын туралы заң бойынша ұйымдар жергілікті әкімшіліктерден кем дегенде 10 күн бұрын шеру немесе қоғамдық жиналыс өткізуге рұқсат сұрауға тиісті. Оппозиция мен адам құқықтарын бақылаушылар қиын да бұлыңғыр рұқсат алу тәртібі мен 10 күн бұрын ескерту талабы ұйымдардың қоғамдық жиындар мен митингілер ұйымдастыруын қиындатып жіберді деп шағым айтты, олардың пікірінше, жергілікті әкімшіліктер демонстрация өткізу туралы өтініштердің көпшілігін қабылдамай тастаған. Өкімет ресми рұқсат етілмеген жиындар мен саяси партиялардың жиналыстарын ұйымдастырушыларды қысқа мерзімге қамауға алып, айыппұл салды. Рұқсат етілген наразылық жиындарын өткізу үшін өкімет тұрғындары аздау, қала шетіндегі орындарды таңдады.

2009-12 жылдарды қамтитын Адам құқықтарын жүзеге асырудың ұлттық жоспары қоғамдық жиынды реттейтін заңдардың халықаралық стандарттарға қайшы келетінін мойындады.

16 наурызда сот «Ар.Рух.Һақ» қоғамдық қорының төрайымы Бақытжан Төреғожинаға 11 наурызда Алматыдағы саябақта «флэш-моб» (жаңа технологияларды пайдаланумен аяқ астынан ұйымдастырылған шеру) өткізгені үшін 56 520 тенге (382 АҚШ доллары) айыппұл салды. Шеруге бақылау жүргізген прокуратура өкілдері бұл жиынның заңсыз екенін ескертпеген.

26 наурызда сот тіркелмеген «Алға» саяси партиясының төрағасын «Қазатомпром» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің өмірбаянын таратқаны үшін 10 күнге бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сот кітапшаларды тарату әрекетін рұқсат етілмеген шеру деп тапты.

Мамырдың 5-інде Алматы соты тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козловты рұқсат етілмеген шеру ұйымдастырғаны үшін 15 күнге қамауға алуға шешім қабылдады. 1 мамырда «Алға» және Коммунистік партиялар «Алға» партиясы кеңсесінің ауласында 500-ден астам белсенді мүшесі қатысқан митинг өткізді. Митингтен соң полиция ауладан шығу жолдарын бөгеп, қатысушыларға ары қарай біріккен шеру ұйымдастыруға мүмкіншілік бермеді. Бірнеше белсенді мүше тұтқындалды, оның ішінде журналист Жанна Байтелова мен «Арман» қозғалысының жетекшісі Ермек Нарымбаев бар еді.

21 маусымда журналист Екатерина Беляева Алматыдағы «Тәуелсіздік таңы» ескерткішіне жалғыз барып, Елбасы туралы заңға наразылық білдіру плакатын жайды. Полиция плакатты тартып алып, жыртып тастады, ал Беляеваны бес сағатқа қамауға алды.

10 шілдеде жергілікті полиция қызметкерлері Қарағанды тұрғындарының жиналысын тарқатты. Тұрғындармен кездесіп, сумен қамтамасыз ету мәселесін талқылауға уәде берген аудан әкімі келген жоқ. Тұрғындар оның кеңсесін қоршап алды, ақпараттар бойынша жергілікті полиция арандатушылық жасап, төбелес шығарып, жиналысты тарқатты, және Андрей Цуконов, А. Бондаренко және Александр Ухман атты үш белсендіні қамауға алды. Мәлімет бойынша полиция бөлімшесінде полицейлер Ухманды соққыға жыққан. Шілденің 12-сінде Қарағанды қаласының әкімшілік соты Цуханов пен Ухманды полицияға бағынбағандары үшін бір күнге бас бостандығынан айыруды ұйғарды.

Ұйымға бірігу бостандығы

Заң ұйымға бірігу бостандығына белгілі бір деңгейде кепілдік береді. Ал іс жүзінде бұл құқыққа айтарлықтай шектеу қойылған. Діни ұйымдарды қоса алғанда, азаматтар құрған кез келген қоғамдық ұйым Әділет министрлігінде және осы министрліктің әлгі ұйым іс жүргізетін әр аймақтағы басқармасында тіркелуге тиісті. Заң қоғамдық немесе діни бірлестіктерден өздерінің нақты қандай әрекеттермен айналысатынын айқын көрсетуді талап етеді. Жарғысында көрсетілгендерден тыс әрекет ететін ұйымдарға ескерту жасау, айыппұл салу, ұйым жұмысын уақытша тоқтату немесе тіпті оның жұмысына мүлдем тыйым салу секілді шаралар қолдануы мүмкін. Тіркелмеген қоғамдық ұйымдарға мүше болғаны үшін азаматтар айыппұл төлеу, ұйымды тарату, шартты түрде соттау немесе түрмеге жабу сияқты әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылуы ықтимал.

Тіркелмеген ұйымдарға тыйым салу ережесі көбіне билік органдарының ұйымдардың іс-әрекетіне араласуына сылтау болды. Діни топтарды қоса алғанда мүшелікке адам алатын ұйымдардың жергілікті деңгейде тіркелуі үшін кемінде 10 мүшесі, ал республикалық деңгейде тіркелуі үшін барлық облыстардың жартысында бөлімшелері болуы тиіс. Саяси партиялар мен кәсіподақтар мүшелікке адам алатын ұйым болып саналады, бірақ оларға бұларға қосымша басқа да арнайы тіркеу талаптары қойылған. Заң бойынша саяси партияны тіркеу үшін жиналатын қол саны 40 000 болу керек. Егер билік органдары қойылған қолдардың растығына күмәнданатын болса, тіркеу процесі мүшелердің саны талап етілген межеге жеткенге дейін созылуы мүмкін. Заң бойынша ұлттық, жыныстық немесе діни негізде партия құруға тыйым салынады. Заң қарулы күштер, ұлттық қауіпсіздік және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, және судьялардың кәсіподақтар немесе саяси партияларға мүше болуына тыйым салады.

28 маусымда тіркелмеген «Алға» саяси партиясының басшысы Владимир Козлов пен оның қорғаушысы Сергей Уткин Алматы салық полициясының атынан жіберілген хат алды, хатта олардың төленбеген салық ретінде қосымша алты миллион тенге (41 000 АҚШ доллар) қарыз екені жазылған. Салықты санағанда салық комитеті партияның әр облыстағы кеңсесін Козловтың мүлкіне қосып есептеген. Козловтың айтуынша «Алға» партиясының мүшелері саяси жұмысын заңды түрде жүргізген жоқ, себебі партия ресми тіркелмеген. Топ өз жұмысын жергілікті деңгейде ресми тіркеуден өткен қоғамдық бірлестіктер арқылы жалғастырды. 28 қазанда үкімет Козловтың іс-әрекетін төленбеген салық тұрғысынан тергей бастады, үкіметтің пайымдауынша оның бюджетке берешегі - 3 миллион тенге (20 000 АҚШ доллар).

Шілдеде Әділет министрлігі жарғысының орыс және қазақ тіліндегі нұсқаларында айырмашылық бар деп, «Азат» жалпыұлттық социал-демократтар партиясын (ЖСДП) тіркеуден бас тартты.

Үкіметтік емес ұйымдар тіркеу тәртібінің біршама реттелгенін айтқанымен, тіркеу үдерісінің өзінде сыбайлас жемқорлық әдеттегі жайт болды. Адам құқықтарын қорғайтын және саяси саладағы үкіметтік емес ұйымдардың тіркелуі кешіктіріліп, олар көп әкімшілік кедергілерге кезікті, дегенмен, үкіметтің ұйымдарды тіркеуден бас тартқаны немесе қандай да бір ұйымды жапқаны туралы мәлімдемелер болған жоқ.

2005 жылы қабылданған «Экстремизм туралы» заң бойынша кейбір тыйым салынған ұйымдарға мүше болу қылмыс деп есептелінеді. «Хизб ут-Таһрир» осы заң бойынша тыйым салынған бірден-бір бірлестік болды. «Хизб ут-Таһрир» өзін зорлық-зомбылыққа қарсы ұйым деп атағанымен, өшпенділік пен террорлық іс-қимылдарды насихаттаумен айналысты. Оның антисемиттік мазмұндағы, батыс әлеміне қарсы бағыттағы ызаға толы әдебиеттерінде зайырлы үкіметтерді, оның ішінде Орталық Азия үкіметтерін құлатып, бүкіләлемдік ортақ ислам үкіметін орнатуға үндеу тасталады.

б. Дін бостандығы

Дін бостандығы жөнінде толық мәлімет алу үшін мына мекен-жайдан Дүниежүзіндегі дін бостандығы туралы 2010 жылғы есепті қараңыз: www.state.gov/g/drl/irf/rpt .

в. Ел ішінде еркін жүріп-тұру, өз елінде мекенінен айрылған адамдар, босқындарды және азаматтығы жоқ адамдарды қорғау

Заң азаматтарға жүріп-тұру еркіндігін береді, алайда кейбір реттеу шаралары оған шектеу қояды. Үкімет жалпы алғанда бұл құқыққа құрметпен қарады, азаматтар ел ішінде салыстырмалы түрде алғанда оңай жүріп-тұрды. Үкімет босқындарды, саяси баспана сұрағандарды және басқа да қиын жағдайға түскен адамдарды қорғау және оларға көмек көрсету үшін БҰҰ-ның Босқындар жөніндегі басқармасымен (БҰҰББ) және басқа да ұйымдармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеді.

Елде бес күннен артық болған азаматтар мен шетелдіктерден көші-қон полициясында тіркелу талап етіледі. Елге кірген шетелдіктер белгілі бір шекара бекеттерінде тіркеуге тұра алады. Елдің көп бөлігінде тіркеу рәсімі негізінен қалыпты жағдайға айналған, дегенмен кейбір шетел азаматтары жергілікті билік органдарының тіркеудің алдында пара сұрағанын мәлімдеді. Көші-қон полициясы мезгіл-мезгіл шетелдіктердің, әсіресе мигрант жұмысшылардың тіркелуін тексеріп тұрды, олардан пара талап етілгені туралы мәліметтер болды. Кейбір шетел азаматтары өздерінің тіркелген аймағынан басқа аймақтарға сапар шеккенде қиыншылық көрді.

Жылдың алғашқы тоғыз айы ішінде Ішкі істер министрлігі елде тұру ережелерін өрескел бұзғаны үшін 11 677 шетел азаматын елден шығарып жіберді. Олардың басым көпшілігі - ТМД елдерінің азаматтары. Үкімет қылмыстық іске күдікті ретінде қатысқандардан тұрақты тұрғынжайынан кетпейтіні туралы қолхат жазуын талап етті, сондай-ақ қылмысқа қатысты деген күдігі болмаса да тәртіп бойынша жеке бастарын анықтау мақсатында адамдарды қамауға алды.

Үкімет уақытша сапарға шығатындардан елден шығу визасын талап етпегенімен, азаматтардың елден шығуына тыйым салған нақты оқиғалар болды, қылмыстық немесе азаматтық істері қаралып жатқандар, бас бостандығынан айыру жазасын өтеп бітпегендер мен әскери міндетін атқаруға борышты адамдарға елден шығуға рұқсат берілмеді. Шекарадан шығуды рәсімдеу барысында жалған құжаттар ұсынған сапар шегушілерге елден шығуға рұқсат берілмейді. Сапарлаушылар борышын өтеп жатқан әскери қызметкерлердің көмегімен бақылауға алынды. Ұлттық қауіпсіздік туралы заң мемлекеттік құпиялармен жұмыс істейтін адамдардың ел аумағынан уақытша шығу үшін өздері қызмет ететін мемлекеттік органнан рұқсат алуын талап етеді.

Заң күштеп жер аударуға тыйым салады әрі үкімет те ондай әрекетке барған жоқ.

Заң азаматтардың басқа елге көшу және елге қайта оралу құқықтарын қорғайды және «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңды қоспағанда, іс жүзінде үкімет бұл құқықтарды негізінен сақтады. Аталған заң бойынша мемлекеттік құпиялармен жұмыс істеген адамның мемлекеттік қызметтен кеткеннен кейінгі бес жыл ішінде шетелде тұрақты түрде тұруына тыйым салынады. Үкімет эмиграцияға кетушілерден тұрақты шығу визасын талап етеді. Мұндай визаны алу үшін азаматтық қылмыс жасаған-жасамағаны, несие алған-алмағаны тексеріледі, сондай-ақ ата-анасы мен қамқорлығындағы адамдар шығу визасының берілуіне қарсы еместіктерін білдіріп хат жазып беруі керек.

Билік органдары шетелдіктерден Қытаймен шекаралас кейбір аудандарға және әскери бөлімдерге жақын қалаларға баруға алдын-ала рұқсат алуды талап етті. Үкімет әскери базаларға және Байқоңыр ұшыру орталығына жақын орналасқандықтан, жекелеген аймақтарды шетелдіктер үшін жабық аймақ деп жариялады. Іс жүзінде шетелдіктер бұл аймақтарға Ішкі істер министрлігінен алдын-ала рұқсат алып кіре алды.

Босқындарды қорғау

Жыл барысында үкімет босқындарды нәсілі, діні, ұлты, белгілі бір әлеуметтік топқа мүшелігі немесе саяси көзқарасы үшін өмірлері мен бостандықтарына қауіп төндіретін елдерге шығарып жіберу немесе қайтару әрекеттерінен қорғауды қамтамасыз етті.

Сәуірде мемлекет Қырғызстан президенті Қ.Бакиев қызметтен кеткен соң басталған тұрақсыздыққа байланысты сол елмен шекараны уақытша жапты.

Қаңтарда жаңа Босқындар туралы заң күшіне енді, ол босқындар мәртебесін анықтау (БМА) және тіркелу және құжат алу секілді босқындар құқықтарын қамтамасыз ететін мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу тәртібін белгіледі. БҰҰББ-ның қолдауымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанындағы Көші-қон комитеті бұрын БҰҰББ орындаған ТМД елдері мен Қытайдың ұйғыр азаматтарына БМА міндеттерін өз мойнына алды. Сәуір айынан бастап қолдарында бұрыннан БҰҰББ-ның рұқсат қағазы бар азаматтар босқын мәртебесін алуға үкіметке қайтадан шағымдануға мәжбүр болды; ондай мәртебе берілсе де, босқындар жыл сайын мәртебесін сақтап қалу үшін қайта өтініш беруі керек. БҰҰББ бақылаушыларының пікірінше, заңды қабылдау асығыс түрде жүргізілгендіктен, комитет өкілдерінің жинаған білім-тәжірибесі жеткіліксіз болды. Заңда босқындардың білім алуға, қоғамдық қызметтерді пайдалануға құқығы бар делінгенмен, әкімшілік тәртіптері мен көрсетілетін қызмет бағасының тым жоғарылығы бұл құқықтарды жоққа шығарып отырды. Осы мәселелерді шешу үшін билік органдары БҰҰББ-мен бірігіп, арнайы министрлік аралық жұмыс тобын құрды.

Баспасөздің мәлімдеуінше, маусым айында Ішкі істер министрлігі мен Алматы қаласының құқық қорғау органдары баспана сұраған 30 өзбекті және бір ұйғырды қауіпсіздік сақтау мақсатында тұтқындады. БҰҰББ ұсталғандардың барлығымен жиі кездесіп тұрды, және қысым жасалғаны жөнінде мәлімдеген жоқ.

Жыл барысында ҰҚК 2009 жылы қыркүйекте кейіннен Алматы қалалық ҰҚК қызметкерлері болғаны анықталған беттеріне маска киген қарулы адамдар Өзбекстаннан және Қытайдан ұлты ұйғыр үш азаматты және саяси баспана сұраған екі адамды тұтқындап, үш сағатқа қамап қойғанының жай-жапсарын тергеді. Олардың кейбіреулері ҰҚК қызметкерлерінің «депортациялаймыз» деп үрейлендіріп, бастарына пластик пакет кигіземіз деп қорқытқанын мәлімдеді. БҰҰББ-ның сауалына жауап берген ҰҚК қамалғандарға қатардағы тексеру амалдары қолданылғанын хабарлады. Ұсталғандардың үшеуі ҰҚК қызметкерлері, оларға Өзбекстанда полиция офицерін өлтірді деген айып тағылғаны мәлім болды. БҰҰББ үкіметке ресми наразылық хатын жөнелтті. Жыл аяғына дейін ҰҚК тергеу нәтижелерін жариялаған жоқ.

Жалпы алғанда, үкімет баспана сұрағандарды тіркеп, БҰҰББ-мен кеңесіп, олардың мәртебесін белгілеп отырды. Кейбір жағдайларда БҰҰББ оларды қабылдайтын үшінші бір елді тапқанға дейін үкімет саяси баспана сұраушылар мен босқындардың елде қала тұруына рұқсат берді. Үкімет елге келіп қойған босқындарды тіркеуге алғанымен, олардың тұрақты қоныстануына немесе азаматтық алуына рұқсат берген жоқ. Үкімет, сондай-ақ, босқын санала алмайтындарды, мәселен кейбір ауған босқындарын уақытша қамқорлыққа алды.

Жыл барысында БҰҰББ босқындар мен саяси баспана сұраған адамдарға көмектесуде үкімет жақсы ынтымақтастықта жұмыс істегенін мәлімдеді. Үкімет БҰҰББ өкілдерінің қамауда отырған шетелдіктермен кездесіп, олардың босқын мәртебесін алуға лайықтылығын айқындауға мүмкіндік беріп отырды. Үкімет бұрынғы кеңес республикаларының бірнеше азаматын қоспағанда, өзге босқындарға негізінен төзімділікпен қарады. Үкімет төлқұжаттары жоқ немесе елге заңсыз кірген босқындардың тіркелуіне көп жағдайда рұқсат берген жоқ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанындағы Көші-қон комитеті босқындардың өтініш-шағымдарын қарау барысында БҰҰ-ның Босқындар жөніндегі басқармасымен және «Босқындарға заңдық қолдау көрсету» атты жергілікті қоғамдық ұйыммен бірлесе жұмыс істеуін жалғастырды. ТМД елдеріне ортақ Көші-қон туралы Минск жарғысына сәйкес, үкімет шешендерді босқындар қатарына қоспады. Кез келген ТМД азаматы сияқты, шешендер 180 күндік уақытша заңды тұрғын мәртебесін ала алады. Бұл уақытша мәртебені ұзартуға болады, бірақ жергілікті көші-қон мекемелері ұзарту үдерісі кезінде өздері қалаған шешімді қабылдай алады. Кейбір жағдайларда олар шешендердің Шешенстанға аман-сау қайта алмайтындықтарын пайдаланып, пара сұраған. Қазақстан басшылығы Қытаймен бір-бірінің аумағында этникалық сепаратистердің паналауына жол бермеу туралы келісімге қол қойды. Адам құқықтарын бақылаушылар бұл келісімнің елде тұрып жатқан қытайлық ұйғырларға тигізер әсеріне алаңдаушылық білдірді әсіресе мәртебені белгілеу құзыреті БҰҰББ-нан үкіметке көшкені оларды қатты алаңдатты.

Азаматтығы жоқ адамдар

Үкіметтің статистикасына сәйкес, ел аумағында 7585 тіркелген азаматтығы жоқ адам тұрып жатыр. БҰҰББ-ның пайымдауынша, азаматтығы жоқтардың саны 60-100 000 аралығында болды. Бұл үлкен топты Кеңес одағының паспорты бар, бірақ ел егемендік алғалы бері құжаттарын жаңаламағандар, ұлты қазақ оралмандар және жұмысшы мигранттар құрайды. Азаматтығы жоқ адамдар жөнінде сенімді статистика болған жоқ. Уақытша азаматтық берілген адамдарға ұқсас құқықтарға ие болғанымен, азаматтығы жоқтар заңды жұмысқа тұруда қиыншылық көргендерін және білім алу мен денсаулық сақтау қызметтерін падалануда шектеулер көргендерін мәлімдеді.

3 Бөлім. Саяси құқықтарды қорғау: азаматтардың өз үкіметін өзгерту құқығы

Конституция мен заң демократиялық негізде, 18 жастан асқан азаматтар жалпыға бірдей дауыс беру арқылы сайланатын үкіметтің болуына кепілдік береді. Іс жүзінде, үкімет азаматтардың ел басшылығын өзгерту құқығын қатаң шектеді.

23 желтоқсанда үкіметті жақтаушы бір топ азамат Қазақстанның заңдарына сәйкес белгіленген екі президенттік сайлауды президенттің лауазымын 2020 жылға дейін ұзарту үшін 2011 жылы өткізілетін референдумға алмастыру үшін дауыс жинау процессін ұйымдастырды. Жыл аяғына дейін референдумды қолдау қозғалысы 2,5 миллионға жуық қол жинады (бұл талап етілген 200 000 қолдан әлдеқайда жоғары) дегенмен түсіп жатқан мәліметтерге сәйкес, дауыстардың көбі қысым көрсету арқылы алынған. Парламеттің конституциялық өзгертулерді жедел өткізіп жіберуге ынталы екеніне қарамастан, референдум жөніндегі ұсыныс өткен жоқ және ол мерзімінен ерте ұйымдастырылған президенттік сайлаумен алмастырылды.

Конституцияға 2007 жылы енгізілген өзгерістер заң шығарушы тармақтың кейбір салалардағы өкілеттігін арттырғанымен, Конституция билікті әлі де президенттің қолына шоғырландырып отыр. Президент мемлекеттің жоғары лауазымды қызметкерлерінің көпшілігін тағайындап, қызметтен босатады. Олардың қатарында премьер-министр, үкімет мүшелері, Бас прокурор, ҰҚК басшысы, Жоғарғы сот пен төменгі инстанциялардағы соттардың судьялары, облыс әкімдері, президент және парламент сайлауларын басқаратын Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен екі мүшесі бар. Парламенттің төменгі палатасы президент таңдаған премьер-министрдің кандидатурасын бекітеді, ал Сенат президент таңдаған Бас прокурордың, ҰҚК төрағасының, Жоғарғы сот судьяларының және Ұлттық банк төрағасының кандидатураларын бекітуі тиіс. Парламент президенттің ұсынысын бірде-бір рет кері қайтарған емес. Конституцияға өзгеріс немесе түзету президенттің келісімімен енгізіледі. Конституцияға 2007 жылы енгізілген өзгерістер Президент Н.Назарбаевты президенттікке екі мерзімнен артық сайланбау талабынан босатты. Және жыл ішінде енгізілген өзгертулер оны құқық қорғау органдарының тергеуінен босатты.

15 маусымда «Елбасы туралы» заң күшіне енді. Бұл заң бойынша Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағалығына тағайындалып, оған өмір бойы Конституциялық кеңеске және Қауіпсіздік кеңесіне мүше болу кепілдігі берілді және оның кез келген жағдайда Қазақстан халқына үндеу жасауына мүмкіндік берді, сондай-ақ, «ел дамуына байланысты барлық бастамалар» тек оның қолдауымен жүзеге асуы керек деген ереже енгізілді. Н.Назарбаевтың заң жобасын жария түрде кері қайтарғанына қарамастан, президент әкімшілігі заңды парламентке қайтарған жоқ, сөйтіп заң жобасы 30 күннен соң күшіне енді.

Үкімет ЕҚЫҰ-ның 2007 жылғы Сыртқы істер министрлер кеңесінде мойнына алған демократиялық реформалау міндеттерін іске асыруда ары қарай қадам жасаған жоқ. 2009 жылғы ақпанда президент саяси партиялар, парламенттік сайлау және БАҚ туралы заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға қол қойды. Азаматтық қоғамның кейбір өкілдері және оппозициялық партия мүшелері бұл заңнамаларды реформаларды тереңдетпейді деп сынға алды және заң шығару үдерісінде жариялылықтың жоқтығын айтты.

Сайлау және саясатқа араласу

2007 жылы Мәжіліске сайлау нәтижесінде Президент Назарбаев басқаратын басты саяси күш - «Нұр Отан» партиясы барлық дауыстың 88 пайызын жинап, палатадағы барлық орынды жеңіп алды. Өзге бірде-бір партия парламенттен орын алу үшін қажетті жеті пайыздық дауыс жинай алмады.

ЕҚЫҰ сайлауға берген бағасында соңғы республикалық сайлауды ұйымдастыруда, әсіресе ОСК жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуде, ілгерілеушіліктердің болғанын мәлімдеді. Дегенмен, берілген есепте саяси партияларды тіркеуге қойылатын талаптың шектен тыс қатаңдығы, ел аумағында кемінде 10 жыл тұру, саяси партияға мүше болу сияқты талаптар қою арқылы мемлекеттік қызметке сайлану құқығын шектеу шаралары, мүшелерін Президент Назарбаев тағайындайтын, сайланбайтын орган - Қазақстан халқы ассамблеясына төменгі палатаның 107 депутатының тоғызын таңдауға мүмкіндік беретін ереже және де сайлауға қатысты өзге де бірқатар заң-ережелер сынға алынды. Оппозиция жетекшілері заң бұзушылық орын алды деп, сотқа 400 арыз тапсырды. Олардың басым көпшілігін сот не қабылдамай, не қанағаттандырмай тастады.

2007 жылы тамызда өткен сайлауда бәсекеге түскісі келген ресми тіркеудегі партиялардың барлығына сайлауға қатысуға рұқсат етілді, дегенмен, конституцияға 2007 жылы мамырда енгізілген өзгерістерде тәуелсіз үміткерлер еш қамтылмаған. Саяси партиялар өз мүшелерінің туған күні мен туған жерін, тұрғылықты мекен-жайын, қызмет орнын және басқа да жеке ақпаратын көрсетуі тиіс. Бұл талап көптеген азаматтардың саяси партияларға кіруіне бөгет болды. Мемлекеттік қызметтегі адамдардан «Нұр Отан» партиясына өту талап етіліп, оларға қысым жасалғаны туралы сенуге тұрарлық мәлімдемелер болды.

Жыл соңындағы мәліметтер бойынша, 10 саяси партия ресми тіркеуде тұр, оның ішінде «Ақ жол», «Азат», Жалпыұлттық Социал-демократиялық партия және Қазақстан Коммунистік партиясы секілді оппозициялық партиялар бар.

Саяси партия тіркелуі үшін облыстар мен Астана және Алматы қалаларының үштен екі бөлігінен кем дегенде 1000 делегат қатысқан құрылтай жиналысын өткізуі тиіс. Партиялар әр облыстан, Астана және Алматы қалаларының әрқайсысынан кем дегенде 700 адамның қолын жинап, ОСК-да, одан кейін әр облыстың сайлау комиссиясында тіркелуге тиісті.

2009 жылы ақпанда «Сайлау туралы» заңға енгізілген өзгертулерге сәйкес көп дауыс жинаған екінші партия 7 пайыздық межеден өтпесе де автоматты түрде Мәжілістен орын алады.

Заң ұлттық, жыныстық немесе діни негізде партия құруға тыйым салады.

Алматы қалалық соты 2009 жылдың мамырында «Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілевті, «Шаңырақ» қозғалысының жетекшісі Асылбек Қожахметовті және оппозиция мүшесі Төлен Тоқтасыновты кісі өлтіру ісі бойынша күдікті адамды жасырды деп ұйғарды. Бірақ сот үш оппозиционерге жаза қолданған жоқ, себебі іске шектеулер қойған ұйғарымның орындалу мерзімі өтіп кеткен. Үш азамат өздеріне саяси себептермен айып тағылды деп мәлімдеп, шағым түсірді. 2009 жылғы шілдеде өткен отырыста Алматы қалалық апелляциялық соты олардың шағымын қағанаттандырмай тастады. Бұл іске қатысты басқа өзгерістер болған жоқ.

Сенаттағы 47 депутаттың 2-уі әйел адам болса, Мәжілістегі 107 депутаттың 19-ы әйел болды. Үкімет құрамында үш әйел болды. Кей кездері қоғамда қалыптасқан дәстүрлі көзқарас әйелдердің жоғары лауазымды қызмет атқаруына немесе елдің саяси өмірінде белсенді рөл атқаруына кедергі болды. Дегенмен, заң әйелдер мен азшылық ұлттар өкілдерінің саясатқа араласуын шектемейді. Сенатта ұлты қазақ емес тоғыз адам болса, Мәжіліс құрамында 27 өзге ұлт өкілі болды. Үкімет мүшелерінің 2-уі - өзге ұлт өкілі. Конституцияға 2007 жылы енгізілген өзгерістер бойынша әртүрлі ұлттық және мәдени топтарға өз аттарынан өкіл жіберуге көмектесу мақсатында Сенаттың 15 мүшесін Президент тағайындай алатын болды.

4 Бөлім. Биліктегі сыбайлас жемқорлық пен үкіметтің ашықтығы

Заңда ресми органдардағы сыбайлас жемқорлық қылмысына жаза белгіленген, дей тұрғанмен, үкімет заңды пәрменді түрде іске асырған жоқ, шенеуніктер сыбайлас жемқорлыққа жиі барды және бұл үшін жазаланған жоқ. Атқарушы билікте, әртүрлі құқық қорғау органдарында, жергілікті әкімшіліктерде, білім және сот жүйелерінде сыбайлас жемқорлық кең тараған. Ішкі істер министрлігі, Қаржы полициясы, ҰҚК және Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі кеңес сыбайлас жемқорлықпен күреске жауапты. Оппозиция жетекшілері мен адам құқықтарын қорғайтын үкіметтік емес ұйымдар сыбайлас жемқорлықтың өршігеніне үкіметті кінәлі деп санайды. Дүниежүзілік банктің әлемдік басқару көрсеткіштеріне жүгінсек, елдегі сыбайлас жемқорлық үлкен мәселе болып қалып отыр.

24 ақпанда Ақмола гарнизонының әскери соты Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары, генерал-лейтенант Қажымұрат Маермановты сыбайлас жемқорлыққа араласқаны және билігін асыра пайдаланғаны үшін 11 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сәуірдің 29-ында Мұрат Жұманбайдың мәлімдеуінше Қаржы полициясы даму деңгейі төмен аймақтарға арналған мемлекеттік «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына қатысты 87 қылмыстық іс қозғады. 7 мамырда Астана қаласының Арнайы ауданаралық соты төтенше жағдай министрінің бұрынғы орынбасары Абылай Сабдалинді пара алғаны және билігін асыра пайдаланғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айыруға ұйғарды. Қыркүйектің 17-сінде Қаржы полициясының төрағасы Қайрат Қожамжаров жыл ішінде 473 адамға сыбайлас жемқорлыққа қатысты айып тағылғанын, олардың ішіде бір министр, бес-алты министр орынбасары мен әкімдердің барын жариялады. Өз пресс-релизінде Кедендік бақылау комитеті үкіметтің жыл барысында 81 қызметкерге қарсы қылмыстық іс қозғағанын және 66 адамның сыбайлас жемқорлыққа қатысқаны белгілі болғанын мәлімдеді.

12 қазанда Қаржы полициясы бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевқа пара алды және қызмет бабын асыра пайдаланды деп айып тағып, оның үстінен екі бірдей қылмыстық іс қозғады. Жылдың аяғына дейін Досқалиев қамауда қала берді, ал оның ісіне байланысты тергеу жалғасты.

2009 жылы наурызда сот экономикалық қылмыс жасағаны үшін президенттің бұрынғы көмекшісі Серік Бүркітбаевты алты жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. 2009 жылдың мамырында ҰҚК ұлттық уран өңдеу компаниясының презденті Мұхтар Жәкішевті лауазымын асыра пайдаланды деген айыппен тұтқындады. Сот оны наурыз айында 14 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Мемлекеттік қызметтің бастапқы және ортаңғы буынындағы қызметкерлер мен кіші саяси тұлғаларға сыбайлас жемқорлық айыбы тағылып, жаза белгіленді. Үкімет жылдың алғашқы 11 айында сыбайлас жемқорлық айыбы бойынша 1852 жемқорлық ісінің ашылғанын және 662 үкімет өкілінің жазаланғанын мәлімдеді. Шілде айында Кеден комитеті жыл басынан бері жемқорлыққа қатысты деп танылған кеден қызметкеріне қарсы 190 қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Жоғарғы сот төрағасы Мұсабек Әлімбековтың 19 шілдеде баспасөз өкілдеріне мәлімдеуі бойынша, жыл басынан бері 24 судья біліксіздігі үшін жұмыстан кетірілген. Екі судья сыбайлас жемқорлықпен айналысқаны үшін жауапқа тартылды. Өкімет жыл ішінде құқық қорғау органдарының 61 қызметкерін сыбайлас жемқорлық үшін жұмыстан шығарды.

2009 жылы қыркүйекте Президент Н.Назарбаев жаңадан қабылданған әр заңды «сыбайлас жемқорлыққа қарсы» сараптамадан өткізіп отыруды, сөйтіп олардың қаржыны жымқыру және қызмет бабын асыра пайдалану әрекеттеріне жол бермейтіндей болуын талап етті.

Заң бойынша үкімет, қоғамдық бірлестіктер, мемлекеттік қызметкерлер және ақпарат құралдары азаматтарға құқықтары мен мүдделері туралы мағлұмат беруге міндетті, бірақ іс жүзінде азаматтардың ақпарат сұраған өтініштері уақытында орындалмады. Үкіметтік емес ұйымдар өткізген сауалнамаға жауап бергендердің 70,7 пайызы өздерінің мемлекеттік агенттіктерден жауап ала алмағанын, шенеуніктердің негізсіз уақыт созғанын, ресми сайттардың мазмұнына көңілдері толмайтынын және үкіметтік кеңселердегі ұзаққа созылған кезектерді атап өтті. Парламент мүшелерін және олардың жұбайларын қоса алғанда, үкіметтік және қоғамдық қызметтегі адамдар өздерінің қаржылық жағдайын ашық түрде мәлімдеуге тиісті.

Парламент бірнеше заң жобасын, парламенттік талқылауды және кейбір кездері дауыс беру жазбаларын жариялағанымен, парламенттің көптеген әрекеттері жұртшылықтың назарынан тыс қалып жатты. Аккредитациядан өткен журналистер мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері бейнебайланыс арқылы бөлек бөлмеде отырып парламенттің кейбір мәжілістерін бақылай алады. Парламент мәжілістерінің жазбалары жұртшылықа берілген жоқ. Өткен бір жыл бойы парламенттің даулы заңнамаларды талқылауы жұртшылық қауым мен ақпарат құралдары өкілдері үшін жабық жағдайда өтті.

5 Бөлім. Адам құқықтарын бұзу жайттарын халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың тексеруіне қатысты үкіметтің пікірі

Бірқатар жергілікті және халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдары жалпы алғанда пәрменді жұмыс істеді, оларға адам құқықтарына қатысты істерді зерттеп, жарыққа шығаруда салыстырмалы түрде еркіндік берілді. Дегенмен, үкімет жергілікті және халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдарының іс-шараларына шектеу қойды. Халықаралық адам құқықтарын қорғау топтары үкіметтің шетін мәселелермен жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың қызметін бақылауды жалғастырғанын хабарлады, соның ішінде олар кеңселеріне полиция өкілдерінің келгенін, кеңселері мен қызметкерлерін қадағалағанын және өзге қуғындау қимылдарын жүргізгенін атап айтты.

Ең белсенді жергілікті қоғамдық ұйымдардың қатарына Алматы-Хельсинки комитеті, Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық желісі, Адам құқықтарының хартиясы, Халықаралық жаза реформасы (ХЖР) және «Әділ сөз» ұйымдары кірді. Бұл ұйымдар кей кездері тіркеу, кеңсе жалдау, техникалық база құру істерінде қиындықтарға тап болды. Сонымен қатар билік өкілдері олардың құжаттарына тексеріс жүргізді және олардың өкілдері сан алуан заңнамалық шектеулер көргенін мәлімдеді. Халықаралық адам құқықтарын қорғау бюросының Қазақстандық басқармасының (ХАҚҚБ) директоры қызметін уақытша атқарушы Роза Ақылбекованың айтуынша, жыл барысында ХАҚҚБ белсенділері үкіметтің жұмыстарына аралсқанын мәлімдеген жоқ, және ХАҚҚБ мүшелері үкімет ұйымдастырған адам құқықтарына байланысты кездесу, семинар мен пікір алмасуларға белсендірек қатысты.

27 қыркүйекте «Талмас» қоғамдық ұйымының басшысы Айнұр Құрманов оны 2009 жылы қыркүйекте соққыға жығу оқиғасына байланысты тергеу әлі бітпегенін жариялады. Полицияның істеп жатқан ісінен хабарсыз болғанына қарамастан, жыл басында полиция қызметкерлері оны сұрақтарға жауап беруге шақырды. 2009 жылдың қыркүйегінде белгісіз біреулер оған үйінің жанында шабуыл жасады. Құрманов пен «Азат» партиясының өкілдері бұл шабуылдың оның кәсіподақтармен бірлесіп атқарып жүрген жұмысына байланысты екенін және билік органдарының оған қатысты екенін жариялады.

Жалпы алғанда үкімет адам құқықтарын қорғаумен айналысатын халықаралық ұйымдар мен көпжақты институттар өкілдерінің елге келіп, жергілікті адам құқықтарын қорғаушылар мен үкімет өкілдерімен кездесуіне бөгет жасаған жоқ. Үкімет ЕҚЫҰ мен оның өкілетті кеңсесімен ынтымақтастық қарым-қатынаста болды. БҰҰ, Халықаралық көшіон ұйымы және Халықаралық қызыл крест қоғамы да елде еркін жұмыс істеді.

Ұлттық қауіпсіздік туралы заң шетелдіктердің, халықаралық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және басқа коммерциялық емес ұйымдардың саяси істермен айналысуына тыйым салады. Заң коммерциялық емес ұйымдардың салық органдарына өздерінің құрылтайшылары, жұмыс бағыты, шетелдік қаржы көздері, кіріс көлемі, меншігіндегі мүлкі, шығындары және қызметкерлерінің саны туралы мағлұмат беріп отыруын міндеттейді. Халықаралық ұйымдардың тіркелмеген бірлестіктерді қаржыландыруына тыйым салынады.

Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия Президент тағайындайтын қоғам мүшелерінен тұратын консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады. Комиссия шағымдарды қарап, зерттеу жүргізеді, түрлі ұсыныстар жасайды, халықаралық адам құқықтарын қорғау жарғыларының орындалуын қадағалайды, адам құқықтарының ахуалы туралы жылдық есебін жариялап отырады. Комиссияның адам құқықтарының бұзылуын азайтуға немесе өзі берген ұсыныстарды іске асыруға заңды құзіреті жоқ.

Президент тағайындайтын адам құқықтарының сақталуын қадағалайтын омбудсмен азаматтардың мемлекеттік органдардың өз құқықтарын бұзғаны жөніндегі шағымдарын тергейді. Дегенмен, омбудсменге президентке, үкіметтік ведомство басшыларына, парламентке, үкіметке, Конституциялық кеңеске, Бас прокуратураға, Орталық сайлау комиссиясына немесе сотқа қатысты шағымдарды қарастыру құзіреті берілмеген. Омбудсмен кеңсесі азаматтардың шағымдарын қанағаттандыру мақсатында президентке, үкіметке яки парламентке жүгінуге, халықаралық адам құқықтарын қорғайтын бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтасуға, адам құқықтарын бұзу мәселесі бойынша үкімет қызметкерлерімен кездесуге, әскери бөлімдер мен түрмелер секілді кейбір мекемелерге кіруге және тергеу нәтижелерін ақпарат құралдарында жариялауға құзіретті. Омбудсмен кеңсесі, сондай-ақ, адам құқықтарының сақталуы туралы жылдық есебін жариялайды. Бір жыл ішінде омбудсмен бірнеше баспасөз мәслихатын өткізді, сондай-ақ тексеріліп жатқан шағымдарды талдайтын баяндамалар жариялап тұрды. 2009 жылы 29 мамырда жарияланған есепте 2009 жыл ішінде омбудсменнің атына 1348 шағым түскенін, бұның 2008 жылмен салыстырғанда 273 шағымға артық екенін мәлімдеді. Шағымдардың 20 пайызы құқық қорғау органдарын, ал 17,3 пайызы сот жүйесін сынға алды. Дей тұрғанмен, омбудсмен құзіреті жүрмейтін сот жүйесіне қатысты шағымдарды қайтарып тастады.

Жергілікті адам құқықтарын бақылаушылар адам құқықтарының бұзылу оқиғаларын тергейтін үкіметтік мекемелердің мақтауға тұрарлық жұмыс атқарғанын, нақтырақ айтқанда, аса өзекті емес әлеуметтік проблемалар мен билік жүйесінің төменгі сатыларына қатысты мәселелерді шеше алғанын атап өтті. Алайда олар омбудсмен мекемесі мен адам құқықтары жөніндегі комиссиясының адам құқықтарының бұзылуын тоқтату не болмаса кінәлілерді жазалау мүмкіндігінің шектелгенін айтты. Сонымен бірге, бақылаушылар аталған комиссия мен омбудсменнің адам құқықтарын бұзушылыққа әкеп соққан құрылымдық проблемаларға араласудан аулақ болғанын атап айтты.

6. Бөлім. Кемсіту, қоғамдық қорлау және адам саудасы

Заң азаматтарды ұлтына, жынысына, мүгедектігіне, тіліне немесе әлеуметтік мәртебесіне байланысты кемсітуге тыйым салады, дегенмен, үкімет бұл заңды пәрменді түрде жүзеге асырған жоқ. Әйелдерге зорлық-зомбылық көрсету, адам саудасы, мүгедектерді, гомосексуалистерді және үкіметте қызмет істейтін қазақ емес ұлт өкілдерін кемсіту шешілмеген мәселе күйінде қалды.

Әйелдер

Зорлау заң бойынша қылмыс болып есептеледі. Кісі зорлау, оның ішінде өзінің жұбайын зорлау қылмысы үшін 3 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін. Үкімет «кісі зорлау» қылмысы бойынша ресми тіркелген 1234 зорлау ісі бойынша 540 адамға қарсы қылмыстық іс қозғап, 372 адамның сотталғанын мәлімдеді. Заңға сәйкес, егер топталып зорлау сияқты қылмысты ауырлататын жағдайлар болмаса, жәбірленуші шағым бермейінше, прокуратура «кісі зорлау» қылмысы бойынша іс қозғай алмайды. Шағым түскеннен кейін жәбірленуші бастапқы пікірінен танып, тергеуге одан әрі көмектесуден бас тартқан күннің өзінде қылмыстық істі жабуға болмайды. Бұл ереже жәбірленушілерді басқа тараптың мәжбүрлеуінен қорғау үшін жасалған. Кісі зорлау және өз жұбайын зорлау қылмыстары туралы істерді қарауда полиция мен судьялардың құлықсыздық танытқаны жайлы оқиғалар тіркелді.

Әйелдерге зорлық-зомбылық көрсету, оның ішінде әйелдердің өз отбасында қорлық көру мәселесі шешілмеді. Президент Назарбаев 2009 жылы желтоқсанда «Отбасындағы зорлық-зомбылық туралы» жаңа заңға қол қойды. Осы заңда алғашқы рет «отбасындағы зорлық-зомбылық» және «жәбірленуші» ұғымдарының анықтамасы берілген. Зорлық-зомбылықтың физикалық, психологиялық, жыныстық, экономикалық секілді түрлері қарастырылған, жергілікті және республикалық биліктің, үкіметтік емес ұйымдардың зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету міндеттері қарастырылған. Сонымен қатар заң зорлық жасаушыны оқшаулауға пәрмен беру механизмдерін белгіледі және оны 24 сағатқа қамауға алуға рұқсат берді. Қылмыстық-процессуалдық кодекс бойынша жұбайына зорлық-зомбылық жасағаны не оны ұрып-соққаны үшін заң бұзушы 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл басқа кез келген ұрып-соғу қылмысы үшін кесілетін жазамен бірдей.

Үкіметтік емес ұйымдардың пікірінше, отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы заңның пәрменді орындалу механизмдері белгіленген жоқ. Олардың хабарлауынша, отбасындағы зорлық-зомбылық елеулі мәселе болып қала берді. Жеткілікті ресми статистикалық ақпарат болмағанымен, қоғам белсенділері әрбір төртінші отбасы зорлық-зомбылық жайттарын бастан кешірді деп отыр. Үкіметтің хабарлауынша, бір жыл ішінде 16 197 жанұяда зорлық-зомбылық қылмысы тіркелді, олардың 1311-і тергеуге жіберілді. Қоғамдық ұйымдар отбасындағы қорлау қылмысының 40 пайызы полицияға хабарланбайтынын айтты. Мамырдың 5-де «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында Мәжіліс депутаты және Әділет министрінің бұрынғы орынбасары Жақып Асанов полицияның жыл сайын 10 000 отбасындағы зорлық-зомбылық ісін тіркейтінін, және олардың біразының кісі өлімімен аяқталатынын айтты. Асановтың мәлімдеуінше, 2008 жылы отбасындағы зорлық-зомбылық кесірінен болған 715 әйел мен 129 баланың өлімі тіркелді. Дағдарыс орталықтарының одағы жыл сайын отбасындағы қақтығыстарда 500 әйелдің қаза табатынын жариялады.

Полиция қорлық біреудің өміріне қауіп төндіретіндей болғанда ғана жанұядағы дау-дамайларға араласты. Қоғамдық ұйымдардың есептеуі бойынша, полиция мұндай жайттардың тек 10 пайыздайын ғана тергеген. ҮЕҰ-дар полиция қызметкерлеріне арнап зорлық-зомбылық құрбандарына қалайша көмек көрсету жөнінде семинарлар өткізді.

Үкіметтік емес ұйымдардардың хабарлауынша, әйелдер көбіне экономикалық тұрғыдан дәрменсіз болғандықтан, шағымдарын кері қайтарып алып отырған. Кей кездері полиция әлімжеттік жасағаны немесе зорлағаны үшін жұбайының үстінен шағымданған жәбірленушілерді істі әрі қарай жалғастырмауға көндіруге тырысқан. Сотқа жеткен отбасындағы зорлық-зомбылық істерінің көпшілігі жеңіл ұрып-соғуға қатысты болып келеді. Бұл істерде сот жәбірлеушілерді жалпы режимдегі еңбекпен түзеу колонияларына жабу не болмаса 120 сағаттан 180 сағатқа дейін жұмыс істету жазасына кескен. Ұрып-соғу, соның ішінде жұбайын ұру қылмысы үшін адам үш айдан үш жылға дейін бас бостандығынан айырылса, ең ауыр соққыға берілетін ең үлкен жаза - 10 жылға бас бостандығынан айыру.

Үкіметтің мәліметтері бойынша, Қазақстанда әйелдерге көмек көрсететін 25, ал ерлерге көмек көрсететін 2 дағдардыс орталығы бар. Дағдарыс орталықтарының барлығы үкіметтік емес ұйымдарға ел үкіметінен және халықаралық ұйымдардан бөлінетін гранттық қаражат арқылы қаржыландырылған. Сонымен бірге, зорлық-зомбылық құрбандарына жәрдем беретін біраз шағын қоғамдық ұйым бар. Дағдарыс орталықтарының алтауы зорлық-зомбылық көргендерді паналатады.

Сексуалдық алымсақтық та үлкен мәселе күйінде қалды. Заң сексуалдық алымсақтықтың тек кейбір түрлеріне ғана тыйым салады. Ал заңгерлер мен гендерлік сала мамандары қолда бар заңнаманы бұл мәселені шешуге қауқарсыз деп санайды. Сексуалдық алымсақтық оқиғалары туралы мәлімдемелер болды, бірақ олардың ешбіреуінде жәбірленуші заң бойынша қорғалған жоқ және де әлдекімнің заңмен қудаланғаны туралы хабарлама болған жоқ.

Халықтың қоныстануы жөніндегі бюро мәліметтеріне сәйкес елдегі бала туу коэффициенті - әр 1000 адамға 23 сәбиден келді, туылған әр 1000 баланың 26-сы шетінеген, 2009 жылы бұл көрсеткіш әр мың балаға 32 сәбиден болған еді.

Жұптар мен жеке адамдар балалардың санына, дүниеге келетін орны мен уақытына қатысты еркін шешім қабылдауға құқылы, және сол құқықтарын еш қысымсыз, үркіту немесе зорлықсыз жүзеге асыруға толық мүмкіншіліктері бар. Заманға сай контрацепция құралдарына қол жеткізу оңай. 2007 және 2009 жылдар аралығында жасы 15 пен 24 аралығындағы әйелдердің 1 пайызынан азы және 15 пен 49 жас аралығындағы ересектердің 1 пайызынан азы ВИЧ/СПИД дертіне шалдыққан, немесе сол аурумен өмір сүріп келді. Халықтың қоныстануы жөніндегі бюроның мәліметіне сенсек, босанғандардың 100 пайызына арнайы білім алған мамандар көмек көрсетеді, және әйелдердің 100 пайызы босанған соң кем дегенде бір рет дәрігердің қарауында болды. БҰҰ-ның халықтың қоныстануы жөніндегі қорының мәлімдеуінше 2009 жылы елде әр 100 000 тірі туылған балаға 36,9 ана өлімі болды.

Конституция мен заң еркектер мен әйелдердің тең құқықтары мен бостандықтарына кепілдік береді. 2009 жылы желтоқсанда президент гендерлік теңдік туралы жаңа заңға қол қойды, заң «гендер», «гендерлік теңдік», «жынысы бойынша кемсіту» және «бірыңғай жағдай жасау» секілді түсініктерді енгізіп, гендерге негізделген кемсітулерге тыйым салады. Қаржылық және экономикалық дағдарыс еркектерге қарағанда әйелдерге көбірек әсер етті, ерлерге қарағанда әйелдер көбірек жұмыс орындарынан айырылды. Бақылаушылардың айтуынша, ауылдық жердегі әйелдер қалалық әйелдерге қарағанда кемсітуге көбірек ұшырайды, отбасындағы зорлық-зомбылықтың жиі құрбаны болады, олардың білім алуға және жұмыс табуға мүмкіншіліктері шектеулі, ақпаратқа қолдары жетпейді және жер мен мүлік құқықтарын кеңінен пайдалана алмайды.

Балалар

Балаға азаматтық оның ел аумағында дүниеге келуіне және ата-анасының біреуінің Қазақстан азаматы болуына негізделген. Үкімет бала туу фактілерін дереу тіркеуді талап етеді.

Балалардың құқықтары «Бала құқығы, үйлену және отбасы туралы», «Кәмелетке толмаған балалардың заң бұзушылығының алдын алу туралы», «Мүгедек балаларға әлеуметтік және медициналық көмек көрсету туралы» заңдар мен ел қол қойған осы саладағы БҰҰ конвенцияларына сәйкес қамтамасыз етіледі. Үкімет 2006 жылы Білім және ғылым министрлігінің жанынан Балалардың құқықтарын қорғау комитетін құрды.

Азаматтар 16 жасқа дейін, не орта мектепті бітіргенге дейін білім алуға міндетті; балалар бастауыш мектепке көбіне 6 жасында барады. Бастауыш және жалпы орта білім алу тегін және жалпыға бірдей. Заң бойынша ұлдар мен қыздардың білім алуға теңдей құқығы бар. Заң бойынша босқын және заңсыз көшіп келген балалар мемлекеттік мектептерге бара алады. Кей жағдайларда мұндай балаларды мектептер қабылдамай қойған немесе олардың ата-аналары ұсталып қалудан және елден қуылудан қорқып, мектепке бермеген. Білім министрлігінің есебіне сәйкес, бір жыл ішінде 10000-нан астам бала «қаңғыбас» ретінде тіркелген. Баспасөздің хабарлауынша, полиция қолға түсірген қаңғыбас балаларды уақытша қамауға алу орталықтарына жеткізді, бұл жерде олар медициналық және психологиялық көмек алып, сосын бостандыққа жіберілген немесе балалар үйіне орналастырылған. 17 тамызда Президент Н.Назарбаев Құқық қорғау жүйесін реформалау жөнінде қаулы шығарды, оның шеңберінде заң бұзушы және қаңғыбас балаларға арналған уақытша қамауға алу орталықтары полицияның құзыретінен босатылып, Білім беру министрлігінің қарамағына ауыстырылды.

Балаларды қорлау туралы мәлімдемелер болды, бірақ олар қоғамда қалыптасқан әдетке айналмаған. Үкіметтік емес ұйымдар 14 жасқа дейінгі балалардың жартысынан көбі үлкендерден кем дегенде бір рет физикалық немесе психологиялық жәбір көргенін айтты. Балаларды жәбірлеу ауылдық аймақтарда көбірек орын алды. Ішкі істер министрлігі өткен жыл ішінде балаларына жәбір көрсеткен 1054 адамды ата-аналық құқықтарынан мүлдем айырды. Жасы 16-ға толған не одан үлкен балалар өз мүдделерін қорғап, тікелей сотқа шағымдана алады.

Үкіметтік емес ұйымдар жетімдер үйлеріндегі, интернаттардағы, жасы кәмелетке толмаған заң бұзушыларға арналған қамау орындарындағы балалардың зорлық-зомбылық көру жайттарының көп болғанын мәлімдеді. БАҚ-тың хабарлауынша заң бұзған балаларды арнайы

түзету орындарына (кәмелеттік жасқа толмағандарға арналған түрмелерге) және ақыл-есі кем балаларға арналған орындарға заңсыз орналастыру орын алды.

2009 жылдың маусым айында Зыряновскідегі ақыл-есі кем балаларға арналған мектеп-интернаттың ұстазы Д.Сейітқанов «кәмелетке толмаған балаларға білім беру міндетін лайықты атқармағаны және оларға күш қолданғаны» үшін жауапқа тартылды. Сот Сейітқановты бір жылға жүріп-тұру бостандығынан айырып, оның екі жыл білім беру саласында жұмыс істеуіне тыйым салу жөнінде үкім шығарды.

Қылмыстық кодексте жыныстық қатынас бастауға рұқсат етілген жас белгіленбеген, дегенмен оның бір тарауында кәмелетке толмаған (18 жасқа жетпеген) баланы сондай қатынасқа күштеу үшін бестен он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген.

Жыл ішінде мемлекет бала порнографиясын шығару, тарату әрекеттерінің қылмыстық анықтамасын белгіледі және порнографиялық материалдарды жастары кәмелетке жетпегендерге сату үшін әкімшілік жазаны қатайтты. Елде бала порнографисы үшін әкімшілік жазалар сақталған.

Мемлекет 1980 жылы қабылданған халықаралық бала ұрлаудың азаматтық аспектілерін қамтитын Гаага конвенциясына қосылған жоқ. Мемлекеттік департаменттің Ата-аналардың балаларын ұрлап әкету бойынша халықаралық жағдай жөніндегі жыл сайынғы есебін мына жерден таба аласыз: http://travel.state.gov/abduction/resources/congressreport/congressreport_4308.html .

Антисемитизм

Ел аумағында шамамен 30 000 - 40 000 еврей мекен етеді. «Хизб-ут-Таһрир» ұйымының антисемиттік әдебиет таратқанынан басқа антисемитизм жөнінде мәлімдемелер болған жоқ. Еврей қауымдастығы жетекшілерінің айтуынша үкімет тарапынан немесе қоғамда антисемиттік іс-әрекеттер болған жоқ.

Адам саудасы

Адам саудасына байланысты мәлімет алу үшін Мемлекеттік департаменттің Адам саудасы жөніндегі жыл сайынғы есепбін оқыңыз: www.state.gov/g/tip

Мүгедек адамдар

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елде 455 600 мүмкіншілігі шектеулі адам болды (олар ел тұрғындарының 3 пайызын құрайды), алайда сараптаушылардың пікірінше мүгедектердің шынайы саны бұдан әлдеқайда жоғары. Заң еңбек, білім, денсаулық сақтау және өзге мемлекеттік қызметтермен қамтамасыз етуде мүгедек азаматтарды кемсітуге жол бермейді.

Мүгедектерді әлеуметтік қорғау заңы мүгедектердің ақпарат алу құқығын қорғайды. Үкімет мерзімді басылымдар, ғылыми журнал мен сілтеме және көркем әдебиетті дискіге жазып, немесе Брейль тілінде шығарды. Заң бір республикалық телевизиялық каналдың жаңалықтарды сурдоаударма қосып жүргізуін талап етті. Үкіметтік емес ұйымдар заңның жүзеге асуы, және «Нұр Отан» партиясының Парламенттік даму институты мүгедектердің ақпаратқа және ақпарат алмасу жүйелеріне қол жеткізуі жеткіліксіз деңгейде болғанын атап өтті.

Заң компаниялардан жұмыс орындарының үш пайызын мүгедек адамдарға беруді талап етеді. Халықаралық және жергілікті бақылаушылар мүгедек адамдардың құқықтарын қорғаудың сапасы біраз жақсарғанын атап айтты. Десе де, мүгедектердің қоғамға етене араласып, жұмысқа орналасуда қиындықтарға тап болғаны туралы ақпараттар болды. Заң мүгедек адамдардың ғимараттарға кіріп-шығу мүмкіндігіне кепілдік береді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Әсел Нүсіпованың айтуынша, мүгедектердің көрген ең үлкен қиыншылықтарының бірі - инфрақұрылымның жетіспеушілігі болса, екіншісі - білім алуға қолдарының жетпеуі. Мүгедек адамдар қоғамдық көлікті пайдалануда қиындық көрді. Бұл мәселелерді шешуге үкімет айтарлықтай күш салған жоқ.

Ақыл-есі кем азаматтар өзінің келісімінсіз не соттың шешімінсіз мемлекеттік емдеу орындарына жатқызылуы мүмкін. Дей тұрғанмен, іс жүзінде, үкімет ақыл-есі кем жас балаларды отбасы мүшелерінің келісімімен ғана арнайы мекемелерге орналастырды.

Бұндай мекемелер нашар ұйымдастырылған әрі тиісті деңгейде қаржыландырылмаған.

Ақыл-есі кем адамдарға арналған ауруханалардағы емделушілердің құқықтарын реттейтін құжат жоқ; адам құқықтарын қорғаушылардың айтуынша, мұндай ереженің жоқтығынан емделушілер кемсітуге көп ұшырап жатады. Үкіметтік емес ұйымдардың баяндауынша, ауруларға кішігірім бұзақылық жасағаны үшін артық дәрі беру не қамап тастау оқиғалары жиі болған, сонымен қатар оларға дұрыс жағдай жасалмаған, олардың жеке өмірлері қорғалмаған. Мүгедек және ақыл-есі кем балалар тұратын жетімдер үйлерінде балалар шектен тыс көп тоғытылған және олардың тазалығы нашар, әрі балаларға тиісті күтім көрсететін қызметкерлер жеткіліксіз деп хабарлайды үкіметтік емес ұйымдар өкілдері. ХАҚҚБ үкімет ақыл-есі кем адамдарға мүлдем дерлік көмек көрсетпейді деген қорытынды жасады.

Үкімет мүгедек адамдардың дауыс беру құқықтарына шектеу қойған жоқ және мүгедектігінің кесірінен сайлау бөлімшелеріне бара алмаған адамдарға өз үйлерінде дауыс беруді ұйымдастырды.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі - мүгедек адамдардың құқықтарын қорғауға жауап беретін басты мемлекеттік орган. Денсаулық сақтау және Білім министрліктері де мүгедектерді қорғауға атсалысады. 2009 жылы Адам құқықтары жөніндегі омбудсмен ақыл-есі кемдердің ауруханаларында жатқан бес адамнан шағым алды, олар өздерінің сондай ауруханаға жатқызылғанымен немесе ондағы алып жатқан емімен келіспей, наразылық білдірді. Омбудсмен осы істердің қалай шешілгені жөнінде хабар берген жоқ.

Ұлттық, нәсілдік немесе этникалық азшылық өкілдері

Үкімет жоғары лауазымды мемлекеттік қызметтерге орналастыртыруда қазақтарға басымдық беріп, басқаларды кемсітуін жалғастырды. Азшылық өкілдері этникалық қате түсініктер мен жаушылдықты сезінді; қорлау мен кемсітушілікті бастан кешірді, кей жағдайларда кемсітушілік кикілжіңге ұласып жатты; жұмысқа тұру және жұмыс орнын сақтап қалу барысында кемсітуге ұшырады.

Шетелдерден елге оралған ұлты қазақ мигранттар (оралмандар) ел ішінде кемсітушілік көрді; сондай шешілмеген мәселелердің арасында баспана алу, жұмысқа тұру және әлеуметтік қызметтерге қол жеткізу секілді қиыншылықтар аталды.

Қазақ тілі - ресми мемлекеттік тіл, дегенмен, ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары орыс тілін қазақ тілімен тең қолдана алады. Тіл туралы заң азаматтардың өзге тілдерде сөйлеу құқықтарына шектеу қоймастан, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуді көздейді. Заң бойынша мемлекеттік қызметке орналасу үшін қазақ тілін білу талап етілмейді, дегенмен, мемлекеттік органдардың көпшілігі істерін қазақ тілінде жүргізуге көшті, бұл қазақ тілінде сөйлемейтіндердің тілдік кемсітушілікке жол берілді деген наразылығын тудырды. Сайлау туралы заң президенттікке үміткерден қазақ тілін жетік білуді талап етеді.

Сыни пікір білдірушілер кемсітушіліктің өзге түрлерінің қатарында үкімет құрамында ұлты қазақ емес адамдар санының аздығын, 20 кабинет мүшесінің тек екеуінің ғана өзге ұлт өкілі екенін және орыс мектептері санының азайғанын айтты.

Адамды жыныстық ориентациясы және жыныстық даралығы үшін қоғамдық қорлау, кемсіту және зорлық-зомбылық

Азаматтарды жыныстық ориентациясына қарап кемсіту туралы ресми статистикалық ақпарат болмағанымен, бұндай кемсітушіліктің орын алғаны туралы мәлімдемелер түсіп жатты. Халықаралық ұйымдар өкілдерінің айтуынша, оқшауланған топтар, соның ішінде лесбияндар, гейлер, бисексуалдар мен транссексуалдар (ЛГБТ) өкілдеріне қатысты жағымсыз қоғамдық пікір осы топтардың қоғамға араласуын қиындатты, соның салдарынан олар ВИЧ/СПИД бағдарламаларына қатысуда кедергілер көрді.

Елде гомосексуалдық әрекеттер заңсыз деп танылмағанымен, ЛГБТ топтарына жататындар, әсіресе гомосексуалист ерлер, қысымды бәрінен де көп көрді. 2009 жылы «Сорос - Қазақстан» қоры өткізген зерттеуге сәйкес, ЛГБТ тобындағы жауап берушілердің 64,1 пайызы өзінің жұмыс орнында ашық кемсітушілікке ұшырамағанын айтты, дегенмен олар сондай кемсітушілікке ұшырамау үшін өз ориентациясын жасырып қалған. Дәстүрлі емес жыныстық ориентациясы жария болған адамдарға соққыға жығылу, ауыр балағат сөз есту, жұмысынан айырылу немесе полиция және билік органдарының тарапынан тым көп мазалау қаупі төніп тұрады. Елде жұмыс істейтін көптеген ЛГБТ ұйымдарының мәлімдеуінше, үкімет қаржыландыратын ВИЧ ауруханалары кей кездерде ақпараттың құпиялығы ережесін бұзып, емделушілерінің жыныстық ориентациясын олардың отбасыларына және жұмыс орындарына хабарлаған. Гомосексуалист ерлер, әйелдер және трансгендерлік азаматтарға қарсы көрсетілген зорлық-зомбылық жөнінде полицияға шағым түсіру әрекеттері әдетте қарсылық пен өшпенділік тудырды.

Қоғамдық қорлау мен кемсітудің өзге түрлері

Заң ВИЧ/СПИД-пен ауыратын адамдарды кемсітуге тыйым салады. Алайда, бақылаушылар нашақорлар мен осы тектес қатер тобындағыларға қатысты қоғамда қалыптасқан жағымсыз көзқарас олардың ақпарат алу, қызмет түрлерін пайдалану, ем қабылдау және сауықтыру мекемелеріне тіркелу құқықтарына кері ықпалын тигізуде деп хабарлайды.

7 Бөлім. Жұмысшылардың құқықтары

a. Ұйымдарға кіру құқығы

Заңда азаматтардың өз кәсіподақтарын еркін құрып, ұйымдастыру құқығы берілген. Үкіметтің 1 мамырда берген есебіне сәйкес ақпарат құралдарында кеңінен сөз болған Сәтбаев кен орнындағы оқиға мен 2008 жылдың қаңтар айындағы соның салдарынан болған ереуілден соң кәсіподақтарды қолдау науқанының нәтижесінде елде 47 362 ұжымдық келісімге қол қойылды. Еңбекшілердің құқықтарын пәрмендірек қорғай алуын көздеген науқан келісім санын 2008 жылмен салыстырғанда 2,4 пайзыға көбейтті. Тәуелсіз кәсіподақ құрушылар мұны осы бағыттағы елеулі өзгеріс деп бағалады. Жыл ішінде үкімет кәсіподақтарды қолдау мақсатында өзара түсінушілік меморандумдарына (ӨТМ) қол қоюға шақырды. Қәсіподақтар федерациясы төрағасының мәлімдеуінше, мамыр айына дейін елдің бір миллионнан астам азаматын жұмыспен қамтамасыз етіп отырған 8000-нан астам ірі және шағын бизнес кәсіпорыны жұмысшыларға тұрақты жұмыс орын мен құқықтарын қорғау мақсатында ӨТМ-дарға қол қойды. Дегенмен, кәсіподақ ұйымдастырушылар үкіметтің ұйымдарға мүше болып кіру құқығын шектегенін және еңбекшілердің басым бөлігінің өздері қалаған кәсіподақ ұйымдарын құруға, не сондай ұйымдарға кіруге мүмкіндігі болмағанын мәлімдеді.

Үкімет еңбеккерлердің ұйымдасуына елеулі ықпал етіп отырды және тәуелсіз кәсіподақтардан гөрі үкіметке жақын кәсіподақтарға басымдық берді. Ел жұмысшыларының кем дегенде үштен бірі кәсіподақтарға мүше. Кеңес заманындағы мемлекет қаржыландырып келген еңбекшілер ұйымының мұрагері әрі елдегі ең ірі кәсіподақ бірлестігі болып табылатын Кәсіподақтар федерациясы іс жүзінде үкіметпен байланысты мекеме болып қала берді. Федерация 25 республикалық және 13 аймақтық кәсіподақтың басын біріктіреді. Өнеркәсіп одақтары мұнай-газ, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, білім беру, денсаулық сақтау секілді көптеген өнеркәсіп жұмысшыларының мүдделерін қорғады. Әр кәсіподақ өз басшысын сайлайды және Бас кеңеске өз өкілін жібереді, кеңес 14 мүшеден тұратын атқарушы комитетті сайлайды. Комитет федерацияның күнделікті жұмысын жүргізеді және әлеуметтік-экономикалық қорғау, жұмыс орнындағы қауіпсіздік, ұйымдастыру және халықаралық ынтымақтастық мәселелерімен айналысады.

Белгілі бір кәсіподақ заңды мәртебе алу үшін Әділет министрлігіне тіркеуге алу жөнінде өтініш тапсыруы тиіс. Тіркелу тәртібі негізінен өзге мүшелік ұйымдардың тіркелу тәртібіне ұқсайды.

Заң шетелдік кәсіподақтардың елде жұмыс істеуіне тыйым салады, шетелдік заңды бірлестіктердің және жеке тұлғалардың, шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың қазақстандық кәсіподақтарды қаржыландыруына рұқсат етпейді. Шетел жұмысшылары кәсіподақ құру құқығына ие.

Кәсіподақтарды кемсітуге тыйым салатын заң талаптары бойынша еңбекшілердің құқықтары қорғалады, бірақ іс жүзінде бұл құқық бұзылып тұрды. Мұндай құқық бұзушылықтардың қатарына жұмыстан шығарып жібереміз деп қорқыту, қоқан-лоққы жасау және ұрып-соғу сияқты жайттар кіреді. Жұмысынан айырылған адам әлеуметтік жәрдемден айырылады.

Заң жұмысшыларға ереуіл ұйымдастыруға құқық береді, алайда сол құқықты жүзеге асыруда заңда көптеген шектеулер қойылған. Үкімет теміржол, азаматтық авиация, әскери қызмет, өрт сөндіру, денсаулық сақтау секілді мекемелерді өмір сүруге аса маңызды қызмет көрсететін өнеркәсіп пен кәсіпорындар тізіміне кіргізіп, оларға ереуіл өткізуде көптеген шектеулер қойды. Жалпы алғанда жұмысшылар тек міндеттелген келістіру әрекеттерінен өтіп, мәселелерін шеше алмаған жағдайда ғана ереуілге шыға алады. Ереуіл өткізетін жұмысшылар өз жұмыс берушісін 15 күн бұрын ескертуі керек. Заңсыз ереуілге қатысқаны үшін жұмыстан шығару немесе шығармау ережесі заңда белгіленбеген. Іс жүзінде жұмыс берушелердің жұмысшыны ереуілге қатысқаны үшін жұмыстан шығарғаны үшін келістірушіге түсініктеме бергені жөнінде хабарламалар болды.

Дәстүрлі кәсіподақ міндеттерін атқарып келе жатқан шахтерлар жесірлерінің бірлестігі - «Шахтерлар отбасы» қоғамдық ұйымы жыл бойы бірнеше қысым жасау әрекетіне ұшырады. 7 маусымда ұйым Қарағандыдағы кеңсесінде өткізу жоспарланған еңбеккерлердің жағдайын талқылауға арналған жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы кездесуді өткізбей тастауға мәжбүр болды, себебі бірнеше күн бұрын қалалық прокурор ұйым жетекшісі Наталья Тамиловаға кездесуді өткізбеу жөнінде ескерту жіберген. Қыркүйектің 12-сінде үй иесі Тамилованы жалдап жүрген пәтерінен шығарып жіберген, біреулердің айтуынша, бұл оқиға өкіметтің үй иесін қорқытып, суды, электр жарығын және телефонды кесіп тастағанынан соң орын алды. 11 қазанда ұйым жетекшісінің орынбасары көлігін қойып жүрген гараж өртеніп, ішінде тұрған көлік жарамсыз болып қалды, бұл көлікті ұйым мүшелері жұмыс орнындағы апат құрбандарының үйлерін аралау, құрбандар отбасыларының атынан сот отырыстарына қатысу мақсаттарына пайдаланған еді. Қазан және қараша айларында жергілікті өкімет өкілдері ұйымның кеңсеслері орналасқан ғимараттар иелерін қорқытып, аталған ұйымды жалдамалы ғимараттан шығарып жіберуді талап еткен, соның нәтижесінде ұйым ол жерден көшуге мәжбүр болды.

Маусымның 15-інде «CNPC-Ақтобемұнайгаз» біріккен Қазақстан - Қытай кәсіпорнының 300 жұмысшысы жалақыларын көтеруді және құрал-жабдық пен көлік сапасын жетілдіруді талап етіп, ереуілге шықты. CNPC ереуілшілерге қарсы сотқа шағымданып, бұл істі жеңіп шықты, себебі сот ереуілді заңсыз деп тапты. Компания басшылығы Қарлыбай Толыбаев, Құсайын Құлмұратов және Серік Бітікбаев есімді үш жұмысшыны жұмыстан шығарды.

Бірінші маусымда полиция кәсіподақ жетекшісі Асылхан Мусин, адам құқықтарын белсенді қорғаушы М. Боқаев және тағы басқа бес белсендіні заңсыз ереуілге шыққандары үшін қамауға алды, ереуіл барысында ұлттық «Қазмұнайгаз» компаниясының бөлімшелері «Доссормұнайгаз» бен «Ембімұнайгаз» компанияларының 200 жұмысшысы Атырау мен Маңғыстау мұнай шығару орындарында жұмысты тоқтатқан. Сот Мусин мен Боқаевты жеті күнге әкімшілік жаза ретінде қамауға алуды ұйғарды, басқаларға ескерту жасалып, олар қамаудан босатылды. Кейіннен компания Мусинді жұмыстан шығарды. Мусин жұмысқа қайта оралу мақсатында сотқа шағым жіберді, бұл іс жыл аяғына дейін біткен жоқ.

18 тамызда үкіметтік емес ұйымдар коалициясы мен еркін кәсіподақтар Қазақстанның тәуелсіз жұмысшылар қозғалысына жасалып жатқан қысымның күшеюіне наразылық білдіріп, біріккен үндеу жариялады. Үндеуде белсенді жұмысшылар құқығын қорғаушыларға жасалған қысымға үкіметтің қатысы бар делінген. Үкіметтік емес ұйымдар кәсіподақ жұмысына қатысқаны үшін жұмыстан шығарылған еңбеккерлердің саны өскеніне және БАҚ-та жүргізіліп жатқан кәсіподақ жетекшілерін қаралау науқанына алаңдаушылық білдірді.

Қыркүйекте Алматы электр көлік жөндеу зауыты Есенбек Үткешбаевты 30 маусым мен 2 шілде аралығында орын алған, жалақы мөлшерін көтеру мен кәсіпорынды үкіметтің қарамағына қайтаруды талап еткен көлемді ереуіл ұйымдастырғаны үшін жұмыстан шығарды.

Жылдың аяғына дейін үкімет 2008 жылы орын алған Еркін кәсіподақтар конфедерациясының вице-президенті Мұхтар Үмбетовті қатты соққыға жығу оқиғасын тергеу нәтижелерін жариялаған жоқ. Көптеген еңбеккерлердің құқықтарына байланысты талқылауларға белсенді қатысып жүрген Үмбетовті әлдекімдер алдымен телефон арқылы қорқытқан, соңынан ол басына маска киген белгісіз екі адам оны соққыға жыққан.

ә. Ұйымдасу және ұжымдық ымыраласу құқығы

Заң кәсіподақтардың өз іс-шараларын кедергісіз жүргізу құқықтарын қорғады, және кәсіподақтар іс жүзінде қатарына жаңа мүше алу, жиналыс өткізу және еңбеккерлермен ұжымдық ымыраласуда еркін әрекет етті. Заң ұжымдық ымыраласуға және ұжымдық келісімдерге отыруға рұқсат етеді; кәсіподақтар мен бірлестіктер іс жүзінде бұл құқықты пайдалана алды. Жыл барысында үкімет ұжымдық ымыраласуға ынталандыру шараларын жалғастырды. Үкімет қол қойылған 47 362 келісім-шарт жайлы ресми мәлімет берді. Белсенділер мұндай келісімдердің жедел аяқталуына саяси қысымның себепкер болатынын айтты.

Кәсіподақтар компания басшылары орындауға келіспеген талап-арыздарын үкімет, жұмыс беруші жақ және кәсіподақ өкілдерінен тұратын үшжақты комиссияға тапсырады. Бұл комиссияда үкімет бейтарап бітістіруші рөлін атқаруы керек, бірақ кейде оның кәсіподақ немесе жұмыс берушінің мүддесін қорғаған кездері болды. Үшжақты комиссия еңбек қатынастарының көп тұсына басшылық ететін жылдық келісімдер жасап, қол қоюға міндетті. Осы механизмнің арқасында жыл ішінде кәсіподақтар кейбір өнеркәсіп жұмысшыларының, атап айтқанда тау-кен және металлургия саласындағылардың ең төменгі жалақы мөлшерін өсіруге және жыл барысында бірнеше өнеркәсіп орнында жұмыс берушілерден жалақы қарызын өндіріп алуға қол жеткізді.

Еңбек туралы заң бойынша жұмыс беруші мен қызметкер жұмысқа тұрушының жалақы мөлшерін және екі жақтың құқықтары мен міндеттерін белгілейтін жеке келісім-шартқа отырады. Жұмыс берушілер осындай жеке келісім-шарттарды ұжымдық ымыраласудың күшін бәсеңдету үшін пайдаланды.

Елде экспорттық мақсатта бажсыз шикізат өңдеу аймақтары жоқ.

б. Күштелген немесе міндеттелген еңбекке тыйым салу

Сот үкімімен, отбасы заңына сәйкес, не төтенше жағдайларда ғана болмаса еңбекке күштеу немесе міндеттеу заңға қайшы келеді. Бірақ орын алған мұндай жайттар туралы хабарламалар болды. Кейбір жұмыс берушілердің мигрант жұмысшылардың төлқұжаттарын тартып алу не болмаса қарызға отырғызу, зорлық-зомбылық көрсету және күштеп жұмыс істету мақсатында қорқыту амалдарын пайдалану арқылы оларды қорлағаны туралы мәлімдемелер болды. Мигрант жұмысшылардың көбі Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстаннан келген және олар көбіне ауыл шаруашылығында немесе құрылыс саласында еңбек етеді. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мигранттардың мәселелерімен айналысуға міндетті.

Қосымша ақпарат алу үшін Мемлекеттік департаменттің Адам саудасы жөніндегі жыл сайынғы есебін мына жерден көре аласыз: www.state.gov/g/tip

в. Бала еңбегіне тыйым салу және жұмысқа тұруға қажетті ең төменгі жас мөлшері

Заң балаларды жұмысқа жегілуден қорғайды. Жұмысқа тұру үшін адамның жасы кем дегенде 16-да болуы тиіс; 14 пен 16 жас аралығындағы балаларға ата-аналарының рұқсатымен денсаулығына зиянды емес немесе білім алуына кедергі болмайтын жеңіл жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Заң, сондай-ақ, жасы 18-ге жетпеген жұмыскерлердің жұмыс күнінің мөлшерін де шектейді. Үкімет жасы 16-дан асқан адамдардың ғана жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету үшін тексерістер жүргізді, бірақ заң талабы біркелкі жүзеге асқан жоқ.

Үкімет жұмыс берушілердің ұлттық қауымдастықтарымен күштеп еңбекке жегуді және бала еңбегінің ең ауыр түрлерін жоюды, балалар мен олардың жанұяларына баламалы жұмыс түрлерін қалыптастыруды міндеттейтін келісімге отырды. Білім министрлігінің 2007-2011 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» атты бағдарламасы бала еңбегін қанау мәселелерін қамтыды. Дей тұрғанмен, қоғамдық ұйымдар үкіметтің бұл шаралары бала еңбегі мәселесін толық шешуге жеткіліксіз деп мәлімдеді.

Үкімет бала еңбегі жөнінде статистикалық ақпарат жүргізген жоқ. Үкіметтік емес ұйымдар мен белсенділер бала еңбегінің ауылшаруашылық аймақтарда, әсіресе егін науқаны кезінде жиі қолданылғанын хабарлады. Балалар мақта және темекі өсірумен шұғылданған. Үкіметтік емес ұйымдардың бұрынғы зерттеулері осы жұмысқа араласқан балалардың 70 пайызы Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген мигранттар отбасыларынан шыққан балалар деп тапты. Еңбек жағдайлары балалардың денсаулығына жиі қатер төндірді, және кейбір балалар дұрыс тыныстанып, тамақтана алмаған. Еңбек ететін балалардың көбінің ауылшаруашылық ісінде пайдаланылатын зиянды химиялық заттар мен ауыр климаттық жағдайлардан қорғайтын дұрыс киімі болмаған. Ал қалалық жерлерде заңдастырылған еңбек нарығының өсуі бала еңбегі түрлерінің азаюына әкеп соқтырды. Дегенмен, балалардың қайыр сұрайтыны, базарларда жүк түсіріп-таситыны, көлік жуатыны және жанармай құю орындарында жұмыс істейтіні туралы хабарламалар болды.

Еңбек министрлігі бала еңбегі туралы заң-ережелердің сақталуына және айыппұл арқылы жазаланатын әкімшілік заңбұзушылықпен күресуге жауапты. Ішкі істер министрлігі қылмыстық істерді тергеуге міндетті. Үкімет жыл ішінде заңсыз бала еңбегіне қатысты қылмыс болмағанын мәлімдеді. Үкімет бала еңбегінің алдын алуда халыққа мағлұмат беріп, мекемелер арасындағы ынтымақтастықты ілгерілету үшін кәсіподақтармен, жұмыс берушілермен және қоғамдық ұйымдармен тізе қосып жұмыс істеді.

Қосымша ақпарат алу үшін Мемлекеттік департаменттің Адам саудасы жөніндегі жыл сайынғы есебін мына жерден көре аласыз: www.state.gov/g/tip

г. Лайықты еңбек жағдайы

Ресми түрде бекітілген айлық жалақының ең төменгі мөлшері - 14 952 теңгені (шамамен 102 АҚШ доллары) құрады, бұл қаржы жұмысшы мен оның отбасының өмір сүруіне жеткіліксіз. Әдетте жұмысшы отбасыларында бірден астам адам жалақы алады, ал қалалық жерлердегі жұмысшылардың көбінің жалақысы ең төменгі жалақы мөлшерінен жоғары болды.

Заңда апталық еңбек уақыты 40 сағаттан, ал ауыр дене еңбегі немесе қауіпті жұмыс 36 сағаттан аспауы керек делінген. Заң бір күнтізбелік күнде екі сағаттан артық немесе ауыр жұмыста істейтіндер үшін бір сағаттан артық қосымша жұмыс істеуге тыйым салады және

белгіленген уақыттан артық жұмысқа төленетін ақы апталық жалақының бір жарым есе көлемінен төмен болмауын талап етеді. Зиянды жағдайларда еңбек ететіндерге белгіленген уақыттан артық жұмыс істеуге тыйым салынған. Заң бойынша еңбек келісім-шарттарында әр жұмысшының жұмыс және демалыс, мейрам күндерінің ұзақтығы және жыл сайынғы ақылы демалыс уақытын көрсетуге болады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ең төменгі жалақының, шектеулі еңбек уақытының және белгіленген уақыттан артық жұмыс мерзімінің еңбек заңына сәйкес болуын қамтамасыз етеді. Министрлік тексерушілері анда-санда жұмыс берушілерді тексеруден өткізіп тұрды. Еңбекті қорғау саласындағы белсенділер кейбір жұмыс берушілердің бұл заң-ережелерді жиі бұзғанын айтты.

Заң бойынша азаматтар қауіпсіздік және тазалық талаптарына сай еңбек жағдайында жұмыс істеуге қақылы, бірақ өнеркәсіп, ауылшаруашылық және құрылыс салаларындағы еңбек және қауіпсіздік жағдайлары көбіне стандарттарға сай болмады. Зауыт жұмысшылары әдетте қорғаныш киімін кимей, қараңғы және ауасы тазартылмайтын жерлерде жұмыс істеді.

Басшылардың жұмыс орындарында денсаулық және қауіпсіздік ережелеріне мән бермегені туралы мәлімдемелер болды. Министрлік өткен жылдың алғашқы 11 айында 16 883 тексеріс жүргізіп, 68 283 денсаулық және қауіпсіздік стандарттарын бұзу жайттарын анықтағанын хабарлады. Аталмыш министрлік жүргізген тексерістермен қоса, кәсіподақтар жұмысшылары кәсіподаққа біріккен өндіріс орындарын тексеріп, нәтижелерін билік органдарының қарауына берді. Заң жұмыс берушілерден жұмысшылардың өмірі немесе денсаулығына қауіпті жұмысты тоқтатуды, жұмысшыларға зиянды және қауіпті еңбек жағдайы мен ықтимал кәсіби сырқаттар туралы ескерту жасауды талап етеді. Заң жұмысшылардың жұмыстан шығып қалудан қауіптенбестен жұмыс істеуіне, өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін жағдайлардан аулақ болуына ерекше кепілдік береді. Жұмыстарынан айрылып қалу қаупі болғандықтан, кейбір жұмысшылар, әсіресе құрылыс саласындағы еңбекшілер бұл құқықтарын еркін пайдалана алған жоқ.

Үкімет жылдың алғашқы 11 айында 1918 адамның жұмыс орнында жарақат алғанын мәлімдеді; ал 2009 жылдың алғашқы 11 айында жұмыс орнында жарақат алған 1811 адам тіркелген болатын. Үкімет жылдың алғашқы 11 айында 319 адамның жұмыс орнында қаза тапқанын хабарлады. Ал 2009 жылдың алғашқы 11 айында 298 адам қаза тапқан. Кәсіподақтар федерациясы басшылығының айтуынша, осы өлімдердің көпшілігіне ескірген құрал-жабдық, кеңес заманынан қалған инфрақұрылым, кен және металлургия салаларында қауіпсіздік ережелеріне көп көңіл бөлінбеуі себепкер болған.

АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы елшілігі

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351