Тоқаев пен Қосанов. Сайлаудың екінші кезеңі өтуі мүмкін
Алдағы сайлау туралы ой тартқанда мынадай екі факторды ескергеніміз жөн. Бұл сайлау бірінші рет Назарбаевсыз өткелі отыр. Ал Тоқаев болса, Президенттің міндеттерін уақытша атқаруда, ол әлі Назарбаевтай шексіз ықпал, күшке ие болған жоқ.
Жергілікті әкім-шенеуніктер сайлауда ашықтан ащық өрескелі заң бұзушылыққа бара қоймайды. Оның үстіне Қ.Тоқаевтің өзі сайлауды әділ өткіземін деп уәде берді. Бұл бірінші фактор.
Екінші фактор және өте маңыздысы алдағы сайлау бұқараның белсенділігі күрт артып, халықтың қазіргі өкіметке деген ашу-ызасының шегіне жеткен шағында өткелі отыр. Өркениетті елдерде адамдар мұндай жағдайда көшеге шығып шерулер өткізеді, митингілерге қатысып, билікке тілек-талаптарын жеткізеді. Бізде ондайға жол берілмейді, 3 адам бас қосса, қайдан шыққанын білмейсің, 9 полицей жетіп келеді де, қонаққа соятын қой сияқты көлікке ытқытып алып кетеді. Сонда халық өзінің ызаға толы наразылығын қалай білдіреді?! Қалай десек те, 9 маусымдағы сайлау осыған аз да болса мүмкіндік беріп отыр.
Сайлауға үміткер ретінде белгілі саясаткер, оппозициядағы Әміржан Қосанов сайлауға қатысады екен деген жылы хабар лезде тарады. Көптеген адамдардың үміт оты оянды. «Билікке қарсы тұра алатын, халықтың мұң-мұқтажын ашық айта алатын ер азамат бар екен» деп көпшілік бір серпіліп қалды. Бұл жерде жұртшылықтың тілегін сезе білген «Ұлт тағдыры» қозғалысына, оның басшысы Дос Көшім мырзаға көп алғыстан басқа не айтуға болады?! Қазіргі жағдайда бүкіл оппозиция бірігіп, ортақ бір үміткерді қолдап, қызу жұмыс атқарып, билікті тығырыққа тіреу керек емес пе?.
Жоқ, байкот деген ұран көтеріп, халық жағындағы жалғыз үміткер Ә.Қосанов жайлы өсек таратып, ұсақталып кеткен кейбір жігіттерді мүлде түсінбеймін. Байкотқа билік жағы қуануы мүмкін. Өйткені байкот деп сайлауға келмеушілер түгел дерлік үкіметке наразылар, яғни келген жағдайда оларға Қ.Тоқаевқа қарсы дауыс беретіндер емес пе? Сонда қалай? Украинадан мысал. Сайлаушылардың көп бөлігі Зеленскийге дауыс бергенде "бұл керемет, бізді бақытқа жеткізеді" деп жақтамаған шығар, билікке Порошенкоға наразылықтарын білдіру үшін артистке дауыс берді.
Мен әлеуметтік желіден Ә.Қосановтың жақында Қарағандыда сайлаушылармен өткізген кездесуін көріп, ерекше әсер алдым. Халыққа Ә.Қосановтай үміткер керек-ақ екен! Соны ұқтым. Жиналған шағын жұрт Әміржанды бар ынта-ықыласпен тыңдап, әсте құрмет көрсетіп отырды. Халыққа шыңдық керек, шыңдықты тура айтатын азамат керек, шенеуніктердің өтірік әләулайлары жұртты тойдырып болды. Әміржан да көсіліп сөйледі, ой тиегін ағытып қандай аудитория болса да меңгеріп алатынын көрсетті. Петропавлскідегі кездесуге қарағанда өзін еркін ұстады, кей кездерде шабыттанып кетті, шешендігімен аудиторияны баурап алды.
Осы кездесуді көргеннен кейін маған оптимистік ойлар келе бастады. Халықтың Ә.Қосановты қалауы күн сайын артып барады. Осы үміткердің жақтастары үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізіп, қауым болып сайлаудың дұрыс өтуіне барынша бақылау жасап, бір мақсатта жігерлі іс-қимылдар атқарса, екінші турдың өтуі әбден мүмкін. Ал екінші турда кімнің аты озатынын қазір айту қиын. Бақ шаба ма, бап шаба ма дегендей. Осы ретте Украинадан тағы бір мысал келтірсек, Зеленский алғаш саясатқа араласа бастағанда көпшілік күлген болатын: мынау клоунға не жоқ дегендей. Ақыры не болды? Сайқымазақ Зеленскийді біздің Қосановпен мүлдем салыстыруға болмайды ғой. Әміржан білікті де, білімді, тәжірибелі саясаткер, өткір публицист, бір адам билеп төстеген елде 20 жыл бойы тапжылмай режимге қарсы оппозиция да болу дегеннің өзі неге тұрады? Осы мерзімде қиындықтарға шыдамай қаншама адамдар (Ә.Байменов, Б.Әбілов, Ғ.Жақиянов, т.б.) оппозициямен қош айтысты. Мен және сен сияқты сайлаушылар Ә.Қосановты азаматтық саяси ұстанымдарының тұрақтылығы, өз көзқарасына адалдылығы үшін қолдайды деп ойлаймын.
Менің жасым 83-те, оның 30-ы Назарбаевтың «дәуірінде» өтті. Бақытты жылдар деп айта алмаймын. Тәуелсіздік деп қатты қуанып едім, үміт ақталмады. Тәуелсіздіктің иесі – қазақ халқының рухы көтерілмеді, хал-күйі жақсармады. Дербестіктің игілігін аз ғана топ көріп жүр. Өкінішті... Мені қойшы, осы мерзімде ел деп, жер деп, халқым деп еңіреген қаншама азаматтар (Шал Әйімбетов, Кәрішал-ата Асанов, С.Ақатаев, Б.Тайжан, С.Әсінов, т.б) о дүниеге армандарын арқалап кетті.
Құдіреті күшті Уақыт бәрін орын орнына қояды. Қазақ қоғамында да өзгеріс басталды. Сең сөгілді, мәңгі құламайды деп салған «ғимараттың» қабырғаларында жарықшақтар пайда болды.
Соның бір көрінісі ретінде өзім сайлауға қатысамын. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар мен азаматшалардаы талай «дәуірлер» мен «замандарды» бастан кешірген мен сияқты қариядан үлгі алыңдар деп үндеу тастаймын.
Ағыбай Мұқатайұлы, профессор, тарих ғылымдарының кандидаты, Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі
Abai.kz