Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Дін мен тін 5299 10 пікір 28 Мамыр, 2019 сағат 10:28

Сирияға кеткен үш жасар қазақ қызының мұңы

немесе жастар жат діни ағымның жетегінде неге кетеді? 

– Сенің қасыңда кім бар?

– Жалғыж өжім.

– Жалғыз?! Жалғыз өзің?!

– Иә.

– Жалғыз?! Анашың қайда?

– Бәәрі джөқ.

Бұл әлі тілі де дұрыс шықпаған шамамен 3 жастағы қыз баланың берген жауабы. Үсті-басы кір-қожалақ. Күнге күйген беті әбден тотығып кеткен. Стақандағы суды сол қолымен ішіп тұр. Өйткені, оң қолының үш саусағы жоқ. Сірә, бомба жарылғанда, жарықшағы кіп-кішкентай, нәп-нәзік саусақтарды жұлып әкеткен шығар.

Ютубта «Жусан-2» операциясы» деп терсеңіз, бұл видеоны сіз де көре аласыз. Бесіктен белі шықпай жатып, дүниенің қатыгездігін, адамзаттың зұлымдығын көріп үлгерген, сәби санасымен айуандық деген не екенін ұғынып, жаны түршігіп, шошынып үлгерген қайран бүлдіршінді аяйсың! Осындай балдырғандардың құрқылтайдай жүрегімен қайғы жұтуына қоғам болып жол бергенімізге ашынасың! Оның ата-анасының ақымақтығына ызаң келеді!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен мамыр айының басында «Жусан-2» операциясы жүзеге асырылып, әлгі бүлдіршінмен қосқанда, 231 Қазақстан азаматы соғыс өрті шарпыған Сирия жерінен елге жеткізілген еді. Олардың 156-сы бала. Соның ішінде 18-і – әке-шешесі жат өлкеде қайтыс болған не із-түзсіз жоғалып кеткен тұл жетім. 16 ер адам мен 4 әйел террористік іс-қимылдарға қатысы бар деген күдікпен қамауға алынды. Ал қалған 55 әйел мен балалар бейімдеу орталықтарына орналастырылып, медициналық тексерістен өтіп жатыр. Олармен жұмыс істеу үшін психологтар мен теологтар да жіберілген. Естеріңізде болса, жыл басында елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен «Жусан» операциясы ұйымдастырылып, 47 Қазақстан азаматы Сириядан елге жеткізілген болатын. Олар қазір үйлеріне қайтарылып, перзенттері балабақшаларға барып жүр. ҰҚК-нің мәліметіне жүгінсек, Шам аймағында әлі шамамен 300 қазақстандық бар. Олардың 150-170-і – бала. Әлі Сирияда жүрген отандастарымызды да қайтару үшін біраз жұмыс атқарылып жатыр.

Ойланып қарасаңыз, қанша қазақ жат жерде, жат соғыста қаза тауып, сүйегі қайда қалғаны белгісіз. Қаншама бала жетім қалып, жүрегіне тым ерте жара түсті. Қаншама әйел жап-жас болып жесір атанды. Қаншама ата-ана ұл-қызынан айрылып, қайғыдан қан жұтты! Қаншама ер азамат елге тірі оралғанмен, халқына қызмет ететін уақытында, енді ғұмырының көп бөлігін тар қапаста өткізеді! Қаншама жан мүгедек болып қалды!

Жүздеген қандасымыздың дәстүрлі Исламды тәрк етіп, жат діни ағымның жетегінде кеткенде тапқаны – осы. Алайда «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» дегендей, біз оларды өзекке теппейміз, табалап, шетқақпайламаймыз. Керісінше, бауырға басып, өмірді қайтадан бастауға, қателігін түзетуге мүмкіндік береміз. Мемлекетіміздің жүргізіп отырған саясаты осыған саяды. Ата-бабаларымыз тарихтың қай кезеңінде де бауырын өкпеге қиса да, өлімге қимаған. Біздің билік пен халықтың әрекеті – ата-бабаның ізгі жолының жалғасы. Дегенмен, есті қоғам қателігінен сабақ алып, енді ондай олқылықтың қайталанбауы үшін барын салатыны да даусыз. Осы ретте «Бәрі неден басталды?», «Отандастарымыз жат діни ағымдарға қалай шырмалды?» деген заңды сұрақтар туындайды. Мұндай көкейкесті сауалдарды саясаттанушы Расул Жұмалыға қойған едік.

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

– Көтеріліп отырған мәселе Қазақстан үшін өте өзекті. Жұрт жат діни ағымдарға ермеу үшін заңмен қысым жасау, ҰҚК мен құқық қорғау органдары террактінің алдын-алуы жеткіліксіз. Мұндай әрекеттер керек. Бірақ мәселені толық шешпейді. Жастардың діни сауатын ашу, діни білімін арттыру өте маңызды дүние. Жат діни ағымға арбалудың басты себебі – сауатсыздық, қараңғылық. Сонымен қатар, әлеуметтік жағдай көп нәрсеге әсер етеді. Мемлекеттік орындардан әділдік таппаған, бай мен кедей арасындағы теңсіздікті көріп ашынған, жұмысқа орналаса алмаған, қысқасы, орнын таппай, әділетсіздіктен көңілі қалғандарды арам пиғылды ағымдар арбап әкетеді. Халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу қажет. Сонымен бірге, қазақ тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін жете білмейтін, орыс тілділер көбіне жат діни ағымға еріп кетуге бейім келеді. Сондықтан ұлттық идеологияны насихаттап, ұлттық саясат жүргізу керек. Ислам діні қазаққа 1991 жылдан бастап келмегенін, ата-бабаларымыз ертеден Ислам дінін ұстанғанын, қазақта Ахмет Яссауи, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп т.б. әулие, ілімді, тақуа тұлғалар өткенін насихаттау керек.

Қош, білімсіздік, тұрмыстағы қиындық пен қазақы болмыстан жырақ болу жат діни ағымның тұзағына шырмалудың басты себептері дедік. Ал бұл мәселелерді шешу үшін не істеліп жатыр?

Алтынбек Ұтысханұлы – ҚМДБ Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі:

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан Жергілікті ақпарат-насихат тобы (ЖАНТ) және Республикалық ақпарат-насихат тобы (РАНТ) құрылып, еліміздің түкпір-түкпірінде төрт бағыт бойынша жұмыс жасайды: 1. уағыз-насихат; 2. жат ағыммен күрес; 3. қайырымдылық шаралары; 4. сауат ашу. РАНТ құрамындағы 45 білімді, білікті, тәжірибелі исламтанушы, дінтанушы теолог ірі қалаларға барады. ЖАНТ-да 350-ге жуық діни маман жұмыс істеп, әр өңірдегі аудан-ауылдарды аралайды. Сонымен қатар, дәстүрлі Ислам құндылықтарын насихаттап, түсіндіретін, жат діни ағымдардан сақтандыратын 20 сайт пен 1 телестудиямыз бар. Қазақстанда кадр дайындау мәселесі де жолға қойылған. Атап айтқанда, 1 университет, 5 медресе, 4 колледжімізден жыл сайын жүздеген түлек дін саласының маманы болып шығады. Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде тәуліктің қай уақытында хабарлассаңыз да, сізді мазалған сұраққа жауап беретін кезекші маман дайын отырады.

Демек, Қазақстанда діни сауатын ашып, дін саласында тереңірек білім алғысы немесе өзіне беймәлім мәселелердің жауабын білгісі келетін жанға ешқандай кедергі жоқ. Тек тексерілген, рұқсат етілген ресми дереккөздерден мәлімет алса болғаны. Ал енді шетелдік сайттар мен әлеуметтік желілерде отырып, шейхсымақтардың уағызына уланатындардың түбінде қандай күйге ұшырайтынын бәріміз іс жүзінде көрдік. Не шетел асып, «дін үшін соғысамын» деген қиялмен бөтен біреулердің саяси майданында қолшоқпарға айналады; не айрандай ұйып отырған өз елінде бүлік шығарып, кінәсіз жандардың қанын төгеді. Қысқасы, өзі де оңбайды, отбасы мен айналасындағыларды да оңдырмайды.

Қазақстан Республикасы зайырлы мемлекет ретінде ешкімнің құқығына, діни наным-сеніміне шектеу қоймайды. Бірақ мемлекеттің іргесі берік болуының бір шарты – біркелкі сенім мен біртұтас идея. Дін мен дәстүр біздің қос қанатымыз болса, руханият аспанында биік қалықтап, мерейіміз үстем болары анық. Ғасырлар бұрын ру-руға, жүз-жүзге бөлініп, ортақ шешімге келе алмаған алауыздықтың кесірінен сорлаған қазақ енді діни ағымдарға бөлініп, мемлекеттілігіне қауіп төндірсе, келешек ұрпақ алдында кешірілмес күнә болады. Алдағы дәуірлерде өмірге келетін қазақтардың тұла бойына, жан жүрегіне ұлттық рух пен имандылықты қатар сіңірген буын болуы үшін бәріміз жауаптымыз.

Алпамыс Файзолла

Abai.kz             

 

10 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2070