Жексенбі, 15 Желтоқсан 2019
1772 1 пікір 23 Мамыр, 2019 сағат 11:25

Нұр-Сұлтаннан көп балалы 35 шаңырақ Екібастұзға көшірілді

Нұр-Сұлтаннан Павлодар облысының Екібастұз қаласына көп балалы 35 отбасы көшірілді. Оларға баспана мен жұмыс берілді. Бұл туралы Азаттыққа астананың тұрғын үй қоры директоры Нұрсұлу Қожахметова хабарлады.

Қожахметованың сөзінше, Павлодар облысының әкімдігі көп балалы шаңырақтарға көмектесуге әзір екенін айтып, ұсыныс жасаған соң мамырдың басында Нұр-Сұлтаннан Екібастұзға 18 шаңырақ көшкен. "Нұрлы Ертіс" деп аталатын бағдарлама аясында көшіп барғандарға жаңа салынған тұрғын үйден үш бөлмелі пәтер берілген. Әкімдік жұмысқа жарамды адамдарға қызмет ұсынып, балаларды мектепке, балабақшаға орналастыруғаға көмектеспек.

— Оларға бір жыл бойы көмек болады. Яғни, коммуналдық қызмет пен жалдау ақысын әкімдік түгел өзі көтермек. Қазір көшкісі келетін отбасылармен сөйлесіп жатырмыз. Екібастұз әкімдігі біздің үш-төрт баласы бар отбасыларға да көмектесу туралы ұсынысымызды қабыл алды. Оларға екі бөлмелі пәтерлер берілмек, — деді Нұрсұлу Қожахметова.

Ақпан айында Нұр-Сұлтанда (сол кездегі - Астана) бір отбасының бес баласы өрттен қаза тапқан соң көп балалы аналар наразылық танытып, биліктен жәрдемақы өсіруді талап еткен. 27 ақпанда өткен "Нұр Отан" партиясының съезінде сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке әр балаға сәуірден бастап 21 мың теңге беруді тапсырған. Бұл тапсырма негізінде парламент әзірлеген заңға қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев сәуірдің басында қол қойған.

Abai.kz

1 пікір