Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2758 0 пікір 20 Маусым, 2011 сағат 08:29

Бақтыбай Айнабеков. Өлеңі иманды, өнегесі ибалы ақынға хат

(«Дарын» Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын С.Нұржанға хат)

Бисилламһир Ирахманир Рахим

Светқали бауырым!

Хаттың қадірі кетіңкіреп тұрған мына алдамшы пәни заманда өзіңе жазып отырған менің бұл хатым  БАҚ арқылы ақын-жазушыларға арнаған үшінші хатым екен. Алғашқы хатым «Жүргейсіңдер еске алып, пайғамбар аттас ақынды» деп осыдан ширек ғасыр бұрын артына аманат қалдырып кеткен, Қазақстан Жазушылар одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлығының иегері сазгер-ақын Жүсіп Қыдыровтың 60 жылдығы алдында «Ақын рухына хат» деген тақырыппен «Жас Алаш» газетіне басылып, автордың өзім 1997 жылы «Шартарап» баспасынан  қайта бастырған «Мың бір күн» махаббат кітабына алғысыз сөз ретінде енді. Әруақтан алған жауабым, сол уақыттан бері қолымнан келсе кішкентай да болса қайырымдылық жасауды бойыма ектім.

(«Дарын» Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын С.Нұржанға хат)

Бисилламһир Ирахманир Рахим

Светқали бауырым!

Хаттың қадірі кетіңкіреп тұрған мына алдамшы пәни заманда өзіңе жазып отырған менің бұл хатым  БАҚ арқылы ақын-жазушыларға арнаған үшінші хатым екен. Алғашқы хатым «Жүргейсіңдер еске алып, пайғамбар аттас ақынды» деп осыдан ширек ғасыр бұрын артына аманат қалдырып кеткен, Қазақстан Жазушылар одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлығының иегері сазгер-ақын Жүсіп Қыдыровтың 60 жылдығы алдында «Ақын рухына хат» деген тақырыппен «Жас Алаш» газетіне басылып, автордың өзім 1997 жылы «Шартарап» баспасынан  қайта бастырған «Мың бір күн» махаббат кітабына алғысыз сөз ретінде енді. Әруақтан алған жауабым, сол уақыттан бері қолымнан келсе кішкентай да болса қайырымдылық жасауды бойыма ектім.

Екінші хатым жазушы інім Дидахмет Әшімбаевтың  күллі қазақтың ойында жүрген діндегі күрделі мәселені қаузаған «Қазақ әдебиеті» газетіндегі «Ата дініміз ата ғұрпымызбен астасса» (№41,10.10.2008 ж.) деген тақырыппен бас муфти Әбсаттар Дербісәлиевке жазған хатына байланысты ойдан ой туып, «Хатыңа жауап алдың ба?» деген тақырыппен  тікелей өз қолына тапсырдым. Хатымды оқып шығып, өзі отырған бөлмені басына көтере рахаттана күліп, Әбсаттардың хатына орай телефон шалғанын, бірақ жауап жазуға ықылас білдірмегенін айтты. Мен жазған  хатымды «Қазақ әдебиеті» газетіне алып баруды білмей қалғаным жоқ, біріншіден, хатпен ең алдымен өзі таныссын деген ой болса, екіншіден, өзі бұрын көп жыл қызмет жасаған басылымына дұрыс көріп жатса, өз қолымен апарып бастырғанын мақұл көрдім. Дидахмет солай етті де. Өзім жазған хатымның салмағын өзім де білемін ғой, хатты сол қалпында басып шығару кім-кімге болса да оңай шаруа емес болатын. Бірақ сол хат дүбірі Ә. Дербісәліге жеткен болуы керек, оның «Қазақ әдебиеті» газетінде «Дінімізді біліммен таныған абзал» (№2, 23-24 қаңтар 2009 ж.) деген тақырыппен, кеш те болса «жауырды жаба тоқыған» жауабы жарияланды. Ол жауапқа жазушының қанағаттанған-қанағаттанбағанын білмеймін, өзім қанағаттана қоймаған соң, Дидахметке «Жауапқа көңлің толды ма?» деген тақырыппен екінші хатымды жазып, оны екі-үш газетке жариялап, алып барып қолына тағы тапсырып кеттім. Жазушы хатыма разы болғанымен, сол басылым беттерінде жауап қайыра қойғанын көргенім жоқ. Мендегі мақсат - осы хатым арқылы соңғы он жыл көлемінде дәстүрлі дінімізде орын алып отырған берекесіздікке Дидахмет арқылы жазушылар қауымын да араластыра отырып, қазіргі таңда ел ішінде сыналап сіңісе бастаған  зауал сырқаттың алдын алу болатын. Дидахмет БАҚ арқылы ел алдына шығып екеу ара әңгімені  жалғастыруды құп көрмеген сияқты...

Бір жағынан қара бастың қамы үшін ған тіршілік жасауға бейімдеп жатқан мынау өтпелі қоғамда - бұл да дұрыс шығар.  Уақытын бөліп, дін үшін «қарақұлақ» болғанда «елім мен дінім» деген сол адал ниетін ұғынып, соған қолдау көрсетіп жатқан жан баласы бар ма? Үкіметтің құлағы керең, діндарларымыздың көбі  дін жанашыры емес - дүмшелер. «Айттым не, айтпадым не» деген болуы керек. Болған мән-жәйді осы дәрежеде  ұғынып, мен де сабыр тауып жүргенмін. Осындай бойкүйез шақта көзім «Zona kz. net» блогындағы сенің «Құдайдың алдында дәрежемді асырып жатқан телеарналарға алғыстан басқа айтарым жоқ!» деген сұхбатыңдағы;

«... Жақын қалдым жырақтағы мұратқа,

Пәруардигар! -

Ар - Туымды құлатпа!

Дос панасы, жау жаласы екеулеп,

Жетектеп ап енгізеді жұмаққа.

Мен өлгенде жаздыртпаймын ақын деп,

«Пәленше» боп міндетсуге хақым жоқ.

Басымда тек жылар ылғи құлпы тас;

«Бұл молада бір зікірші жатыр» -деп жазған шумағыңа көзім түсіп кетіп,  қайта дүр сілкіндім. Осы бір жанды шумағыңның жол сілтеуімен сұбхатыңды байыз тауып қайтадан толық оқып шықтым. Рахмет, «билік атын жамылған бүлікші, дін атын жамылған мүртет, саясат атын жамылған сатқын, заң атын жамылған жендеттер» туралы  бір кісідей өз пікіріңді бұлтартпай айтқан-ақ екенсің. Дәл қазіргі таңда өз ойын осылайша айта білетін кеудесінде құдайы бар өзің секілді иманды азаматтарды табудың өзі қиын.

Светқали, сенімен бұрын соңды араласым болмаса да өз тануымша сен өз қатарыңнан ерте танылып, оқ бойы озып шыққан ақынсың. Саған берілген Мемлекеттік «Дарын» сыйлығы да кезінде өз жолын жаңылмай тапқан. Осыдан он шақты жыл бұрын «Алтын Орда» газетінде жарияланған Мұстафа Шоқайдың аруағына бағышталған «Мінажатыңдағы» мына шумақтар менің әлі есімде;

«...Аймауытов, Жұмабаев?!. Өшір, ойбай, өшір атын,

Қажет емес бізге  қандай кер жазушы, кежір ақын!

Батсын күні Шәкәрімнің, Міржақып пен Халел, Жанша,

Өрте, құрт, жырт көзге түскен арттарында өлең қалса!

Құдіретті атаң-анаң - партияның арқасында

Отырғаның шықты ма естен университет партасында?!

Олай болса - енді ешқашан ұмытпастай үйретеміз,

Жұлынын үзіп ұғымыңның, қабырғасын күйретеміз.

Бөкейханов, Шоқаев па?! «Шектен шыққан - қате айыбы!»

Сені сонда тағы естігем о, Мұстафа Шоқайұлы!..

Алғандай-ақ жанымызды жын иектеп, малғұн тырнап,

Біздің курс төбесінде ұзақ тұрған шаң бұрқырап...». Тарихқа байланысты  өз басыңнан кешкен өлеңмен салынған тұтас көрініс - кімнің де болса көз алдында қалумен бірге, әділдікті өз бетіне қалқытып шығарар тарихтың терең де таза болмысын көрсеткен болатын.  Өлең былай түйінделуші еді;

Ел мен Жерді аманаттап Әулие мен Машайыққа,

Әлде біз де саған ұсап жат өлкеге қашайық па?...

Сен де кештеу ойын Құлдың оқыдың ба мойын бұрдың,

Ең соңғы рет Маңғыстаудан аттаныпсың - кейін білдім.

«Үш жүз алпыс әулие» мен Пір Бекетке сиындың да,

Қаңбақ болып еріп кеттің аспанды ұрған құйын-құмға.

Сен немесе баяғыдай қанатыңмен көкті құшып,

Мәңгі Жұмақ Мекеніңе періште боп кеттің ұшып...

Шыны керек осы өлеңіңді оқи отырып, сенің имани шумақтарыңнан сол кезде-ақ өзің бүгінде пір тұтар Қожа Ахмет Яссауийдің хикмет шалығын сезгендей болғанмын. Сол сезініс мені алдамаған сияқты. Оны осыдан екі жыл бұрын  газет бетінде жарияланған «Көне қорымдағы жырлар» шоғыры топтамаңдағы;

Бітер ме ед Қырдың Моласына Тіл,

Айтар ма ед, шіркін, жан жырын?

Зұлым ғасырдың наласы жатыр,

Жарасы жатыр қанды ірің...

Ххх

Тәуелсіз Елдің Ардагері боп,

Төрде отыр тағы табытты.

Қызыл ғасырда қанға жерік ед,

Иманға шөлдей қалыпты!..

Ххх

Кешір мені, адал Үрей, пәк Секем,

Данышпанша солқылдап тұр қақ шекем

Көні көрге құламаған Тіріден,

Өлілерге ақыл берген жақсы екен!..

Ххх

Болмай тұрып Хаққа ғашық,

Жыр жазған кім тасқа басып?

Аяқ кетті бастан асып!

Сөздің бәрі сандырақ.

Қара қазан қақпағы ашық,

Сұлу жігіт боққа ғашық!

Қор болдың-ау, Жан-Жұмақ!

Ххх

Саған келген әрбір сәтім - нұрлы шақ,

Осы жырды сыйладың сен күйге орап.

Қара тасты жарып өскен гүл құсап,

Қара тасты жарып шыққан - ғимарат!

Ххх

«Софысың» - деп үрсе де иттер өшігіп,

Таба алмаспын бұдан артық Бақты мен.

Осы жырды қабырғадан көшіріп,

Жүрегіме ойып жаздым - шапқымен!...

Мен сенің өлеңіңді талдап бағасын беретін белгілі әдеби сыншы да емеспін, сондықтан өлеңдеріңді одан әрі талдап жатқым да келмейді. Бірақ, мына иманды шумақтар сенің жеткен өз биігің. Осы жырларыңды қайыра оқи отырып  оны жаныма сіңіргім келгенін, сонымен аз да болса  рухани қазынамды толтырғым келгенін жасыра да алмаймын.  Қазіргі саналы жандарға осындай имани жырлар керек. Сен жоқтан бар жасап отырған жоқсың, бар бола тұра осы күнге дейін өз мәнінде оқырманына жетпеген софылардың пірі әз-машайық  Қожа Ахмет Яссауийдің көңіл мұрағатында шаң басқан хикметін қайта жаңғыртып, жоғалтқан жауһарымызбен қайта табыстырып отырсың. «Хикмет» сөзі ақыл, парасатты сөз, дін ілімі,  шынайы болмысты (Тәңірді) тану деген мағананы білдіреді. Яғни хикмет Алладан берілетін аян. Ол екі ақынның бірінің маңдайына жазылар бақ емес.  Өлеңдерің туралы  әзірге осы айтқаным жетер.

Ендігі әңгімені  өз сұхбатыңдағы жан күйзелісіне түсірген «Хабар» арнасынан көрсетілген «некесіз туылған шата фильм» «Ақиқаттағы»  әділетсіздікке аударалық. Рас, ақын - өзің айтпақшы, сыздаған жараның аузында жүруші! Ол, әсіресе, ұлт құндылығы мен рухани қазынасы талапайға түскенде, аққа қара жағылғанда, арға жала жабылғанда... жүреді һам күйеді. Мен де бұл сыңар езу хабарға байланысты өз пікірімді, уақтылы, екі күннен соң өздері іздеп телефон соққан «Дат» жобасымен жарық көріп жатқан «Общественная позиция» газеті тілшілеріне ашық  білдіргенмін. Хабардағы басты ыңғайсыздық күні бүгінге дейін қазақ халқы ұстанып келген- дін Исламды барынша қорлағаны болды. Дәстүрлі дініміз туралы басқа діндегі «ғұлама ғалым» көсемсіп пікір білдірді. Сұмдық қой! Өз дініміз туралы пікір айтатын бір қазақ құрып қалып па еді. Әшейінде «академиктігін» алға тартатын Әбсаттар қайда, оның орынбасарлары ше? Орынбасары демекші, осы хабардағы қалың зікіршілердің арасында қызыл тақиясымен зікірге қатынасып отырған діни басқарма төрағасының орынбасары, шариғат және фатуа бөлімінің басшысы М. Алсабеков не бітіріп отыр? Зікіршілер зікірге түскені үшін түрмеге тоғытылса бұл азамат қалай аман қалған? Менің білетінім зікір біздің елге республика мұсылмандары діни басқармасы Ташкендегі Орта Азия діни басқармасынан бөлінген кезде келді. Республика мұсылмандары бірінші құрылтайының алдында да, соңында да алғаш рет Аллаға мадақ зікір айтылған...

Осы фильмдегі ата бабасынан бастап, өзіне дейін сан рет «ақылдан азап тартқан», енді ата жұртына келіп, өзі терең білетін Ислам ілімін туған халқының рухани тыныс тіршілігі үшін, жастар санасына сіңіруді мақсат тұтып, жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етіп жүрген  Сматулла Мақсұмға елдің көзін әдемі ашыпсың. Бұл сенің ибалылығың. Қазір бесігінде діни тәрбие көрмеген ақсақалдың сақалымен жасты, өзің қатарлы тәрбиесіз жастар сол сақалға жармасып жатыр. Мен мақсұм туралы өзін көрмей тұрып «Түркістан» газетінде (17-23 наурыз, 2000 жыл), соңынан «Кім қауіпті? «Ислам қаупін» қоздырушылардың өздері қауіпті» атты коллективтік жинаққа енген мақаламда « ... Осынау діни медресінің бірі Алматы қаласы Жетісу ауданына қарасты Қарасу елді мекенінде Төле би қауымдастығы жанынан ашылып, соңғы екі жыл көлемінде жұмыс жасап келгенді. Мұнда 140 адам тегін тамақтанып, тегін дәріс алатын. Осы оқу орыны ең алдымен Республикалық мұсылмандар діни басқармасының көзіне тікен болып қадалды. Өйткені мұнда дәріс беруді Құдай жолымен сонау Пакистаннан арнайы келіп, сонда жүрген өз бауырымыз Сматулла тақсыр жүргізетін. Медіресенің тәлім тәрбие беру тәсілі көпшілік арасында жақсылық жағынан аңыз болып бара жатқан соң, бұл біздің Республикалық мұсылмандар діни басқармасына қызғаныш пен үрей туғызды.

Қызғанышы - таза діни білім іздегендер сонда ағыла бастады. Өйткені, қазір мұсылмандар діни басқармасы жанындағы Ислам Университеті дін мамандары емес, дүмше молдалар даярлайтын болды. Ашылған кездің өзінде бірде-бір факультеті не қажетті оқу базасы болмаған, бастауыш кластық қана білім беруге мүмкіндігі бар осы оқу орынын ашып институт, соңынан университет деп тіркеген Әділет министрлігінде де әділдік болмады. Уриверситет ректоры деген Нұржан Арыстанұлының өзі жоғары оқу орынын бітірмей, кімге білім беріп, қандай оқу орынына басшылық жасағандай. Ал мұндай шала оқу орынын бітірген дүмшелер саны көбейген соң елге де, дінге де қауіпті емес пе?!

Үрейі - Алматының Орталық мешіті жанындағы Ислам Университеті мен Меркедегі медіресеге оқуға түсу үшін алдын-ала әр адамға 100 000 теңге қаржы төленуі тиіс. Қаржысы жоқ кедей-кембағалдардың балалары сонда қайда бармақ? Әрине, барлық шығынды өз мойнына алып, сапалы білім беретін Қарасудағыдай оқу орындарына ағылады...» деп жазыппын. Бұл үзіндіні келтіріп отырғаным, екеуміздің дін хазіреті Сматулла тақсырға деген көзқарасымыздың ортақтығы. Менің байқағаным осы кісіде көп адам сезіне бермейтін үлкен киелі қасиет бар. Қазақ; «Біреуге ор қазба, қазсаң терең қаз - өзіңнің түсуіңе жақсы» деген. Ойланшы, қарапайым дін ғұламасының соңына шырақ алып түскен сол кездегі дін басының қазіргі жағдайы не болып жатыр?  Оның үстіне осы кісінің Алматыдағы абақтыға жұмбақ жағдайда тоғытылуына байланысты қазір ел гу-гу әңгіме таратуда. Осы қалада орын алған жер сілкінісі мен сан ғасырлардан бері сыр бермей келген Алатау баурайындағы шыршалардың жапырылып қирауын да осыған сайдыруда. Мұны айтып отырғаным, тіршілігінде пайғамбарларды жер бетіне сыйғызбағандар да - адам, өлтіргеннен соң пайғамбарлығын мойындап өкіріп, өкінгендер де - адам екенін еске алып отырғаным ғой.   Таяуда, осы кісіге байланысты Ә.Дербісәлі мен діни басқарманың Шариғат, пәтуә және діни істері бөлімінің менгерушісі М. Алсабековтың («Исматуллашылар туралы») пәтуәсін оқыдым. Бірі - Алладан өзін ұлық  санап жүрген мұнапық болса, екіншісі өз Отанынан опасыздығы үшін мұсылманша  дүре жеп, біздің елді паналап қашып келген шерменде. Бүгінгі бар пәленің басы осы болуы керек... Олар өздері шығарған пәтуаларында, өздерінен ілімі көш ілгері тұратын дін жанашырын «жұртты намаздан қашырған бейнамаз жан» ретінде кінәлапты. Пәтуаның соңына қос «діндәр»  бірі «Әбсаттар қажы», екіншісі «Мұхаммед Хусайын қажы» деп қол қойыпты. Қажылық парызды әрбір мүмкіндігі бар мұсылман өтегені абзал. Ал сол өтелген қажылығы, қабыл болған болмағанын бір Алланың өзі ғана біледі. Соны білмей, Алланың тірлігіне шірік қосқан «қос ғұлама» кімге пәтуа бергендей?  Әлде Яссауийдің «Хикметіндегі»;

Ақыр заман ғалымдары залым болды,

Құр мақтау айтушылар ғалым болды.

Шындықты айтқан ғалым қорлық көрді,

Ғажап сұмдық замана болды, көргін - деген көреген пікірі бізге бүгін осылай көрінісін  беріп отыр ма? Бұған Шерхан ағамыздың; «Ашық хатқа» қолды өз еркіңізбен қойдыңыз ба?»- деген сауалға - Өз еркіммен қойдым. Әзірге ақыл есім түзу, істеген әрекетіме жауап бере аламын. Кім үшін, не үшін қол қойғанымды жақсы білемін. Олар қай қазақтың баласына қастық қылды? Халық жауы ма еді ол адам баласы ара түспейтіндей? Мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болды ма? Ханның тағына таласты ма? Не істеді? Діннің адамы, діні мұсылман. Бар кінәсі сол. Барлығың жау көріп, жақыннан дұшпан тауып алып, түрмеге апарып тықтыңдар. «Ойран салды» дейді. Неқылған ойран ол? Нені бүлдіріпті, кімді өлтіріпті? Алдымен анық қанығын неге білмейсіңдер?..» деген ашынған жауабын қоссақ,  әділетті Құдайдан және Оның жердегі өкілі Елбасыдан күтіп отырған мақсым ағамыздың күні ертең абақтыдан ақталып шығатынына менің сенімім кәміл. Қашан да Әділет Сөзсіз салтанат құрады, ИншАлла! Бізге және дін жанашырларына сол бір қуанышты сұлу сәтті көруге жазсын дұға жасайық. Осы орайда сенің; « «Нар түйеге оқ тисе, жай түйедей бақырмас. Артқы аяғын бір сілкір» деген осы. Тек; «Ерді құдай атарда - жауға салар жампозын жабы орнына мінеді. Елді құдай атарда - жауға қимас жалғызын жалпының бірі біледі» деп дос пен дұшпанды айырмай қара басып қалудан сақтасын Бізді!» деген пікірің де ойға оралып отыр...

Сондықтан өз атыңа жазған бұл хатты қалай бастасам, солай аяқтағаным мақұл болар. Сенің мені дүр сілкіндірген имани өлеңің былай басталған екен;

Жадқа тұтып Хаққа берген антым-ды,

Мен зікірге малып өлем бал тілді.

«Бұл мүміндер мақтайда деп Алласын!»

Дұшпандарым шығарады даңқымды.

Енші қылған маған ғажап жалғанды,

Түс танытқан бақидағы арманды.

Бар дауыспен; отырып та, тұрып та

Өлгенімше мадақтаймын Алламды!

Осы ибалы ниетіңнен тайма, бауырым. Алла деген адамның қашан да алды жарық. Сен қорғаған мақсұм ағаңның да, өлеңің иманды, өнегең ибалы өзіңнің де Алла алдыңнан жарылқасын.

Сәлеммен, тілектес жазушы ағаң Бақтыбай АЙНАБЕКОВ

«Қазақстан қажылары» діни бірлестігінің төрағасы

17. 06. 2011 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5534