Неге YouTube та жеңіл дүниелер қаптады?
Кейде ақпарат саласына жауап беретін мамандарды, ведомстволарды, шенеуніктерді түсінбеймін. Кезінде қанша рет өзіміздің төл әлеуметтік желіміз, өзіміздің Google, өзіміздің пошта болу керек деп шырылдады. Бірақ бұл өте күлкілі естіледі... Не үшін екенін түсіндіруге тырысып көрейін.
Бір қарағанда, ақпараттық қауіпсіздік немесе елге жанашырлық жағынан әдемі идея. Жарайсың, бәрекелді! Бірақ дайын Facebook тұр, тәп-тәуір Google тұр. Неге осы дұрыс дүниелерді мүмкіндігінше толық қолданып көрмеске, ішіне ана тілімізді енгізбеске, ақпараттық қауіпсіздікді сайтқа емес, адамдарының миына орналастырмасқа?! Халықтың медиа сауатын ашып, ақпараттық иммунитетін қалыптастырмай, миллион жерінен Ұлттық немесе Қаз, Kaz, Qaz деп басталатын платформа болғанмен, аудиторияң дүбәрә болса, пайдасы жоқ.
Цифрлы Қазақстан аясында ақшаны қайда жаратарын білмей жатқан шенділерге айтарым, білімге жұмсаңыздар. Қазақ халқының ақпараттық саладағы білімі өте төмен. IT саласында да нашармыз. Әлі бір дені дұрыс әлемдік деңгейдегі өнім ұсына алмадық. Қаңырап бос тұратын коуоркиңтер аша бермей, мектептен бастап, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды үйрететін курстар ұйымдастырайық. Оқулықтар жазайық. Мамандар дайындайық.
Соңғы кезде мемлекет қаржысына халықты жынды қылатын, сайқымазақ контент пен отырып алып әр нәрсені талқылай беретін ютуби жобалар қаптады. Өз басым жаңа білім мен бір нәрсені зерттейтін дүние болмаса, ақша берсе де қарамаспын. Неге Ютубта жеңіл дүниелер қаптады? Өйткені ол жақта халықтың көзін ашатын, биліктің былығын көрсететін, халықты сауаттандыратын видеоконтент көбейді. Ал оны бір бұғаттайсың, екі бұғаттайсың, бірақ кімнің интернетіне қақпақ қоясың. Амал жоқ алтернатива ұсыну үшін миллиардтаған қаржы ауаға кетіп жатыр.
Білім саласында контент жасап жатырмыз, жасай береміз. Халықтың сауатын ашатын контент жасау - өмірлік миссиямыз. Контентті қазақ тілінде жасау - азаматтық борышымыз.
Нұрлан Жанайдың facebook парақшасынан
Abai.kz