Жексенбі, 24 Қараша 2024
3706 4 пікір 19 Маусым, 2019 сағат 09:08

«Алаш алқасы» Хакім Абайға арналды

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Руханият» орталығының ұйымдастыруымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Алаш алқасы» ғылыми-танымдық интеллектуалды жастар клубының кезекті отырысы өтті. «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында жүзеге асып жатқан жобаның бұл жолғы кездесуі «Абай және Алаш» тақырыбына арналды. Шараның мақсаты – ұлт мұраты, мемлекетті қалыптастыру жолында ерен еңбек етіп, қазақ руханиятының әдебиеті мен мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосқан хакім данамыз бен Алаш қайраткерлерінің тағылымды жолын өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде жеткізу, дәріптеу.

Жиынға қатысушылардың қарасы көп болды. Оның ішінде абайтанушы ғалымдар, алаштанушы зерттеушілер, жас этнографтар мен студент-оқушы жастар «Абай және Алаш» тақырыбында ой қозғап, пікір алмасты.

Филология ғылымдарының докторы, абайтанушы Тұрсын Жұртбай өзінің зерттеулерінде кездескен тың деректермен бөлісіп, жастардың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап берді. Ал, Алмахан Мұхаметқалиқызы бүгінгі абайтанушы ғалымдардың азайып бара жатқанына қынжылыс білдіріп, өскелең ұрпаққа Абай мұрасының жетуіне алаңдаушылық білдірді.

Өз кезегінде сөз алған әлихантанушы-ғалым Сұлтанхан Жүсіп Алаш идеясының басы Абайдан басталатынын жеткізді.

Сұлтанхан Жүсіп, әлихантанушы-ғалым:

- Алаш қайраткерлері халыққа арнаған сөзінде неге Абайды алып отыр? Алдымен, қазақ баспасөзінің басында тұрған «Түркістан уәлаяты», «Дала»,«Серке»  сынды басылымдарда патша жарлықтары, ресми мәліметтер, одан өзге айтысымыз, халық ауыз әдебиетінің жазбалары шықса, кейіннен «Қазақ» газеті шыққаннан кейін қазақтың ойы жарыққа шыға бастады, Алаш идеясы халыққа осылай тарай бастады. Бұны Алаш қайраткерлері Абайдың ойынан, Абайдың сөзінен алды. Соны дамытып, ұлт-азаттық қозғалыстың негізгі тірегіне айналдырды. «Оян, қазақтың!»  өзі Абайдың сыни шығармаларының сабақтасып жатқан жалғасы. Сондықтан бүгін жастарға тағылымды ой айта алдық деп ойлаймын.

Кездесуге келген жастар да Абай, Алаш қайраткерінің шығармашылығындағы кейбір түсінбестік туған тұстарын бүкпесіз сұрап, алдыңғы буын ағаларының ойларын өздеріне түйіп алды.

Кенжебек Сержанұлы – Қазақстан журналистер одағының мүшесі, жас қаламгер:

- Бүгінгі өткен «Абай және Алаш» тақырыбындағы жиында шынымен рухани түлеп шықтық. Кездесуден мол тағылым алдық. Абайды тану - алдымен өзіңді тану сосын күллі қазақты тану. Ал, Алаш деген біздің бүгінгі рухани саламыздың ажырамас бөлігі. Осы екі тақырыпты бір арнада тоғыстырып, жастардың пікірін тыңдап, сұрақтарымызға толық әрі нақты жауап берген ағалармызға мың алғыс! Бұндай рухани жиындар көптеп ұйымдастырылса дейміз.

Кездесу соңында Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойының жоғары деңгейде аталып өтілуіне түрлі ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, қоғам белсендісі Ернат Мэлсұлы Абайдың жүріп өткен ізімен велошеру ұйымдастыру жөнінде ұсыныс білдірсе, ғалым Дихан Қамзабектің Елордадағы «Жастар» шағын ауданында бой түзеген жаңа мектепке Абай Құнанбайұлының есімін беру жөніндегі ойын көпшілік бірауыздан қолдады.

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5602