Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Дат 7474 11 пікір 22 Мамыр, 2019 сағат 17:11

«Өзбекстанда өмір сүріп жатқан бауырларыңызға көмек қолын созсаңыз, Әбіқаев мырза»

Қазақстан Республикасы
«Отандастар қоры» КЕАҚ
Президенті Әбіқаев Нұртай Әбіқайұлына
Өзбекстан Республикасы
Ташкент облысы Шыршық қаласы
Қазақ мәдени орталығы төрағасы
Жорықбаев Жақсылық Өкімтайұлынан

Құрметті Нұртай Әбіқайұлы

Өзбекстан қазақ мәдени орталығы Қазақстан мен Өзбекстан халықтары арасындағы достықты, мәдени және әдеби байланыстарды нығайту, мемлекеттер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты және де тереңдету бастамасын қолдап-қуаттап екі ел Президенттері жарлықтары және Үкіметтер қаулыларында белгіленген міндет және тапсырмаларды орындау мәселелерінде жан-жақты жұмыс атқарып келеді.

Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығы 1992 жылдан бастап ресми түрде жұмыс атқарып келеді. Осы жылдар аралығында орталық ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға және халықтар достығын нығайтуға арналған көптеген мәдени іс шараларды өткізді.

Өткен 2018 жылы Өзбекстан Президенті Шавкат Мироманович Мирзиеев Өзбекстанда қазақтың ұлы ойшыл, ғұлама ақыны Абай Құнанбаевтың шығармашылығын үйрету жане халық арасында насихаттау турасында қаулы қабылдады. Сол қаулы аясында мен Шыршық қаласында республикада бірінші болып Абай атамызға арналған конференция өткіздім, және конференция соңында Абай өлеңдерін оқып, әндерін айттық. «Конференция өте жоғары денгейде өтті»- деді келгендер. Конференцияға Өзбекстанға танымал Абайтанушы жазушылар мен ақындар қатысты.

Біз сол концертке дайындалу барысында көп қыйындыққа тап болдық, дайындалуға орын табылмай. Содан мен Шыршық қаласында Қазақ мәдени орталығы құрылысын бастауға ниет қылдым. Және де бұл құрылысты бастауға үлкен себеп болған, Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мироманович Мирзиеев пен Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Абішұлы Назарбаевтың 2018 жыл наурыз айында Қазақстанның елордасы Астанада кездесіп, 2018 жыл Қазақстанда «Өзбекстан жылы», ал 2019 жыл Өзбекстанда «Қазақстан жылы» болады деген келісімі себеп болды. Осындай игі іске менде өз үлесімді қосайын дедім.

Сонымен 2018 жыл мамыр айында Шыршық қаласында қазақ мәдени орталығы құрылысын бастадым. Бүгінгі күнге құрылыс жұмыстарының 75% пайызы орындалды. Осы құрылыс жұмыстарының барлығын мен өз қаражатыма атқардым. Қаражатым біткеннен кейін қазір құрылыс жұмыстары тоқтап тұр.

Шыршық қаласында 17 000, Жоғары Шыршық ауданында 75 000, Бостандық ауданында 45 000, Қыбырай ауданында 30 000 қазақ халқы тұрып жатыр. Бұл аудандардың барлығы Шыршық қаласына іргелес жатқан аудандар.

Менің осы құрылысым біткеннен кейін бұл мәдени орталық тек қана Шыршық қаласына емес жоғарыда аталған аудандардағы мөлшермен 160 000-нан астам қазақ халқына қызмет көрсетеді. Бұл Шыршық қаласында құрылып жатқан Қазақ мәдени орталығы күрделі саяси құрылыс болайын деп тұр. Бұндай құрылыс Өзбекстан Республикасы Қазақ мәдени орталығы тарихында әлі болмаган.

Біздің  мәдени орталықта 20 іс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Өзіміздің фольклорлық, эстрадалық ансамбльдеріміз болады. Сонымен қатар, би тобын ұйымдастырамыз, қазақ өрнектерімен тігілетін тігін цехымыз болады. Онда қазақ ұлттық киімдерін тігеміз, кішігірім музейіміз де болады. Қазақ ұлттық тағамдарын дайындайтын асханамыз болады және концерт, конференция өткізетін кішірек зал болады деген жақсы ниеттеміз.

Проект бойынша 1 567 000 000 (бір миллиард бесжүз алпыс жеті миллион) сомға бұл құрылыс есептелген. Ал қазірге дейін 75% пайыз құрылыс жұмыстарының орындалғанын алып тастағанда тағы 391 000 000 сом керек болып тұр. Бұны доллор бағамына шаққанда 46 000 (қырық алты мың) доллор болады екен.

Аса қадірлі Нұртай Әбіқайұлы, сіздің бізге қаржылай көмегіңіз керек болып тұр. Бұл Сіздің екі ел достығын нығайтуға және Өзбекстан Республикасында тұрып жатқан қазақ халқына берген үлкен жәрдеміңіз болар еді. Сонымен қатар, күні кеше екі ел президенттері Өзбекстан Республикасының елордасы Ташкент қаласында кездесіп Өзбекстанда «Қазақстан жылын» жарияланған еді, сол достық-саяси келісімге де қосқан үлкен үлесіңіз болар еді.

Сізге жоғарыда айтылған Өзбекстанда өмір сүріп жатқан 160 000 бауырыңыздың атынан үлкен алғысымызды білдіреміз.

Құрметпен: Жорықбаев Жақсылық Өкімтайұлы

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2071