Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4778 0 пікір 14 Маусым, 2011 сағат 02:22

Мұхамеджан ТАЗАБЕКОВ: «Асылып өлген мен өзін жарғанның үкімі бір»

«Халық сөзі» газетінің  №41 санында жарық көрген «Асыл арна» ислами-ағартушылық телеарнасының бас директоры Мұхамеджан Тазабеков бауырымыздың сұхбатын жариялап отырмыз. Бұлай етуіміздің өзіндік себептері де бар. Біріншіден, бұл сұхбат газеттің форматына сыймай қалғандықтан ықшамдалған емес, толық нұсқасы. Екіншіден, сұхбаттың жалпы мазмұны біздің оқырманды, әсіресе, бір-бірін дәлелсіз янаттайтын қайсыбір оқырманымызды ойландыратын салиқалы пікірлермен шегенделіпті. Үшіншіден, соңғы бірер айдың ширегінде ел ішін үрейлендірген пәлелі істерге қатысты қаңқу сөздер «Асыл арнаны» ашып отырған Тазабеков мырзаны айналып өтпейтін ғадет тапқан. Сондай қаңқу сөздерге Мұхамеджанның өз аузынан жауап болсын дедік.  «Абай.кз» ақпараттық порталының доктринасында жазғанымыздай, біз үшін: «Бар қазақ - бір қазақ, бір қазақ - бар қазақ» екенін жұрттың есіне тиянақтап салу - төртінші себеп. Шындық айтылсын, шындық, бірақ шын айтылсын, ақиқаттың ауылында табысайық, ағайын. Алмағайып мына заманда Абай болайық, Абайшыл болайық!

«Абай-ақпарат»


«Халық сөзі» газетінің  №41 санында жарық көрген «Асыл арна» ислами-ағартушылық телеарнасының бас директоры Мұхамеджан Тазабеков бауырымыздың сұхбатын жариялап отырмыз. Бұлай етуіміздің өзіндік себептері де бар. Біріншіден, бұл сұхбат газеттің форматына сыймай қалғандықтан ықшамдалған емес, толық нұсқасы. Екіншіден, сұхбаттың жалпы мазмұны біздің оқырманды, әсіресе, бір-бірін дәлелсіз янаттайтын қайсыбір оқырманымызды ойландыратын салиқалы пікірлермен шегенделіпті. Үшіншіден, соңғы бірер айдың ширегінде ел ішін үрейлендірген пәлелі істерге қатысты қаңқу сөздер «Асыл арнаны» ашып отырған Тазабеков мырзаны айналып өтпейтін ғадет тапқан. Сондай қаңқу сөздерге Мұхамеджанның өз аузынан жауап болсын дедік.  «Абай.кз» ақпараттық порталының доктринасында жазғанымыздай, біз үшін: «Бар қазақ - бір қазақ, бір қазақ - бар қазақ» екенін жұрттың есіне тиянақтап салу - төртінші себеп. Шындық айтылсын, шындық, бірақ шын айтылсын, ақиқаттың ауылында табысайық, ағайын. Алмағайып мына заманда Абай болайық, Абайшыл болайық!

«Абай-ақпарат»


- «Ақиқат» фильмі эфирге шыға салысымен, оны әзірлеп дайындаудың артында мүдделі топ тұр деген қауесет желдей есті. Тегі болмаса, деректі фильм тапсырыспен дайындалды деп те жүр. Өзіңіз болып, осының ақиқатына көз жүгіртіп көрсек, тапсырыстың артында кімдер тұруы мүмкін?

- Алмағайып кезеңде амал жасап жатқандықтан да, қоғамда жалт еткізген оқиға бола қалса, оның артында кім тұрғанын іздеп, көз сығырайтып жатамыз. Бұл сұраққа неге мен жауап беруім керек? Әйтсе де, "пікірімді білгім келеді" десеңіз, айтар едім, «Хабар» - алдымен мемлекеттің арнасы. Демек, мемлекеттік арнаның дәрежесін көрінген адам қолжаулыққа айналдыратын, белгілі бір топтың сойылын соғып, тапсырысын орындайтын қолбала қылып көрсетуге болмайды. «Ақиқат» фильмін көріп шыққаннан соң бұл мемлекет мүддесі тұрғысынан дайындалған фильм екенін таныдым. Фильмнің басты кейіпкері Исматулла бола ма, немесе тіпті басқа болса да, қалай болғанда да ақиқатты анықтау үшін жұмыс жасалынуы қажет. Бұл турасында Елбасының «тексеріңдер, анығын біліңдер» деген сөзін бәрі біледі. Бұл сөз аспаннан алынған жоқ. Имамдар өтініш білдірді, сәйкес бұйрық болды, іс қозғалды. Енді келіп, мемлекеттік арна жұрттың көңілін алаңдатпайын деп, журналистік зерттеу жасап жатса, бұдан күмән туғызып, мәселені қоюлататындай ештеңе көріп тұрған жоқпын. Артында кімдер тұр деп айыптыны іздеу ағайынды алаңдатып, жұртты жарып, елді бөлу деп ойлаймын.

- Осылайша, «Ақиқат» пен менің арамда ешбір байланыс жоқ дегіңіз келеді ғой...

- Әрине, менің ешқандай материалдық та, «осындай фильм шықса екен» деген идеялық та ой-пікірім болған емес. Мен әуел бастан алқа зікірдің намаздан алдын тұрмайтын амал екенін білдірген пікірімді "Жас Алаш" газеті осыдан он жыл бұрын бірінші бетіне жалаулата жариялаған. Ал құзырлы мемлекеттік органдар менің кеңесіме зәру емес.

- Аталмыш фильмге арқау болған діни топтың іс-әрекетіне секта ретінде сипаттама мен сәйкесінше реңк беріліп жатыр. Әгәрәки, осы топтың секта екені шыңдыққа сайса, бар қаупін ашып көрсете  алдық па? Әлде әлі қылмысы құқықтық тұрғыдан анықталмаған азаматтардың абыройына нұқсан келтіргендей болдық па?

- Өркен бауырым, біз құқықтық мемлекетпіз. "Тысячи мнений не стоит одного факта". Енді бұл мәселе заңгерлердің еншісінде. Бұл жерде менің не қатысым бар?

- Жарайды делік, осы адамзатқа ортақ исламнан «қазақтың исламын» бөле жарып алып шығуға келе ме? Себебі, «Просвещенный исламды» орнату, жәдитшілдікке оралу секілді модернизациялық сұрақтар көбейіп кеткенін өзіңіз де сезіп жүрген боларсыз.

- Қазіргі қоғамда дінді сыртынан тамашалағаны бар, бес парыздың бірін орындаған адамы бар, әйтеуір пікір айтып, ой білдіретіндер көп. Діннің егесі Алла ғой, ол арабтың я қазақтың меншігіндегі дүние емес. Алла тағала Исламды Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) арқылы адамзатқа теңдей етіп жіберген. Және қиямет күніне дейін үкімі жойылмайтындай кемел қылып, барлық кезеңге лайықтап берген. Әйтпесе, Алла тағала ХХІ ғасырдың келетінін білмей қалып па? Сол себептен де, біз мына бір қағиданы ұмытпауымыз керек: Ислам қазаққа немесе өзбекке ыңғайланатын дін емес. Керісінше қай ұлт болсын, ақиқатқа қарай ыңғайланғаны абзал. Айтылып-жазылып жүрген пікірлерден ұққаным, Ислам діні бізге қарай иілмесе,  тұрмысқа томпақ келіп, кедергі жасап тұрғандай көрінетін секілді. Бұл Исламның икемсіздігінен емес, әлі де дінді терең игеріп, толық түсінбегенімізден.

- Сұрақтан сұрақ туып жатыр ғой, мына дін ақиқатын айта бастасаң, арабтануға бастап бара жатқандай шошыну сезімін қайда қоясыз? Сол себептен де, сізге қатысты «араб тыңшысы» деген «ақаудың» шығып жатқанын жасырып қала алмай отырмыз.

- Бұған былай жауап берер едім. Ислам тарихына терең үнілсеңіз, пайғамбардың бізден шығуы деген дерек мақтанарлық жайт емес. Арабтардың арасынан пайғамбар таңдалуы да біз қызғанатындай бедел емес. Себебі, тарихтан білеміз, пайғамбарлар азғындап, адамдық кейпінен айрыла бастаған қауым арасынан шығатын болған. Сол рухани аурулардың шипасы ретінде Алла тағала пайғамбарын жіберіп, кітап түсіріп, өзінің хақ дінін таратып отырған. Сондықтан, арабтар үшін пайғамбар жіберілгені олардың еске алғысы келмейтін ең қасіретті кезеңі болды деп есептеймін. Бұл жағынан алғанда біздің арабтан артықшылығымыз бар. Екіншіден, арабтар сияқты болайық дейтіндей бізден асып бара жатқан айрықша еш нәрсесі жоқ. Бүкіл мұсылманның жүрегінде тұрған, Алла тағала өзі мүкәррам еткен Мекке мен Қағбаны, пайғамбарымыздың мүбәрак мешітін айтпағанда, арабтар ұлт ретінде орташа ғана бір халық. Бұл Құранда берілген баға. Яки, халқымыз араб сияқты болсын дер болсақ, онда қазағымыздың қасиеттерін бағаламағандық болып саналады.

Мәселен, қазақ халқы Ислам діні тараған елдердің ең қиыры болып есептеледі, иә? Бірақ, қасиетті жерден алыста тұрып-ақ, дінімізді бекем сақтап келеміз. Атеистік қоғамнан сүлдерімізді сүйретіп шықсақ та, Құранымызды ұмытпай, сүннетті орындап, әр ісімізді Алланың атымен бастап, ұлымызға Мұхаммед, қызымызға Айша деген есім қойып жатырмыз. Қағбаның қасында тұрып, намаз оқымайтын немесе Меккенің тұрғыны болса да, қажылық жасамайтын арабтарды да білеміз. Демек, бұл жерде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Арабтың араб еместен, араб еместің арабтан артықшылығы жоқ. Адамнан адамның артықшылығы - тақуалығында» деген хадисіне сүйенбеске болмайды. Сондықтан, ақиқатты жеткізейін деп сөз алсаң, арабтың тапсырмасын орындап жүргендей көретін жан шыжғырар жала жапқан бәлеқорларға басқалай айтарым жоқ. Қайта арабтың қазақтан үйренетін нәрсесі көп десем, жаңылыспаймын. Үш жүз жылдай қамыт киіп, үрей үйірген Кеңес саясатын бастан өткерсек те, Алласын ұмытпай, Астанасының төрінде азан айтылып, Елбасын елдің тұтқасы санап, ауызбіршілігінен айрылмай отыруы да Алла берген тамырымыздың терең, тегіміздің асылдығынан деп білемін.

- «Дінді халықтың ығына, харекетіне қарай реформаламаса, орта ғасырлық деңгейінде бізге сінбейді» дейді біреу. Сіз, әрине «болмайды» дерсіз. Неге?

- Адамдар дінге қарайды да, азуы батпайтын ауыр секілді көреді. Содан оған соны леп береміз деп, мәселенің төтесіне бір-ақ көшеді. Баяғыда бір адамның әңгімесіне куә болған едім. Ол ағамыз «Ислам өңкей тиымның діні, анау болмайды, мынау болмайды дегенше, онда өмір сүрмей-ақ қояйық» деп күйінгеніне қарап, сұрақ қойған едім. «Сонда Ислам нені тыйыпты?» десем, арақ ішуге болмайтынын алға тартты. Бұны Ислам айтпай-ақ, ғылым, медицина баяғыда дәлелдеп қойды. Пайыз алуға тиым болса, оны да қаржы мамандары қатерлілігін ескертіп тастаған. Ислам әйелге орамал таққызса, оның биологиялық, психологиялық себептерін ғылым ашып, мақұлдап тастады. Былайша айтқанда, ол кісі келтірген тиымдарды Ислам айтпай-ақ, ғылым дәлелдеп қойған болып шықты. Қарап отырсаң, дінде «болмайды» деген тиымнан гөрі «болады» деген ұлықсат көп. Тереңірек біле түссең, дін деген өте жеңіл. Сонда біз қолдан жеңілдік іздемей, қайта осындай кемел дін берген Аллаға сансыз мадақ айтқан болар едік.

Дін біздің тіршілігімізге кіріге алмай жатқандай болса, оның кемшілігінен, я келістірілмегендігінен емес. Оны өмірімізге хикметпен ендіре алмай жатқанымыздан. Сондықтан, өз басымызға келген қиындықты діннен көріп, оны реформалауға тырыспауымыз керек. Себебі, кім нені жаратқан болса, жаратқанның жағдайын жақсы біледі. Алла тағала да адамзатты жаратты ма, оның толық бақытқа жетуіне бар жағдайын жасап тастаған. Бұл жердегі басты мәселе мынада секілді. Исламда кейбір жағдайларға байланысты орны ауысып отыратын бос кеңістіктер болады. Мысалы, бір іске байланысты ауыр немесе жеңіл пәтуаны ұстануға тура келетін сәттер бар. Ілгеріде Омар халифтың уағында аштық жайлап, ұрлықшылар көбейіп кетеді. Сонда қолға түскен ұрлықшылардың қолын кесуге Омар тиым салады. «Алла тағаланың бұйрығын өзгертесің бе?» дегендерге халиф «Аштық қысқан адамдар ғана ұрлық жасап жатыр. Бәрінің қолын кесе берсек, сау адам қалмайды ғой» деп мейірімділік көрсеткен. Сонда Алланың қолын кесу туралы үкімі тұрған жердің өзінде әділетті халифтер шешімді жағдайға сай өзгертіп отырған. Сол әділетті халифтердің шешімді өзгертуінің өзі Исламның ішінде қамтылған. Даладан алынған дара пікір емес. Сондықтан, заманымызға сай келетін пәтуаларды, қағидаларды сараптап шығара білетіндей дін ғұламалары керек. Қазіргі уақыттағы мәселенің бір ұшығы да осы қатары өсіп келе жатқан иманды жастарға, жамағатқа еге болатын ғұламалардың аздығында. Діни басқарма да кадр тапшылығынан көп жұмыстарды көпшілікке жеткізуде қолын ұзарта алмай отыр.

Президенттің хижапқа қатысты пікірін бірнеше қыздың әкесі Мұхамеджан Тазабеков қалай қабылдады?

-  Қалай болғанда да біз Президенттің сөзін ынсаппен қабылдауымыз керек. Біріншіден, Елбасы мен ел бөлек ұғымдар емес. Елбасы елінен бөлек тұлға емес. Халықтың рухани хал-ахуалы қалай болса, соған лайықтап басшысын береді, басшының мінезінен табылған бар қасиет сол қауымының ішінен табылады. Мәселеге мұсылман ретінде қарар болсам, Елбасының сөзі ұнаса да, ұнамаса да оған мойынұсынумыз тиіс. Хижапқа келгенде, бүкіл мұсылманның атынан ҚМДБ-ның аппарат басшысы Қайрат Жолдыбай деген білімдар бауырымыз өз мақаласында өте дана жауап бере кетті. Бірнеше қыздың әкесі ретінде сол жауапқа алып-қосарым жоқ. Ал жеке басымнан айтар болсам, шынында Елбасы сынаса, сынағандай шектен шығушылар да жоқ емес қой біздің қоғамда.

- Осы шектен шығушылыққа кінәлінің бірі Skype арқылы білім алу және интернет деп едіңіз бір сөзіңізде...

- Иә, қазір Skype бағдарламасымен, алыстан отырып дәріс оқыту деген шықты. Бұрын неге шәкірттер ұстазының тізесіне тізесін тигізіп тұрып дәріс алатын болған? Себебі, оқу барысында білмегенін сұраған, ұстазы да шәкіртінің деңгейін, ынтасын, көңілін аңдап отырып, ілім үйрететін болған. Ал енді сен басқа мемлекетте отырсын. Бұл елдің ділін, тілін білмей, шәкірттің қабылдау деңгейін зерделемей жатып, дәріс беру ел ішінде фитнә салатындай әрекет болғандықтан, айыптамаса болмайды.  Интернеттегі бей-берекет пәтуаларды білсін-білмесін сіңіре беру, шетелде оқып жатқандармен қарым-қатынасы бар адамдардың хикметсіз берген дәрістерін тыңдаудың арты неге апарды? Қара жамылып, никаб киді.... Елбасы кейісе, осылай жұрт көзіне оғаш көрінетіндей сипатта жүрген жастардың дінге келдім деп,  сырт келбетіне мән беріп кеткеніне кейіді. Бұған заң шығарып, я жазалап жатқан жоқ қой. Президенттің азамат әм тұлға ретінде парасатты пікір білдіруіне болатын шығар енді? Оның үстіне әйелге парыз болған киім үлгісінің де бір шарты көпшіліктің көзін тартып, назарын аударатындай болмауы керек емес пе еді? Қазір мүфтияттың ұлттық өрнектегі әйелдер киімінің үздік үлгісіне байқау жариялап жатқанын білерсіздер. Бұйырса, осы байқаудан кейін жақсы үрдіс елге үлгі болатын шығар.

- Кейінгі кезде қабір қирату «операцияларының» қайталануы қалыпты да қорқынышты құбылысқа айналды. Әрі бұның мұсылман зираттарына бағытталып жатқанын көріп, мақсатты шабуыл екенін байқауға болады.  Бұл бағамымыз қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз?

- Жаркентте ағаш өртеніп, Атырауда қабірлер қирап, маңайымызда мазарлар бұзылып жатса, бұл арандатушы елбұзарлардың "бірің өліп, бірің қал" деген арам пиғылды іріткісі немесе Исламның иісін ғана сезіп, ішіне нәрін құймаған дүмше жастардың білімсіздігі. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бірінші фактордың қисыны көбірек келеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қайтадан бұзып, салынуға лайық болған Қағбаның өзін адамдардың жағдайына қарап, дұрыс түсінбей қалмасын деп бұзбады. Ал біреудің аяулы әкесі, анасы, ата-бабасы жатқан бейіттерді рұқсатсыз қирату өрескел әрекет. Ысыраппен күресу бұлай жүргізілмейді. Сүннет таратуда даналық пен мейірім қашанда алдыңғы қатарда тұрған. Әрине, ондай елбұзарлар қылмыстық дәрежесіне сай жазасын алуы керек. Әрі осы тақылеттес жастар көбейіп кетпесі үшін оларға дінді дұрыс түсіндіру бүгіннің аса маңызды міндеті.

- Бұл тұста да кейбір азаматтардың Тазабековтің өзі қолына қайла алып, қабір қиратып жүргендей көретіні бар емес пе?

- Қазақтың бір-біріне достық қылмай, қастық қылуының басты себебі құлдық санадан. Күн ілгергі тарихымызға қарасақ, өз ойымызға өзіміз еге бола алмай, біреудің сырттан танған пікірімен кісіге баға беріп, есіл күндеріміз есепсіз өткен екен. Осы есептен де ел арасынан бізге қарсы пікірлердің өзіне түсіністікпен қарауға тырысамын. Өз халқыңа өкпелемейсің. «Білмегенді кешірмесең, білгендігің қайда» дейді қазекем. Оның үстіне, мойындамай, айтпай жүрген нәрсе емес, жас болдық, иманның мастығына бой алдырған кездер болды. Кез келген адам сәйгүлік атқа мінсе де, самал желге кеудесін керсе де, ән салғысы келетіні бар емес пе? Ал иманға ұйып, хақты таныған шақта «бәрі тез оңала қойса екен» деген дұрыс мағынасында «Бос арбаның салдыры көп» дегендей, желік бітіп, желпінгеніміз де рас. Уақыт өтті, аптығымыз басылды, ақыл тоқтаттық. Алланың алдында істің нәтижесінен емес, істеген әрекетімізден сұралады екенбіз. Осыны түсінгенде, ақыл менен қайратқа сабыр мен білімді жолдас етудің қажеттілігін түсінгендеймін. Дін осы. Бұл ақиқат. Ақиқат ащылау. Ашырқанған ағайынның шамына тиеді. Айыптайды. Алайда, айтылған он айыбының тоғызы - жала. "Жек көрме, түсін" депті Спиноза шал. Өз қолыңды өзің кесесің бе? Рас, ел "уахаби", "радикал" деп атап жүрген шектен шығушылар жоқ емес. Бірақ оларды бізге әкеліп жапсыру жақсы менен жаманды айыра алмаған, бір ұрты май, бір ұрты қан, парықсыз қауымның айтаққа ерген надан әрекеті. Алайда "фанат" болып кетпеу үшін сақтанып, "Алла жүрегімде, пейілің таза болса" болды деу де Аллаға алып баратын ақиқат жол деп айта алмаймын.

- Жихад деп Қапқаз барып, өзін жаруға бел байлаған жастардың жайын да осыған қоса кетсек бола ма?

- Бұл жастарға жаным ашиды. Әрине, дін ғұламаларына үнілсек, жихад дегеннің қаншама қағидалары бар екенін жіктеп, талдап жатады. Сол қағидаттарға сүйенсек, жихад деген, ол елге қауіп төнді деп Елбасы жарлық шығарса, мінеки, сол кезде ғана Алла үшін деп, жаудан Отанымызды, отбасымызды қорғап шығу. Ал енді бөтен елде болып жатқан бүлік үшін, біреудің мұнай тартысы, біреудің дүние мақсаты үшін болып жатқан отты ошақтарға жастарымыздың баруы үлкен жамандықтың бастауы. Діни себептен болсын, азаматтық ұстанымынан болсын, өзін-өзі жарып жатқан жастарға аяғаннан басқа, айлам жоқ. Себебі, жүретін қызы тастап кетіп, асылып өлген я банкке берешек болып, өзін өртеп жібергеннің Алланың атын жамылып жарылып кеткен адамнан пәлендей айырмасы жоқ. Барлығы өзін-өзі өлтіргендер болып саналады. Тіптен, Елбасымыз жарлық шығарып, Алла бетін аулақ қылсын, майданға аттанған күннің өзінде өлуге ниет етіп баруға болмайды. Соғысқа барған адам Алланың сөзін биіктетуге, абыройлы жеңісті мақсат тұтып баруы шарт. Оспан батыр айтпақшы, "жауға өлем деп шаппайсың, жеңем деп шабасың".

Қазір намаз оқымаған қазақты кәпір дейтіндер шықты. Иә, өзін өзі мұсылман емеспін, тәңіршімін немесе мәсіхшімін деп жатқандар болмаса, қаймана қазақ әлхамдулилла мұсылманмын деп жүр ғой. Басқа мәзһабтағы ғалымдардың үкімдерін білмедім, біздің Ханафи мәзһабында намаз оқымаса да, ораза ұстамаса да, себептерді ескере отырып, мұсылманмын деген адамды кәпірге ұйғару үлкен жауапсыздық қана емес, жауыздық болып саналады. Ұлт үшін аса қатерлі түсінік.

- «Ширк», «бидағат», «сүннет» сөзі уахабшылардың ғана лексиконында кездесетін сөз секілді қарала бастады. Осынау жайтқа байланысты не айтар едіңіз?

-  Иә, бұл жерде екі мәселені ашып көрсетпесе болмайды. Біріншісі - дінге келіп жатқандардың дені қырыққа толмаған жастар. Оқып келген дін уағызшыларының өзі қырыққа толмаған, қанаты қатаймаған. Сондықтан, осындай жастар келіп, дін уағызымен айналысқан кезде жасқа тән максимализм, ұшқарылық, істің нәтижесін көруге асығу, албырттық тән болады. Бұның арты кей жерде адасуға, кей жерде аяғын шалыс басуына алып келеді. Тәжірибесіздіктен, албырттықтан шелпек таратқанға, Құранға қол жайғанға тиісіп, «ширк» деп бір сөзбен шарт түюге ұмтылған білместік әрекеттері болмай жатқан жоқ, болды, болып жүр. Екіншіден - Батыстан қара бұлт төніп келе жатқандай, айқайға сүрең қосып, ел арасына іріткі салатын адамдардың бар екендігі. Мысалы, ширк сөзі шариғатта жоқ емес, бар. Бірақ айтылатын жөні бар. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір бәдәуиға келіп, «қанша Құдайға сыйынасың?» дейді. Ол «Жеті Құдайға. Біреуі аспанда, алтауы жерде» деп жауап берсе керек. «Қатты қиналғанда қайсысынан жәрдем сұрайсың?» десе, «Аспандағысына» депті. «Онда жәй қиналғанда да соған сыйына бермейсің бе? Қатты қиналып тұрғанда көмектескен Алла жайшылықта да жәрдемсіз қалдырмайды» деген Пайғамбарымыз (с.ғ.с) таухидті осылай түсіндірген. Ширктен қайтарған. Бізде әдеттің өзін, мәкрүһ істерді, кейде харамды ширк деп, қатты кетіп қалатын жастар кездесіп қалады. Бұл діндегі таухид қосалқы мәселе деген сөз емес. Барлық ғұламалар оны мойындайды, бүкіл пайғамбарлар барлық жұмысын адамдарға Құдайдың бір екенін түсіндіруден бастаған.

Осы жерде айтпасқа болмайтын бір қате түсінік бар. Қазір «Аллаға тікелей құлшылық жасауға болмайды. Ол жеткіліксіз. Аллаға ардақты адамдар, қасиетті дәнекерлер арқылы жақындау керек» деп уәж айтып жүргендер барын білесіз. Сондағы мысалдары, "сен әкімге я министрге тікелей кіре алмайсың, кеңесшісіне өтініш айтып, алдына жазылып барасың. Ал сен әлемдерді жаратушы Алла тағалаға қалай кіресің?" дейді. Сөйтіп, өздері қалай логикалық қателік жасап жатқандарын білмей жатады. Әуелі кез келген жаратылыс иесін Алламен салыстыруға келмейді. Керісінше сол әкім я министрге тікелей кіре алмай жатсақ, оның құдіреттілігінен емес, кемел еместігінен, әлсіздігінен туып жатқан мәселелер. Қанша жерден дана министр болса да, екі адамның әңгімесін қатар тыңдай алмайды. Ал Алла тағала бүкіл адамзаттың дұғасын бір мезетте естіп, қалауын бір сәтте орындай алады. Таухид дегеніміз, міне осы. «Таухид, таухид» деп елдің есін шығаруға да, таухидті терістеп, әлгі әкім-министрдің мысалын келтіруге де болмайды. Ақиқат орта жолды ұстанғандарда.

- ҚМДБ-ның жұмысына көңілі толмай, Әбсаттар қажыны әжуа қылып, хат жазып, қызметтен кетуін тілеп жатқандар да табылады. Осы жерде сіздің де «ала алмай жүрген еншіңіз бар» дейді «ел іші»...

- Бас мүфтиге ғайбат айтып, жала жапқысы келіп, не оған мұсылмандарды қарсы қойғысы келіп жатқандарды көргенде, таң қаламын. Мысалы, Әбсаттар ағаның 70-шы жылдары жазған еңбектеріндегі атеистік пікірлерін тауып алып, муфти болуға лайық адам емес деп айтқысы келеді. Және біраз ел бұған сенгісі келеді. Бұл шариғи тұрғыдан алғанда аса ауыр қателік екенін біле ме екен? Себебі, мұсылман өткен күнімен өлшенбейді, келешектегі ісімен таразыланбайды. Мұсылман осы күнімен бағаланады. Осы сәтте ол қандай, бағасы солай беріледі. Ол «намаз оқуға ниеттеніп жүр ғой» немесе «бұрын намаз оқыған» деп бағаланбайды. Егер біз олай қарайтын болсақ, ең әділетті халифтердің бірі Омар кезінде пұтқа табынған, туған қызын тірідей көмген адам еді. Сол адам кейін адамзат үлгі тұтатын ұлы тұлғаға айналды. Дәл бүгінгідей артын қазар болса, «кеше ғана қызыңды өлтірген қанышер едің, бүгін халиф бола алмайсың» десе, соған сахабалардың ақылы мен ілімі жетпей қалды дейсіз бе? "Өнбес дауды өспейтін ел қуады" демей ме дана халқымыз.

Кеңес кезеніңдегі жағдайды сол заманға тапсырып қояйық. Кезінде Әбділда Тәжібаевты жас жазушылар жазғырған кезде, атамыздың мінбеде тұрып айтқан сөзі бар екен. «Ей, жастар! Ол заман қиын кез еді. Қазақта «Аспаннан бұршақ жауса, торғай балапанын қорғайды, аспаннан тас жауса, торғай басымен қайғы болып кетеді» деген мақал бар» деп қиналған атамыздың мысалына салғанда, ол заман өзімен кетсін. Содан да, хазіретіміздің осындай қиын кезде мүфти болғандығы үшін ғана қадірін арттырып, өткенін қазбаламауға болар еді. Әсіресе, өтпелі кезеңде Елбасы болу да, дінбасы болу да жауапкершілігі өте ауыр міндеттер. Біздің қоғамда кімдер өмір сүріп жатыр? Әлі атеистік көзқарасынан арылмай, «Құдай бар ма, жоқ па?» деп жүргендер, кеше комсомолдың нанын жеп, бүгін бизнестің дәмін татып, бар нәрсені ақшамен өлшеп жүргендер және Маркстің идеясына миын шайғызбаған, мешіттегі имамның айтқанына ұйып, қыздың қолын ұстап көрмеген жастар қатар өмір сүріп келеді. Осы үш түрлі құндылықты арқалап жүрген адамдар қоғамында мүфти болып қызмет ету, дін тарату кісі қызығып, қызғанатындай мансап емес. Сондықтан, Әбсаттар ағамыз осы кезеңге ең бір лайықты тұлға деп танып, басшыға бағыну дініміздің талабынан.

- Сіз басқарып отырған телеарнаның жұмысына қатысты сын пікір ара-тұра айтылып тұрады. «Асыл арнаның» эфирінде қайталау көп дегеннен бастап «Асыл арна» өз халқына қарсы жұмыс істеп жатыр» деген аралықтағы пікірлерге берер жауабыңыз бар ма?

- Адам өзі кісіден не іздесе, соны табады. Жалпы кез келген сын айтылып жатса, сол сынға барынша әділ қарауға тырысамын. Себебі, Құранның қағидасы да солай. «Біреулердің сендерді зұлымдыққа ұшыратуы сендердің шектен шығуларына себеп емес» деген мағынадағы аят та бар. Сондықтан, көре алмастықпен айтылса да, басқа себеппен айтылса да, әр сыннан шыңдықтың түйірін іздеуге тырысамын. Біз туралы бағдарламаларын көп қайталайды дейді. Біріншіден, жалпы телеарна үшін қайталау айып емес. Танымдық, саяси, ақпараттық телеарналардың қай-қайсысын көрсеңіз де, қайталаудан аманы жоқ. Екіншіден, кез-келген бір ортаңқол телеарнаның бюджеті мен «Асыл арнаның» жұмсап жатқан қаржысын салыстырсаңыз, ол 100 есе артық қаражатты жұмсап отыр. Азын-аулақ отандық қолдаушылардың қаржысының өзімен осындай жұмыс жасап жатқанымызға телевидениенің жай жапсарын білетін адам таң қалып, тәнті болып кеткенін әркез көріп жүрміз. Енді біреулер «ақшаларың аз болса, арна ашып, нелерің бар? Тыныш отыра бермейсіңдер ме?» деуі де мүмкін. Егер осы позициядан келер болсақ, онда Елбасының Астана салуына да кілтипан табуға болады. Онда мемлекетімізде жасалып жатқан ірі реформалардың көбісі іске аспас еді. Кадрымыз аз деп ҚМДБ жұмыс жасамай қоюы керек пе екен, әлде ақшамыз аз деп Асыл арна ашылмау керек пе еді? Қазақта «Насихаттамасаң, насихатталасың» деген сөз бар. Адамның көкірек сарайы бос тұрмайды. Оған әркім жемтігін, я жеңсігін тықпалағысы келгендіктен, өзімізге өзіміз насихат айтпаса болмайды. Құдайға шүкір дейік, кедей емеспіз, байлары жоқ байқұс ел емеспіз. Әлемдегі мұсылманшылықты тарататын Үндістанның, Ұлыбританияның, Түркияның беделді ТВ-ларында болғанымда, осылардың бәрін өз халқының қамкөңіл қалталылары ұстап отырғанын білдім. Осы жағынан алғанда, «Асыл арнаны» қазіргі деңгейінен түсірмей ұстап отыруға мүмкіндік бар.

Айтпасам болмайтын бір жайт, бізден бюджеті жүз есе көп телеарналардың өзі шығарған өнімдері 15-20 пайыз ғана. Қалған 80-85 пайызын басқа компаниялардың өнімдерін арзанға сатып алып, аударып беріп, экрандық уақытты толтырып отыр. Қайталауы аз, көрсетілімі көп болғанымен, басқа мақсатпен, басқа арман-қиялмен түсірілген дүниелермен санамызды улап жатқанын қайда қоясыз? Бұрын қазақтың кәріске деген көзқарасы басқа болатын. «Ит жеген кәріс», «пияз жеген кәріс» деп қызын бермейтін, құда болудан қашатын. Қазір кәріс сериалдары арқылы қазақтың жігіттері аруларымызға арман болудан қалды. Ал «Асыл арна» осы жағдайымызбен 100 пайыз өнімді өзіміз өндіріп отыр. Яки, қайталау айып емес, өнімдеріміз тек өзіміздікі болған жағдайда, интернет бетіндегі жекелеген пікірлерге қарап «Асыл арна» абыройсыз арна деген түсінік тумауы керек. Халық өзі-ақ кімнің кім екенін біліп отыр.

«Асыл арна» қазаққа қарсы жұмыс істеп жатыр, арабтандырып жатыр екен» деген ұшқары пікірлер қарынды аштырады. Біз Ұлттық арналарды кәріс қылып жатыр, я мексикалық қылайын деп жатыр деп айыптап жатқан жоқпыз ғой. Егер ол телесериалдарды ақтайтын болсақ, кәріс пен мексикалыққа қарағанда тіліміздің 40 пайызын құрайтын араб мәдениеті әлдеқайдан жақын емес пе еді? Бірақ біз араб фильмдеріне жарты сағат та жағдай жасап отырған жоқпыз ғой. Иә, Ислам Араб түбегінен түлегені бәрімізге анық. Мәселен, Габриель Гарсиа Маркестің тұлғасымен танысу үшін, оның туған жері Колумбияның табиғатын, тұрмысын, тау-тасын бейнеге түсіреміз. Оларды бір бірінен бөліп алып қарай алмаймыз. Сол сияқты Ислам, Ислам тарихы, сахабалар жайлы сөз қылғанда, Мекке мен Мәдина, оның халқы, оның тау-тасы мен жазирасын қалай айналып өтпексің?  Егер сол нәрселерді арабтандыру, өз қазағын менсінбеу деп есептеу білгендік емес. Ал дінімізді Ханафи мәзһабы бойынша халыққа түсіндіруде Әбсаттар қажы Дербісәлі ағамыз ерекше қамқорлығына алып, қандай да бір қателікке ұрынып қалмасымыз үшін Мысырда 15 жыл оқып келген Ершат Оңғаровты басы бүтін бізге жұмысқа берді. Ала таңнан қара кешке дейін канондық редактор ретінде телеарна жұмысына қаншама көмегін тигізіп отыр. Сондықтан, Өркен бауырым, «Асыл арна» деген жасырын жүріп жатқан біреудің пәтеріндегі жұмыс емес. Әр қылығымыз құзырлы органдардың қадағалауында. Әрі бетімен кетіп байқамай қалатындай бізде 50 ислам каналы жоқ. Өзі жалғыз арна, жұрттың аңдығаны осы. Және мұнда ештеңені жасырып қала алмайсың. Интернетте «қонақ» болып пікір жазуға, газетте бүркеншік есіммен бірденені бықсытып жіберуге болатын шығар. Ал «Асыл арнада» бәрі жария болатын, барлық адамның назарындағы арна болғандықтан, "Асыл арнаның" жасырып-жабар ештеңесі де жоқ.

- Олай болса, эфирге шыққанына екі жыл толғалы отырған «Асыл арнаның» қазіргі тыныс тіршілігі қалай? Сіздерде жаңа маусым деген ұғым бар ма?

- «Асыл арна» Алпамыс сияқты күнде түлеп, күнде өсіп келе жатқан арна. Сондықтан бізде маусымға қарап емес, ай сайын жаңа бағдарламалар пайда болып жатады. Ислам қаншалықты кең болған сайын, біздің де айтар дүниеміздің көкжиегі кең. Алла қаласа, алдағы Рамазан айында жаңа өрнекте, жаңа келбетпен ісімізді ілгерілетсек деген әрекеттің үстіндеміз.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Ө.КЕНЖЕБЕК

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1489
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5529