Жұма, 19 Сәуір 2024
Жазылған жайдың жалғасы... 5043 1 пікір 4 Шілде, 2019 сағат 11:56

Министр: Мектеп өз жұмысын жалғастыра береді

Қазақстанның Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Президент тапсырмасына қатысты тиісті шаралар қабылданғанын мәлімдеді. Ол туралы министр өзінің Facebook желісіндегі жеке парақшасында жазды. 

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қостанай қаласындағы қазақ мектебі мәселесіне қатысты берген тапсырмасына сай тиісті шаралар қабылданды. Мектеп өз жұмысын жалғастыра береді. Материалдық базасы жақсартылады.

Сараптама жұмыстарының нәтижесіне қарай, қажет болса жөндеу жұмыстарын да жүргізетін боламыз. Оған қоса, Қостанай қаласында 1-қыркүйекке дейін тағы бір қазақ мектебін ашу жұмыстарын жүргізудеміз.
Министрлік аталмыш мектепке қатысты мәселені арнайы бақылауда ұстайтынын xабарлаймын", деді министр.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайдағы қазақ мектебіне қатысты мәселені жаңа оқу жылына дейін шешуді Білім және ғылым министрі мен облыс әкіміне тапсырған болатын.  Бұл туралы Президент өзінің Twitter желісіндегі жеке парқшасында жазды.

Жергілікті тұрғындардың пікіріне қарағанда, Қостанайдағы қазақ тілінде білім беретін жалғыз мектепке қатысты күрделі жағдай қалыптасып отыр. Білім министрі және облыс әкімі барлық мәселені жаңа оқу маусымына дейін шешуі тиіс, - деді Президент.

Аятжан Ахметжанұлы суреті.

Қостанайдағы жалғыз қазақ бастауыш мектебіне қатысты "Abai.kz" ақпараттық порталы алғашқылардың бірі болып, мәселе көтерген еді.

Қостанай әкімдігі Сырбай Мәуленов атындағы №24 бастауыш мектепті Бородин көшесіндегі бұрынғы Қостанай кәсіптік-техникалық колледжінің ғимаратына көшіруді көздеген. Ал мектептің ғимаратын балабақшаға айналдыру жоспарланған екен. Алайда оқушылардың ата-аналары жергілікті биліктің бұл бастамасына қарсы шыққан.

Осы мәселеге байланысты, бұған дейін Abai.kz порталында екі бірдей мақала жарияланды. 26 маусым күні жарияланған алғашқы мақалада Қостанай қаласы әкімдігінің қаладағы Алтынсарин көшесі, 107 мекен жайында орналасқан бастауыш білім беретін №24 мектеп-гимназияны Бородин көшесі 138/1 бойында тұрған бұрынғы кәсіптік-техникалық колледж ғимаратына көшіргелі жатқанын жаздық.

Ал 27 маусымда жарияланған екінші мақалада №24 бастауыш мектепті қойма-қопсысы көп, күйі қашқан «Строитель» ауданындағы кең ғимаратқа көшіру туралы қала әкімінің бастамасы қостанайлық ата-аналар тарапынан қолдау таппағаннан кейін, шешім кейін қайтарылғаны жазылды.

Abai.kz

1 пікір