Қызылордада «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрмесі ашылды
Қызылорда облысында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасының кезекті кезеңі басталды.
Бүгін Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көрме салтанатты түрде ашылды. Шараға Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов қатысты.
Жұртшылық алдында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев көшпелі көрме жобасының жергілікті тұрғындар үшін маңызы зор екенін атап өтті. Алдағы уақытта Сыр өңірі халқы Тұңғыш Президент - Елбасының өмір жолы, елі үшін атқарған еңбегімен жақын таныса алады.
«Арғы-бергі тарихына қысқаша көз жүгіртсек, Сыр өңірі - көне кезеңнен бері сақтардың ордасы, бертін келе оғыз-қыпшақ бірлестіктерінің орталығы, Алтын Орда мен Ақ Орда хандарының туын тіккен қасиетті топырақ. 1925 жылы Қазақ Республикасының алғашқы астанасы болып, ұлтымыздың тарихи қазақ атауы қайтарылды. Сондықтан Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев біздің өңірді «Сыр - Алаштың анасы» деп атағаны баршамызға белгілі. Тұңғыш сөзінің мәні терең. Джордж Вашингтон, Кемал Ататүрік, Махатма Ганди секілді тұғырлы тұлғалардың қатарында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі жұлдыздай жарқырап тұруы бізге мақтаныш сезімін ұялатады», - деді облыс әкімі.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында тәуелсіздігін енді ғана алған еліміз жүзден аса ұлттың басын қосып, соншалықты салт-дәстүр, мәдениет пен тіл шоғырланған қоғамда жаңаша өмір сүру салтын бастады. Үш ғасырға жуық алып империяның құрсауында болып, барлық болмыс-бітімін рухани құндылығын, ұлттық сезімін жоғалта бастаған елдің алдында қиын кезең тұрды.
«Сол бір қиын-қыстау кезеңде тығырықтан шығар жол тауып, асыл мұраттарға жетелейтін тұлғаға тарихи сұраныс пайда болды. Қазақстан халқы алғашқы Президент сайлауында тарихи таңдауын жасады. Елі таңдаған Елбасы қазақстандық дамудың даңғыл жолын жасады. Халқымыздың талай ғасыр аңсаған тәуелсіздік, егемендік, еркіндік, азаттық деген қасиетті сөздері Елбасының кемеңгер көшбасшылығымен ақиқатқа айналды. Тұңғыш Президент - Елбасы кітапханасының көшпелі көрмесінің Сыр жұртшылығы үшін қызмет жасауы - маңызы зор оқиға», - деді облыс әкімі.
Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрме жобасы 2017 жылы қараша айында Алматы қаласынан бастау алған еді. Бүгінгі күнге дейін көрме Түркістан, Атырау, Ақтөбе облыстарында, Алматы, Шымкент қалаларында өтті. Аталмыш өңірлерде көрмені тамашалауға 730 мыңнан астам адам қатысты.
«Сыр өңірі - қазақ халқы үшін маңызы зор аймақтың бірі. Қасиетті Қорқыт бабамыздың ізі бар, бір ғасырдай бұрын еліміздің астанасы болған Қызылордада Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасының ашылу салтанатына жиналып отырғанымызға қуаныштымыз. Аталмыш көрме тәуелсіздігіміздің талбесігі атанған Алматыда басталып, былтыр жыл бойы еліміздің бірқатар өңірлерінде табысты өткен болатын. Көшпелі көрменің Қызылорда облысына келуін қазақ хандығының бас шаһары - Сығанақ пен өткен ғасырдың екінші онжылдығында еліміздің астанасы болған Қызылордаға тәуелсіз Қазақстанның елордасы - Нұр-Сұлтан қаласының тартуы деп бағалауға толық негіз бар. Сыр жұртшылығының Елбасының өмір жолы мен саяси қызметін баяндайтын жәдігерлерден ұмытылмас әсер алатынына кәміл сенеміз», - деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов.
Көшпелі көрме жобасы аясында Сыр өңірінде ауқымды ғылыми-білім беру және мәдени-ағартушылық іс-шаралар өткізіледі. Сондай-ақ, көшпелі экскурсия, халықаралық ғылыми конференция, аймақтық кәсіби сессия, семинар-тренингтер, тақырыптық экскурсиялар, Қызылорда облысы бойынша көшпелі көрмелер мен экскурсия болады деп жоспарланып отыр.
Облыстың Шиелі және Қармақшы аудандарында 5-6 сәуір күндері «Тұңғыш» экскурсиялық тұжырымдамасы аясында көшпелі экскурсиялар мен көрмелер өткізілді. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасындағы Әмірхан Рахымжанов Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессорлық-оқытушылық құрамымен және жастар белсенділерімен кездесті. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапханасында көшпелі көрмеге орай маңызды шаралар өткізілді.
Abai.kz