Жұма, 22 Қараша 2024
Не дейді?! 5026 11 пікір 26 Маусым, 2019 сағат 10:20

Қостанайдың орталығындағы жалғыз қазақ бастауыш мектебі шалғайға көшіріледі

Қостанай қаласының әкімдігі қаладағы Алтынсарин көшесі, 107 мекен жайында орналасқан бастауыш білім беретін №24 мектеп-гимназияны Бородин көшесі 138/1 бойында тұрған бұрынғы кәсіптік-техникалық колледж ғимаратына көшіруге шешім қабылдағалы отыр. Керісінше, гимназия ғимаратын балабақша етпекші. Кеше осы мәселеге қатысты Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов білім ордасында ата-аналармен кездесу өткізді. Билік тарапы мен ата-аналар бір шешімге келе алмадық.

Бұл 20 жылдан астам тарихы бар қара шаңырақ кезінде елдің зиялы азаматтары, ақсақалдары, ата-аналар бар абырой-беделін сала жүріп ашылған оқу ордасы. 20 жылда талай қиындықты көрді, бәрібір толағай жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Енді міне, Қостанайдың орталығындағы ана тілімізде білім беретін жалғыз бастауыш гимназия шалғай көшкелі тұр. Қазіргі ғимаратты балабақша етіп ашпақшы. Естуімізше, оны мектепке дейінгі мекемеге бейімдеу үшін жаңалап жөндеп, жабдықтауға 100-150 миллион теңге қыруар қаражат кетеді екен. Біз, ата-аналар Қостанай қаласы әкімдігінің бұл шешіміне түбегейлі қарсымыз! Балаларымыздың қазіргі орнында қалып оқығанын қалаймыз!

Қала орталығындағы жалғыз бастауыш мектептің оқушылары сабақтан бөлек, Балалар шығармашылығы сарайында би, вокал, сурет, аспапта ойнау үйірмелеріне және Павлов көшесінде орналасқан музыка мектебінде қосымша білім алуда. Мектеп білімі, үйірмелер мен қосымша оқудың арқасында оқушы балғындар қазір білім, өнер-мәдениет, спорт, басқа да салалардан республикалық, халықаралық конкурстардың жеңімпаздары атануда. Өткен 2018-2019 оқу жылының өзінде білім саласы жағынан халықаралық байқаулардан 17, республикалық жарыстардан 8 жүлде еншілеп келген. Өнер-мәдениет саласынан да кенде емес. Бір ғана мысал, тек соңғы бір айда Балалар шығармашылығы сарайының «Алтынай» халықтық би ансамблінің жас бишілері Алматы мен Бурабайда өткен халықаралық би байқауынан 3 гран-при иеленіп келіп отыр.

Міне, осындай талапты ұл-қыздарымыз үшін алтын ұя саналатын қара шаңырағынан көшу ауыр соққы болғалы тұр. Біріншіден, 6 мен 10 жас аралығындағы  500 баланың тағдырына, білім мен шығармашылық дамуына балта шабылғалы тұр! Екіншіден, мектепті көшіру орталық ауданда тұратындар мен осы жерде жұмыс істейтіндер үшін балаларды тасымалдау жағынан материалдық және уақыт жағынан орасан салмақ болғалы тұр. Үшіншіден, шалғай ауданнан оқытуға қарсы ата-аналар балаларды орталықтағы №1, №2 және Горький атындағы гимназияның орыс сыныптарына беруге мәжбүр болады. Осылайша, сіз бен біз ана тілімен білімін бастаған ұрпағымыздың обалына қалғалы отырмыз. Алтын ұя мектебіміздің көшірілуіне қарсымыз!

Ал қала әкімі Қайрат Ахметов қазір Қостанай орталығында балабақшаның жетіспеушілігі өткір мәселе екенін алға тартты. Мәселен, мұнда балғындар 4 жыл білім алады да, орта білімді басқа мектеперде жалғасырады. Егер гимназия кәсіптік-техникалық колледж ғимаратына көшсе, олар 1 сыныптан 11 сыныпқа дейін ешқайда көшпей, сол жерде қазақ тілінде білім ала алады.

Біздің ендігі үмітіміз облыс басшылығында. Аймақ атқамінерлері осы мәселеге тікелей араласып, жағдайды шешіп береді деген сеніміміз зор.

Облыс әкіміне жазылған хатқа 150-ден астам ата-ана қол қойды.

Қостанай қаласы

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320