Дүйсенбі, 27 Мамыр 2019
1612 9 пікір 19 Сәуір, 2019 сағат 11:32

Назарбаева Матвиенкомен кездесті

Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева Санкт-Петербургтегі Таврия сарайында Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесті. Сенат басшысы Қазақстан-Ресей әріптестігінің стратегиялық сипатын, сондай-ақ Еуразия кеңістігіндегі экономикалық ықпалдастықты дамытудағы екі елдің маңызды рөлін атап өтті.

«Біз ТМД ПАА Кеңесінің Төрағасы ретіндегі Сіздің белсенді қызметіңізді жоғары бағалаймыз. ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Сіздің арқасында Еуразиядағы ықпалдастық үдерістерінің алдыңғы саптағы ұйымдардың біріне айналды. Ассамблеяның ұйымдастырушы құрылымдары нығайып, халықаралық беделі ұдайы өсіп келеді», - деді Д. Назарбаева.

Жоғарғы палата басшысы экология мәселелеріне, атап айтқанда, суды пайдалану және трансшекаралық өзендердің мәселелерін тиімді реттеу үшін бірлескен жұмысты ұйымдастыру қажеттігіне, әскери полигондар төңірегіндегі экологиялық ахуалға назар аударды. Д. Назарбаева бұл тұрғыда экология бойынша үлгі заң әзірлеуді ұсынды.

В. Матвиенко Сенат басшысын Ресей Федерациясына сапармен келуге шақырды және ТМД ПАА мен Федерация Кеңесінің байқаушыларын Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауына жіберуге әзір екенін айтты. Федерация Кеңесінің Төрағасы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевқа ізгі тілектестігін жеткізе келіп, Елбасының Қазақстан мемлекеттілігінің дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады және оның ықпалдастық үдерістерді ілгерілетудегі көшбасшылығын атап өтті.

Abai.kz

9 пікір