Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5236 0 пікір 23 Маусым, 2011 сағат 07:49

Төлен ТІЛЕУБАЙ. Қазақтың діні – жүрек ілімі

Жуырда Астанадағы «Риксос» қонақүйінде «Ислам діні және ұлттық идентификация» деген тақырыпта «Аманат» интеллектуалды пікірсайыс клубының кезекті жиыны өтті. Сол жиындағы орнықты ойлар мен тұшымды тұжырымдарды «Жас қазақтың» ойлы оқырмандарының назарына ұсынуды жөн көрдік.

Берік УӘЛИ, «Аманат» клубының жетекшісі:

«Аманат» интеллектуалды клубының бүгінгі отырысының тақырыбы - «Ислам діні және ұлттық идентификация». Өйткені, дін тақырыбы - қазақ қоғамындағы өте өзекті тақырыптардың бірі. Бұған биліктің өзі аса сақтықпен қарайды. Сондықтан, біз бұл мәселе бойынша өз ойларымызды ортаға салып, үн қосуға ұмтылып отырмыз. Бас баяндамашы - белгілі философ Омар Жәлелұлы.

Омар ЖӘЛЕЛҰЛЫ, философ-ғалым:

Жуырда Астанадағы «Риксос» қонақүйінде «Ислам діні және ұлттық идентификация» деген тақырыпта «Аманат» интеллектуалды пікірсайыс клубының кезекті жиыны өтті. Сол жиындағы орнықты ойлар мен тұшымды тұжырымдарды «Жас қазақтың» ойлы оқырмандарының назарына ұсынуды жөн көрдік.

Берік УӘЛИ, «Аманат» клубының жетекшісі:

«Аманат» интеллектуалды клубының бүгінгі отырысының тақырыбы - «Ислам діні және ұлттық идентификация». Өйткені, дін тақырыбы - қазақ қоғамындағы өте өзекті тақырыптардың бірі. Бұған биліктің өзі аса сақтықпен қарайды. Сондықтан, біз бұл мәселе бойынша өз ойларымызды ортаға салып, үн қосуға ұмтылып отырмыз. Бас баяндамашы - белгілі философ Омар Жәлелұлы.

Омар ЖӘЛЕЛҰЛЫ, философ-ғалым:

«Алла - бір, пайғамбар - хақ», «Дінім - Ислам, кітабым - Құран» деп мақалдайтын қазақ, Ислам дінінің негізгі қағидаларын өлеңге бергісіз аудармаға айналдырған қазақ - бүгін өзінің мұсылман екендігін жұртқа  дәлелдеуге мәжбүр болып, трагикомедиялық күй кешіп жатқан түрі бар. Бұл - ащы болса да ақиқат, бүгінгі күннің шындығы. Осы ситуацияға, осындай пұшаймандық халге қазақ социуымы қалай ұрынды, қалай тап болды деген аш бүйірден қадалатын сүйкімсіз сұрақтың туындауы да заңды. Енді осы жайттарды суық ақылдың сарабына салып, ой елегінен бір сәт өткізіп көрелік. Бәрі де жұмыр басты пендені құдайлық деңгейге көтеріп пұтқа табынған коммунистік Совет одағының ыдырауынан басталған. Еліміз егемендік алып, рухани аспанымызды торлаған құдайсыздық идеялары жоққа сайғанда, қазақы жамиғаттың рухани кеңістігі бір сәтке босап қалғандай еді. Ежелден «Имандының ісіне қарап бет берген, //Бір құдайдың дидарын» аңсаған (Бұқар жырау)  мың өліп, мың тірілген қазақ жұрты атеистік ауыр соққыдан, дінсіздіктің дойыр қамшысынан есін жия алмай жатқанда елімізге сырттан «шатақ діндердің» (Шәкәрім) лап қойғаны айдан анық, күннен жарық ақиқат еді. Шатақ діндер жері қүйқалы, халқы момын әрі діни сауатсыз,  асты-үсті қазына байлыққа мол қазақ жеріне батыстан да, шығыстан  да андыздап ат қойды. Батысты қойшы, олардың жарасы жеңіл, қазақ қауымының біраз бөлігі қызды-қыздымен Иса мәсіхті кеудесіне тағып, домбыраға қосып ән ғып айтып шоқынып кеткенімен, «Өзі сары, көзі көк, Бастығының аты боп, Күншығысқа қарайды, Шашын алмай, тарайды, Құдайды білмес, діні жоқ, Жамандықта міні жоқ, Затсыз, тексіз жөн кәпір, аузы-басы жүн кәпір» (Бұқар жырау) жұртты айырып үйреніп те қалды... Қиыны «өзіңмін» деп келіп, өңмеңдеп төрге ұмтылған, Ислам атын жамылып, дінге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын әрекеттерге бара алатын, шектен шығып ата-баба моласын қирата бастаған  қауымда болып тұр. Басында шын дін осы екен ғой деп жапа-тармағай ұмтылған аңғал жұрт олардың осы әрекеттерін көріп, шошынып, діннен аяғын тарта бастады. Қазақ жеріне келіп қазаққа дін үйретуді бастап кеткен, өздерін уаххаби, таблиғ жамағат, хизбут тахрир, құраниттер  және біз білмейтін тағы да басқа сандаған «шатақ діндер» қазақтың бос қалған рухани кеңістігін жаулауға кірісті. Шыны керек, бұл рухани экспансияға қазақ руханияты, қазақ мемлекеті басында дайын болмай қалды. Олар Ата заңымызда жазылған діни сенім бостандығы мен дін туралы заңнамадағы әлсіз тұстарды шебер пайдаланып бүгінде Қазақстанда орнығып та үлгерді. Орныққаны былай тұрсын, тамырын тереңге жіберіп, күннен-күнге күшейіп ықпалды топқа айналу үстінде. Осының нәтижесінде осыған дейін біртұтас болып келген қазақ қоғамы діни негізде бөлшектеніп, жіктеле бастады. Бұл - өте қауіпті құбылыс, егер тап осылай кете беретін болса, Ата заңымызда жазылған мемлекетіміздің унитарлығына, біртұтастығына нұқсан келері сөзсіз. Осы қауіпті сезінген мемлекет, ҚМДБ дабыл қағып бұл құбылысқа қарсы тұра бастады. Не нәрсенің де болса екі жағы бар: қазақ бұл өмір заңдыдығын «жаман айтпай жақсы» жоқ деп тұжырады. Бір жағынан қазақ жеріне «шатақ діндердің» келуі кесірін тигізіп жатса, екінші жағынан рухани жағынан әлсіреп, өзінің бары мен жоғын бағамдай алмай жатқан, медициналық терминмен айтқанда - терең прострацияда жатқан қауымның тез есін жиып алуына септігін тигізуде.

Кез келген дін, идеология белгілі бір қоғамға кірігіуі үшін өзіне рухани плацдарм дайындап алуы шарт. Ол үшін міндетті түрде осы қоғамның бұрыннан ұстанып келе жатқан құндылықтары жоққа шығарылып, жарамсыз етілуі қажет. «Шатақ діндер» де американы ойлап тауып бастарын қатырмай, осы дайын ежелгі сценарийге кірісті: қазақ қоғамын жаулап алу үшін олар ең алдымен дәстүрлі қоғамның дәстүрлі түсініктері мен идеяларын қирата бастады. Ең алдымен: «қазақта өзі дұрыс дін жоқ», «қазақ деген Алла тағалағы серік қосады, яғни мүшріктер», сондықтан да «ата-бабаларың адасқан» деген қазақ қоғамының іргетасын шайқалтып, тамырын қиятын, бастау бұлағының көзін бітейтін идеяларды жастардың санасына құя бастады. Табанды да дәйекті жүргізілген бұл рухани экспансияның нәтижесінде «шынында да ата-бабаларымыз адасқан екен» дейтін жастар пайда болды. Жастар ғана емес, қоғамның консервативті деп есептелетін орта жастағы контингенттерінің өздері бұл «тартымды әрі жаңашыл» идеяға бас шұлғыды. Ситуацияының ең сорақылығы сонда, өз қағынан өзі жеріген, ата-бабасын мансұқтап, қазақ мемлекеттігінің негізгі іргетасы - қазақ болмысына мұрнын шүйіріп, жиіркенішпен қарайтын қауымның пайда болуы. Бұл басқыншылықты діни негізде жасалан неоотаршылдық, неоколониализм демеске еш лажымыз жоқ. Ежелден мұсылман саналатын қазақ жеріне дендеп ену үшін де ұлттың қорғаныс қабілетін айғақтайтын үлттық болмыс пен ұлтшылдықты теріске шығару ауадай қажет еді. Сондықтан сырттан келген теріс ағым өкілдері «ұлт болу міндетті емес, мұсылман болсаң болды» деген сыңайдағы діникосмополиттік идеяларды таратуға кірісті. «Өзі шығайын деп тұрған көз еді, түртіп қалған соң не сорым» демекші, орыс отаршылдығынан есеңгіреп, ана тілінің асыл қайнарларына орала алмай, орысша шүлдіреп жүргендерге бұл идея майдай жақты. Осылайша бұл қауымның негізгі бөлігі орыс тілді қазақтардан құралып, бір-бірін «брат, сестра» дейтін жамағат дүниеге келді. Қалай болғанда да бұл басқыншылық - қазақ қоғамына үлкен сын болып тұр: ағылшын ханзадасы Гамлеттің «не боламыз, не бордай тозамыз» деген атушулы сұрағы алдымыздан шықты.

«Жыланды үш кессе де кесірткелік қауқары» бар деп мақалдайтын дана қазақ, басынан талай құқай мен басқыншылықты өткерген қазақ, бұл басқыншылыққа да төтеп беруге тырысып-ақ жатыр. Қазақ қоғамы ышқынып, бар рухани потенциалын жинап, әлсіреп кеткен дінін қалпына келтіруде. Бұл тарапта ҚМДБ -ның да атқарып жатқан игі істері баршылық. Басында өздері де осы басқыншылыққа бой алдырып, рухани ахуалды анық бағамдай алмаған олар бүгінде есін жиып, желдің қай жақтан соғып тұрғанын анық саралай бастады. Бұл істердің бір парасы - шет елдерге шәкірт жіберуді қадағалау, дін мамандарын өз елімізде дайындау мәселелері. Өйткені, жасыратыны жоқ, шатақ діндер мен теріс ағымдардың кеңінен таралуына осы шет елде оқып келген қазақ жастарының да үлесі аз болмағанын да айтуымыз керек. Бірақ, шет елден оқып келген қазақ жастарының бәріне бірдей күйе жағудан аулақпыз, олардың ішінде адал сүт емген нағыз дінтанушы мамандар да баршылық. Олар бүгінде өздерінің алған білімдерін тиімді пайдаланып, қалың жұртшылықтың діни сауатын ашып, жамағаттың ықыласына бөленуде. Олардың қатарына дінтанушы бауырларымыз Қайрат Жолдыбайұлын, Құдайберген Бағашарды және т.б. жатқызуға болады. Шатақ діндер мен теріс ағымдарға қарсы тұрудағы елеулі көмекті бұл істе азуы шыққан, мол тәжірибелі түрік бауырларымыз көрсетіп жатыр. Олар шатақ діндердің шығу тегі мен мақсатын түсінуге көмектесетін «Ағылшын тыңшысының мойындаулары» сынды кітаптарды аударып басып, қазақ руханиятына көп септігін тигізуде. Әрине, жалғыз ҚМДБ, немесе бізге тілектес дін қарындастарымыз көп болып жұмылуды талап ететін бұл істе жалғыз-жарым жүріп нәтижеге жетпек емес. Кейінгі кезде осыған дейін белгілі бір деңгейде бейтараптылық сақтап келген Қазақстанның БАҚ өкілдері де  дабыл қағып, бұл іске кәдімгідей атсалыса бастады. Өйткені қоғамдағы болып жатқан өрескел жағдайлар кімді де болса бейжай қалдырмасы анық еді. Қазақстандағы діни-рухани ахуалды осылайша бір бағамдап алып, енді негігі мәселеге көшейік. Осы мәселеде күшіміз бен шамамыз жеткенше пікір қалыптастырып көрелік. Алдымен: «Қазақ өзі шынымен мұсылман ба?», «Қазақ» ұғымы мен «мұсылман» ұғымы бір-біріне тең бе? Әлде алшақ па? Әлде «кеше келген тоқалдар, шөміш алып қоқаңдар» демекші, басымызға әңгір таяқ ойнатып жүргендердің сөздерінің жаны бар ма? Бұл сұраққа біз жауап беруіміз керек, жауап бермесек болмайды...Әйтпесе, біздікі көп көпірме қызыл сөздің бірі болып қалмақ қаупі бар. Осы сұраққа жауап беру үшін мұғалімдік тәжірибемнен байқаған мына бір жайтпен Сіздермен бөліскім келіп отыр: әдетте мен бірінші курсқа келген студенттерден: - Сендер мұсылмансыздар ма? - деп сұраймын. - Олар бірауыздан: - «мұсылманбыз» - деп жауап береді. Сұрастыра келс олар Исламның бірде-бір парызын орындамайтын боылып шығады. Тіпті ол жайлы олардың түсініктері де болмайды. Мәселенің қызығы да осында -  олардан: енді қалай мұсылмансыңдар? - деймін ғой баяғы. - Олар еш іркілместен: - Ой, ағай, сіз қызық екенсіз ғой, өйткені қазақпыз ғой! - деп нық сеніммен жауап береді. Осы мысалдан байқағанымыздай, қазақ халқының санасында «мұсылман» үғымы мен «қазақ» үғымы әлдеқашан бірігіп кеткенін көреміз. Оларды бөле-жара қарастыру тіпті де мүмкін емес. Сондықтан қазіргі кейбіреулер айтып жүрген дін таңдау бостандығы да бос, күмәнді, негізсіз нәрсе деп ойлаймын. Өйткені дінін сатқан адам, автоматты түрде қазақ болудан да қала бастайды. Бұл - абсолютті ақиқат. Және де тағы бір айтарым, бүгінгі күні кейде қылаң беріп қалатын Қазақ пен Исламды бір-біріне қарсы қоюды тоқтату керек. Біздің мұсылман болғанымыз кеше емес, бүгін емес, аттай он үш ғасыр болды.  Сондықтан да «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» дегендей (Абай), Ислам қағидалары мен заңдары  біздің салт-дәстүрімізге кірігіп кеткен. Кірігіп кеткені соншалық, оларды айыру - сүттің құрамындағы су мен сүтті айыруға ұмтылған аңғырттық пен ақымақтыққа тең болады. Сол себептен де бүгінгі күні «қазақтың дәстүрінде былай, Исламда былай» деп, қазақ дәстүрі мен дінді қарсы қою де негізсіз деп ойлаймын.

Қазақ дәстүрінде Исламға қайшы бірде-бір элемент жоқ, олай болатын болса Ислам діні қазақ қоғамына ене де алмаушы еді. Әлбетте, қазақы исламның өзіндік ерекшеліктері де жоқ емес: ол сол халықтың өмір сүру ерекшелігі мен менталитетінен туындаған ерекшеліктер; табиғи жағдайы мен шаруашылық түрлері, экожүйе өзгешелігіне  байланысты қалыптасқан ерекшеліктер. Ал осының бәрін ескермей өзге орта мен жағдайда қалыптасқан  шатақ дінді қазаққа тықпалау қаншалықты орынды? Қаншалықты ақылға, әділеттілікке сыйымды?! Ашығын айту керек, кез келген ұлттың қалыптасуында белгілі бір дін ұйыстырушылық қызмет атқарады. Тіпті қазіргі шатақ діндер тарапынан сөгіліп жүрген ұлт ұғымы, олардың жолына кесе-көлденең тұрып алып, өз мақсаттарының кедергісіз іске асуына тосқауыл болып отырған  ұлттық сана - барлығы құдіреті күшті Алла тағаланың ісі. Өзгеше ойлап, әртүрлі өмір салтын ұстанатын ұлттар мен ұлыстардың болуы - Алла тағаланың теңдесіз шеберлігінің көрінісі. Қасиетті Құранда бұл туралы: «Әй адам баласы! Шүбасыз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хаудан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» делінеді («Хұжрат» сүресі 49/13). Егер біз баз біреулер армандап жүргендей, «мұсылман боламыз» деген желеумен ұлттық ерекшеліктерімізден бас тартып, ұлттығымызды жоғалтар болсақ, онда Алланың әміріне қарсы шыққан болар едік. Қазақтың игі жақсылары арттарында «мұсылман болайын десең, ең әуелі қазақ болып ал!» деген ғибратты асыл сөз қалдырған. Ислам дінінің қазақ ұлтының ұйысуында, ел болып етек жабуындағы қызметінің өлшеусіздігі сондай, ол оның болмысына, тіліне, діліне , әдет-ғұрпына сіңіп кеткенін аңғарамыз. Сондықтан қазір біздің алдымызда қазақтықтықты меңгеру, қазақтықты меңгеру арқылы ғана шын мұсылман болу перспективасы тұр. Сонда ғана біз жан-жақтан анталап,  ұлттық нәріміз бен барымызды шайып кетуге дайын тұрған  әлемдік жаһандану үрдістеріне қарсы тұра аламыз.

Біздің қазіргі ұлттық трагедиямыз - қазақтыққа қайта алмай жатырмыз. Бізді қазір не қадірсіз - қазақтық қадірсіз. Біз көп жылға созылған отаршылдықтың кесірінен қазақтықтын тым алшақтап кеттік, қазақтықты қадірлеп дәмін сезінуден қалдық; қазақтыққа тұшынбағалы қашан! Біздің бар іс-әрекетіміздің берекесіздігі де осыдан деп білу керек. Бұл проблеманы алғаш сезген Алаш арыстары ұлттық негізді ту етіп көтерді, оны бір жоғалтып алғаннан кейін оған оралудың қиынға соғатынын анық аңғарды. Қазақ жанының білгірі, жазушы Жүсіпбек Аймауытов өзінің «Ұлтты сүю» атты мақаласында бұл жайында былай дейді: «Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан, мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек» (Қазақ альманағы, №2, 2009 ж.). Шынында да қазақ болу қиын, қазақ болу - өнер: қазаққа қатысты қандай тірлік болмасын, тек қана қазақтықтың аясында ғана ашылып, баян таппақ. Осы қағиданың ішіне дін де кіреді. Әйтпесе құр Құран жаттағаннан, құр хадис жаттағаннан қазаққа еш пайда жоқ, Құран, хадистің өзі қазақтану ғылымы ғана өз өрісін тауып, жүйелі түрде ашылмақ. Бұл менің айтып отырғаным әсіре ұлтшылдық немесе әсіре астамшылық емес, сөздің шыны, ақиқат істің мәнісі. Сөзімізге дәлел ретінде қазақ ғұламасы Мәшһүр Жүсіпті тыңдайық, ол кісі не дейді екен: «Алла тағала ғалам жаратты. Оның ішінде адам жаратты. Адамнан асыл жаратқан еш мақұлық жоқ, ғылым мен ақыл адамның озығасы (озғаны - О.Ж) болды. Оның шындығына «Ағуз биламин ал ражим» - ұғлы адам «Ласма каһа» аятпен беріктелді. Жетпіс екі тіл бар. Сол жетпіс екі тілдің ішінде ғараб тілінен асыл тіл жоқ. Оның асылдығы: «Ағузу биламин ал шайтан ал ражим ана низалынан Құран ғарабина лығылкім тоқылын» - аят бірін дәлел келді. Онан соңғы тілде қазақ тілінен асыл, қазақ тілінен бай тіл жоқ. Сол ата-бабасының тілі болған қазақ тілін осы күнгі жүрген қазақтың жалғызы білмейді. Егер қазақ тілін білсе еді: дін де осында, ғылым, білім де осында, әулиелшілік те осында. Солай болғаны үшін бұрынғы өткен ата-бабаларымыз бәрі жақсы болып, әулие болып өтті. Не үшін -  ақжүрек, ақкөңіл болғанлықтан. Бұған дәлел  болуға Мығной Мышнойдың (Мағнауи Мәснәуидін, Жалаладдин Румидің шығармасы - О.Ж.) бір сөзін тәбәрігіне сөйлейік. «Жаһыл Раббы ғылты ғалым кінд ғылым рағылт зыдлыһа біркіз»: Оқымаған «Әліфті» - таяқ деп білмейтін наданды жүрегінің ғаллатсызлығы ғалым қылады. Қанша ғылым иесі болса да, жүректе ғаллат болса, ол ғыллат ғылымды жоқ қылып жібереді» - деген. «Жүректе болатұғын ғыллат не?» - десең: дүние махаббаты. Кімде кімнің көңілінде дүние махаббаты болса, онда ғылым-білім бар деп ойлама. «Кімде кімнің көңілінде дүние махаббаты болмаса, ғылым-білім сол көңілде», - деп ойла. Жарқырап тұрған күннің көзі меңдей бұлт шықса, жоқ есебінде болмақшы емес пе?! Ғылым күннің көзі болса, дүние махаббаты бұлт есепті. Оның бетін алған соң, енесінің ...кетті де қой. Бұрынғылар көңілнде дүние махаббаты жоқтығы айдан анық, күннен раушан» (Мәшһүр Жүсіп, 11 т., 73-74 б.). Міне, бабалар ғибраты осындай. Мәшһүрдің бұл айтып отырған сөзінің мәнісін -  надан болу керек деп теріс ұғып қалмау керек, мәселе  - жүректі кірлетпей таза ұстауда. Жалпы қазақтың діні - осы Жүрек ілімі. Қазақ осы Жүрек ілімін жетік меңгергендіктен де діннің асылына, тазасына жете білген. Жүрек ілімін меңгермеген жан оқыды не, оқымады не -еш пайда болмайды; қайта білімін дүние табудың жолына жұмсап, шайтан лағынның темірдей қақпанына түседі.

Сөзіміз түсінікті һәм дәйекті болу үшін де енді діннің негіздері туралы біраз сөйлейік. Дін ілімі жалпы үш үлкен нәрседен тұрады. Біріншісі - иман ілімі - иман иғдиқат, немесе Ақида деп аталады. Екіншісі - амал ілімі - фиқх деп аталады. Үшіншісі - көңіл ілімі немесе жүрек ілімі - Ахлақ деп аталады. Баяғыда пайғамбарымыз сахабаларымен отырғанда бір кісі келіп сұрады дейді: Иман деген не, Ислам деген не, Ихсан деген не? Деп. Сонда пайғамбарымыз: иман ол Алла тағалаға сену, періштелерге сену, кітаптарға сену, пайғамбарларға сену, тағдырға, жақсылық пен жамандық Алла тағладан деп сену, ақіретке сену; ислам - ол иман келтіру, намаз, ораза, зекет, қажылық; ихсан - ол әрбір ісіңді Алла тағала көріп тұрғандай қыл, немесе Алла тағала сені көріп тұрғандай қыл деген екен. Сахабалар: бұл кісі кім дегенде? Бұл - Жебірейіл ғ.с. деп жауап беріпті. Ислам әлеміне мәшһүр бұл хадис осылай, Жебірейіл хадис деп аталып, Діннің үш асыл негізінен бізге хабар береді. Жоғарыда сөз болған діннің негіздерінің бірі болмаса, дін толық болмайды, дін онда дін болмай, шатақ дінге айналады. Бірақ барлық нәрсе ақидадан басталады, ақидасы дұрыс болмаған адам шайтанға ереді. «Ұстазы жоқтың ұстазы шайтан» деген қанатты сөз осыдан шықса керек. Арифтердің сұлтаны құл Қожа Ахмет Ясауидің жолын жалғастырушы  Софы Аллаярдың шағатай тілінде жазылған «Сабатул Ажизин» кітабына қазақ тілнде  түсініктеме ретінде жазалған «Рисалаи Азиза» кітабында бұл туралы былай делінеді: «Ал әһлүс сүнә уәл жамағаттың шарғи мәзхабы «шариғат жолы) төртеу. Олардан өзге барлық ағымдар мен топтардың сенімі батыл (азғындаған) екеніне дау жоқ. Ол адасқан мәзһабтардан сақтану үшін ақаид ілімін білу қажет. Мұны білмегенді Сопы Аллаяр ұялтпақ үшін мынадай деп дәріптеген.

Ақида білмеген шайтанға илдір.

Егер мың йыл амал деп қылса, елдір»

Қазақша;

Ақида білмеген шайтанға ел,

Егер мың жыл амал деп істесе - жел.

Біз базбіреулер айтып жүргендей дінсіз де, мүшрік те емеспіз. Құдайға шүкір, қазақтың ақидасы берік, амалы - кемел, ахлағы - көркем. Олай болатын себебі бізді осы айтылған үш негіз бойынша да ұстаздарымыз бар. Мін, он үш ғасыр болды, қазақ әһлі сүннә уәл жамағат қатарында. Ақида іліміндегі ұстазымыз - Имам Әбул Мансур Матуриди, амалдағы, яғни фиқх ілімі бойынша ұстазымыз - Имам Ағзам Әбу Ханифа, ахлақтағы, яғни жүрек іліміндегі, немесе мінез түзету іліміндегі  ұстаздарымыз - тасаввуф ілімінің өкілдері:Қожа Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани, Ахмет Йүгінеки, Жүсіп Баласағұн, Хорезми, Сәйф Сарай, Бұқар жырау, Майлықожа, Дулат, Абай, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім және т.б.

Енді аз-кем қазақты дінсіз, мүшрік деп жүрген шатақ діндерге келейік. Бағана айттық, бәрі ақидадан басталады деп. Естеріңізед болар, Кетбұға жырау хан Шыңғысқа ұлы Жошының өлімін естірткенде: «Теңіз бастан бұлғанды, а ханым» демеуші ме еді. Ендеше, дін теңізін басынан былғайтын бастау бұлағы  - осы ақида ілімі. Егер ол былғанса, діннің барлығы былғанып, адамзатқа қатер төндіре бастайды. Бұл шатақ діндердің пайда болуы бүгін емес, әріректе, 18, 19 ғасырлардың үлесінде. Осы құбылысты дәл аңдап, өмір бойы шатақ діндерге бітіспес майдан ашып, таза дінді іздеп тауып, бізге соны ұсына білген Шәкәрім қажы айтады:

Арақ - ақыл, ой - мастық, жар - хақиқат,

Жан - нәпсі, шатақ - иман, дін - қиянат.

Маскүнем, әйелсүйгіш, дінсіз ғой деп,

Сырым білмей сыртымнан қылма ғайбат («Иманым»).

Діннің ғажайып білгірі Шәкәрім осыған дейін айтылған ойларымызды қуаттай отырып, мәселенің түп мәнісін - шатақ діндердің пайда болу жолын соқырға таяқ ұстатқанай қылып ашып береді. Барлығы, - дейді Шәкәрім, - шатақ иманнан, яғни ақиданың дұрыс болмағанынан дейді. Және бұл шатақ иманның пайда болуына тәпсіршілер (Құранды түсіндірушілер) кінәлы дей отырып, діннің қадірі қашып, адамзатты шошыта бастаған рухани ахуалды дәл бағамдап, түп-тамырын дөп басып айтып береді.

Жаман тәпсір жайылып жер жүзіне,

Дін десе тұра қашты есті азамат.

Бар обалы олардың тәпсіршіде,

Адасып нұрлы аятқа жағыпты тат.

Сондықтан, қадірлі қауым, жаман тәпсірдің негізінде шатақ иманның пайда болып, шатақ иман - қиянатшыл дінді тудырғаны бүгін ғана емес екен. Біз бүгін тек осы әріден басталған үдерістің ащы жемісін татып отырмыз. Бүкіл әлемге бейбіт сүйгіш дін - исламның қадірін кетіріп, ислам дінін лаңкестік ұғымымен теңестіріп, шендестіріп қойған да осы шатақ дін өкілдері.

Енді шатақ діндердің бірі уаххабилікке тоқталайық. Түрік ғалымы Осман Қарабиықтың «Ислам діні» атты кітабында аталмыш ағымды «Негізі бұзылған діндер мен секталар» деп аталатын үшінші бөлімде қарастырыпты. «Уаххабиліктің негізін салған Мұхаммед бин Абдулуахаб хижраның 1111 (м.1699) жылы Нәждте Хураймилә мекенінде дүниеге келіп, х. 1206 (м.1791) Дарийада өлді. Бұрын саяхат және сауда үшін Басра, Бағдат, Иран, Үндістан және Шамға барған. Хижраның 1125 жылы Басрада ағылшын тыңшысы Хемфердің тұзағына ілініп, ағылшындардың Исламды жою мақсатындағы әрекеттеріне құрал болған. Ахмет бин Таймийаның әһлү сүннетке қайшы келетін кітаптарын оқып, «Шайх-и-Нәжди» деген атпен танымал болған. Оның идеялары ағылшындардың ақшасы мен қарулары арқылы сауатсыз ауылдықтар және Дарийа халқы халқы мен басшылары Мұхаммед бин Сауд тарапынан қолдау тапты. Оның пікірін қабылдаған адамдар «Уаххаби» және «Нәжди» деп аталады.

Уаххабилердің бұзық сенімдерінің үш негізі бар:

  1. Амал, ғибадат - иманның бөлшегі деп санайды. Бір парызды орындамаған адам кәпір болады дейді. Оны өлтіріп, мал-мүлкін тәркілеу керек дейді. Олар туралы «Фатх-ул-мәжид» кітабының түрлі беттерінде жазылған.
  2. Пайғамбарлардың (алейһимуссалам) және әулиелердің (қаддасАллаһу тағала асрараһумул азиз) рухынан шапағат сұраған адам, олардың мазарына барып, оларды себеп етіп, дұға еткен адам кәпір болады деп санайды.
  3. Уаххабилердің үшінші бұзық сенімдері - мазардың үстіне кесене салуды, кесенелерде намаз оқуды, онда қызмет істейтіндер мен намаз оқығандарға шырақ жағуды, өлгендердің рухына садақа нәзір етуді (атау) жаиз емес (дұрыс емес) санауы. Уаххабилердің айтуы бойынша Харамайн (Мекке-Мәдина) халқы бүгінге дейін күмбездермен дуалдарға табынып келген екен. Әһлү сүннет пен шиит тобындағы мұсылмандар сол үшін мүшрік болып саналады екен. Оларды өлтіріп, мал-мүлкін тәркілеуге болады екен. Олардың сойған малы арам болып есептеледі екен».

Міне, құрметті ағайын, түрік ғалымы Осман Қарбиықтың «Ислам діні» атты кітабында шатақ діндердің бірі уаххабилік туралы осындай мағлұматтар берілген. Қазақ руханиятына жасалып жатқан шабуылдардың түп-төркінін енді түсінген боларсыздар. Енді осы кітапты және Қайрат Жолдыбайұлының «Дін мен Діл» атты кітабын негізге ала отырып бұл сенімдердің шынында да бұзық екеніне көз жеткіздік. Біріншіден, біздің ақидамызда иман мен амал ажыратылған. Бір парызды орындамаған адам күнәһар болады, кәпір болмайды. Тәубесіне келсе Алла тағала күнәларын кешіруі мүмкін. Өйткені пайғамбарыммыз с.ғ.с. : «Лә иләһә илла алла» деп айтқан адамға кәпір деп айтпаңдар деген. Екіншіден, тауассул ету, яғни бір құрметті адамды (Пайғамбарды, әулиені немесе өзіңнің істеген бір жақсылығыңды) негіз етіп, себеп етіп Алладан дұға тілеу пайғамбар сүннеті. Ол туралы көптеген хадистер бар. Үшіншіден, «кесене» - «бөлме» дегенді білдіреді. Кесенеге тыйым салынса, сахабалар Расулулаллаһты, Әбубәкір және Омрады бөлме ішіне жерлемес еді. Кесене өлген адамға табыну үшін салынбайды, Оған кұрмет көрсету, дұға етуге келгендерді күннен, жауыннан қорғау үшін салынады. Су-и-зан ету - харам. Бүкіл мұсылмандар туралы жаман ойлауға болмайды.

Енді қазақтың тағы бір шарасы ас беру, жетісін, қырқын, жылын беруіне тоқтала кетейік. Бұл мәселе де кейінгі кезде шатақ діндер тарапынан ысырап ретіде бағаланып жүр. Бұл туралы Райымбек бірлестігі шығарған «Құран-хатым» кітабында былай дейді: «Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) садақаға берілетін сауаптың мөлшері туралы айтқан: «Бір садақа бар - бірге бір болып саналады. Бір садақа бар -  бірге он; бір садақа бар - біріне жетпіс; бір садақа бар - біріне жетпіс мың; бір садақа бар - біріне қанша екенін бір Алладан басқа ешкім білмейді», - деп. Сахабалары: «Иә, Расулулалла, олар кімге», - деп сұрағанда айтақан: «Бірге бір садақа -ниеті нашар адамдарға берген садақа; бірге он - дені сау дәруіштерге берген садақа; бірге жетпіс - жоқ, кедей тұратын адамдарға берген садақа; ал жетпіс мың - ілім іздеген талапкерлереге берген садақа; ал есебін Алла білетін көп мөлшердегі садақа  - ғалымдарға және қайтыс болған адамды атап берген садақа», - деген (хадис Мүслімнен жеткен). Сонымен, ағайын, өздеріңіз де көріп отырсыздар, қазақтың дінінде дінге қайшы келетін, шариғатқа томпақ келетін бірде-бір дәстүр жоқ екен. Және қазақты мұсылманнан, мұсылманды қазақтан бөле-жара қарастыруға әсте болмайды екен.

Берік УӘЛИ: Сайлау науқанының кезінде президент хиджабқа қатысты өз ойын білдірді. Ал, Франция 11 сәуірден бастап хиджабқа қарсы шектеу қойып, оны киген әйелдерге және кигізген еркектерге үлкен мөлшерде айып салуда. Жалпы қазақ әйелі хиджаб киді ме? Осы мәселеге қатысты сіздің пікіріңізді білсек...

Омар ЖӘЛЕЛҰЛЫ: «Нұр» сүресінде айтады: «Мұсылман әйелдері басына бүркеу салып, бүркеуіш күйлеріңе түсіңдер. Бұл мұсылман әйелдеріне парыз етілген». Бірақ, хиджаб мәселесі қазақтың салт-дәстүріне сәйкестендіріліп киілуі керек. Сонда ол қоғам тарапынан шошынуды тудырмайды. Қазіргі кезде көбінесе қара жамылып, бүркеніп алып, ұлттық менталитетімізге жат киім кигендіктен де олар қоғам тарапынан осындай шошыну тудырып отырғаны бар. Екіншіден, кез-келген мекеменің, мысалға балабақша, мектеп, университет болсын, өз заңы бар. Пайғамбарымыз: «Қай ортада жүрсеңіздер, соның заңына бағыныңдар! Басшыға бағыну уәжіп! Тіпті, мейіздей қап-қара құлды басшы қылып сайласа, соған бағыну - уәжіп!» деген.

Менің білетінім, қазақ ешқашан да хиджаб кимеген. Қазақтың қызы кішкентай кезінде басына теңге тағылған үкілі тақия, одан сәл бойжеткенде кәмшат бөрік, тұрмысқа шыққанда сәукеле киген. Ал, сәукеленің 1-2 жыл ақ желегін жамылып жүріп, босанғаннан кейін ақжаулық киген. 4-5 перзент көтерген соң, басына кимешек кигізіліп, содан баласы көбейген сайын кимешектің сыртына шылауы оралып, дәрежесі өскен сайын, шылауыш та өсе берген. Қазақтың хиджабы - осы.

Ержан ҚАЛЫМБАЙҰЛЫ, «Қазақстан» ұлттық арнасының тілшісі:

Ислам дінін берік ұстанған елдерде бейберекетсіздік орын алып, қан төгіліп жатыр. Осыған сіз қандай пікірдесіз?

Омар ЖӘЛЕЛҰЛЫ: Егер біз өз арамыздағы діни алауыздыққа жол беретін болсақ, ертең сыртқы жауларымыз мұны өте шебер пайдалануы мүмкін. Сондықтан, біз қазақтың бірлігін сақтап қалуымыз қажет. Өйткені, кез-келген діннің мақсаты - халықты ұйыстыру. Шәкәрім айтады: «Дін адамды бір бауыр қылмақ еді, қару жасап бір-бірін қырып жатыр. Ондай дін бола ма екен?». Нағыз дін тіліне, дініне, нәсіліне қарамай адамдарды ұйыстырады. Қожа Ахмет Яссауи бабамыз айтқан ғой: «Сүннет емес кәпір болса берме азар, Көңілі қатты діназардан Құдай безер» деп. Ол кәпір болса да сен оған қиыншылық жасама дейді. Неге? Өйткені, қиыншылық жасасаң жүрегің қатаяды, ал жүрегің қатайса Құдай сенен безіп кетеді дейді. Біздің бүгінгідей төзімді болуымызға ата-бабаларымыз тәрбиелеп кеткен.

Төлен ТІЛЕУБАЙ, «Жас қазақ» газетінің Астанадағы өкілдігінің жетекшісі: Омар аға, сіз шатақ діндер туралы орынды пікір айттыңыз. Жасыратыны жоқ, бұл мәселе қазір қатты ушығып тұр. Мемлекеттің өзі бұған тосқауыл қоя алмай жатыр. Ал, тосқауыл қою үшін не істеуіміз керек?

Омар ЖӘЛЕЛҰЛЫ: Бұл жерде дінге иммунитет туралы айтылды ғой. Шын мәнінде киелі жер бос болмайды дейді. Шатақ діндердің елімізге келуінің басты себебі - рухани кеңістігіміз бос қалды. Қазақ өзі айтады: «Адамның басында құдай болмаса, оның орынын шайтан басады» деп. Сондықтан, бұл шатақ діндерге қарсы тұруымыз үшін әлемдік тәжірибені зерттеу керек. Ағылшын шіркеуін, бауырлас түркі елдерінде имамхатибтер мектептен бастап балаларды оқытып, Ақида, Мазхаб, Ақлақ мәселелерін миына құйып тастайды екен. Яғни, біздің де мектептерде, отбасында осы үш мәселені балалардың санасына құйып тастауымыз керек. Бос орын болмауы керек, сонда шатақ діндердің өздері де кіре алмайды. Шатақ діндердің арамызға кіріп жатқан себебі - халқымыздың діни сауатсыздығы. Яғни, шын дін мен шатақ дінді ажырата алмауы. Ол өте қиын. Барлығын басынан бастап, қолға алған абзал. Екіншіден, жау жоқ деме жар астында дегендей, біздің сақ болғанымыз дұрыс. Сақтықта қорлық жоқ дейді. Өйткені, қазір бұл мәселе қатты ушығып тұр. Екі қазақтың бірі шын дін, екіншісі шатақ дін болып отырғанда картаны ойнатып жіберуі әбден мүмкін.

Салтан СӘКЕН, «Алаш айнасы» газетінің тілшісі:

Қазіргі қоғамда сопылықтың атына кір келтіретін небір ағымдар пайда бола бастады. Анау зікіршілердің, «2012 жылы ақырзаман болады» деп Құрбанәлінің шығып жатқаны бұған мысал. Жалпы сопылық ілімге кір келтірушілерге қандай шара қолданған жөн?

Омар ЖӘЛЕЛҰЛЫ: Қазақ жеріне дін осы сопылық арқылы келді. Сопылықтың негізгі мәнісі - Аллаға ғашықтық. Өйткені, пайғамбарымыздың: «Аллаға ғашық емес адамның иманы да жоқ» деген хадисі бар екен. Біздің Қ.А. Яссауи бабамыз бастаған сопылардың еңбектерін оқысаңыздар, «Аллаға ғашық қыла көр!» деп бір ғана тілек тілейді. Ал Аллаға ғашық болу үшін, адамның ішкі жан-дүниесі таза болуы керек. Өйткені, сопалық сыртқыдан гөрі ішкі тазалыққа басты назар аударады. Тағы бір мәселе, сопылықтың екі түрі бар: бірі - шынайы, екіншісі - жалған. Шын сопылар өзін ешқашан «сопымын» деп айтпайды. Олар көрінбейді. Тіпті нағыз сопыдан «сопылық деген не? Сіздерді қалай атаймыз?» деп сұрағанда «Білмеймін. Біздің атымыз жоқ» депті. Сондықтан, сопылықты да Абай атамыз айтқандай, «адам аулаудың, қулық сауудың» жолына айналдырып жүргендер бар. Шәкәрім бабамыз: «Тәспих, сәлде, жайнамаз, Тастамасаң қыс пен жаз, Жүрегің болса тайғақсыз, Сопысынып, қылма наз» деп сопының атрибуттары тәспих, сәлде, жайнамаз екенін айтады. Менің ойымша, бүкіл ілім жүрекпен өлшенеді. Мәшһүр Жүсіп атамыз: «Жалғанның жұмысын істегенде осы жалғаннан құралған 12 мүшеңді жұмсықа сал. Жалғанның жұмысын мәңгілік өмір сүретіндей істе. Өйткені, ақиреттің жұмысын көңіл атқарады, ол жұмысты ертең өлетіндей істе. Әйтпесе, қазіргілер беті мен к...н жуудан, намаз оқудан, домалақ-домалақ тастарды тізіп-санаудан қолы босамай, небір ғұламалар жынданған үстіне жынданып жүр» дейді. «Мұсылманшылық құр намаз, ораза және қажылықпен болмайды. Мұсылманшылық кедейге көмектесіп, жетімді басынан сипап, жесірді жұбатып, артығыңмен бөлісіп, киіміңмен киісіп, жоқ-жітікке қарайласып, бүкіл дамзат баласын Адам ата мен Хауа анадан біртуған деп қараумен, пайда мен зиян таласып келгенде зиянды өзіңе алып, пайданы өзгеге берумен болады. Сондықтан, жұртқа пайдасы тимеген жаман да бір, ұрғашының күші де бір, екеуі де аңқиып тұрады» дейді. Міне, қазақтың діні осы. Менің ойымша, адам намаз оқымаса да, келген қонағына жылышыраймен қарап, тамағын беріп, шығарып салып, бір қажетіне жарап, пайдасын тигізсе, ол - мұсылман. Яғни, пайғамбарымыз айтқандай, «нағыз мұсылман біреуге пайдасын тигізген адам». Діндегі өлшеу - осы.

Залдан қойылған сұрақ: Сіз шетелден оқып келгендер дұрыс білім алмай жүр дедіңіз. Сонда қай жерден таза білім алуға болады? Екінші сұрақ: Өлген адамның жетісін, қырқын, жылын өткізуге қатысты Бас мүфтидің шығарған пәтуасында ысырап екені айтылады. Сіз бұған не дейсіз?

Омар ЖӘЛЕЛҰЛЫ: Менің ойымша, әлі жас, ақидасы бекімеген, мазхабтың не екенін білмейтін, ақлағы түзелмеген баланы шетелге оқуға жіберу - өте қауіпті нәрсе. Өйткені, ол жас шыбық секілді иіліп, жат ілімді тез қабылдап, келген соң оны осында уағыздайды. Сондықтан, шетелге ақидасы қалыптасқан, мазхабы берік, ақлағы орныққан адамды ғана жіберу керек. Палестинаға барсаңыз - Тәбижамағаат, Сауд Арабиясына барсаңыз - Уахабшы болып ораласыз. Таза ілім тек Мекке мен Мәдинеде деген түсінік те дұрыс емес. Мекке мен Мәдине - Алланың үйі екеніне дау жоқ. Шәкәрім атамыз айтады: «Дін тазасын дін де, тән де таппайды. Дін тазасын ой табады» дейді. Яғни, ақыл табады екен. Сонда Меккеге барып тұрып, таза дін тауып келуге де, таппай келуге де болады. Барлығы барған адамның ақылына байланысты. «Нұр-Астана» мен «Нұр-Мүбәрәк» медресесінде оқып-ақ, дін тазасын табуға не таппауға болады. Өйткені, шынында Құранда айтады: «Бұл кітап кімге? Ақыл иелеріне. Бұл кітапты ақыл иелері түсінеді. Сендердің көздерің соқыр емес, жүректерің соқыр. Ал, ақыл жүректе болады». Қазақ «Жақсының ақылы жүрегінде, жаманның ақылы білегінде» демей ме?!. Сонда Шәкәрім атамыз айтады:

«Шын ақылмен таппаған дін,

Дін емес ол - жындылық,

Қармалаған бір соқырсың,

Өлген ой мен көз-құлақ.

Дін тазасын діннен ізде,

Дін шатағын сынға сал,

Анық айна өзіңізде,

Айда ақылды қаттырақ».

Сонда біз неге бүгін көлік жүргізуді, шаштаразды, дәрігерді оқытамыз да, ал дінді оқытпаймыз?!. Сондықтан, дінді ақылмен оқыту керек. Өйткені, пайғамбарымызды: «Кімге иман парыз? Әрбір ақылды адамға иман парыз. Иман келтіргеннен кейін ғибадат парыз» деген хадисі бар. Сен жынды болсаң, саған иман парыз емес. Сондықтан әр нәрсені ақылмен қабылдау керектігін айтады. Әрине, менің айтып отырғаным суық ақыл емес, жүректегі нұрлы ақыл. Екіншіден, мүфтидің өлген адамның жетісін, қырқын өткізбе деп айтуы мүмкін емес. Өйткені, ол - қазақтың дәстүрі. Мен Қайрат Жолдыбайұлының «Дін мен діл» деген кітабынан мынадай сөздерді оқыдым: «Қазақтың ас беруі мен қырқын беруі - бізге келіп, уағыз айт деген ниет емес пе, бұдан неге қашамыз?!». Пайғамбарымыздан сұрағанда: «Үлкен сауап бар, оны Алла біледі. Ол - ғалымдарға берілген ас-садақа және өлген адамның атын атап берген садақа» деп айтыпты. Сонда қазақтың жетісі, қырқы деген сауабы теңдессіз мұсылмандық екен. Ал кәпір - нәпсіміз, ол тоймай мұсылмандық өз азығын ала алмайды. Қазақ өте ақылды халық. Әуелі тамағын береді, одан соң алпыс екі тамырың иігеннен кейін ана адамға рахметіңді айтып, дұға қылмайсың ба?!. Алла-Тағала: «Сендер мені бір адамның ішінде еске алсаңдар, мен де бір адамның ішінде еске аламын, ал жамағаттың ішінде еске алсаңдар, мен сендерді жамағаттың ішінде еске аламын» дейді емес пе?!.

Жантас ЖАҚЫП, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың оқытушысы:

Менің білуімше, діннің ұлтты ұйыстыруында тарихи сабақтар бар. Мысалы, Хазар қағанатының тілі бір, діні бөлек болған. Қазір оны тарихта болғаны, құрып кеткенін ғана білеміз. Сонымен қоса, діні мен тілі әртүрлі мемлекеттің де ғұмыры ұзақ болмайды. Бұған мысал, Бейбарыс құрған мәмлүктердің мемлекеті. Менің ойымша, қоғамды бір ұлтқа біріктіретін - тіл, дін, діл. Осы үшеуі бірдей болуы керек. Жасыратыны жоқ, біздің иманымыз әлсіреп қалғаны рас. Біз қоламтадағыны енді ғана үрлеп келе жатқандықтан, иманымыз әлсіреп, нешетүрлі секталар басып кетті. Біздегі тағы бір жаман нәрсе - көпконфессиялық. Көптеген қоғамтанушылар: «Қазақстанда 40-тан астам конфессия бар» деп мақтанғанын керең болғыр құлағым естіді. Оны сырттағы жұртқа үлгі қылып жатырмыз. Айналып келгенде, бұл көпконфессиялық ұлтымыздың іруіне, ыдырауына әкеліп соғуы әбден мүмкін. Осыны ойлауымыз керек. Содан соң, толеранттылық дегенді таяз күйінде түсінеміз. Ал, толеранттылықтың ғылыми тұрғыдан алғанда бірнеше жікке бөлуге болады. Мысалы, парасатты келісім, қарсы келісім. Толеранттылықты көп жұрт: «Шыда! Не болса да шыда!» деп түсінеді. Кеше президент Қазақстан халқы ассамблеясының жиынында осы толеранттылықты зерттеуімізді меңзеді. Екіншіден, қалай десек те барлығы адамның ар-ожданына келіп тіреледі. Сондықтан, өзіміздің философиямызды оқуымыз қажет. Мысалы, Шәкәрімді түсіндіре алатын философтар қазір бар. Идентификация дегенді мен «сіңісу» деп аудардым. Шын мәнінде, әуелі қазақтың өзі бір-біріне сіңісіп алса, бірігу жеңіл болады. Бізді біріктіретін қазақ тілі мен ислам діні екенін жақсы білуіміз керек. Сонда ғана қазақ басқа ұлттарға үлгі бола алады, сол ұлттар үшін жауапты бола алады. Сонда өзге ұлттар бізге ұйып, сіңісіп кетеді. Не десек те болашақтан түңілмейік.

Төлен ТІЛЕУБАЙ: Қазіргі шатақ діндер әруақты жоққа шығаруда. Сіз осы ұстаныммен келісесіз бе?

Омар ЖӘЛЕЛ: Әруақ деген сөздің мағынасы арабтың рух деген сөзінен шығады. Әруақ - көпше түрі. Құранда: «Мен адамның бойына рухымды үрледім» деген сөз бар. Адамның рухы жаратылғанда Алла-Тағала періштелерге: «Мен өзіме халифа, яғни, орынбасар жараттым. Соған бас иіңдер» депті. Сонда ол періштелер адамның денесіне бас иіп тұр ма, әлде, рухына ма?!. Әрине, рухын мойындаңдар, рухына тағзым етіңдер, өйткені мен жараттым деп тұр. Періштелер басында келіспей, білім жарыстырады. Сонда адамның рухына Алла бүкіл тұтас атауларды үйретіп, ғылыммен басым түсіп, періштелер сәжде қылғанда әзәзіл айтыпты: «Мен мына балшықтан жаратылған адамға бас имеймін» деп. Неге? Өйткені, ол сыртын көріп, ішіндегі рухын көре алмай тұр. Міне, сондықтан рухқа құрмет көрсету - Адам Атаның жаратылысынан басталады. Екінші бір мәселе, Алла-Тағала дүниені себепсіз жаратпаған. Рух та - себеп. Сол рухтың себебінен дүниені жаратып тұр. Яғни, қазақ әруаққа табынбайды, құрмет етеді.

Мәшһүр Жүсіп бабамыздың басында мынадай сөздер жазылған:

Жақсы-жаман демеймін,

Бай-кедейге бөлмеймін.

Кім әуелі аузына Алланы алып,

Содан соң менен сұраса,

Соны желеп-жебеймін!

Сонда әруақтан сұраудан әдебі, тәртібі бар. Алла әуелі кімнің тілін алады, кімнің дұғасын қабылдайды? Әрине, досының. Ал досы -  әулие. Құранда айтады: «Менің достарым бар. Оларға екі дүниеде де жамандық келмейді. Және сол достарымның басқан аяқтарына, істеген қолдарына, сөйлеген сөздеріне айналамын». Сол досының құрметіне сұрағанда Алла-Тағала береді екен. Біз мұны дұрыс түсінуіміз керек.

Төлен ТІЛЕУБАЙ,
Астана қаласы.

Сурет: ia-centr.ru

QazaQ.KZ редакциясынан ескерту: Бұл материал "Жас қазақ" газетіне ресми жарияланбаған. Бірақ танымал журналист Берік УӘЛИДІҢ біздің Интернет-журналмен өткізген Интернет-конференциясы аясында қойылған сұрақтардың біреуіне қатысты болғандықтан қосымша материал ретінде жариялап отырмыз.

http://qazaq.kz/?p=2743

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5488