Жұма, 22 Қараша 2024
Алаң 4151 5 пікір 3 Шілде, 2019 сағат 11:42

Қайырымдылық балаларға қайыр сұрату арқылы жасала ма?

Қазақ қашанда жоқ-жітіктен қиналғанды немесе ауру-сырқаудан зардап шегіп, өзгелерден көмек күтіп жүрген жандарды көргенде ешқашан сырт айналып, бұрылып кетпеген. Қолында барымен бөліскен. Қолында жоқ болса, жылы сөзін аямаған. Мұны қазіргі уақытта да айқын көруге болады. Өзгесін былай қойғанда ана Аружан Сайн басқаратын «Мейірімділік» ерікті қорының волонтерлері тиындап болса да ақша жинап, елімізде емдеуге жарамайтын қаншама нәрестелерді шетелге апарып ажал аузынан аман алып қалды.

Алайда осындай аса ізгілікті дүниеде, кейде сол ақша жинайтындардың  кейбір істерінің күмән туғызатындығы да жасырын емес. Мәселен, кейінгі кездері қала көшелерінде қолдарына жәшік ұстап, жұрттан жылу жинап жүрген жас балаларды көптеп кездестіресіз. Олардың өздерінің айтуынша «Үміт жарығы» қайырымдылық қорына көмектесіп жүрген көрінеді. Дегенмен, әлі де кәмелет жасына толмаған балаларды көше аралатып ақша жинау қаншалықты заңға сәйкес келеді? Оның үстіне бұлар қала орталығында жұрттың алдын кес-кестеп, мүлдем мазасын алып бітті. Қайырымдылық  деген осылай, біреудің жағасынан алып, ақша сұрау арқылы жасала ма?

- Менің бұған үлкен күмәнім бар. Жұмысқа бара жатып та, жұмыстан келе жатып та көремін. Әрине, ауру балаға дегесін қолымнан келгенше ақша саламын. Алайда кейде күдіктенемін. Біріншіден, мұнымен неге жап-жас балалар айналысады? Екіншіден, ақша жиналатын баланың өзі де бұл жақтан емес. Жиналған ақшалар сол ата-анананың қолын тие ме, жоқ па, бір құдайдың өзі білсін, -дейді қала тұрғыны Алма Есмағамбетова. .

Біз бұл бүлдіршіндерді суретке түсруді ниет еткенімізбен, онымыздан түк шықпады. Барлығы суретке түсуден бастарын ала қашты. Мүмкін, олары дұрыс та шығар. Артық көзге түсіп, жұртшылықтың назарын аударуды қажет санамаған болар. Мәжбүрлеуге біздің де құқымыз жоқ. Сондықтан біз  өзгелердің түсірген суреттерін пайдалануға мәжбүр болдық.

Кейін сұрастырып көрсек, бұл кісінің күмәнданатын жөнібар екен. «Бақсақ, бақа екен» дегендей, әлгі «Үміт жарығы» қоры көп жұрттың арыз-шағымының негізінде құқық қорғау органдарының тексеру нәтижесінде еліміздің  Алматы, Қарағанды және Өскемен секілді қалаларында жабылып қалған екен. Ал бізде болса міне екі ай бойы ешкімнен қысылмастан, ешкімнен айылын жимастан «жемісті» жұмыс істеп жатқан көрінеді.

Аталмыш қордың осындағы офисіндегі волонтерлердің айтуына қарағанда жұртқа алақан жайып жүрген балалар сол жиналған соманың 20 пайызын өздеріне сыйлық ретінде алатын көрінеді. Мұның өзі балғындарды қайыршылдыққа баулу ма, әлде оны бизнес көзіне айналдыру ма?

- Жиналған сомадан волонтерлердің өз пайызын алу ешбір ақылға сыймайды. Бізді «ҚР волонтерлік қызметі туралы» заң бар. Дәл осы заң волонтерлік қызметті реттейді. Онда әлгіндей қызмет және басқа да қызмет үшін ақша алуына жол берілмейді. Қайырымдылық қашанда тегін көрсетіледі. Бұл - волонтерлік қызметтің басты қағидасы,- дейді «ГрИН» Азаматтық альянс волонтерлік орталығының жетекшісі Айнұр Ахменова.

Мұның бәрі дұрыс шығар, әрине. Алайда осы жағдайды кейбір араны ашылған волонтерсымақтар мен жұмыртқадан жүн қырыққан алаяқтар өз пайдасына қарай ыңғайлап, қиналмай табыс табу көзіне айналдыруы тіпті де ғажап емес. Осыдан сақ болдайық, ағайын!

Жайберген Болатов

Қостанай

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320