ҚР Кәсіподақтар федерациясы президенттікке үміткер ұсынды
2019 жылғы 24 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында ҚРКФ Бас кеңесінің отырысы өтті. Осы отырыста ҚР Кәсіподақтар федерациясы атынан ҚР Президентігіне сайлауға қатысуға үміткер ұсыну мәселесі қаралды.
Еске сала кетейік, кеше ҚРКФ Атқару комитеті ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Мұхтар Бәкірұлы Тінікеевтің және Батыс Қазақстан облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Амангелді Сатыбалдыұлы Таспиховтың кандидатураларын Президент сайлауына үміткер болуға мақұлдап, Бас кеңестің қарауына ұсынған болатын.
Талқылау барысында үміткерлерді тыңдау нәтижесінде, сондай-ақ М.Б.Тінікеевтің сайлауға қатысудан өздігінен бас тартуына орай, ҚРКФ Бас кеңесі Таспихов Амангелді Сатыбалдыұлының кандидатурасын ҚР Президенттігіне үміткер ретінде ұсыну туралы шешім қабылданды.
Қысқаша анықтама:
ТАСПИХОВ АМАНГЕЛДІ САТЫБАЛДЫҰЛЫ 1959 жылы 20 қарашада Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын инженер-механик мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1982 жылы Алматы ауыр машина жасау зауытында инженер-технолог болып бастаған. Түрлі жылдары мемлекеттік органдарда басшылық лауазымдарда қызмет атқарған, бизнес құрылымдарында жұмыс істеген.
Батыс Қазақстан облысы маслихатының депутаты, сондай-ақ ҚР Парламенті Сенатының және Мәжілісінің депутаты болып сайланған.
2019 жылдан бері Батыс Қазақстан облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы қызметін атқарады.
«Құрмет» (2005) орденімен, медальдармен марапатталған.
Үйленген, екі баласы бар.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі
Abai.kz