Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4065 0 пікір 10 Маусым, 2011 сағат 05:16

Еркеғали БЕЙСЕНОВ. Екі Дің (поэма)

«Бұл қасиетті «Діңдер» Ақсақ Темірдің Тоқтамыс ханға жорығы кездерінде жау келер жақтағы жойқын даланы бір шолып өту үшін ұлы жиһангерге де қажет болған. Кейіннен Абылай ханға, Хан Кенеге де, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің дарабоздары Әбдіғапар ханның, Амангелді, Кейкі батырлардың шолғыншы сарбаздарына да игі қызмет еткен».


Әлкей МАРҒҰЛАН,
«Қазақ архитектурасы» Алматы, 1959 жыл.



І

«Бұл қасиетті «Діңдер» Ақсақ Темірдің Тоқтамыс ханға жорығы кездерінде жау келер жақтағы жойқын даланы бір шолып өту үшін ұлы жиһангерге де қажет болған. Кейіннен Абылай ханға, Хан Кенеге де, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің дарабоздары Әбдіғапар ханның, Амангелді, Кейкі батырлардың шолғыншы сарбаздарына да игі қызмет еткен».


Әлкей МАРҒҰЛАН,
«Қазақ архитектурасы» Алматы, 1959 жыл.



І

Қасиетті Торғайдың түкпірінде,
Ұлытаумен шектескен құтты ірге –
«Екі Дің» деп танылған бір мекен бар,
Тарихын да тиісті жұрт білуге.

Орын алған екі Дің асқар белден –
Қызыл-қоңыр жәдігер тастан өрген.
Киіз үйге ұқсайды көрінісі,
Идеясы белгісіз басқа келген.

Мен мұндалап алыстан тұрар көзге,
Сол Діңдерді шалғандай мұнар лезде.
«Сарыторғай» аталды сары дала,
Ұжымшар, кеңшарларды құрар кезде.

Бұл жер өзі мөлтектей дара тұнған,
Табиғаты өшпейді санатыңнан.
Атақоныс етіпті ежелден-ақ,
Төлек руы Арғыннан таратылған.

Екі Діңнен ерекше сый табарға
Құшақ аштық.
Туыстық күй қалар ма?..
Еркін жайлап отырды Қыпшақ тобы –
Қарақойлы, Қотыран, Қитабам да.

Найман да бар.
Басқасы бірен-саран.
Бұлай десең, рушылдар күлер саған...
Бар қазақтың, әрине, жеткілікті
Ынтымағын көтеріп жүрер шамам!

Үш жүз үйдің берік-тін босағасы,
Жақын болды жайлауда қос арасы.
Қазағымның қонақжай дәстүрі бар,
Түсінікті әр төрдің босамасы!..

Кедір-бұдыр тас жолдың тоңдарындай,
Тобылғылы жон, төбе толған ұдай.
Дәл үстінен түскенше көрінбейтін,
Жеткендейсің ауылға ордан құлай.

Түбегі көп атырап, шөбі шүйгін,
Шығандау жоқ, жанында өріс үйдің.
Бар киесін бойыңа дарытардай,
Түліктерім, беткейдің өңін сүйдің!

Сере қазы, жарықтық, жылқыларым!
Ал сиырдың бұғақты тұрқы мәлім.
Қой-ешкі де тырпыңдап ертелі-кеш,
Аңғартқандай қоңданбақ құлқы барын.

Бақташыдай жүретін нарын қомдай,
Кетейін мен өңірдің маңын толғай.
Жалт-жұлт еткен қос қара бұрымдайын,
Өзені – Қараторғай, Сарыторғай.

Боз, жусанды жайлауға қылау жақпай,
Суреттермін ешкімнен сұрап жатпай.
Қарауытқан таулары –
Бозғылтым көк
Орамалға шашылған құмалақтай.

Сырт көздерге көрінер тіпті таңсық,
Кіреукесін аймақтың шықтым аршып.
Сағым сипай толқытса Айғыржалды,
Найзатасы алыпты бұлтты шаншып.

Жоңғар-қалмақ, жүнбастар – түбі кәпір,
Боп құтырды екінің бірі батыр...
Ханшабылған, сондай-ақ, Құлжығылған,
Қойнауына біраз сыр бүгіп жатыр.

Қос Бестөбе – он батыр тұлғасындай,
Маған өр рух бергенін тұр жасырмай.
Одан әрі Шыңдаша, Тікашалар,
Балалық шақ куәсі бұл да сондай.

Қайыңдышоқы, Жайлаукөл, Түйемойнақ,
Тамырымда жүгірді киең ойнап...
Маятасты алғашқы махаббатым,
Сағынышпен көкейге түйер, ойлап.

Мике, Бәшке, Бектұрған, Ақшығанақ,
От сезімнің ішінде жатшы, алаулап!
Саябақ пен гүлзарлар сеп болмады,
Тас қаладан кетсем ғой, бас сауғалап!..

Мойыл, шие, долана, өріктері,
Тастағандай болатын көміп мені...
Өз аяғым тиген жер солар ғана,
Туған жердің жүзден бір бөліктері!

Мал жағдайын елден сәл тыста күткен,
Төлектердің атында қыстау біткен.
Соның бірі – ғажайып Бейсен көңі,
Өзгелермен біздің де ұстаным тең.

...Сол бабалар, азапты көрдің қатты!
Тәндерден қан, жанардан көл құлапты.
Хан Кенені ашынтқан ащы шындық,
Еһ, әлқисса...
Былайша өрбіп жатты...

ІІ

Табы өшпей өртенген өзегінің,
Бейбіт халық еңсесін езеді мұң.
Ию-қию, сарт та сұрт, абыр-сабыр,
Айналасы Өлкейік өзенінің!

Қылыш сілтеп казактар оңды-солды,
Қатын-бала қырылар болды сорлы.
Бас көтерер ер біткен Мұғаджарда,
Бөгеп тұрған қауіпті жолды соңғы.

Бой көрсетпей жаулары ол жақтағы,
Ашық тұстан шойырды-ау, зор батпаны!..
Бұл Өлкейік – Тобылдан төменірек,
Кең арналы Торғайдың сол қапталы.

Жорық көші жобалы жол таңдарда,
Ұқсамайтын әзір жау жортар маңға.
Жанатай мен Толыбай өзендері,
Өткел беріп алыпты қорқауларға.

Ұлытауға дейінгі асқар белдер –
Жақсы таңдау, жау үшін астарлы дер.
Хан Кененің далалық тактикасы,
Ең тиімді жүзеге асқан жерлер!

Бодандығын желеу қып, тасытқан қан,
Орыс-казак әскерін жасытқан маң...
Бірақ, міне, Өлкейік өкініші...
Әтеген-ай, қалайша ашық қалған?!

...Ала түтін, қою шаң араласып,
Арасында барады бала қашып.
Ішек қарнын сүйретіп бір ақсақал,
Аттылармен жаяу жүр жағаласып.

Желке тосып қылышқа қара нөпір,
Жүгіргенмен, ажалын табады-оу, құр!
Сынған арба қалқасын қалқан етіп,
Өлі сәби құшақтап ана отыр.

Қарсы тұрар қайран жоқ еліргенге,
Казак болып шауып жүр шер іргеңде.
Қарғап әлек кемпірлер ауа қармап,
Жалпылдатып жаулығын жел үрлеуде.

Сол болар ма, ендігі жетпегені?!
Қыз-келіншек зорлаумен шектеледі.
Ойран болған өңірге осы кезде,
Хан Кененің қолы да беттеп еді...

ІІІ

Тер құрғатпай жүргенде кемел шағы,
Суға кетіп тұр екен неге салы?!
Екі көзін қан қаптап, тақ үстінде
Шықырлатты тістерін Кенесары:

–Қамсыз жатқан ауылды үрей билеп,
Шынында да, батырлар, үдеді-ей, кек!
Өз сорынан көрсін ал, станица,
Аттанамыз таң ата бірегей лек!

–Жөн!
–Жөн!..- десті тас түйін көкжалдары,
Түкті жүрек лықсыды, өң қандады.
Күн айнасы – көк сүңгі қолдан түспей,
Тағдырына ерлердің көнді-ау, жаны!

–Бірақ,- деді Хан Кене иық қомдап, –
Кебіміз жоқ кәззапша шейіт болмақ.
«Қапы қалдық, иттік қып Кенесары»
Демесіне кім кепіл, кейіп сол жақ?!

Оу, батырлар, қарудан ары құнды!
Жариялап алайық шабуылды!
Бекінісін казактың бұзар күшпіз,
Сары сабақ сындырған тары құрлы!

–Жоқ, болмайды!
Жанды тұр жарамыз жеп.
Атой салғын, тұрғанда шамамыз кеп!
Шығарғанда шаңдағын еліміздің,
Бізден олар сұрап па, «шабамыз» деп?

–Бәсе, солай!
Бұл неткен ақжүректік?!
Тақсыр!
Елді қапыда азғын еттік!
Турап кетіп тұрақтың туырлығын,
Білмегендей отыр ғой, арғы бет түк!

–Бұл отряд – жөн білмес қорқау, сірә?!.
Түсті талай шаңырақ ортасына.
Біз де тосын әрекет жасап барып,
Қол салалық, жемтікшіл қолқасына!

Гу-гу. Ду-ду.
Дамылсыз сөз қуысу.
Мәмілесіз болған ба, өзі бір шу,
«Сабыр!»- деді жас батыр топ ішінен,
Арпалысып жатқанда төзім, ұрсу.

–Хандікі жөн, халайық, егесті қой!
Ассын енді жүзеге, егессіз ой!
Әділеттің ақ туын көтерейік,
Ел ұлдары – қарақшы емеспіз ғой!

Қызғана да, қызыға қараған сұм,
Кісілікпен болмысың даралансын!
Соғыс ашар сәтті біз ескерткеннен,
Іште бүгіп қалмайды жау аласын!..

Дала тұнды даусынан, кеңес тынды,
Батыр сөзі қисынсыз емес сынды.
...Жиырманың үстіне енді шыққан,
Төлек Жәуке еді бұл...
Ер ес білді!

Лирикалық шегініс

Таным күйін еркімен шертер көңіл,
Атан қомдап, ат баптап, тер төге біл!..
Төлек руы жайлаған алақандай,
Ақшығанақ түбегі – көркем өңір.

Әз-Табиғат жағып бұл тұсқа мың түр,
Көк сағыммен дөңдерін тыстап отыр.
Сұлу жүзге жарасқан дара меңдей,
Оқшауырақ Назарғұл қыстауы тұр.

Тәңірінен батыр ұл тіледі ме,
Назарғұлдың шаттық бар реңінде.
Жүкті кезі Табия бәйбішенің,
Жерік болды қасқырдың жүрегіне.

«Ұл!» деп түйіп мидағы қатпар ойды,
Отағасы түзеді шаққа бойды.
Қара бура жүрегін беріп еді,
Одан ана қанағат таппай қойды.

Таңсәріде тыныстап азамат кең,
Сипап қойды сойылын. Маза кеткен.
«Қанды басың бері тарт!» деп ырымдап,
Қансонарда шоқытты қазанатпен.

Жеткен кезде Обаға жоны қарлы,
Іздің арқан ұшындай соңы қалды...
Бәйге бермес Алақұс айғырымен,
Бір ішекті шуланды соғып алды.

Қанжығаны майлаған басы құтты,
Жүйрік сырттан жүрегі – асы мықты.
Батыр туар ананың сонда ғана,
Тоят тауып, жерігі басылыпты.

...Шілдехана.
Жайсаңдар, жақсыменен,
Түрін қойды балаға аттың ерен.
Жәуке!
Жәуке – әскери топ басшысы,
Ұғым және «қырағы сақшы» деген.

ІV

...Бет пішіні сұстылау, тұлғалы бұл
Таппай жүрген түбіт мұрт ұл да мігір.
Сөзін құптап қалың қол, «Жарар!» десті,
Казак жағын састырды сонда дүбір.

Жариялы соғыстың серті күшті,
Хан Кененің басыпты еркі мысты.
Орыс-казак әскерін шылқытты тер,
Дүңк-дүңк хабар көміп әр бекіністі.

Серіктерін Хан Кене жинап жатыр,
Әне, Табын Бұқарбай!
Жиған ақыл –
Шұбыртпалы Ағыбай, Төлек Жәуке,
Сары Қошқар, Бегімбет Иман батыр.

Кек шорланған кеудеде бүрледі есе,
Бекіністер жоспарда тұр бірнеше.
Екатеринск – мына бір станица,
Өлкейікке өңмеңдеп кірген кеше.

Батырларға өз қолы астындағы,
Жүрек сөзі Жәукенің тасқындады:
–Оқ атқанды оғына байлаңдар да,
Кешірмеңдер, халыққа қас қылғанды!

Қатын-бала, қарттарға тиіспеңдер!
Қойма болсын жолымыз түйіскен жер!
Мен шығыс жақ беткейден кіріп барам,
Қалғандарың, солтүстік мүйістен кел!

Рухты күйдей дауысы шанақтағы,
Қысқа-нұсқа бұйрықты сабақтады...
Өзі отыз жігітпен шепке өтіп,
Сары тәнді көк сүңгі шабақтады.

Гүрс-гүрс етіп зеңбірек, мылтықтар да,
Құрбан болды көп жігіт, шылқып қанға.
Найза, сойыл, шитімен шаба берді,
Қорқаулардан ығатын бүркіт бар ма?..

Тас-талқан қып әп-сәтте жаудың шебін,
О, Хан Кене, халқыңның алдың кегін!
Көзге түскен сол сәтте Төлек Жәуке,
Айналайын, асыл ғой, Арғын тегің!

***
Болды десең бұл жорық тағы қалай,
Елін сүйген ер екен, Сары хан-ай!
Отрядын Ахмет Жантөриннің,
Жайпап өтіп, аттанды ары қарай...

***
Хиуа мен Бұқара хандықтары,
Жақтағаннан Кенені тарлықпады.
Үрдіс ұстап Ташкенттің Құсбегі де,
Саясаттың отырды мандып бәрі.

Орекеңнің жармасты зоры жерге,
Тұншықтырмақ пақырдың тоны кең бе?
Губернатор еді ғой Перовский,
Хат жазысты ханымыз онымен де!

Көз алартты қазаққа кіл оңбаған,
Олар үшін құн емес, құрдым бағаң!
Генерал-мойор шенді Жемчужинов,
Содыр болды сардарды қуғындаған.

Ол содырды састырды көтеріліс,
Нүктесіне тартпады төте ібіліс.
Қанына – қан, жанға – жан беріскенде,
Патриоттық парызбен өтелдің іс!

***
Сол ғасырдың дерегі әлі бұл аз,
Күз, қыс, көктем, өтті көп жалынды жаз.
Сеніміне Кененің кіріп әбден,
Төлек Жәуке ысылып алды біраз.

Жиырма жыл орыспен шабысыпты,
Қорлық-зорлық қарымын намыс ұтты.
Қырғыз алатауына қырғын салып,
Кенесары-Наурызбай тағы шықты.

Боданшылға ел-жұртын қырғызбаған,
Артты сонда Торғай мен Ырғыз бағаң!
Қазақ қамын ойлаған басын шауып,
Хан Кенені қорлады қырғыз жаман!..

Ал Жәуке ше?..
Осы бір сырын айтты.
Өткен шақты шолып, көз сығырайтты.
...Сексен екі жасқа кеп Екі Діңде,
Мың тоғыз жүз төртінші жылы қайтты.

V

Замандарды өткеріп алуан-қилы,
Беу, Екі Дің, құрсаулап алған күйді!..
Ақтаңдақты ақтарған ақылмандар:
«Он екінші ғасырдан қалған»,- дейді.

(Ұрпақтарды кейінгі ойландырсын),
Ақсақ Темір қарауыл қойған Діңсің!
Сен арқылы шаңдарын аңдап алып,
Жоңғарларды Абылай жойған. Бұл – шын.

Төлек Жәуке жерінде тұрғандықтан,
Осы жерде казакты қырған сырттан –
Ұлытау жақ беткейді шолу үшін,
Кенесары-Наурызбай жылда шыққан.

Белгілі ғой, Екі Дің, шамаң енді,
Батырлары әр кездің саған келді.
Саған келді «қолмерген» Құлан Кейкі
және сардар – «қолмерген» Амангелді.

Өңкей ұлы, жігіттің сұлтандары,
Болды, болды, Екі Дің, қырқамдағы!
Тәуелсіз ел ұланы бірлік сүйгіш –
Еркеғали сен үшін жыр қамдады.

Ауылдың көп баласы соншалықты,
Тарихынан хабарсыз боп қамықты.
Картоп үйтіп, әйтеуір, сақа құйып,
Кейбір тентек ішіне от жағыпты.

Ескерткішін ластауы – қате тіпті!
Қылмас сынды көңілін әке күпті...
Сарығаны сабаздың сезілмес-ау,
Кәдімгідей кәкәй ғып «кәк» етіпті!

Қаз-қалпында көрсетсе біреу ісін,
Ыржалақтап, жыртақтап күлемісің?..
«Ашынғаннан шығады ащы даусым»,
Жазылмайды жыр жұртты мінеу үшін!

Бүгілмеуге білігім бейіл менің,
Күйгелектік емес түк, күйінгенім!
Шырматылған шындықтан ұшын тауып,
Ой тіндерін түйсікке түйіндедім.

Екі Діңге шыққанда, арқаландым,
Көл-дария сырына сарқа қандым.
Әкелді жел қуалап құлағыма,
Тұяғының дүрсілін тарпаңдардың!

Кісінеген дыбыс та естіледі,
Шақыр-шұқыр қылыштың кескілеуі!..
Бас айналып кетеді, көз жұмылып,
Рухым артып, сәлден соң ес кіреді.

Кіріспелер өлкені аз ымдаған,
Жұмбақ шешкен бірдеңе жазылмаған.
Екі Діңнің, халайық, киесі бар!
Сезілуде ол кие әзір маған...

Эпилог
Мен ат ізін көп болды суытқалы,
Сарғаюға сағыныш жуықтады.
Бір бұтақты тамыры сілкінткендей,
Тарттым елге, белімді буып тағы!

...Шөккен ауыл.
Бұзылып біткен үйлер!
Емес екен ішкі ой күткендей ел.
Сирек түтін қалыпты жел шайқаған,
Жел шайқаса, көңілдер күпті дей бер!

Кеткен бәрі жастардың қала кезіп,
Шың-құзды да шөктірген нала, сезік.
Еркінен тыс үлкеннің күрсінгенін
Мұңаяды кез келген бала сезіп.

Тым жұпыны сиқын-ай, туған жердің!
Кіл мықтылар кезінде тұрған дер кім?!
Оты сөнген жанарлар ішіп-жейді,
Бұл түнекке мен, сірә, нұрдан келдім...

Тұл заманның не деген шарты мықты?!
Мәжбүрлікпен лайлатты бар тұнықты.
Кейпі сынды қаусаған қарияның,
Тоғай сиреп, өзен де тартылыпты.

Жоқ, шашылған алтындай киіктері –
Жырау жердің тұрақты кейіпкері!
Мамонт шыққан маң еді, басқа түгіл...
Өртеп жатыр өзекті күйік, тегі!

Ғашық қайда, жайраңдап, сайран құрар?!.
Айрылмастай көрінді айдан мұнар.
Астанадан асыға жеткенімде,
Басылмай-ақ қойдың-ау, қайран, құмар!

Келе жатсам шарапқа малып мұңды,
Қос нүкте боп көмескі жарық тұнды.
...Итін қасқыр жеп жатыр ауылымның,
Көз алдымда Торғай мен нарық тұрды...

***
Екі дөңнің басында екі Дің тұр,
Ескерткіші даламның, екі тұлдыр!
Шежіреңді соларға аманаттап,
Сарыторғай, шерменде кетілдің құр!

Қайла тісті қабылдап ғасырларды,
Кетілдің құр, кеудеңді жасын жарды...
Жыр өрісін суарып екі Діңде,
Екі көзден сарыққан жасым қалды!

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1480
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475