Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 7494 23 пікір 27 Маусым, 2019 сағат 17:17

Шантрапалар шеруі

Қытайдан табылған қырық тармақты көне папирустардың бірінде «кім көрінген кітап жазғысы келеді» деген дерек хатта­лып қалыпты. Соған қарағанда, адам­дар­дың ақ қағаз бен қара қаламға әуес­ті­гі әлімсақтан бергі үйреншікті үрдіс тәрізді. Бүгінде бұл «ауру» тіпті асқынды. Жалық­пағанның бәрі жазарман. Ет пен терінің арасындағы ептеген желік буы­мен көркемдігі сын көтермейтін быттыбай-шыттыбайларын бастыратын пысықай­лар көбейді. Өкінішке қарай, кең-байтақ рухани кеңістігіміз тонналаған керексіз дүниелер топанына толып кетті. Бірақ бұған тосқауыл қоя алмаймыз. Өйткені «өлеңге әркімнің-ақ бар таласы». Оның үстіне кез келген баспа «ақысын төлесең, боқы­сын шығарады». Сөйтіп әдебиет – ардың емес, бардың ісі болып тұр.

Ең сорақысы, шығармашыл шантрапалар шеруі әдебиет, мәдениет атаулыны жап­пай жаулап алған сыңайлы. Дәуірлеген дәл­дүріш­тердің өресі тар болғанымен өрісі кең келеді. Өздерін жарнамалағанда өле жаздайды. Өгіз аяңдарымен-ақ өрен жүй­рік­терді шаң қаптыратынына еріксіз бас шай­қайсыз. Салтанатты сарайларда кездесу кеш­терін өткізеді. Теледидар экрандарынан, баспасөз беттерінен түспейді. Қабілет кем­дігіне қарамайды. Жолын тауып жоғары марапаттар мен мәртебелі сыйлықтарды да қанжығаларына байлайтынын қайтерсің. Осындайда ұлы Абайдың ащы кекесіні ойға оралады: «Арсыз болмай атақ жоқ, Алдамшы болмай бақ қайда?». Құдды, бүгінгі қоғамның қотырын қанын шығара қасып-қасып жібергендей ме, қалай?..

Өнердің өкілі екенсің өл-тіріл мейлің, өйтіп-бүйтіп ең кемі, «еңбек сіңірген қай­рат­кер» атануың керек. Айналайын әлеумет алқа­лап жатса жақсы-жайсаңдардың ардақ­тал­уына қарсы емеспіз. Алайда сол сый-құрмет құрғырдың әмісе әділ бөлінбейтіні жаман да. Пәлсапашыл ақын һәм проза­шы Жұмекен Нәжімеденовтің «Даңқ пен дақпырт» романындағы бір кейіпкер сипат­та­ған­дай «Атақ дегеніңіз ит секілді. Үйренген адамына ғана құйрығын бұлғайды. Біреулер оны азаптанып, асырап күшік күнінен өсіреді. Біреулер дайын ит күйінде алады». Әне, көрдіңіз бе, мәселе қайда?

Қазіргі қазақ эстрадасында қалыптасқан ахуал тіпті «қызық». Кейбір әншілер екі октаваға жетер-жетпес даусымен-ақ «жұл­дыз­дар» шоғырында жүр. Әндерін «қара жермен шана сүйрегендей» қиқылдап-шиқылдап әрең-әрең айтса да сахна төрінде топ жарған саңлақтармен қатар иық тірестіруден қысыл­май­ды. Олардың әусе­лесін әлемді әнмен қырған Димаштың дүріл­деген даңқы да баса қоймады. Қайта ста­диондарға қарақұрым көрермен жинап әлау­лайларын әрі қарай жалғастыруда.

Танымалдылық тасы өрге домалаған әнші­лерімізді тағы бір дерт дендеген сыңай­лы. Эстраданың Эвересін бағындырып біт­кен­дей енді шетінен кино түсіруге көшті. Кәсіби мамандар шекесін шылқытпаған қай­ран кинематографиямыз осылайша көлденең көк аттылардың тақымындағы көкпарға айналды.

Бұқаралық ақпарат құралдарындағы жағдайдың да оңғаны шамалы. Телевизияда әртүрлі бағдар­ламаларды жүргізуге әйгілі тұл­­ға­­ларды шақыру әдеті қалыптасты. Ара­ла­­рын­да қоғам қайраткерлері де, депутаттар да бар. Басқаны білмейміз, Ресейде мұндай тәсіл бұрыннан қолданылады және жеміссіз емес. Өйткені олардың көбінің оқыған-тоқығандары мол, интеллектуалдық дең­гей­ле­рі жоғары. Көрерменнің көкейіне қонатын әңгіме қозғай біледі. Ал біздің «мықтылар» ондай ой-өрістің ауылынан алыс қонған. Беттерінің әрі болғанымен, сөздерінің нәрі жоқ. Тіпті, телевизия «корифейлері» саналатын бәзбір әріптестеріміздің өзі көтерген тақырыбының жігін таппай батпақтап жатады. Кейде хабарларына әлі «болмаған, толмаған» әлдебіреулерді қатыстырып өсек-аяң төңірегінде өнімсіз сұхбат өрбіткенде арнаны ауыстырып жібергеннен басқа амалың қалмайды. Әрқилы жолдармен теле-радио, газет-журналдарға, веб-сайттарға «кіріп» алған әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар екі ауыз сөйлемді ежіктеп құрағандарын малданып, Габриэль Гарсиа Маркес айтқандай, «әлемдегі ең мәртебелі мамандықтардың бірі» саналатын журналистика туралы солақай пікірлер таратады. Егер ондай жолбикелер менің кәсібімді менсінбесе, өз саласын «өркендетіп» жайымен неге жүрмейді?

«Көк қарға к...не қарамай әулие ағаштың басына қонады» деген екен бұрынғылар. Неге екенін қайдам, әйтеуір әр салада қолы көтермес шоқпарды беліне байлауға, құлашы жетпесті құшақтауға құмар, жердің тесігін жамайтын жұлымырлардың жұлдыздары жарқырай жануда.

Бұл жақсы ма, жаман ба?

(материал egemen.kz сайтынан алынды)

Талғат Батырхан

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5547