Дүйсенбі, 22 Сәуір 2019
46 - сөз 1362 4 пікір 16 Сәуір, 2019 сағат 13:43

Әсіретолерантшылдар әлем астанасы Парижде де жетерлік екен...

2019 жылдың 15 сәуірі күні кешқұрым басталған өрт Франция астанасы Париждегі ең ғаламат тарихи ескерткіштердің бірі - Нотр Дам де Пағи - Құдай ана соборын жалмап тынды..

9 ғасырға жуық қаншама соғыстар мен нәубеттерден аман қалған тарихи ескерткіштің түбіне бейбіт күнде тілсіз жау - өрт жетті.

Париждегі Құдай ана соборы Франциядағы ең танымал туристік нысан еді.
Шіркеуге күн сайын 30 000-н 50 000-ға дейін, жылына 14 млн турист келетін.

Храмның құрылысы 1163 жылы басталып 50 жылға жуық жүргізілді (2013 ж. шіркеудің 850 жылдығы тойланды).

Храм 18-ғасырдың соңында Ұлы Француз революциясы кезінде тонауға ұшырап, ішіндегі жәдігерлер талан-таражға түсті. Төңкерісшілер кейбір мүсіндерді қиратып тастады, бүлдірді.
Төңкерісшілер өздерінің идеяларын жаңа дін деңгейіне көтеру үшін шіркеуге «Ақыл-ес шіркеуі» деп ат беріп, христиан дінін өз сенімдерімен алмастыруға әрекет жасады. Бірақ француз халқы оған еліге қоймады (Еліккенде Франция атеизмді мемлекеттік идеяға айналдырған Ресейдің кебін киюі мүмкін еді).

Осы шіркеуде 1804 ж. желтоқсан айында Наполеон таққа отырып, басына император тәжін киді.

Төңкерістен қираған шіркеуді қалпына келтіруге шығынданғысы келмеген жергілікті билік шіркеуді сүріп тастауға әрекет жасаған кездер де болды. Виктор Гюго (1802 - 1885) «Құдан ана соборы» романын соған қарсылық ретінде жазған деседі.Одан кейін де Париж Құдай ана соборы көптеген ақын-жазушы, суретші, композиторлардың шығармаларына арқау болды.

Шіркеудегі 7300 түтіктен тұратын орган аспабы үлкендігі жағынан Франциядағы екінші орган. Әр жексенбі сайын шіркеуге келушілерді орган дауысы қарсы алатын.

Шіркеуде Иса пайғамбарға қатысты 3 жәдігер сақталған – Алқоры ағашының бұтақтарынан өрілген тәж, Иса пайғамбар керілген крестің фрагменті мен пайғамбардың денесіне қағылған шегенің бірі.

Жәдігерлер құтқарылыпты деседі.

Шіркеудің біржола күйрегенін естіген кейбір француз әсіретолерантшылдары "Францияда христиан шіркеулерінің саны мешіттермен салыстырғанда анағұрлым көп. Сондықтан шіркеудің орнына Франциядағы ең үлкен мешіт салынуы тиіс"- деп жариялап та жіберді.
Құдай-ау, Христиан шіркеулері Парижде көп болмағанда Мекке-Мәдинеде көп болуы керек пе?
Әсіретолерантшылдар тек Қазақстанда ғана емес, Әлем астанасы Парижде де жетерлік екен...

Өмір Шыныбекұлының facebook парақшасынан

Abai.kz

4 пікір