Мемлекеттік мүдде бәрінен жоғары болуы керек
Менің ұстанымым - мемлекеттік мүдде бәрінен жоғары болуы керек. Қарапайым мысал жақында өткен жергілікті қала мен аудан әкімдерін сайлауда Түркия қоғамы әр партияға бөлініп өзара қырылысып жатты. Олардың дебаты, дауы дегенің енді сұмдық. Стамбул қаласындағы алғашқы сайлауда Ердоғанның партиясы жеңілгеннен кейін билік "әділетсіз сайлау болды" деген желеумен екінші сайлау өткізді. Тағы да оппозиция жеңді. Ердоғанның беделі түскендей көрінген. Бірақ бір таңқаларлығы 12 шілдеде Түркия Ресейден С-400 әуе қорғаныс жүйесін сатып алды. Келісімге 2017 жылы қол қойылған. 2019 жыл 12 шілдеде қарудың алғашқы бөлігі Түркияға келді. Ердоғанның АҚШ-пен ара-қатынасының сууына, лираның құлдырап, экономиканың кері кетуіне дәл осы С-400 әуе қорғаныс жүйесін Ресейден аламын деген Түркияның ұстанымы тікелей әсер еткен еді.
Енді қызықты қараңыз. Кешегі өткен сайлауда Ердоғанның партиясына қарсы дауыс берген оппозиция партиясының мүшелері мен түрік қоғамының басым бөлігі бүгін "Ердоғанның С-400 әуе қорғанысын АҚШ-тың қысымына қарамай Ресейден сатып алғаны өте дұрыс болды" деп отыр. Тіпті бір ай бұрын өткен сайлауда Ердоған партиясын сынап-мінеген саясаттанушылар да дәл С-400 тақырыбында президентіміз оң шешім жасады дегенді ашық айтуда. Себебі, Сирия мен Иракта соғыс болып жатқанда Түркияның өз қорғаныс жүйесі болуы қажет дегенді жалпы түрік қоғамы мойындайды. Билікте кім болса мейлі ол болсын мемлекеттік мүдде мен Түркияға қатысты оң саясат ұстанған партияның дұрысын дұрыс, бұрысын бұрыс деп таразының басын тең ұстап анализ жасайтын саяси мәдениет бар. Бұл тек қорғаныс мәселесінде ғана осындай емес. Пост дәл қазір Түркияда орын алып жатқан бір мысалды ғана келтірді.
Кейде бізге жетпей жатқаны сол секілді. Сынасаң соңына дейін сынау керек. "Әй, осы қадамы дұрыс болды" десең "сатқын", "жауыз" атанып, қысқасы сенен жаман адам жоқ. Жамандадың ба "до конца" кету керексің. Жақсылығын айтпау қажет. Менің ойымша мұның екі себебі болуы мүмкін. Не біздің саяси мәдениет әлі өсіп жетілмеген, не біз шынында жік-жікке бөлініп айтыса беретін қоғамбыз. Дәл қазіргі қоғамдық санамызды саралап отырып кейде "демократия" деп ұрандатып жүріп мемлекеттің түбіне жетіп тынбасақ болды деп те ойлайсың. Себебі, "Ал, саған демократия" деп лақ еткізіп бере салса дәл қазіргі саяси мәдениетімізбен сол демократияны ақылмен қолдануға ой-өреміз жетпейтін секілді. Бір-бірімізді өртеп жібереміз-ау.
Бауыржан Серікбайдың facebook парақшасынан
Abai.kz