Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Тарих 11711 16 пікір 2 Мамыр, 2019 сағат 09:52

Вермахт обер-лейтенанты Әлихан Ағаев десантының келте тарихы (жалғасы)

Жалғасы. Басы мына сілтемелерде: АСПАННАН ТҮСКЕН ОН БЕС, ОЙ АРҚАУЫ — АҚПАРАТ

ОҚ ӨТІНДЕ

16-мамыр. Шармайлардан тапсырма алған Волков тобы фермадан Қанжығаны бетке алып, тура кеткен кезде, Декеев тобы Алатауды, Шилісайды бетке алып, Жемді өрлеп бара жатты.

Бұл кезде Құлақшиден шығып, із кескен опертоп шолғыншылары десант тобының Алатау жаққа бет алғанын анықтады. Шармай дереу Жемді бойлай, «Теректі» колхозынан Алатау бетке қарай 20 шақырым жерді және аталған ұжымшардан он километр шамасындағы Тағалай құмының солтүстік бөлігін сүзіп шығуды бұйырды. Жедел қимыл тобы операцияның нәтижесінде құм бұйраттардың біреуінен десантшылардың тоқтаған орнын тапты. Біз осы жерде мәліметтерін пайдаланып отырған республика қауіпсіздік органдарының хабарламасында құмдағы із Құлақши маңындағы сиыр фермасында түнде болып өткен қақтығыстың ертеңіне табылғандығы көрсетілген. Ал Қойман Сәдуақасовша, опертоп Тоғалайды қақтығысқа дейін сүзіп өтеді. «Есенбайдан шыққан отряд, – деп жазады ол, – дұшпандардың ізімен Тоғалайдың қалың құмын аралап жүріп, тамақ ішкен, демалған жерін көрді, із кейін, Құлақшидегі ферміге қарай бағыт алғанын болжап, қараңғы түсіп кеткендіктен ферміге келді». Сол жерде олар ферманың Жемнің шығыс бетіндегі бір бөлек ауылына дұшпан барды деген хабар алып, ұрысқа дайындалады. Алайда десантшылар түн қараңғылығын пайдаланып, ізім-ғайым жоқ боп кетеді.

Сол күні Гурьев және Ақтөбе облыстарының қауіпсіздік органдары басшыларына Алматыдан, республика қауіпсіздік және ішкі істер халық комиссариатынан бес тармақтан тұратын нұсқау түсті. Онда былай делінді:

1. Ақтөбе облыстық УНКВД – УНКГБ бастықтары Ақтөбеде әрқайсысы 15 адамнан тұратын үш жедел қимыл тобын жабдықтасын, оларды басқару бастықтардың орынбасарларына жүктелсін және олардың алдына парашютшілердің алдын орау, сонан соң олар табылған жерді гурьевтік опертоптармен бірлесіп құрсауға алу міндеті қойылсын.

2. Қоршауға алынған жерге НКВД ротасы жіберілсін.

3. Жем өзені бойында, Ұялы мен Ащы ауылдары (100 км жер) аралығындағы барлық елді мекендерге жедел қимыл топтары қойылсын, олар парашютшілер сол жағалаудағы базаларына қайтып баруға әрекет еткен жағдайда жолын кессін.

4. №3 мұнай айдау стансасы маңына НКВД РО отряды аттандырылсын.

5. Гурьев облыстық УНКГБ – УНКВД бастықтары барлық жедел қимыл топтарына басшылық жасау міндетін өздеріне алсын және олар операцияны жүзеге асыру мақсатында Құлақшиге барсын.

Бұйрық бойынша Гурьев облыстық УНКГБ бастығы Иван Гончаров Құлақшиге ұшып шықты.

Сол күні Құлақшиге 450 шақырым ауыр жолды игеріп, Ақтөбеден облыстық НКВД басқармасының бастығы капитан Ященко бастаған отряд келіп жетті. Отряд басшылығы дереу Гончаровпен бірлесе отырып, парашютшілерді ұстаудың жоспарын жасады. Тақау төңіректегі десант барады-ау деген елді мекендерге тосқауыл топтар қойды. Бұл үшін Ақтөбеден келген 50 солдат пайдаланылды. Оларды үш топқа бөліп, екі пулеметпен, винтовка, гранаталармен қаруландырды.

1944 ж. көктемде қуғыншылар отряды бекінетін Құлақши ауылының жұрты

 17-мамыр. Таңертең Шармай мен Ященконың біріккен жедеғабыл тобы екі жүк машинасына тиеліп, Алатауды бетке алып шықты. Отряд тау етегіндегі бір құдықтың басына кеп тоқтады. Едәуір үлкен аймақты орай түнгі тосқауыл қойылды. Ертеңіне жарықта тау бөктерін сүзіп өтуді ойлап, сол үшін де басқа бағытпен осылай қарай келе жатқан ақтөбелік қалған екі топпен түйісуді күтті. Жоспар бойынша оң қанатты Ключи (қазіргі Алға) аудандық НКГБ бөлімінің бастығы Иванов басқаратын отряд, ал батыс бетті Байғанин аудандық НКВД бөлімінің бастығы Корнилов тобы сүзіп шығуы тиіс еді.

Сол күні Корнилов жасағын күте шыққан Шармай отряды Шилісай маңында Декеев тобын кездестіреді. Опертоп жігіттерге азық-түлік, оқ-дәрі беріп, дұшпанның ізіне түсіп, қуа беруді тапсырды.

Бұл кезде Қанжыға, Ақұшанды бетке алып келе жатқан Волков тобы Қанжығаның бұлағына жетіп, ат шалдырды. Түскі 12-нің шамасында командир Қойман Сәдуақасовты қасына Ребков, Родин деген екі жауынгерді қосып беріп, бұлақтан отыз шақырым жердегі Қабасаның көлінде егін салып отырған ауылды барлап келуге жіберді. Барлаушылар отрядқа кешкі 7-нің кезінде оралды. Айтуларынша, десант Қабасадағы ауылда болған. Ауыл адамдарына күш көрсетіп, бір үйге қамап тастап, азық-түліктерін алып, кешке қайтып оралатындарын ескертіп, кетіп қалған.

Бұдан кейін Волков отряды түнде ауыл маңына жетіп, Қабаса көлінің жағасына бекінді.

18-мамыр. Таң ата Корниловтың жедел қимыл тобы Байғанин ауданына қарасты Шилісай маңында (Декеевше – Жарқамыста, Қойман Сәдуақасовтың айтуынша, Шөптікөлде) төрт атқа мінген бес қазақты кездестірді. Бесеуі аттарынан түсіп, қаруларын тастап, қолдарын көтерді. Өздерін Оспанов, Қадыров, Керімбердиев, Әлжанов, Омаров деп таныстырған десантшыларға сол жерде Корнилов және Ақтөбе УНКГБ аға оперативтік уәкілі Петр Амосов, Темір аудандық УНКГБ бөлімінің бастығы Алексей Красиков алдын-ала жауап алу шарасын жүргізді. Т.Декеевтің жазуынша, бұл жауаптауға Гурьев облыстық УНКГБ басқармасы 2-бөлімінің бастығы, майор Константин Шармай да қатысады. Ал С.Шәкібаевтың дерегінше, Корнилов отряды Шармай тобымен кейін, жауап алудан соң далада түйіседі.

Жауап алу кезінде қашқындар, Шәкібаевтың жазуынша, өткен түнде Алатауға келе жатқан десанттың негізгі тобынан жолдағы қалың қамысқа тығылып қалып қойғандарын, ал Декеев нұсқасы бойынща, қуғыншы отрядпен (Декеев тобымен) атыс кезінде қашып кеткендерін хабарлады. Парашютшілер соның алдында Алатауға елу километр жетпей тоқтап, кішірек бір көлдің жағасындағы қалың қамыстың ішіне қонып шыққан. «Отряд қайда беттеп барады?» деген сұрақ берілгенде, қашқын Оспанов Алатау бағытын атады. Ал қашқын Қадыровтың жауабы басқаша болды. «Кеше түнде келе жатқанымызда Ағаевтың бір әңгімесін құлағым шалып қалды, – деді ол. – «Бізді мына отряд Алатауға жеткізбес, қашып кеткен Қалиев пен Бастаубаев қайда бара жатқанымызды ендігі жеткізген болар, ендеше жан-жағымыздан отряд шығарып ұстайды. Сондықтан Алатауға емес, Гурьевке қарай қашып, бағытымызды өзгертеміз», – деді Ағаев. Гурьевте өзіміздің радисіміз Көкпаевқа жетіп, рация арқылы немістермен байланысқысы келетін ойы бар».

Осы кезде басы әңкі-тәңкі болған Корнилов:

– Қайсыңдікі дұрыс, кімге сенеміз? – деп ақырды.

Сонда Қадыров:

– Ағаевтың Гурьевке қарай кетуді адьютанты Дінішевке айтқанын өз құлағыммен естідім, – деп ант-су ішті. – Сол сөзді естігеннен бір пәленің боларын сезіп, түнде жырылып қалып қойдық.

– Ағаев Дінішевке қатты сенетін. Бізге айтпайтын сырын соған айтатын, сондықтан Қадыровтың сөзіне сенуге болады, – деп сөзге араласты Оспанов.

Чекистер осыдан кейін біраз ойланып, өзара кеңесіп, қашқындар айтқан жаңалықты штабқа хабарлайық деп шешті. Бес қашқын Ященконың қолына тапсырылды. Гурьевтіктер мен ақтөбеліктер түнде олар негізгі топтан жырылып қалып қоятын жерге жетіп, із кесті. Қадыровтың айтқаны дұрыс болып шықты. Жемнен күнбатыс арқаға қарай ойыса шығатын жылға, терең сай бойынан ат пен түйе ізі табылды. Ибрагим Ермекбаев Байғаниндік жасақшылардың әңгімесі бойынша анықтағандай, Алатаудың бөктеріндегі Ақұшан жалы деген жерге келіп тоқтаған десант осындағы құдықтан су ішіп алып, батысқа, Атырауға қарай бұрылып кеткен. Осылайша бағыт ақи-тақи анықталғаннан кейін Шармай қашқындарды штабқа жеткізіп, әрі Оспановты бірінші түскен десант жүгі жасырылған жерді көрсету үшін Киров колхозы фермасындағы Шәріповке жіберу және аттарды тастап, Ағаевтың ізіне машинамен түсу үшін Құлақшиге оралды. Қалған отряд екіге бөлінді. Корнилов тобы Иманқара – Қойқара тауын бетке алып, тіке күнбатысқа кетті де, Декеев жасағы солтүстік-шығысты, яғни №3 мұнай айдау стансасын маңдайға ала жүрді. Корнилов тобы сол бетімен Қабасаның көлінде отырған, кеше десантшылар болып кеткен ауылға жетіп, ат шалдырды. Осында оларға көл жағасында бекініп жатқан Волков тобы келіп қосылды.

Түн болды.

Бұрынғы «Теректі» ұжымшары орналасқан Бесбай ауылы

Десант тобы із тастап қашатын Тоғалайдың құмы

19-мамыр. Таңертең №3 мұнай айдау стансасының бастығы Вениамин Пахоменкоға Молотов атындағы колхоз фермасының меңгерушісінен кісі келіп, кеше, яғни 18-мамыр күні фермаға орталарында бір шал бар қарулы бес қазақ келгенін хабарлады. Менің құнажынымды сойдыртып, етінің жартысын пісіртіп, қалғанын шикідей салып алып кетті, деді келген кісі (республика қауіпсіздік органдары хабарламасында бес кісі құнажын емес, «қой сойдырып алып кетті» делінген). Пахоменко бұл хабарды Каспий-Орск мұнай құбырын Ақтөбе жағынан тексеріп келіп, жолдағы №4 мұнай айдау стансасына тоқтаған Ақтөбе облыстық НКГБ басқармасы бастығының орынбасары Лебедевке селектор арқылы хабарлады. Лебедев опертобын алып, дереу №3 мұнай айдау стансасына қарай шықты.

Осындай хабар №3 стансаның шығыс бетіндегі «Буракөл» колхозын бетке алып келе жатқан Декеев жасағына да тиді. Сол күні сәске түс шамасында жасақ Тірсеккөл деген жерде жанында төрт-бес атты адамы бар Ақшелек ауылдық советінің төрағасы Нәби Тілеубековты, осы советтің аумағындағы «Буракөл» ұжымшарының председателі Шоқан Төленовты кездестірді. Ел адамдары жасақтың алдынан Мақат аудандық НКГБ бөлімінің бастығы Бабичтің айтуымен шыққандарын, десант тобы төртінші станса жақта жоқ екендігін, неде болса үшінші станса маңында болуы мүмкін, соған қарай келсін деген хабарды жеткізуге шыққан екен. Жасақ колхозшылардың жол көрсетуімен станса тұрған Төсқұдыққа қарай жүрді.

Бұл кезде Иманқара - Қойқараны сүзіп шыққан Корнилов – Волков отряды да Қайнар өзенінің бойын жағалап, оңтүстіктен солай қарай келе жатты.

Шамамен осы мұғдарда бортына Гончаров пен Кочинді, сондай-ақ қолға түскен десантшы Сапаровты алып, Құлақшиден ұшып шыққан АН-2 ұшағы №3 станса маңындағы сай ішінен жайылып жүрген екі ат пен бір түйені көрді. Станса басындағы күзет тобына хабар берілді. Сол бойда стансадағы ВОХР жауынгерлері Жолдыбай Ақмолдиев пен Қажен Құлниязов әлгі маңды атпен шолуға жіберілді. Екі шолғыншы ауылдан бес шақырым шыққаннан кейін бір сайдан бейсеубет кісіні көрді. Жауынгерлер оның сайдан шығуын талап етті. Сайда басқа да адамдардың бар екендігі байқалды.

Әлгі адам:

– Қазақсыңдар ғой, бері келіңдер! – деп айқайлады. Жауап орнына Қажен екіленіп, винтовкасынан атып жіберді. Сайдағылар қол пулеметтен оқ жаудырып, Қаженді жарақаттады. Шолғыншылар стансаға қашты. Пахоменко мен ВОХР бастығы Жұмағали Тәкенов жан-жаққа хабар салды да, өздері күзеттен жеті жауынгер алып, әлгі сайға қарай жылжыды. Шәкібаевтың жазуынша, Пахоменко жасағы сайға жақындай бергенде, тасадан шыққан автомат даусын естіп жата қалады. Бұлар да мылтықтан ата бастайды.

Екі жақ осылайша оқ атысып қойып, өзара аңдысып жатқанда, Гурьевтен ішінде УНКГБ оперативтік өкілі Әбу Досжанов, УНКВД оперативтік өкілі Ғазиз Құсайынов, Ешмұқан Есқалиев, Махмұт Айтбаев, Ілияс Қаржаубаев және милиция лейтенанты Бақтыгерей Измайлов, Автаев, Сапаралиндер бар опертоп келе атысқа кірісіп кетеді. Өтепберген Әлімгереев әңгімелескен Ешмұхан Есқалиевтың айтуынша, баста оқ шығармау және десантшыларды мүмкіндігінше тірілей қолға түсіру жөнінде тәртіп болған. Алайда, опертоптағы тәжірибесіз бір жауынгердің кінәсінен бұл ой іске аспай қалады. Ол жау жаққа граната лақтырады, бірақ сасып-абдырап жүріп оның жарғышының тұтату сақинасын жұлмайды. Осы күйінде қасына түскен гранатаны Ағаев сақинасын жұлып алып, бұлардың өздеріне қайыра лақтырады. Граната опертоптан асып барып жарылады. «Осы кезде қарсыластар оқ жаудыра, «уралап» тұра келді. Амал жоқ, біз де ұрыс бастадық», – депті Е. Есқалиев. Г. Аксельродтың жазуынша, шайқас жарты сағатқа созылған. Осы аралықта бір чекист автоматтан оқ жаудырып қоймаған десантшыны «мұқият көздеп, сілейтіп салады». Шәкібаев әлгі мергеннің оперативтік уәкіл Ғазиз Хұсайынов екендігін дәлдеп айтады.

Гурьевтен тіке келуіне қарағанда Хұсайынов, тәрізті, өзінің әріптесі Шармай тобында болмаған сияқты. Ал жалпы Құлақшидегі Шармай мен Ященконың отряды бұл кезде шайқас болып жатқан жерге жетті ме, жоқ па деген сұрақтың басы ашық. Тақырыпқа байланысты қалам тартқандардың ішінен Г. Аксельрод қана сайда (онда да шайқас аяқталғаннан кейін) Шармайдың да болғанын жазады.

Бесін болды. Сағат 5-тің кезінде №4 станса жақтан ақтөбеліктер – Лебедевтің отряды келіп жетті. Егер гурьевтік және доссорлық біріккен отрядта шамамен 25 адам болды деп алып, оған стансадағы 9 әскери күзетшіні және Лебедевпен бірге келген 11 адамды үстесек, біріккен жасақтың қарамы 45-ке жетеді. Тортай Декеевтің куәлік етуінше, «арт жақтарынан біздің отряд, күнбатыс жағынан Корнилов отряды, күншығыс арқа бетінен Гурьев отряды қамауға алып, жойқын атыс болды». Алайда алдыңғы екі топтың шайқас болып жатқан сайға келіп үлгергенін өзге жазба, ауызша деректер қостамайды. Жалғыз ресми мәліметкөз – республика қауіпсіз органдары хабарламасында ВОХР мен ақтөбелік жедел топ қана айтылады.

Бұдан кейінгі оқиға барысы ресми есептерде қысқа ғана хабарлануы («берілгісі келмеген десантшылар атысып өлді») себепті әңгімені деректі көркем шығарма – С.Шәкібаев кітабы бойынша өрбітсек, Хұсайынов автоматшыны жер жастандырғаннан кейін қарсы жақ тым-тырыс бола қалады. Осы үзілісті пайдаланған бір парашютші жырадан шығып, өліп жатқан автоматшыға қарай еңбектеп жақындағанда, оны подполковник Лебедев байқап қалады. Атыс қайта қызды. Бұл жолы сай жақтан пулемет сақылдап қоймады. Лебедев граната лақтыруға әмір етті. Дәл тасталған граната оқшашардың үнін өшірді. Тағы да тым-тырыс.

Лебедев қасына бес-алты солдатын алып, граната түскен жерге жақындады. Екі өлік, бір қол пулеметі, бір автомат, патрон салатын сумка, бірнеше консерв қалбыры шашылып жатыр. Жыраны жағалай өрлеген із көрінеді. Лебедев пен Хұсайынов дереу машинаға отырып, ізге түсті. Із сүйретіліп, «оңтүстікке» қарай кетіп барады. Жау әжептәуір жер жүріп тастаған. Соған қарағанда пулемет, автоматпен екі кісісін қалдырып, өзгелері жыраны бойлап баяғыда кетіп қалған сияқты.

Бір қыдыру жер жүргеннен кейін машинадағы Лебедев жыра ішімен қашып бара жатқан үш кісінің басын көріп қалды. Отряд қашқындардың алды-артын орап, қоршауға алды.

– Қойыңдар атысты, беріліңдер! – деп айқай салды Лебедев.

Жау тыңдайтын емес, жауап орнына граната лақтырып, әлек боп жатыр.

– Құртыңдар! – деді Лебедев.

Атыс күшейді. Жау автоматтарының үні біртіндеп басылды. Жыраға мойнын созып қараған Лебедев үш қашқынның айқаса құлап жатқанын көрді. Ұрыс бітті. Отряд өліктер жатқан жерге жүгірді. «Сонда Ағаев, Закиров, Бом Бахи үшеуі құшақтасып өлген екен», – деп жазады Т. Декеев. Ибрагим Ермекбаевтың көрсетуінше, үшеуі бір жырақы жерге еңбектеп қашып барып, жан тапсырған. Ағаев қолымен ішін басып, аяғын бауырына жиып жатыр екен. Қою қара шашы төгілген басынан фуражкесі анадай жерге домалап кеткен. Мундиріне қарағанда капитан шенді.

– Осы біреуі Ағаев болуы керек, – деді Хұсайынов мұртты өлікті көрсетіп. Т. Декеев: «Ағаев қара мұртты, толық, қыр мұрынды, әдеміше келген қара екен. Бойында қарудан маузер, автомат және қанжар бар». Бағыт Демегеновтің жазуынша, сол атыста оны баяғы Хұсайынов «қапысын тауып атып өлтірген». Бір деректерде Ағаев өзін-өзі атып өлтіреді. Ал «Түркістан легионы» сапында болған Ғайпен Бейісов сол тұста Атырау облысы қауіпсіздік органында істеген Хасан Дүйсәлиевке сілтеме жасай отырып, Ағаев ұрыс үстінде ауыр жараланғанын жазады.

Жаралансын, не өлі болсын, әйтеуір сай табанына соңынан жеткен жасақшының бірі, доссорлық милиционер Мәжім Ермұханбетов Ағаевтың денесінің маңында үймелеп тұрған қуғыншыларға әуестікпен жақындай беріп, сұлап жатқан өлікті көрді де «Көке!» деп шыңғырып барып үстіне құлады.

Отряд аңырып қалды. Бірақ басшылар басқа нәрсемен әуре еді. Себебі, соның алдында жыраны өрлей жүгіріп кеткен солдаттар «Басқа із жоқ» деп қайтып келген. Бектұрлиев қайда? Жетеудің екеуі қайда? Ақшелектегі фермаға бес десантшы барса, сол кезде-ақ қалған екеуі қайда кеткен?

Чекистер ойға қалды. «Мұны енді Бектұрлиев білуі тиіс», – десті.

Сайдағы соғыс Г. Аксельрод мақаласында қысқаша сипатталған: «Жарты сағат ішінде атыс тәмам болды. Чекистерден мұнай айдайтын учаскенің әскери күзетіндегі жауынгер ғана жеңіл жарақаттанды. Ал бұйраттардың арасында, құм үстінде жансыз бес өлік жатты...» (Республика қауіпсіздік органдары басшыларының жоғарыға берген ресми мәліметі бойынша ұрыс үстінде ВОХР-3 взводының командирі мен ВОХР бөлімшесінің командирі жеңіл жарақат алды).

Аксельродтың сипаттауынша, сол сай ішінде Ағаевтың аспалы сөмкесінен дәптердің бірнеше парағы шығады. НКГБ облыстық басқармасы опертобының бастығы Лопатко (автор қай облыстың басқармасы екендігін дәлдемеген) мен Шармай әлгі қағаздарға көз жүгіртіп тұрып айран-асыр қалады. «Бұл мүмкін емес» деп бас шайқасады. «Оларда фашистік барлау үшін өзінің жалдап алған адамдарының атын, фамилиясын, туған жылын және қай жерде туғанын Ағаев өз қолымен жазған ғой!» – деп ішегін тартады Аксельрод. Кейін бұл мәліметті ақтөбелік ардагер Алексей Красиков өз естелігінде: «Ағаевтың төсқалтасынан 263 түркістандық легионердің оның өз қолымен толтырылған тізімі, сондай-ақ өзі неміс барлау органдарымен жұмыс істеуге тартқан адамдардың тізімі табылды», – деп дәлдеді. Өзге деректер бойынша, аспалы сөмкеден (төсқалтасынан, командирлік планшетінен, құмның арасына тығып кеткен жерінен) жоғарыдағы тізімдерге қоса күнделігі, жазысқан хаттары табылады. Ибрагим Ермекбаевтың жазуынша да күнделікті Ағаевтың сөмкесінен Лопатко суырып алған, айтуынша, күнделік орыс тілінде жазылған, кей жерлеріне қазақша қысқаша ескерпелер берілген, жазуы ұқыпты, анық.

Тотай Декеев сол жолы Ағаевтың әскери белдігіне тағылған сабы алтын түстес, қабы күміс қанжарды қолына алып, қарап тұрғанда жанына Гончаров келіп, әскери олжа ретінде алуына рұқсат етеді. Декеев қанжарды кейін Атырау облыстық ішкі істер басқармасының мұражайына табыстаған.

Әскери трофейден атыс болған сайға кейінірек кеп жеткен отряд мүшелері де құр қалмаған сияқты. Сол жылдары Қосшағыл мұнай кәсіпшілігінде жұмыс істеген әкеміз Әнес баяғы ізкесер жездеміз Сана Қалмұратов сапардан оралған соң қазақы дөңгелек қоңыр бөрік, зерлі қызыл шапан киіп, білегіне компас-сағат тағып көшеге шыққанын әңгімелейді.

Қараңғы түсті. Отрядтар өліктерді, трофей қару-жарақтарды машинаға тиеп алып, мұнай айдау стансасына қайтты.

Түнде Пахоменконың кабинетінде отырған Гончаров, Шармай, Кочин, Лебедев тобының үстіне стансадағы ВОХР бастығы Жұмағали Тәкенов кіріп, Бектұрлиев дейтін шалдың келіп тұрғанын мәлімдеді.

Байшыған чекистерге өзінің Ағаев тобынан қалай құтылғанын әңгімелеп берді. Бұл хикаяның Шәкібаевтың нұсқасы бойынша, атыс басталып, бір адамы (сірә, унтер-офицер Баташов) құлаған соң, біреуін (обер-ефрейтор Дінішев болуы керек) пулеметпен тосқауылға қалдырып, қалған екі жолдасымен Ағаев қаша жөнеледі. Сайға қарай далбаңдап Байшыған да жүгіреді. Осы кезде Ағаев бұрылып: «Әй, шал, сен қайда бара жатырсың?» деп мылтығын кезенеді. «Ана аттарды алып келе қояйын» деп жып еткізеді Байшыған (аттарды бір сайдың ішіне тұсап қоя берген еді). Әншейінде тоқтаған жерде шалды текеметке орап, екі жағынан екі кісімен басып жатқызатын Ағаев бұған сеніп қалды. «Біз мына жырамен жүре берейік, сен тез алып келе ғой аттарды» деді. Тегі өзін атыс састырса керек. Бектұрлиев екі аттың тәуірін ұстап мінді де, сайдың ішімен тартып отырды. Бір ат пен түйе сол жерде қала береді. Осы оқиғаның Ө. Әлімгереев келтірген және бір варианты бойынша десантшылар жер бауырлай ұшқан кездейсоқ самолетті көре салысымен, Байшығанды баяғы егіс ауылдан алып кеткен Ботақараның үлкен текеметіне (енді бір деректе өре киізге) орап тастайды. «Бірақ ілкі сәттердегі опыр-топыр, қобалжу кезінде біреуінің аяғы тиіп кетсе керек, – деп еске алыпты кейін Бектұрлиевтің өзі, – ылдиға қарай домалап кеттім де, тарқатылған киіз құрсаудан босанып үлгердім». Одан соңғы оқиға С. Шәкібаевтың жазғанындай.

Сонан кейін чекистер мен Бектұрлиевтің арасында Байжан әңгіме болады. Шәкібаевша, Байжанның өлгенін Байшыған бұрыннан білген. Ал Декеевтің жазуынша, Гончаров одан: «Атағожиевты көрдің бе?» деп сұрағанда, «Көрмедім. Қайда екенін білмеймін», – деп жауап береді. Гончаров: «Ол жігітті сенен бұрын өлтіріп кетіпті, біз оны жерледік» дейді. Сонда Байшыған жүзін төмен салып, сақалын сипап, аузын жыбырлатып отырып жылап жібереді: «Әттең, ерім-ай, соғыстан аман келіп, бандының қолынан өлген екенсің-ау. Топырағың торқа болсын, иманды бол, ерім». (Ру жағынан қуалағанда Байшыған Байжанға ағайын, Байжан жәлімбет таздың келдібайы болғанда, Байшығандар құлжабайы).

Отрядтағылар, бастықтар осымен ұйқыға бас қойды.

20-мамыр. Ертеңіне чекистер Бектұрлиевке өліктерді көрсетті.

«Басшысы мынау, – деді Бектұрлиев сілейіп жатқан мұртты жуанды аяғымен түртіп. – Мені болыс қылып қоймақшы еді, енді көрдіңіздер ме жатқан түрін». Одан әрі С. Шәкібаев Ағаевтың Байшығанға айтқан әңгімесін келтіреді. Ағаев шалға: «Жақында большевиктерді қырып, Қазақстанды өз қолыма аламын», – депті. «Баяғыдағы «Алашорда» үкіметін қайта құрып, үкімет басында өзі отырмақшы. Колхоз, совхоз, МТС-тарды таратып, жеке меншікті шаруашылық құрмақ. «Сонда сені болыс қоямын, шал. Малың көп болады, бір қызды қатын қып аласың, мүмкін бірнешеуін аларсың, оны өзің білесің. Тек мені тойға шақыруды ұмытпасаң болғаны. Самолетке отырып аламын да «Алаштың» сары жібек туымен Алматыдан құйындай ұшып келемін. Құдай бұйырса, сонда бір ат шаптырып бой көтерерміз», – деп жеткізіпті Ағаевтың әңгімесін Байшыған әлде авторға, әлде тергеушіге.

Аэромобил топ талқандалған сайдан жинап алынған қару-жарақ пен керек-жарақ мөлшері жөнінде де қолмен қойғандай дәл дерек жоқ. Ақтөбелік чекист Красиковтың мәліметіне қарағанда, сайда Ағаевтың төсқалтасынан шыққан қағаздардан басқа 2 пулемет, 25 пистолет-автомат, гранаталар, 140 кг тол толтырылған шашка, көп мөлшерде оқ-дәрі, 1 рация, 1 радиоқабылдағыш, әртүрлі әскери бөлімшелердің мөр-штамптары, Совет Одағының әрқилы облыстарының географиялық карталары, 737 170 сом ақша, қазақ тіліндегі антисоветтік үнпарақтар және басқа да айғақ заттар табылған. Ал Қазақ ССР НКВД – НКГБ басшылығының Мәскеуге берген мәліметінде аэромобил топтың 2 пулемет, 9 винтовка, 9 автомат, 16 пистолетпен қаруланғаны, бұдан басқа 20 000 әртүрлі патрон қоры, босалқы ұңғылар және пулемет бөлшектерімен жарақтанғаны айтылады. Бірақ бұлар жерге көмілген қару мен сайдан табылған қарудың жиынтық саны ма, жоқ па, ол жағы мәлімсіз.

Бағыт Демегеновтың жазуынша, бес десантшыны №3 мұнай айдау стансасының Мұқыр бетіндегі, яғни солтүстігіндегі сайдың (өлген жерлері ме, әлде басқа сай ма, белгісіз) іргесіне көміп тастайды. Ол жерді жергілікті ел әлі күнге «Бес кісінің сайы», «Бесеудің сайы» деп атайды. Ал сол күндері №3 стансаның әскери күзетінде қызмет атқарған, уақиғаның бүгінде көзі тірі бірден-бір куәгері Тұрған Мәтенованың айтуынша, өлгендерді ертеңіне, яғни 20-мамыр күні түске таман бір зиратқа апарып жерлеген.

Ендігі әңгіме сайдағы атыста болмай шыққан екі парашютші жөнінде.

Республика қауіпсіздік органдары басшылығының хабарламасында десантшылардың бесеуі өліп, екеуі түн қараңғылығында құтылып кеткені, ол екеуін 24-мамырда Мақат ауданына қарасты Қайнар өзені маңында жедел қимыл тобы ұстап алғаны айтылады (Берия хабарламасында – 26-мамыр күні). Шәкібаевтың жазуынша, екеуі Мақат аудандық НКГБ бөліміне өздері келіп беріледі. Қойман Сәдуақасов та «Қалған 2 дұшпан 24-майда өздері келді» деп жазады. Ал Б.Демегеновтің дерегінше, өз тобынан бөлініп кеткен екеуді – Оразов пен Мұқатаевты стансадағы ВОХР бастығы Жұмағали Тәкенов пен стансаның механигі Жолдас Дәулетов бастаған топ көрші ауылда тығылып жатқан жерінде тұтқынға алады. Ағаев бұл екеуін Гурьевте Көкпаев дейтінді іздеп тауып, сол арқылы рациямен герман барлау орнымен байланыс жасауға жұмсаған. Сайдағы атыстан кейін Өтепберген Әлімгереев ел аузынан жинаған дерек бойынша, №3 мұнай айдау стансасы тұрған Төсқұдық (Тасқұдық емес) ауылының азын-аулақ жандығын жайып жүрген бір қарт бақташы өрістен қызыләскерше киінген екі жігітті кездестіреді. Солдаттар қарияға өздерінің Ағаев бастаған диверсиялық топтан қашып шыққандарын, бірінің Төсқұдықтағы Ораз деген кісінің баласы Сәтмағамбет екендігін айтып, «Ауылды сағындық, бірақ барайық десек, үй маңында милициялардың жүргенін көріп, қорқып отырмыз. Айта барғайсыз, адалдығымызға сенсін, ешкімге зиянымыз жоқ. Мүмкін болса бүгін бізді осы арадан тұтқындап алып кетсін» деп сәлем жолдайды.

Бұл хабар оперативтік топ адамдарының ойын сан-саққа жүгіртеді. Шармай сияқты өзінен басқаға «өлдім» десе де сенбейтіндер: «Олар әдейі алдап отыр, қазір біздің топ барғанда автоматтан оқ жаудырып, жусатып салады, болмаса қарусыздандырып, оқ-дәрі, әскери, жұмыс күшімізді біліп алады» деп үрей шақырады. Ал ауыл адамдары: «Оу, біреуі осы араның жігіті болса, анау шешесі Айғананы алдымызға салып неге бармаймыз, қанша жауыз болса да, «Балам» деп дауыс сала жеткен шешесіне жексұрындық жасамас» дейді. Солай болады да. «Балам, беріл» деп барған Айғананы көріп, әлгі екеуі еш қарсылықсыз беріледі. Батыс Қазақстан облысына қарасты Ілбішін ауданының Мұқатаев деген қазағы, ал екіншісі соғысқа дейін №3 стансада хат тасушы болып істеген Сәтмағамбет Оразов болып шығады. Сол Төсқұдықтағы Ораз Есенғалиевтің ұлы екен. Б. Демегенов дерегінше, «десанттың ішінде Сәтмағамбет бар екен» деген хабар шыққан бойда Оразды «Балаңды тауып әкел» деп ауылдан қуған. Ол Иманқара-Қойқараға дейін іздеу салады, сөйтіп жүргенде баласын көре алмай, қоштаса алмай қалады. Ал Сәтмағамбеттің құрдасы Тұрған Мәтенованың айтуынша, ауыл сыртындағы Сәтмағамбетке алдымен әкесі барған, сосын шешесі келген. Тұтқындалған соң Сәтмағамбетті сарайда қамап ұстайды. Тұрған апай қайынатасы екеуі онымен тілдесіп те қалады. Сәтмағамбет Тұрғанға: «Құрдасымсың ғой, көзімдей көр» деп, қолындағы алтын сақинасын шешіп беріпті. Ұзамай оны конвоймен алып кеткен. Сәтмағамбет ол күнде үйленбеген, жиырмадағы жігіт екен. Ал оның серігі Мұқатаевты Оңтүстік Орал әскери округінің әскери қарсы барлау қызметі – «СМЕРШ» немістермен арадағы радиоойынға пайдаланады. Сол мамырдың аяғында чекистер шифрлы хабар арқылы Берлиннен көмек сұрайды. Көмектің келетіндігі жөнінде жауап радиограмма да алынады. Алексей Надымовтың жазуынша, шынында да 1944 жылғы 9-шілде күні Бухарестен келген ұшақ Гурьев маңына ақшамен, радиобөлшектермен жабдықталған үш агентті түсіріп кетеді. «Қонақтарды» төменде чекистер күтіп алады. Н.Милованов құрастырған «Не жалея жизни» жинағындағы Өтеулиев мақаласындағы дерек бойынша үш парашютші сол, 1944 жылғы 12-маусымда Сағыз өзенінің маңайына түсірілген. Г. Аксельродтың жазуынша, мамырдың аяқ шенінде әлгі «қонақтар» Жемнің маңындағы, немістер алдын-ала белгілеген 20-43 шаршысына түнде тасталған. Гестапоның бұл үш құпия қызметкері сол түскен бойда тұтқындалады. Ибрагим Ермекбаев бұл уақиғаны біраз басқаша айтады. Жазуынша, соңғы топ Байғанин ауданына қарасты Аққұмсағыз дейтін жерге түсірілген. Бұл Баршақұмның Терісаққан сайына жақын, Сағыз өзенінің сол жағалауында жатқан далалық жер екен. Үшеуі де Бухаресте, Габель вилласында көретін гестапо формасындағы барлаушылар. Екеуі қолға беріледі, үшіншісі қашып кетіп, Мойындықияқ деген жерде қуғыншылар жақындай бергенде жағасына жасырылған цианды калий уын тістеп, ішіп өледі.

Ендігі әңгіме жоқ болып кеткен он бесінші десантшы туралы. Ол — Байғаниндегі Қарауылкелді жерінің тумасы Сақтаған Байқадамұлы деген жігіт. Әкесі ірі бай Байқадам кезінде тәркілеуден қашып, Иран, Түркия арқылы Еуропаға өтіп кеткен. Соңыра Берлинге келіп, Сақтағанды барлау мектебіне берген. Елде көміп кеткен қазына көмбесін тауып алуды аманаттаған. Сақтаған Сарықасқаға түскеннен кейін немістер әзірлеп берген құжаттарды өртеп, арғы беттен өзімен ала келген байғаниндік Жарықбай дегеннің қызыләскерлік кітапшасын пайдаланып, елге келіп, әлгі көмбені тауып, чекистерге беріледі де, әке қазынасын Қорғаныс қорына өткізеді. Оңтүстік Орал әскери округінің СМЕРШ қызметі орналасқан Чкаловқа (Орынборға) әкетіліп, біраз жыл өткен соң қайтып келіп, ауылда қой бағады.

Қойман Сәдуақасовтың айтуына қарағанда, 27-мамырға дейін Сарықасқа жазығында күзет тұрған.

Осы аралықта екі базадан жеткізілген қару-жарақ, керек-жарақ бір жерге жиналып, түгенделді. Қазақ ССР НКВД – НКГБ басшылығының хабарламасы бойынша, екі базадан 62 жәшік кристалл және 92 бау эластик тол, 140 жанғыш шашка, 4 электрлі қопарғыш тетігі және басқа да материалдар, қарудан 2 пулемет, 9 винтовка, 9 автомат, 16 пистолет, 20 мың әртүрлі патрон, босалқы ұңғы, пулеметтің өзге де бөлшектері, алыс қашықтықта жұмыс істейтін «Крапива» рациясы, батареяларының толық жиынтығымен және динамомашинасымен қуаты аздау екі рация, қазақша 2864 үнпарақ, баспахана станогы, қаріптер жиынтығы, бояу, қазақша 2864 үнпарақ, баспахана станогы, қаріптер жиынтығы, бояу, қағаз және антисоветтік карикатуралардың дайын клишелері, 130 жалған құжаттардың таза бланкілері, 12 мастик мөрлер мен штамптар, көп мөлшердегі штаттық киім-кешек пен әскери киімдер табылған.

Серік Шәкібаев болса Атырау облыстық мемлекет қауіпсіздігі басқармасының кеңсесіндегі трофей тізімін былайша келтіреді: 2 пулемет, пулеметтің 1 жәшік босалқы бөлшектері, 8 автомат, 9 винтовка, 10 пистолет пен маузер, 20 мың әртүрлі патрон, 25 дана граната, 50 кг жарылғыш зат, 2 жәшік диверсиялық саймандар, 140 жанғыш шишалар, 2 ракетница, барлық керек-жарағымен 3 радиостанция, 3 мыңнан аса қазақша антисоветтік листовка, 1 типографиялық станок, 20 кг қазақша қаріп, клишелер, толтырылған 12 комплект әртүрлі құжат, 130 әртүрлі құжат бланкілері, 136 каучукті мөр мен штамптар, 66.600 сом совет ақшасы, 51 парашют, әскери және жай киімдер, бір айға шақталған азық-түлік, Ағаевтың күнделік дәптері, хаттары, басқа да ұсақ-түйек бұйымдар.

Ақшаны банкке апарып тексеріп көргенде жалған емес, шын ақша болып шықты.

Мамырдың аяқ шенінде Қазақ ССР Ішкі істер халық комиссары, мемлекет қауіпсіздігі комиссары Богданов пен Қазақ ССР Мемлекет қауіпсіздігі халық комиссары, 3 рангілі мемлекет қауіпсіздігі комиссары Огольцов Қазақстан жеріне жау парашютистері тағы да түсірілген жағдайда қолданылуы тиіс іс-шаралардың жобасын жасады. Ол бойынша тиісті орындарға:

1. Әуе кеңістігін мұқият бақылауда ұстау мақсатында Саратов, Сталинград, Астрахан облыстарының шекараларында, Каспий теңізінің жағалауында гарнизон әскері мен партия-совет активін тарта отырып тәулік бойы күзет ұйымдастыру;

2. Бүкіл агентуралық-хабаршы аппаратты елді мекендерде, жолдан тысқары далалық жерлерде көзге түскен бөгде адамдарды табуға жұмылдыру;

3. Парашютшілер түсірілуі ықтимал аудандарда жедел қимыл-іздестіру топтарын ұйымдастырып, оларды тиімді пайдалану. Осындай жерлерге дүркін-дүркін маршруттық агентура жіберіп тұру;

4. Өнеркәсіп нысандары мен теміржол көлігін ықтимал тіміскі-бүлдіру әрекеттерінен қорғау ісін күшейту шараларын алу;

5. Неміс барлау орындарының іздеу үстіндегі және ұсталған агенттерінің анықталған туысқандық байланыстарына бақылау жасауды күшейту тапсырылды.

Осы аралықта 14 десантшының өмірбаян деректері барынша анықталып, КСРО Ішкі істер халық комиссариатына жіберілді, ал осы ведомство басшысы жолдас Берия сол жылғы 1-маусымда «Аса құпия» грифімен белгіленген арнаулы хабарламасымен оларды Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің төрағасы жолдас Сталинге, СССР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы жолдас Молотовқа және Қызыл Армия Бас штабының бастығы жолдас Антоновқа мәлімдеді. Айтуынша, ұсталғандардың барлығы да қазақ, әруақытта неміс тұтқынына түскен Қызыл Армияның бұрынғы әскери қызметшілері. Топқа Берияның бұдан бұрынғы хабарламасында айтылған, 16-мамырда өз еріктерімен берілген Болжыбаев пен Жаниевтен бөлек мыналар енген:

1. Ағаев Әлихан, лақап аты «Иранов Ағай», топ жетекшісі, Қызыл Армияның бұрынғы аға лейтенаты, немістер тарапынан обер-лейтенант атағы берілген (атыс үстінде өлтірілді).

2. Радиостанция бастығы Дощанов Зұлхайыр, лақап аты «Закиров Зұлхайыр», неміс армиясының фельдфебелі (өлтірілді).

3. Радист Бисенәлиев Бақи, лақап аты «Бом», 1914 жылы туған, Астрахан облысының тумасы, неміс армиясының унтер-офицері (өлтірілді).

4. Топ дәрігері, лақап аты «Баташев Балхаш», тағы бір аты «Баташов Қамқор», шын аты-жөні белгісіз, неміс армиясының унтер-офицері (өлтірілді).

5. Радист Мұхамедиев Ахмет, лақап аты «Алғыров Ахмет» және «Алғыров Мір», 1918 жылы туған, Батыс Қазақстан облысының тумасы, неміс армиясының унтер-офицері.

6. «Дінішев» Мұхамбет, аты-жөні белгісіз, неміс армиясының унтер-офицері (өлтірілді).

7. Оразов Сәтмағамбет, лақап аты «Мұхаммедов», 1912 жылы туған, Қазақ ССР-іне қарасты Гурьев облысының тумасы.

8. Омаров Матай, лақап аты «Жүнісов Ыбырай», 1920 жылы туған, Новосібір облысының тумасы, бұрынғы ВЛКСМ мүшесі, бастауыш мектеп мұғалімі болып жұмыс істеген, Қызыл Армия қатарында 1939 жылдан сержант атағымен қызмет атқарған.

9. Бабашев Кеңесбек, лақап аты «Төлегенов Қалжан», 1920 жылы туған, Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, бұрынғы ВЛКСМ мүшесі.

10. Керімбердиев Рахым, лақап аты «Қожымбетов Кәрім», 1921 жылы туған, Ташкент облысының тумасы, бұрынғы ВЛКСМ мүшесі.

11. Кісебаев Кеңесбай, лақап аты «Аманжолов Қажыбай», 1913 жылы туған, Ақмола облысының тумасы, Есіл МТС-нің бұрынғы тракторшы-механигі.

12. Әлжанов Әбдіқадыр, лақап аты «Қадыров Қайдан», 1917 жылы туған, Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, Жамбыл қаласындағы малдәрігерлік техникумның бұрынғы студенті.

Бұл тізімдегі Болжыбаев пен Жаниев – аты-жөндері қате жазылып кеткен, баяғы Киров колхозының фермасына аяқтай келіп берілетін Жарас Бастаубаев пен Сыдық Қалиев. Ал сайдағы атыста ең соңында өлетін үшеудің бірі Бақи Бейсенәлиев жөнінде де айырым әңгіме бар. Ғайкен Бейісовтың жазуынша, десантшылардың біреуі теңіз жағасындағы қалың қамыстың ішімен Астрахан жаққа қашады (парашютшілердің ішінде Астраханда, ондағы Құмөзек ауылында туып-өскен Бом Бахи ғана). Артынан қуғыншылар, алдынан тосқауыл шығып қамағанда атысып, оғы таусылып, ақыры соңғы патронды өзіне жұмсайды.

Қалай болғанда да, қолға түскен парашютшілер (Ақтөбедегі бесеуі, Киров колхозындағы екеуі және Төсқұдықтағы екеуі, барлығы тоғыз адам)  «білікті тергеу-тексеру амалдарын жүргізу арқылы неміс барлау қызметі берген тапсырманың шын сипатын анықтау, шпиондық құпия кездесу орындарын және ел аумағындағы басқа да байланыс көздерін ашу, дезертирлер мен бандылық топтардың немістерге мәлім шоғырлану нүктелерін білу, бұрын түсірілген және түсірілуге әзірленіп жатқан агенттер жайлы мәліметтерді дәлдеу және «Түркістан комитетінің» міндеттері мен практикалық қызметі жөнінде егжей-тегжейлі жауап алу мақсатында» Алматыға жеткізілді.

Олардың екеуі – Жапар Басшыбаев, лақап аты «Жалтыров Жарас» және Шайсыдық Жақыпов, лақап аты «Абаев Сәкей», РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-1 «8», 58-11 бабы бойынша, сондай-ақ Матай Омаров, лақап аты «Жүнісов Ыбырай», Кеңесбай Кісебаев, лақап аты «Аманжолов Қойшығара» және Керімбердиев Рахым, лақап аты «Қожымбетов Кәрім» РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-1 «б», 58-11 бабы бойынша Орта Азия әскери округі әскери трибуналының 1944 жылғы 28-қыркүйектегі үкімімен жоғары жазалау шарасы – ату жазасына бұйырылды.

Бұлар Г.Аксельрод тәрізді мәліметі молдау авторлар жазғандай, «Сувалка концлагерінде тұтқындарды аяусыз азаптаған аға полицей, гестапо абақтысының бұрынғы жендеті» ретінде әскери қылмыскер деп танылғандар болуы мүмкін.

Қалған төрт десантшының – Ахмет Мұхамедиевтің, Сәтмағамбет Оразовтың, Кеңесбек Бабашевтың және Әбдіқадыр Әлжановтың бұдан кейінгі тағдыры белгісіз.

Совет үкіметі атыраулық чекистердің көзсіз батырлығы мен жанқиярлық ерлігін лайығымен бағалады. И. Гончаров, И. Бабич, К. Шармай және құралайды көзге атқан мерген Ғ. Хұсайынов, байғаниндік чекистер Бейсен Есенбаев пен Арық Құрманиязов жауынгерлік «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталды. Неміс агенттеріне қарсы күресте көрсеткен ерлігі үшін №3 мұнай айдау стансасының бастығы В.Пахоменко «Құрмет белгісі» орденіне ие болды. Бейбіт тұрғындардың ішінен десант тобын жоюға қатысқан жалғыз адам ретінде осы Вениамин Пахоменко ғана танылғанын айта кету жөн. 1944 жылғы әрекеті үшін өмірінің ақырына дейін берілетін жәрдемақы тағайындалғанына қарамастан, Байшыған Бектұрлиевті де десантты ұстауға қатысушы деп тану жөніндегі ұзақ жылғы ізденіс нәтиже бермеді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша департаментінде сақталған Ағаев десантын іздеу және жою жөніндегі хат-хабарлардың ішінде, сондай-ақ тірі қалған парашютшілерді айыптау жөніндегі архивтік қылмыстық істер арасында Бектұрлиев Байшығанның Ағаевтың диверсиялық тобына жолбасшы ретінде енгізілгенін дәлелдейтін материалдар жоқ болып шықты. Дегенмен, айыпталушылардың жауаптау хаттамаларында топқа жол көрсетуге келісім берген бір қарт жөнінде айтылады, бірақ аты-жөні көрсетілмеген. 1969 жылы 75 жасқа келіп дүниеден қайтқан Байшыған есесіне бертін Серік Шәкібаевтың күш салуымен «Қазақтың Сусанині» атанды, баяғы француз армиясын адастырып жіберетін костромалық шаруа Иван Сусаниннің ерлігін қайталаған бұрынғы КСРО-лық 53 азаматтың бірі ретінде суреті Кострома облыстық тарихи-сәулет мұражайының Сусанино поселкесіндегі филиалына қойылды. Бәйбішесі Алтынмен бірге он бір ұл-қыз тәрбиелеп өсірген Байшекеңнің екі үлкен ұлы Ұлы Отан соғысына қатысты. Айболат ерлікпен қаза тапты. Қошан Байшығанов Берлинді алуға үлес қосты. «Қызыл Жұлдыз», екінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталып, соғыстан екінші топтағы мүгедек болып оралды. Есенгелді бір кезде әкесі туып-өскен Шыңғырлау жері аумағына кіретін Батыс Қазақстан облысында кәсіпкерлікпен айналысады. Кенже ұлы Есенжан да Оралда. Тасым дейтін баласы өмірінің соңғы жылдарында Орал қаласында  тұрады, бертін жүрек ауруынан қайтыс болды. «Теңізмұнай» басқармасында еңбек етеді. Ұзақ жыл салық органдарында жұмыс жасаған Ақкенже де Құлсарыда. Одан басқа Балқыс, Дәлен, Тамара, Ағибаш дейтін ұл-қыздары бар.

Ал Тотай Декеев болса сол 1944 жылы Қызылқоға аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы қызметіне жіберіледі. Кейінгі жылдары Гурьев облысына қарасты Есбол, Бақсай, Мақат, Махамбет аудандарының милиция бөлімін басқарып, 34 жыл үздіксіз еңбек еткен соң подполковник шенінде доғарысқа шығып, кейінірек қайтыс болды. Қызы Қарлығаш ұзақ жылдар білім беру, мәдениет саласында еңбек етті, қазір Қызылқоға ауданының орталығы Миялы кентінде тұрады.

Десантшы Сәтмағамбет Оразовтың әкесі Ораз Есенғалиев сол Төсқұдықта 1986 жылы бақилық болды. Кете-кеткенше: «Жалғыз ұлымнан қарғыс тиіп айрылдым. Жас кезімде Көкжардың базарында бір жігіттің мықты атына көзім түсіп, өз еркімен бермеген соң оңашада қарнын жарып өлтіріп, атын алып кетіп едім» деп «аһ» ұрумен болыпты.

Сайдағы атыстан соң Ағаевты танып, үстіне өкіре құлайтын немере інісі Нәжім (Нәжімеден) Ермұхамбетов, зайыбы Зеріптің айтуынша, көп кешікпей жұмыстан, яғни Доссор аудандық ішкі істер бөлімінің милиционері қызметінен қуылады. Көзтүрткі, жеккөрінішті қиянатқа шыдай алмай, 1946 жылдың жазында дүние салады. Ал туысы Қонысбай Шайғыровтың дерегінше, жасынан сезімтал, құмбыл жігіт тас жүректің өзін түршіктіретін сайдағы көріністен соң ақыры оңалмай, депрессияға шалдығып өлген...

(жалғасы бар)

Мақсат Тәж-Мұрат

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063