Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3187 0 пікір 18 Мамыр, 2009 сағат 05:54

Лакшмидің құлқынына қазақтың мұнайы түсті

 

 

Үстіміздегі жылғы сәуір айының соңында бірқатар халықаралық ақпарат құралдары Каспий қайраңындағы «Сәтбаев» мұнай кенішін игеру құқығын алған үндістандық «ONGC Mіttal Energy» мұнай-газ компаниясының Қазақстанның қуат көздерін өндіру саласындағы үлесін арттыруды жоспарлап отырғаны туралы жарыса жазған болатын. Айта кетсек, бұл компания Үндістанның мемлекеттік «ONGC Vіdesh Lіmіted» мұнай-газ кәсіпорны мен миллиардер Лакшми Митталдың еншілес компанияларының бірі – «Mіttal Іnvestment Sarl» компаниясымен бірлесе құрылған.
ONGC компаниясы Сәтбаев атындағы кеніш акцияларының бір бөлігін сатып алу жөніндегі келісімшартқа Президент Н.Назарбаевтың қаңтар айында Үндістанға жасаған сапары кезінде қол қойған болатын. Компания кеніш акцияларының 25 пайызы үшін Қазақстан Үкіметіне шамамен 26 миллион доллар және қайта сату құқығы үшін тағы 80 миллионға жуық доллар төлейді деп күтілуде. Компания кенішті барлауға 165 миллион доллар инвестиция салуды өз мойнына алып, барлау жұмыстарына 235 миллион доллар көлемінде қосымша инвестиция бөлу құқығын алған.
«Сәтбаев» кеніші Каспий акваторийінің солтүстік жағалауында орналасқан. Кеніш қойнауындағы мұнай қоры шамамен 256 миллион тоннаға (1 млрд 587 млн 200 мың баррель) бағаланады.
Алғашқы кезеңде кеніш акцияларының 75 пайызы кеніштің операторы – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының қолында болады. Ал Үндістан тарапы Қазақстанның көмірсутек саласында тұрақтап қалуға деген құлшынысын өз экономикасының өсімімен түсіндіріп отыр. Экономиканың өсімімен бірге көмірсутекке деген сұраныс артпақ. 2030 жылға қарай Үндістан күн сайын 6 миллион баррель мұнай экспорттайды деп күтілуде.
Жоғарыда атап өткеніміздей, «ONGC Mіttal Energy» компаниясының бір бөлігі Лакшми Митталдың қолында. Бұл жағдайға байланысты бірнеше заңды сұрақ туындап отыр. Біріншіден, қазір Қазақстан экономикасы 90-шы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай күшейіп, мұнай мен газдың табысты көздерін өз күшімен игере алатындай жағдайға жеткен. Бұл жерде «Сәтбаев» кенішін де өз күшімізбен игере алатынымыз анық. Мәселен, кенішті игеру қаржылық-экономикалық жағдайы жылдан-жылға жақсарып келе жатқан «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың да қолынан келер еді. Айта кетсек, қазір «ҚазМұнайГаздың» Қазақстанның Ішкі жалпы өніміндегі үлесі шамамен 6 пайызды құрайды, тіпті ел бюджетіндегі кірістің 10 пайызы да соның үлесіне тиеді.
Екіншіден, «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының өндіріс орындарындағы адам шығындарына қатысты жайсыз оқиғалар мен осы компанияның шахтерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәделерін орындамауына қатысты көп жылдық дау-дамайлар Лакшми Митталдың Қазақстандағы беделіне әлдеқашан қаяу түсірген. Осы орайда Лакшми Миттал ел Үкіметі алдындағы өз міндеттемелерін толық орындамай, жоғарыда айтылған мұнай-газ келісіміне қол қоймай тұра тұрғанымыз жөн болар ма еді? деген сұрақ туындайды.
Әйтсе де, «темір саласында» бірқатар сәтсіздіктерге тап болған Лакшми Миттал енді өзінің «басты нысанасына» Қазақстанның мұнай-газ секторын алмақ. Бұл – анық нәрсе, өйткені «Forbes» журналының деректері бойынша, 2008 жылы Лакшми Митталдың байлығы 27,5 млрд фунттан 10,8 млрд фунтқа дейін азайып қалған. Енді өзінің «адал еңбекпен» тапқан 16,7 млрд фунтының орнын толтыру үшін Лакшми Миттал аянып қалмас. «Арселор Миттал Теміртаудың» өндіріс орындары мен шахталарында орын алған қайғылы жағдайлардың енді қазақстандық мұнайшыларға келгенде де тағы қайталанбасына ешқандай кепілдік жоқ...

Марк Селбиев, Алматы             («Айқын» газеті, 15.05.2009)

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3239
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379