Қазақ қоғамы үлкен өзгерістерге ұшырады
Қазақ қоғамы соңғы 3 жылда үлкен өзгерістерге ұшырады. Ұлтты консолидациялау қарқынды жүріп жатыр. Бұл мені қуантады.
2016 жылғы жер мәселесі қазақты оятты. 14 облыс тұтасымен бұл мәселеге назар аударды. Шеруде өз талаптарын білдірген мыңдаған қазақтар мен ішкі бұлқынысын үйде, әлеуметтік желіде білдірген миллиондаған қазақтар болды. Бұл мәселе біздің ұлттық ұйысуымызды арттырды.
Артынша Қытайдағы қазақтың тауқыметі бізге барынша айтыла бастады. Қазақтар тағы да бұл мәселеде алаңдаушылық білдіріп, бірігуді негізге алды. Бір Сайрагүл мәселесі әр аймақ қазақтарын жақын араласуға итермеледі. Сайрагүлдің сотына қолдау білдіруге тіпті Батыстан ұшып келген ағайындар соның дәлелі. Қытайдағы қазақ мәселесі ұлтты бір жұдырық болуға негіздеп жатыр. Рас, соңғы уақытта қарқыны сәл бәсеңдеп қалды. Алайда бұл үрдістің бар екені ақиқат.
Тіл үшін күрес күшейді. Жер-жерден қазақ тіліне жасалған қиянатты видеоға түсіріп, заң аясында шара қабылдауын талап еткен жандар көбеюде. Әлеуметтік мәселе тағы қазақты біріктірді. Өйткені әлеуметтік жағдайы нашарлардың көбі, өз елінде тұрса да қазақтар.
"Қазақтар ел болмайды, олардың басы бірікпейді" деген зымиян ұранды қазаққа жаны қастар күн сайын тастап жатыр. Қазақтар біріккен сайын бұл ұран да арта береді. Өйткені кейбіреулер көкбөрінің тәуелсіз, азат әрі қуатты болуынан сескенеді. Бірақ олар бір дүниені түсінбейді. Қазақ бірігіп қойған! Енді ол үрдіс тек күшейе бермек.
Жер мәселесі, тіл үшін күрес, Қытайдағы қазақтар, Қарағанды қазақтарының оянуы және т.б. соның ашық көрінісі. Енді міне саяси науқан. 9 маусымда барып таңдау жасаймыз. Кімге жасайтыныңыз өз еркіңізде, тек барыңыз. Азаматтық қоғамның Алаш Елінде басталғанын өзгелерге көрсетіңіз.
Мен үшін "қазақстандық қоғам" деген жоқ. Мен үшін "қазақ қоғамы" деген ғана бар. "Қазақстандық қоғам" қазақы құндылықтар үшін күреспейді. Онда тек "130 ұлт" деген ұран ғана бар. "Қазақстандық қоғам" қазақтың жанын түсіне алмайды. Ал "қазақ қоғамы" жер, тіл, ұлттық құндылық, Алаш идеясы үшін күн сайын заң аясында күрес жүргізіп келеді. Бұл күресті жеңіске жеткенге дейін жүргізетін болады.
Біздің санымыз артып келеді. Жыл сайынғы бала туудың 85-90% қазақтарға тиесілі. Енді 10 жыл біз моноұлтты елге айналамыз. Демек, Қазақстандағы барлық саяси мәселені тек қазақтар шешетін болады деген сөз. Бұл табиғи заңдылық.
Бізді руға, дінге, ұстаным мен аймаққа, саяси көзқарасқа бөлетіндер көбейе бермек. Бірақ біз бөлінбейміз. Өйткені бізді біріктіруші бір құндылық бар. Ол - Қазақ жері, өткен ортақ тарих және барлығымызды біріктіріп, бір атаумен атайтын Қазақ ұлты!
Асхат Қасенғалидың facebook парақшасынан
Abai.kz