Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2130 0 пікір 16 Маусым, 2011 сағат 06:39

Оралмандар жазықты емес қой!..

Редакцияға Ақтөбе облысы, Қандыағаш қаласынан оралман-зейнеткер Тілепбай Әбдиев ақсақал хабарласты. Қазақ жерінде туылғанымен, өткен ғасырдың 30-жылдарының басында Мәскеуден шыққан жарлықтардың кесірінен алғаш Ресейдің, соңын ала Өзбекстанның әкімшілік аумағына берілген Қарақалпақстан Республикасы көрші елдің құрамында қалып қойғандықтан, «өз еліне оралман болып» қайта оралған ағамыздың әңгімесі Өзбекстаннан қоныс аударып жатқан бүкіл зейнеткерлердің ортақ тілегіндей.

Редакцияға Ақтөбе облысы, Қандыағаш қаласынан оралман-зейнеткер Тілепбай Әбдиев ақсақал хабарласты. Қазақ жерінде туылғанымен, өткен ғасырдың 30-жылдарының басында Мәскеуден шыққан жарлықтардың кесірінен алғаш Ресейдің, соңын ала Өзбекстанның әкімшілік аумағына берілген Қарақалпақстан Республикасы көрші елдің құрамында қалып қойғандықтан, «өз еліне оралман болып» қайта оралған ағамыздың әңгімесі Өзбекстаннан қоныс аударып жатқан бүкіл зейнеткерлердің ортақ тілегіндей.
Тәуелсіз Қазақ елінің тұңғыш Президенті, Дүниежүзі қазақтарының көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған ұлттық саясаттың арқасында азаттықтың 20 жылында 1 миллионға жақын бауырластарымыз Атажұртқа оралды. Соңғы жылдары «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып, оралмандардың көшіп келгеннен кейінгі көптеген әлеуметтік мәселелері шешіліп жатыр. Алыстан келген ағайын облыстың, әсіресе, Ақтөбе қаласы, Мұғалжар, Алға, Мәртөк және Хромтау аудандарына көбірек орналасуда. 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасын іске асыру мақсатында Хромтау ауданының Көктау-2 ауылында тұрғын үйлер, мектеп, балалар бақшасы, дәрігерлік амбулатория және 200 орындық клуб құрылып жатыр. Ең бастысы, оралмандарды 100 пайыз еңбекпен қамтамасыз ету мәселесі шешілген. Келешекте Мұғалжар ауданында да «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер құрылысы басталады. Қазірдің өзінде бұл аудандағы оралмандардың саны 3500-ден асып барады. Келешекте де бұл ауданға, әсіресе, Қарақалпақстаннан көшіп келуге ниет білдіріп отырған туыстардың саны көбеюде. Жалпы, облыс және аудан басшыларының көшіп келіп жатқан бауырларға оң көзбен қарауы, барлық әлеуметтік мәселелерін жедел шешіп отыруы, оралмандардың көбірек көшіп келуіне түрткі болып отырғаны анық. Олар жергілікті тұрғындармен тығыз араласып, жылдан-жылға жекжат, дос, құдандалы болып, туыстық қатынастары нығайып барады.
Менің өзім де сол оралмандардың бірімін. 1939 жылы Қарақалпақстан елінде туылдым, 1964 жылы Ташкент политехника институының Энергетика факультетін бітіріп, Қарақалпақстан елінің энергетикасын және экономикасын өркендетуге атсалыстым. Зайыбым Қалбике Қожабаева да бір аурухананың бас дәрігері болды. Тұрмысымыз жаман болмады. Бірақ өз ұлтымыздың ортасына деген сағыныш, ұрпағымыздың келешегін ойлаған ата-аналық парызымыз бізді Атажұртқа асықтырды. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, 2004 жылы көшіп келдік. Зейнет жасында болсам да Қазақстанның өркендеп, гүлденуіне өз үлесімді қоссам деген тілек те жүрек төрінде тұрды. Сөйтіп, 2006 жылдан бастап, облыс және аудан басшыларының ұсынысымен Қандыағаш қаласында құрылған Селикат, Минералды талшық және Газ-бетон зауыттарының құрылысында 2008 жылдың ортасына дейін басшылық жұмыстарда болдым. Осылай өз еліме келіп, аз да болса Республикамыздың өркендеуіне үлесімді қостым деп есептеймін.
Бір өкініштісі, Елбасымыз барлық министрлік басшыларына оралмандардың мәселесін уақтылы және әділетті шешу керек деп қанша қадап айтса да, әлі де шешілмей жатқан мәселелер жетерлік. Соның ішіндегі ең әлеуметтік маңыздысы - зейнетақы тағайындау. Деректерге сүйенсек, елге оралған оралмандардың 66 пайызы Өзбекстаннан келгендер. Олардың бәріне Қазақстан Республикасының ең төменгі зейнетақысы, яғни бүгінгі күнде айына 24781 теңге белгіленіп отыр. 30-40 жылдық еңбек өтілі және айына алған еңбекақысы есепке алынбайды. Бұның анығына жету үшін мен Ақтөбе облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментіне бірнеше рет бардым, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне екі рет хат жаздым. Министрліктен алған жауаптарымда «еңбек табысыңыз туралы анықтама тапсырмағансыз, сондықтан ең төменгі зейнетақы белгіленген» дегендей шындыққа тура келмейтін дәлел келтірілген. Барлық зейнетақы төлеуге тиісті құжаттардың толық тапсырылғандығын облыстық департаментте бірнеше рет дәлелдеп көрсеттім. Негізінде мәселе мынада: Зейнетақы тағайындайтын кезде, ТМД мемлекеттерінің мигранттарды әлеуметтік қамтамасыз ету туралы 13.03.1992 жылғы келісімінің 5-бап, 3-тармағына сәйкес, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министірлігі бізге «Мемлекеттерде ұлттық валюта енгізілген жағдайда, табыстың мөлшері арыз берген күнге белгіленген көшіп келген елдің ресми ақшасының салыстырмалы бағамымен анықталады» деген анықтаманы қолданып отыр. Біз мұны 20.06.1997 жылғы «Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» №136-1 заңына және 2004 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының Халықтың көші-қоны туралы» заңына сәйкес келмейді деп есептейміз. Өзбекстан Республикасының ақшасы - сумның - теңгеге салыстырғандағы құны 16 есе төмендеп кетуіне оралмандар жазықты емес қой! Бұл - барлық оралман-зейнеткерлердің басында бар жағдай.
Сондықтан оралмандардың орташа зейнетақы алуы үшін мұны қайта қарап, әділ шешкен дұрыс. Өйтпеген жағдайда, бұл онсыз да соңғы жылдары саябырсып бара жатқан көштің әбден тұралауына әкеп соқтыруы мүмкін.

Жазып алған
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=8366&Itemid=2

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5552