Жастар сайлауға үлесін қалай қосады?
2019 жыл – «Жастар жылы», «сайлау жылы», «өзгерістер жылы» болып бірнеше тырнақшалы атауға ие болды. Сонымен, жастар деген буын өкілінен осы жылы қандай өзгерістер мен жаңашылдық күтуге болады? Жалпы өскелең ұрпақ сайлауға үлесін қалай қосады?
Таңдау әр адамның өз еркінде. Кімді президент ретінде көргіңіз келеді, соған дауыс беріңіз (әрине ақылмен шешу маңызды).
ХХІ ғасырдың ғылым мен технологиясын меңгеріп келе жатқан жастар, сіздерге айтарым мынау:
- Қай кандидатты қолдайсыз, кімге дауыс бересіз ол сіз үшін және біз үшін маңызды;
- Белгілі бір кандидатты қолдауға үлес қосамын деген екенсіз, егер SMM, PR маманы болсаңыз, жан-жақты үгіт-насихат жұмысын жасаңыз;
- Фото, видео секілді технологияның ең озық бағдарламаларын игерген болсаңыз, жарнамасы мен сюжеті қатқан роликтер дайындаңыз;
- Ақын не жазушы болсаңыздар, шағын оқиғалы әңгіме не өлең жазыңыздар. Жұрт қызығып оқып, әңгіме арқылы түсіне берсін;
- Әнші не композитор болсаңыздар, әуені келіскен керемет дүние жасаңыздар;
- Вайнер, блогер болсаңыздар, халықтың жыртық жерін мазақтаудан іске көшіңіздер. Танымды әрі әзілі аралас вайн дайындаңыздар;
- Таргетинг жасап, қолдан түспейтін телефондарыңызды осы жолы бір іске жаратыңыздар;
- Заң саласында жүрген жастар, айдағанның айтағына кетпей, өз құқықтарыңызды енді көрсетіңіздер. Талап етіңіздер;
- ЖОО-да саясаттану мамандығын бітіріп жатқан жастар, саяси баға беріп, сараптама жасап, жан-жақты ат салысыңыздар;
Қорыта келген кезде, әділ сайлау өту үшін, шетелде тәжірибе алмасып келген білімдеріңізді пайдаға асырып, мына жұртқа бар екендеріңізді көрсетіңіздер.
«Жастар жылы» жастардан қайыр болған жоқ, олар да сол биліктің қолшоқпары деген халық назы, өзі бір рет берілген мәңгі көктемге айналған жылдың маңдайына қара таңба боп басылмасын.
Осы сайлаудан кейін, сол биік орындарға барып ақыл айтатын, кеңесші болатын, жұмыс жасайтын сіздерсіздер. Сондықтан «диван батыр» болсақ та, ақпарат соғысы деген қоғамда, ақпараттың ағынын да, бағытын да өзгертіп жіберуге шамамыз жетеді. Бұл әрекет жеңіске алып барса «диван батыр» дегендердің де аузын жабамыз.
Біз әлі жас емеспіз, біз Бас болатын қоғамға келдік. Отыз жыл тербетілген бесіктен не үйрендік, не білдік, не таныдық көрсетейік.
Марғұлан Ақанның facebook парақшасынан
Abai.kz