Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Күбіртке 11987 24 пікір 3 Маусым, 2019 сағат 13:53

Ресей тағы да Торғайдың 5,8 мың гектар жерін жалға алды

Жақында Ресей порталдарының бірінде облысымыздың жұршылығын елең еткізетін жайсыз дүние тарап кетті. BNews ақпарат агенттігінің хабарлауына қарағанда осы жылдың мамыр айының аяғында біздің елдің үкіметі мен Ресей үкіметініің арасында Қазақстанның Қостанай облысының Торғай өңіріндегі 5,8 мың гектар, яғни  58 мың шаршы метр ұланғайыр жер «Байқоңырдан»  ұшыратын зымырандарының құлайтын орны деп белгілеп, оларға жалға  беріп қойды. Біздің шенеуніктер де алғыр да іскер емес пе, мәселенің ізін суытпай-ақ үкіметтің осы жылғы 23 мамырдағы  №313 қаулысымен тастай етіп бекітіп тастады. Енді былқ ете алмайсың.

Төбеңнен зымыранның қалдығы күнде құлап жатса да дымыңды шығармай, іштей тынып жүре бер. Оның үстіне біздің үкімет Торғай халқын тұрмысын түзетіп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман орнататын көрінеді. Өйткені, сар далаңды Ресейдің ескірген зымыран қалдықтары әбден улап біткені үшін «мырза» көршіміз торғайлықтарға  аттай 460 мың доллар төлейді-міс. Не деген «дарқандылық» десеңізші. Олар үшін көп ақша шығар, ал біздің көмекейі кең жемқорлар үшін ол ұсақ-түйек дүние. Ал жаңағы мол доллар дегеніңізді өзіміздің теңгеге шақсақ, небәрі  175 миллион теңге ғана болып шығады. Ау, бұл дегеніңіз министрлерді айтпағанда парамен ұсталған ортаңқол шенеуніктердің сотқа төлейтін айыппұлы емес пе?

Мұны аз десеңіз, осы мәселеге жауапты дейтін атының өзін айтып тауыса алмайтын еліміздің Цифрлық дамыту, қорғаныс және аэроғарыштық өнеркәсіп министрлігінің вице-министрі Марат Нұрғожин Ресейдің бұл «садақасы» осындағы Жанкелдин ауданының бюджетіне құйылып, сол ауданның әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешеуге бағыталады екен-міс. Марат мырза, қасиетті Торғайдың намысты азаматтары сізден қашан қолқабыс бере көр деп көмек сұрапты? Ондағы тұрғындар ешкімге де алақан жаймай, өз күндерін өздері көріп отыр. Ешкімге де алақан жаймайды. Дарқан да еңбеккер халық. Ал енді әлеуметтік немесе экономикалық мәселелер қай жерде жоқ? Оларды шешетін жергілікті билік бар емес пе? Әлде оны Ресей шешіп беруі керек пе?

Осы өңірді Ресейге жалға беруге келгенде біздің биліктің ешкімнің де пікірімен санаспай өз білгенін істеуге әбден еті үйренген. Кезінде осы мәселе көтерілгенде біз де осы порталға оған халықтың қарсы екенін жазғанбыз. Тек қана қалың қазақ орналасқан бұл өңірге зымыранның қалдығының қандай зардаптарға әкеліп соғуы мүмкін екенін ескеру қажеттігін де жеткізгенбіз. Одан да ештеңе шықпады. Міне қазір де сол «ертегілерін» қайталай береді. Жаңағы мырзаның айтуына қарағанда «Союз-2» деген (осылар «Союз» дегенді аузынан тастамайды, әйтеуір) зымыран жермай мен оттегі секілді экологиялық жағынан аса таза отынмен жұмыс істейтін аса бір заманауи көлік көрінеді. Енді тек әлгі долларды қойны-қонышыңа тығып қойып, ештеңе де алаңдамай, малыңды бағып, Ресейге күнде алғыс айтып жүре беретін жұмақ туған ба деп қаласың.

Ал шындығында мұның өзі шылғи өтірік, көпшілікті алдау. Жермай мен оттегінің жерге де, оның шөбін жейтін малға да тигізетін залалы шаш етектен көрінеді. Одан түптеп келгенде тек Торғай халқы ғана емес, оның еті бал татыған малын сүйсіне жейтін өзге ауданның тұрғындарынаның денсаулығына да қауіп туатыны айдан-анық. Бізге «ешбір дәлелсіз өтірік айтты» деп кіәлаламас үшін осы саланың мәселесіне қанық азаматтардың пкіріне құлақ түрелік. Соның бірі Жасұлан Көжеков деген  журналист. Сөзіміз дәлелді болду үшін оның пікірін сол қалпында берелік.  Ол: «Помимо керосина и жидкого кислорода в топливной смеси имеются и стойкие органические загрязнители (СОЗ), использование которых регулируются отдельной Стокгольмской Конвенцией – настолько они живучи и опасны. Но об этом помалкивают и россияне, и наши. Так что мифы о «безвредности» «Союзов» приберегите для впечатлительных дамочек» деген дәйегі бүкіл ғаламтор жүйесіне тарап кетті. Оған ешкім де қарсы пікір айтып, өз ойларын дәлелдеген емес. Сірә, бізде «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» дегенді бекем ұстаным тұтса керек.

Жалпы, «экологияға келетін ешбір зиян жоқ» деп қол қусырып қарап отыру халықтың болашаған ойламау деп білеміз. Зымыран қалдықтарының зардаптарының алдын алуға қам жасамасақ, күні ертең үлкен апатқа ұшырауымыз сөзсіз. Осыдан екі жыл бұрын Жезқазған маңында құлаған зымыранның қалдықтарынан алапат өрт шығып, бір адам опат болып, екіншісінің мәңгілік мүгедек болып қалғанын қалайша тез ұмыттық. Оны аз десеңіз, дәл осы жерге жаңағыдай зымыран тағы да құлады. Оны да жылы жауып қойдық. Біздің мамандар болса «алаңдамаңдар, елге еш қауіп жоқ» дегенді қайталаудан жалықпайды. Ал шындығында қандай да қауіптің бар не жоқ екенін біздің мамандар мүлдем біле алмайды. Өйткені бізде оны анықтайтын осы заманғы озық зертханалар атымен жоқ. Олар тек Ресейде ғана. Ал олардың шындықты айтпайтыны бесенеден де белгілі. Міне сондықтан да біз жоғарыда сөз еткен Жасұлан Көжековтің Ресеймен шарт жасасқанда құлаған зымыранның зардаптарын анықтайтын комиссияға шетелдік танымал сарапшыларды да қосуға міндеттейтін бап енгізу  керек» деген сөзінің жаны бар. Онсыз біздің айтқанымызды Ресей еш уақытта құлағына да қыстырмайды. Атам қазақ «Күштінің құйрығы диірмен  тартады» дегенді бекер айтпаса керек.

Біз мұны қауіп еткеннен айтамыз. Ендігі сөз ғарыш саласының мамандарында.

Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz

24 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052