Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2892 0 пікір 12 Шілде, 2011 сағат 09:27

Илья Жақанов. Жас қазақ

(Патетикалық элегия)

1942 жыл. Желтоқсанның соңғы күндері. Калинин майданы. Қар жамылған кең дала.

Үсті қарасұр кенеппен жабылған үш "ЗИС" мәшинесі омбы қарды жосылта жарып, аузы үңірейген ұзын блиндаждардың алдына кеп тоқтады. Оларды осы шептегі дивизия шта­бының бастығы Серебряков, дивизия комиссары Егоров, 19-атқыштар полкының командирі Бауыржан Момышұлы, батальон комиссары Мәлік Ғабдуллин, 23-полк командирі Илья Капров, полк комиссары татар жігіті Ахметжан Мұхамедияров, комсорг Балтабек Жетпісбаев және тағы басқа да бір топ кіші командирлер мен солдаттар музыкалатып сал­танат­ты түрде қарсы алды.

- Тәңірдің мына рахымын қараңыз, Ғабе, міне, енді шамалы күннен кейін 1943 жылдың есігін ашамыз. Дін аман қауышып, жаңа жылды майдан төрінде бірге өткізетін болдық, деп Мәлік Ғабдуллин жаны қалмай елпілдеп тұр.

- Жаңа жылдық кештің бар салтанаты да­йын, жолдас Ғабиден Мұстафин! - деп Бауыр­жанның үні саңқ ете түсті.

Тұрғандар Бауыржанның сөзін қоштап: "Ура-а!" деп иен даланы бастарына көтерді.

Осы ілтипатты сөздерден кейін күтіп алған солдаттар әртістерді екі топқа бөлді: Елубай Өмірзақов, Камаш Баубекова және одессалық әнші Лида Атманаки бастаған бір тобын "сіздер ана блиндажға жүріңіздер" деп иіле қолпаштап, ай-шайға қаратпай, желпілдетіп ала жөнелді.

(Патетикалық элегия)

1942 жыл. Желтоқсанның соңғы күндері. Калинин майданы. Қар жамылған кең дала.

Үсті қарасұр кенеппен жабылған үш "ЗИС" мәшинесі омбы қарды жосылта жарып, аузы үңірейген ұзын блиндаждардың алдына кеп тоқтады. Оларды осы шептегі дивизия шта­бының бастығы Серебряков, дивизия комиссары Егоров, 19-атқыштар полкының командирі Бауыржан Момышұлы, батальон комиссары Мәлік Ғабдуллин, 23-полк командирі Илья Капров, полк комиссары татар жігіті Ахметжан Мұхамедияров, комсорг Балтабек Жетпісбаев және тағы басқа да бір топ кіші командирлер мен солдаттар музыкалатып сал­танат­ты түрде қарсы алды.

- Тәңірдің мына рахымын қараңыз, Ғабе, міне, енді шамалы күннен кейін 1943 жылдың есігін ашамыз. Дін аман қауышып, жаңа жылды майдан төрінде бірге өткізетін болдық, деп Мәлік Ғабдуллин жаны қалмай елпілдеп тұр.

- Жаңа жылдық кештің бар салтанаты да­йын, жолдас Ғабиден Мұстафин! - деп Бауыр­жанның үні саңқ ете түсті.

Тұрғандар Бауыржанның сөзін қоштап: "Ура-а!" деп иен даланы бастарына көтерді.

Осы ілтипатты сөздерден кейін күтіп алған солдаттар әртістерді екі топқа бөлді: Елубай Өмірзақов, Камаш Баубекова және одессалық әнші Лида Атманаки бастаған бір тобын "сіздер ана блиндажға жүріңіздер" деп иіле қолпаштап, ай-шайға қаратпай, желпілдетіп ала жөнелді.

Культбригаданың жетекшісі, жазушы Ғаби­ден Мұстафин мен әнші Жүсіпбек Елебеков екеуі 23-полк комиссары Ахметжан Мұхамедия­ровтың блиндажында оңаша қалды. Ғабиденде үн жоқ. Өзімен өзі. Жайшылықта сөйлеуі қиын салқынқанды, томырық жан тұнжырап, қатты шаршаған. Жүсіпбек Мұхамедияровтың ілтипа­тына іші жылып: - Япырай, айтшы інім, сегізінші дивизияға жеттік пе, жетпедік пе? - деп бірден шүйіркелесе кетті, - біз елден қазан айында шықтық. Содан бері майдан шептерінде концерт беріп келеміз.

- Сіздер Москва түбінде біраз бөгелдіңіздер. Ол жайды Мәлік Ғабдуллин күнделікті біліп отырды. Біздің Калинин майданы алға жылжып, алыстап кетті ғой. Жоғарғы командование жол азабын ойлап, сіздерді жібергісі келмепті. Бізге дейін жүз сексен... тіпті, екі жүз шақырымдай жер.

- Солай болды, інім. Біз қиыла өтіндік. Бұл дивизия о баста өзіміздің Алматыда 316-­атқыштар дивизиясы боп жасақталды, соғыс басталғанда оны 8-гвардиялық дивизия, деп өзгертті. Оның бәрін білеміз. Мұнда қазақ жігіттері көп, оның ішінде Бауыржан мен Мәлік бар. Және композитор інім Рамазан Елебаев бар. Генерал Панфилов... Төлеген Тоқтаровтың даң­қын көтерген дивизия бұл. Өлім мен өмір белдескен сұрапыл күндерде сендердің жүздеріңді бір көрудің өзі неге тұрады?

Мұхамедияров та жүзі жылы, мінезі сынық, әңгімеге ілкімді, тәрбиелі жігіт екен. Бірден шешілді: - Калинин майданы осы, ағай. Сіздер біз­дің шепті жағалап келдіңіздер. Ол - Холм - Но­во - Свинухово - Подцепечье - Бородино - Ново - Сокольники, тіпті, одан да әрі қанатын кең жайған қорғаныс шебі. Біз шабуылды үдет­тік. Біздің дивизия қуаты зор 33-атқыштар диви­зиясымен түйісуі керек. Ол солай болады да. Көрешекті сонда көрсетеміз, фашистерге. Іргемізде Холм қаласы. Оған кіргеміз жоқ. Қаланы жау бомба­сынан сақтағымыз кеп, міне, қалың орманның ішінде тұрып жатырмыз, - деді Мұха­медияров. Жүсіпбек осы сөзді ыждағатпен тыңдап отыр. Ал  көз алдында - Рамазан!

Жаңа әлгінде бұлар келіп, мәшинеден түсіп, өздерін қарсы алған жандармен амандасып жатқанда: - Жолдас комиссар, мынаны қараңыз! Оқ тура маңдайымды жалап өтті, - деп күле сөйлеген жігіт қолындағы оқ тескен құлақ­шынын көрсетіп еді. Сөйтті де ол бейтаныс жандарға бір сәт көз тоқтата қарап: - О, Елаға! Жүсеке! - деп құшақ жая ұмтылған болатын.

- Құдай-ау, Рамазанбысың? - деді сасқалақ­таған Жүсіпбек.

- Рамазан ғой, Рамазан! - деп Елубай да оған сүріне-қабына тұра ұмтылды - Рамазан! ой, тоба-а, мына майдан даласы... мың-мың солдат... осылар­дың арасында Рамазан! Бәз-баяғы жарқылдаған күйі. Ой, айналайын, Рамазаным!

Жүсіпбек көзі жасаурап, Рамазанды маң­дайынан иіскеп: - Осы 23-полктамысың? - деді.

- Иә, осы полк. Медсанчастамын, - деп бас изеді.

Рамазан сыптығыр, сыпа қалпы. Бойы биіктей түскен. Жүдеген. Қыз жүзіндей үлпілдеп тұратын жұп-жұмсақ аққұба реңі сәл солғын тартқан. Аяз қарып тотыққан. Екі жағына пышақ жанығандай. Кісіге мейір төге қарайтын аялы қоңыр көзі ептеп шүңірейген.

Жүсіпбек пен Елубай Рамазанды бірінен соң бірі құшып сүйді.

Ұрыс даласының қас қағым сәті қымбат. Рамазан амандық-саулықтан кейін: "Сәлден соң қайтып келем", деп көп бөгелмей өзінің мед­санчасына қайта жүгіріп кеткен-ді.

Мұхамедияров: - Ағай, мен, қазір... - деп сырт­қа шықты.

Жүсіпбек Рамазанның отбасы, ата-тегін, туған топырағын жақсы білетін-ді. Ол жер сұлуы Көк­шетаудан. Оның Еңбекшілдер ауда­нындағы Құдық­ағаш дейтін жерден. Ашамайлы Керей ішінде Ақсарының іргелі, өрісті Бертіс әулетінен. Бертістен бес қолдың саласындай - Қожағұл, Қожамқұл, Айшуақ, Байшуақ, Жан­шуақ туады екен. Рамазан осылардың ішінде Қожағұл атасына барып тіреледі. Қожағұл өз кезінде Уәлиханның ең беделді қазы­сы, ел биі болған адам. Уәлиханның тапсыр­масымен Қы­тай­ға екі рет барған деседі. Біржан салдың: "Ба­ласы Қожағұлдың Біржан салмын!" деп көкірек қаға шырқайтыны содан. Сол Қожағұлдан қой аузынан шөп алмайтын момын, жай шаруа адамы Тұрлыбай туады. Тұрлыбайдан Нұржан, Біржан сал, Ержан. Осы үшеуі өз әкелері Тұрлыбайға тоқтамай, азуы алты қарыс ұлы атасы Қожағұл бидің ықпалында тәрбиеленген. Жас кезінде Нұр­жан да жігіт дүрі боп, жиын тойда ән шырқап, серілерше сайран салған, бірақ, ол серілігі ұзаққа бармай атасының ырқымен билікке араласқан. Өз елінде ру басы болған. Біржан сал болса аспандағы аққуға әнін жалғап, серілік құрды. Сол жолдан таймады да. Ержан екі ағасының көлеңкесінде тып-тыныш шуақты ғұмыр кешті. Бұл да өнерлі еді. Дом­быраны адамша "сөйлеткен." Келе-келе бойы байсал тартып, өнерден суына берген. Ал ішінде булыққан сол өнері немересі - осы Рама­занға дарыпты. Рамазанның өз әкесі Елебай ол да әнмен тыныстаған сырлы көкіректі жан екен. Шешесі Зейнеп те елді сұлулығымен, әншілігімен таңғалдырыпты. Әке-шешесі Рамазанды әнмен тербетіп, әнмен аялап өсірген. Бұл осы әулеттің үзілмей келе жатқан салты, дәстүрі, атадан балаға ауысқан қалпы еді.

Жүсіпбек Рамазанды 1929 жылдың жазында Көкшетауда концерт беріп жүріп, танып білген-ді. О, ол бір естен кетпес сәулелі күндер еді. Көкше­таудағы гастрольдік сапары бір жарым айға созылған-ды. Біржан салды пір тұтатын Жүсіпбек Рамазанның әншілігіне құлай беріліп, қай жерге барса да оны өздерімен бірге ала жүрді. Рамазанды үкідей үлпілдетіп, ардақтап, мақтап, оның арғы тегін тілі жеткенше сипаттап, концерттерге де шығарып жүрді.

Сол Рамазан келер жылы әскер қатарына шақы­ры­лып, Алматының атты әскер полкына келді. Қапшы­ғында гармоны. Бір қолында домбыра. Бір қо­лында мандолин. Ол осы полкте "Жолдастар" атты алғашқы әнін жазды. Жауынгерлер оны марш қып солқылдатты.

Жауынгерлік міндетін өтеп біткен сәтте Рамазан ешқайда бұрылмастан қазақ драма театрына келіп әртіс боп орналасты.

Рамазанның бұдан кейінгі, яғни майданға аттан­ғанға дейінгі өмірінің әр сәті Жүсіпбектің көз алдында.

Әлі есінде, Рамазан консерваторияда оқып жүріп, жазда алғашқы каникулға келгенінде Жүсіп­бекке "Ана сыры" деген әнін көрсетті. Оған Иса сөз жазып беріпті. Ана жүрегінің бар мейірімін мөлді­ретіп, сырлы сезімді, сағынышты әнге түсіріпті. Бұл ән алғаш рет радионың әншісі Тәмті Ибраги­мованың орындауында эфирден берілді. Ал бір күндері соғыс басталды. Консерваторияда Рамазанмен қатар оқып жүрген композитор Қапан Мусин мен әнші Бекен Жылысбаев «Народное ополчениеге» алынды. Мұқан Төлебаев шамалы уақыт сондай ополчениеде болып, денсаулығының күрт нашар­лауына байланысты Алматыға қайтты. Оған іле-шала Рамазан да Алматыға оралды. Жау Москва түбіне жыландай жылжып, келіп те қалды. Осы кезде қазақстандық 8-гвардиялық дивизияның ерлік істері радиодан күн сайын саңқылдап беріліп жатты.

1942 жылдың қысы. Бір күні Рамазан филармония залында Жүсіпбекке жолығып: «Сізге сәлем беруге әрі қоштасуға келдім, аға! -деп, толқи сөйледі, - 8-гвардиялық дивизияда шығын көп көрі­неді. Бірақ, "берісетін түрі жоқ, жаңа күштермен толық­тырылып жатыр," дейді білетін жандар. Сол диви­зияға Алматыдан бір топ жігіттер іріктелініп алын­ды. Мен соның ішіндемін, аға. Елде анам мен кішкентай қарындасым, өзіме тете Ақантай мен Тастан інілерім қалып барады. Және бір аяулы жан... оны сіз білмейсіз. Келініңіз, Жүсеке!»

Жүсіпбек іштей мүлгіп, Рамазанмен жүзбе-жүз сөйлесіп отырғандай көп жайды көз алдынан өткізді. Сол Рамазаны, міне, аласапыран соғыс алаңында жүр.

Комиссар Мұхамедияров біраздан кейін блин­дажға қайтып келді. Пешке бір-екі кеспелтек ағаш тастады. Сөйтті де ұйқы құшағына енген Ғаби­денге бір қарап қойып,"қозғамайық" дегендей ым қағып: - Қалай, аға, жылындыңыз ба? Ана жақта Елубай Өмірзақов ағай Рамазанды жіберер емес. Сағынысып қалыпты. Сәл тағат қылыңыз, қазір келеді, - деді езу тартып.

Жүсіпбек оның сөзін бас изей қоштап: Ал, Ахметжан айналайын, айтшы, Рамазаным қандай жігіт екен? - деді.

- Айттым ғой, аға, Рамазаныңыз сегіз қырлы, бір сырлы жігіт деп Музыкант. Жұрттың арқасына асынатын бір-бір қапшығы болса, Рамазанда екі қапшық. Бір қапшығында киім-кешегі, тамағы. Екінші қапшығында - гармоны, домбырасы, нота қағаздары. Зипа бойына мін жұқтырмайды. Тап-таза. Жинақы. Ұқыпты.

- Солай де... асай-мүсейімен жүр екен ғой, айналайын, - деп Жүсіпбек іштей тамылжыды.

Мұхамедияровтың сөзі жанына жайлы тиді.

- Рамазанды өзіме көмекші етіп алдым. Сондай ілкімді. Жігіттің төресі!

- Бұл Рамазан дегеніңіз құдай бере салған тума талант.

- О, ол бөлек әңгіме, аға. Рамазанның өнерлі жігіт екенін бірден танып-білген Мәлік Ғабдуллин оған өнерпаздар ансамблін құруды тапсырды.

- Ә, бәрекелді! Рамазанға керегі сол ғой.

- Рамазан дивизияны аралап жүріп, бір апта­ның ішінде елуден астам әнші, биші, музыкант­тарды іріктеп, таңдап, тұтас бір ансамбль құрды. Солардың ішінде взвод командирі, домбырашы Ербатыр Ермеков, әншілер - Темірбек Көкебаев, Бақтияр Меңдіғазиев, Жұмажан Бекбауов, Ғаббас Бекқұлов және медсанчастың әнші, биші қыздары дивизияда неше түрлі ойын-сауық ұйымдастырып, майдан даласын думандатып жүр. Оларды да бір тыңдап көресіздер, ағай. Біздің филармония!

- Е, жөн.

Осы әңгімеден кейін Мұхамедияров сәл күмілжіп: - Тек бір айыбы боп тұр, ағай. Осы аяз бір жұмсармай қойды. Жас қой албырт, "жы­лынамыз" деп, осы жақында жігіттермен сілтең­кіреп жіберіпті. Бізде спирт болады, - деді жымиып.

Мына сөзге оқыс таңданған Жүсіпбек: - Рамазан ба? - деді.

- Өзіңіз білесіз, әскердің тәртібі қатаң... Өзіңіз білесіз, Рамазанның үні алты қырдың астына кететін биік тенор. "Жер шоқтығы Көкшетау" деп келетін асқақ әнге басқан. Тырс еткен тысырымызды аңдып, бетпе-бет жатқан жау оқты нөсер ғып боратты-ай, кеп. " Рамазан, тоқтат!" дейміз. "Өлсек те, ән айтып өлейік" дейді Рамазан. Тоқтамады. Бір кезде блиндаждың алдына шығып алып, ал, билесін. Оған дүркіреп жігіттер қосылды. Аңдып.жүрген немістердің зуылдаған оқтары блиндаждың үстін түте-түтесін шығарды. Құдай жарылқап, ешкімге оқ тимеді. Мұндайда не істеу керек? Мен іштей тындым. Көмекшімнің түрін қараңыз. Амал жоқ, басқаларға тыйым болсын, деп Рамазанды біраз сілкілеп, ансамбльден алып, медсанчастқа... қыз­дардың арасына жібердік. Өзі мединститутта екі жыл оқыпты. Дәрігерлік қабілеті бар. Укол салады. Дәрі-дәрмекті жақсы біледі. Қазір сол медсанчаста. "Жазасын" өтеп жүр.

Айтып ауыз жиғанша Рамазан да келді.

Рамазан Жүсіпбекті құшып сүйгісі келді, бірақ, әдеп сақтады. Іште ақтарылатын сыр көп. Қалай ағытарын білмей іркіп-ақ отыр. Жүсіпбек те оған үнсіз сүзіле қарады.

- Елдің амандығын айтыңызшы, аға? - деді Рамазан жеңіл күрсініп.

- Е, елде бір ғана тілек. Ол - бәріне... бар ауырт­палыққа төзіп, еңбек етіп, бар істі майданға жұмылдырып, Отанымызды жаудан қорғап қалу. Өзің білетін жігіттердің біразы майданда. Композитор досың Қапан Мусин батыс майданында көрінеді. Әнші досың Бекен Жылысбаев Харьков төңірегінде соғысып жүр. Мұқан Төлебаев Құр­ман­ғазы оркестрінде дирижер Ахмет Жұбановтың асисстенті. Қарындасыңды осы жаққа жүрерден сәл бұрын көрдім. Айналайын, Қанипа. Қолында сенің әндеріңнің нотасы бар екен. Қандай есті, зерделі, бала. Жаны қалмай амандасты. Бетінен сүйдім.

Жүсіпбек Рамазанның көңіліне әр нәрсе түсіп, босағанын сезді. Жүрегінде уайым бар. Соны сергіткісі келіп: - Жауды жеңеміз, Рамазан! Бәрі де бір күнгідей болмайды. Аңқылдап елге де орала­сыңдар, амандық болса. Жазмыштың ісі аулақ. Екі ініңмен де табысарсың. Сөйтіп, өмір жөн-жөніне келер, - деді.

Рамазан іштегі жан толқуын білдірмеуге тыры­сып: - Иә, Жүсеке, соғыс басылса бәрі де ор­нына келеді, бәрі... - деді, бас изей қоштап.

Бір кезде сырттан дабыр-дұбыр еткен дауыстар естілді. Іле Мұхамедияров қасында Елубай мен Камаш, биші Шарипа және бір солдаты бар ... сол­даттың қолында құшақтаған қапшығы, бәрі блин­даж­ға кіріп келді. Ғабиден оянып кетті.

Мұхамедияров қасындағы солдаты екеуі тақ­тай­дан жасалған ұзын столдың үстіне дастарқан жайып, нан, консерві, колбаса, арақ-шараптарын қоя бастады. Қампиған қара шәйнектің буы бұр­қырап, екі иығынан дем алып, ол да қайнап тұр. Осы кезде Жүсіпбек пен Ғабиден бір-біріне ымда­сып, дорбаларынан қатқан бауырсақ, қауыншек, құрт-ірімшік, жент, талқанды шығарған.

- О, шіркін, қайран ел! Дәм-тұзың-ай!

Бәрі қауқылдасып, тамсана сөйлеп, ду-ду әңгіме басталды.

Отырыс дүрілдеп қыза берген шақта бір солдат Рамазанға гармонын әкеп берді. Рамазан гармонь тілдерін жайлап басып, "Катюшаның" лепті әуезін лыпылдатып, әндете жөнелді:

Рассветали яблони и груши,

Поплыли туманы над рекой,

Выходила на берег Катюша,

На высокий берег на крутой.

Ән қайырмасына бәрі ырғала қосылды. Жүздері жайнап, көздері жарқылдап кетті.

Осы тұста комиссар: - Біздің басқалардан артық­шы­лығымыз - Рамазандай өз композито­ры­мыз бар. Білесіздер, біздің полк - жиырма үшінші полк. Өз полкымыздың маршы бар. Өз гимніміз! Рамазан жазды. Қазір сол маршты тыңдайсыздар. Қане, Рамазан! - деді көтеріле сөйлеп.

Рамазан іркілген жоқ. Гармонының сарғыш түймелерін сартылдатып:

Біз Панфиловшы ерлерміз,

Қан майданда қарысқан.

Жауды жайпап жерлейміз,

От тұтанып, намыстан! -деп қатулы әнді зілді үнмен бастағанда оған Мұхамедияров және оның қасындағы даяшы екі солдат жамырай қосылды.

Отырғандар шуылдаса қол соқты. Рамазан­ның жүзі өрт боп жанды. Ол құштар сезімге беріліп, серпіліп, шабыты шалқыды. Осы ду-дудың арасында Ғабиден Жүсіпбекке бұрылып: "Ендігі кезек сенікі, Жүсеке!" дегендей ишарат білдірді. Жүсіпбек аспай-саспай қызылқоңыр домбырасын қорабынан шығарды. Бетін, пернелерін жұмсақ алақанымен сипап, тиегін әрі-бері қозғап, орнына қойды: -Домбырам да тоңып қалыпты, - деп баппен шерте бастады, - Рамазан... Ахметжан... біз сендерге ән әкелдік. Біздің де бар қуатымыз - ән. Ал, тыңдаңдар...

Жүсіпбек домбыраны төсіне құшырлана қысып, үстемелете қағып-қағып жіберді. Бұл қағыс - Арқа әншілерінің дәстүрлі қағысы. Жүсіпбекке үсті-үстіне төпеген қағыс қуатты дем бергені сондай, ол көзі шырақтай жанып:

Базарың құтты болсын, ардақты елім,

Қоянды ту көтерген, думан жерім.

Қарқаралы, сұлу Көкше жер шоқтығы,

Сарыарқа алтын асу асқар белім! -деп әншінің әншісі зорға жететін кең шырқау, биік әнді көкке өрлете самғатты. Рамазанның кірпігінде алтын тамшы жылт-жылт етті. Ол өзінің көгілдір Көкше­сін, Арқаның күмістей жарқыраған ақселеулі даласын, көкторғын шәлі жамылған қарағайлы, қайыңды ормандарды... аққулар сызған айдын көл­дер мен Ақ Ертіс, тұмадай тұнған Есіл өзенін... Оқжетпес... Бурабайды көріп мүлде есі кетті. Қып-қызыл нұр ойнаған жүзінде іштей мәз бола шат­танған сағынышты жанның сәби күлкісі дуылдады. Ол Жүсіпбекке таңғала, табына қарап: -Жүсеке, "Ләйлімді!" - деді.

Шабыт отына қызынған Жүсіпбек гармонның лыпылдаған шәрбат әуезімен Арқаның жібек са­малы боп есті.

Рамазан Алматыдан келген әртістермен дивизияның бөлімшелерін аралап, концерт беріп, жеті-сегіз күн бірге болды. Ән салды, би биледі, гармонь тартты. Қазақ, орыс, татар, украин... тағы басқа да халықтардың ән-билері жауын­герлерді шаттыққа бөледі. Ол концерттер мүлгіген орман алаңында, оқ борап кетсе блиндаждарда, кейде тіпті, жол үстінде тізіліп жат­қан окоптар алдында өтті.

Есік қағып келіп тұрған жаңа жыл -1943 жылдың думаны да естен кетпестей болды. Блин­даждың бәрінде әртістер жағалап жүріп шампан атып, концерт берді. Әр блиндаждың алдында ақ қар, көк мұздың үстінде қыздыр­малата шуылдап, би биледі. Бауыржан мен Мәлік вальс иіріміне толқындай үйірілді.

Немістер құты қашып, берекесі кетіп, шегіне берді, шегіне берді. Калинин майданы күн сайын толығып, күшейе түсті. 8-дивизия алға жылжып, немістерді өкшелеп, ығыстыра қуды.

Алматылық әртістердің соңғы концерті Старая Русьте өтті. Қайтуға үш күн қалғанда дивизия штабының алдында үлкен жиын болды. Екінші батальонның комиссары Мәлік Ғабдул­лин Калинин майданы бас қолбасшысының алғыс хатын оқыды. Әртістерге грамоталар, сыйлықтар үлестірді. Бәрі жапырлап суретке түсті. Жиын соңы әртістер мен 23-полк ансамблінің бірлескен концертіне ұласты. Бауыржан мен Мәліктің блиндажында соңғы қонақасының тамашасы таңға дейін созылды.

* * *

Саперлер батальонының блиндажы.

Әртістер осы жерде бұйрық бойынша елге қайтар алдында тырп етпей, тұяқ серппей үш күн демалды. Бес ай бойы майдан шептерін жағалады. Тынымсыз жүріс. Әрқилы жағдайда берілген концерттер. Олар шаршағанын сезбеген де еді.

Түскі мезгіл. Екі солдат буржуйкаға от жағып, тамақ пісіріп отыр. Блиндаж іші жып-жылы. Бағана үн-түнсіз мызғып кеткен жан­дардың ішінде әуелі Елубай, іле қатар жатқан Жүсіпбек, одан соң Ғабиден оянды.

- Ой, мына үш күнгі демалысымыз үш жыл­ға бергісіз болды-ау, - деді Жүсіпбек, - өзіміздің Сарыжайлаудың төрінде жібек самал желпігендей рахатқа батыппын.

- Айтпа, Жүсеке. Мен де ауызымнан сілекейім ағып, қатып ұйықтаппын, - деп Елубай қош­тады, - құдды бір Қостанайдың айлы түн тербеген көк тоғайының іші...

Осы сөздерден кейін әрқайсысы өздерінше әрнені ойлап, көпке дейін үндемеді. Заттарын, буыншақ-түйіншектерін реттеді. Жуынып-шайы­нып, сақал-мұртын қырды. Түскі астан соң жолға шығады. Елге қайтады. Жүсіпбек сағатына қарап: - Мәшине қашан келуші еді? - деді

- Әлі үш сағат бар, - деп Елубай орнынан түрегелді.

- Рамазанды қалайша көре алмай кетеміз, Жүсеке? - деді Ғабиден мазасызданып.

Жүсіпбек еш нәрсе демеді. Елубай сыртқа шығып кетті. Шыға бергені сол еді: - Жүсеке! Бері кел, бері! - деп айқай салды.

Жүсіпбек Елубай меңзеген шоқ қайыңға қарады. Аяғында шаңғы, арқасында қапшығы бар Рамазан асығып-аптығып, еңкеңдеп ұрып келеді. Анадайдан қолын көтеріп, бірдеме дейді.

- Менің уақытым тар, ағалар, - деді Рамазан алқынған күйі Жүсіпбекке жаутаң-жаутаң қарап.

- Хат жаздың ба, Рамазан, ала кетейін? - деді, Жүсіпбек.

- Жаздым. Оны, өзіңіз білесіз, музыка мектебінде оқитын қарындасым Қанипаға бересіз. Келін­шегім­нің фамилиясы Волкова ғой, өзім еркелетіп, "Полюшко-Поле" дейтін едім. Хат сирек келеді. Сағындым бәрін... бір әнім бар еді, Жүсеке.

Жүсіпбек үнсіз бас изей берді.

- Иә, Жүсеке, ән. Елге сәлемім сол. Ала кетіңіз. Міне, гармонымды ала келдім. Блин­дажға кірейік. Жылы ғой.

Рамазан ауыр күрсінді. Көз алдында автома­тын көкке көтеріп, уралап жығылған, Төлеген! Боп-боз боп үйілген жас қабір. Осы сурет қабырғасын сөкті. Бірақ, ол бойын тез жиып алды. Көзінен ұшқын атты. Қанатын жайған жас қырандай сілкінді. Қабағы тас түйілді. Бірден шымырлап басталған ән "Ахоу" деп кең тыныс ала көтерілгенде, ол әуелей биіктеп, жүректі жа­рып жібере жаздады. Зар төкті. Қызыл қыр­ғын... бықсыған көк түтін... өрт құшағында қар жа­мылған кең дала. Сұрапыл елес Рамазанның көзіне ыстық жас үйірді. Мына ән Біржан сал мен Ақан серінің кең шарықтауы. Солардың демі. Солардың лебі. Солардың қуаты. Арқаның аңыраған арқалы әні. Сүйекті. Ірі. Жүсіпбектің көз алдында көзінен от шарпыған ер Төлеген! Нәзік жүрегі әнге тез иілді. Аза бойды қаза еткен жоқтау сарыны қайырманың басында ши­рыға тулап, қаһар шашып, жауға арыстандай ақыра шапқан ер Төлегенді ардақтап, бар әлем­ге паш еткендей мүлде шарықтап, ширығып кетті.

Біраз уақытқа дейін блиндаж ішін өлі тыныштық кернеді. Әлден соң Жүсіпбек: - Тағы бір айтшы, - деді, Рамазанның жүзіне тік қарау­ға дәті бармай.

Ән тағы да жүрек сыздата басталды. Жү­сіпбек домбыра пернесін ақырын ғана абайлап басып, баяу шертіп, ыңылдап қосыла берді...

- Төлеген жоқ, енді. Өшпейтін ерлігі аңызға айналды. Оның сол құдіретті рухын осы әнге түсіргендей болдым, Жүсеке. Ән жүрегіңізге қонды. Бір арманым осы еді. Елге ала барыңыз, Жүсеке. Аманат, сізге! Кім біледі, арсыз ажал... - деп, Рамазан қипақтап төмен қарады.

*  *  *

Алматылық әртістер ақпан айының соңғы күні Калинин майданынан елге қарай бет алды. Пойыз үстінде Рамазанның "Жас қабір" деген әні "Жас қазақ" болып өзгертілді. Өлеңін Ғаби­ден Мұстафин қайта жазды.

Ән алғаш рет Алматыда Қалибек Қуаныш­баевтың үйінде, бір үлкен отырыста тыңдалды. Одан кейін екі аптадан соң, Жүсіпбек оны опера театрындағы үлкен концертте орындады. Сол күннен бастап "Жас қазақ" әні қазақтың ұлан-ғайыр даласына аңыз ән боп тарады.

1943 жыл. 6 қараша.

Жүсіпбек опера театрында Октябрь мерекесіне арналған үлкен концертте "Жас қазақты" шырқаймын деп, сахна түкпірінде өз кезегін күтіп отырды. Кенет Калинин майданына бірге барған әнші Камаш Баубекова жүгіріп кеп: - Аға, Рамазаннан айрылдық! - деп жылап қоя берді.

Аспан айналып жерге түсті. Тау-тоғай күңі­реніп, байтақ дала аһ ұрды. Жүсіпбек не боп кеткенін біле алмады. Жүрегі соғады, соқпайды. Көкірегі қарс айырылды. Концерт жүргізуші сахнаға шықты да:

- Рамазан Елебаев! "Жас қазақ" Өлеңін жаз­ған Ғабиден Мұстафин. Орындайтын Жүсіпбек Елебеков! Ән Совет Одағының Батыры Төлеген Тоқ­таровқа арналған! - деді.

Жүсіпбек теңселіп, орнынан зорға тұрды. Көзі түк көрмей сахнаға шықты. Шертіп жіберді, домбыраны. Өрт шалған орыс орманы. Жүзі жайнап, Рамазан күлімсірегендей болды. Дом­быраны құшырлана қысып, қандай құдірет биледі, аруағын шақырып, паң көкірекпен аңыра­тып соза берді, "Жас қазақты".

Ән орындалып біткенде, бүкіл зал дүбірлеп сахнаны жарып жібере жаздады.

Көз жасына булыққан Жүсіпбектің дәл осы сәтте Рамазаннан айырылып отырған азалы халін ешкім сезген жоқ. Ешкім! Жүсіпбек "Жас қазақты" екінші рет айта алмады.

Қаралы хабардың жайын Жүсіпбек кейін білді, Рамазан сол Калинин майданында Ново-Сокольники селосын жаудан азат ету үстінде, қарашаның 4-жұлдызында отыз үш жасында ерлікпен мерт болыпты.

Арада шамалы уақыт өткенде композитор Латиф Хамидидің "Рамазан" атты әні шырқала бас­тады. Рамазанның ерлік ісі аңызға айналды.

1947 жылы Рамазан асқақтатқан "Жас қазақ" әнінің құдіретті рухымен композиторлар Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди (либреттосы Мұхтар Әуезовтікі) "Төлеген Тоқтаров" операсын жазды.

Жыл озған сайын Төлеген Тоқтаров пен Рамазан Елебаевтың ерлік даңқы арта берді. Тәңірдің бір мейірлі күні Жүсіпбек Елебеков ақын Мұзафар Әлімбаевқа осы екі батыр жігіт­тің қияметтік достығын, Калинин майданында сыз блиндажда отырып, Рамазаннан Төлегенді ардақтаған "Жас қазақ" әнін қалай үйренгенін қаз-қалпында жыр ғып шертті. Мүзафар ол хикаяны тап сол күні "Бір жас қазақ" деген атпен тебіреністі романс етіп, өлең жолына түсір­ді. Оны ол сол заматта жан досы композитор Сыдық Мұхамеджановқа берді. Сыдық тұңғиық ойға түсіп, ұзақ толғанды. Ол Рамазанның бекзат болмысын білетін еді. Рамазанның нұрлы жүзін елестеткенде саусақтары рояль клавишінде діріл қағып, көзі жасқа толды. Қолы жүрмей қойды. Мұзафар шыдамсыз жан, іштей тыпыр­шып: "Бірдеме шығатын түрі бар ма?" деп түртпектеді. Сыдық былқ етпеді.

Ал, бір күні Сыдық "Қазақконцерт" залында Жүсіпбек Елебековке "Бір жас қазақ" романсын рояль­да ойнап беріп, оған өзінің мақпалдай жұм­сақ қоңыр дауысын қосып, қайта-қайта айтып, жаңа дүниесін өбектеді-ай кеп. Жүсіпбек селт етпеді. Сыдықтың құты қашты. Жүсіпбек ләм-мим дей алмады. Көзінен жас сорғалады. Солай солықтаған күйі: - Бұл романсты мен айта алмаймын, Сыдық шырағым, мұны бір-ақ адам айта алады. Ол - Бекен Жылысбаев! Рамазанның досы. Екеуі Москва консерватория­сында оқыды. Соғысқа бірге аттанды. Бекен аман қалды... Сыдықжан, бар айтарым осы. Солай ет, - деді.

Алматы консерваториясының концерттік залы. Романс кеші. Профессор Бекен Жылыс­баев ақын Мұзафар Әлімбаевтың сөзіне жазыл­ған композитор Сыдық Мұхамеджановтың:

Сағынышты қам көңілмен ұласып,

Күз аспаны бірде күңгірт, бірде ашық.

Бір жас қазақ отыр окоп ішінде,

Елден келген әнші ағамен сырласып - деп басталатын азалы романсын толғады. "Бір жас қазақ!" Зал сілтідей тынды. Бір кезде дүрілдеп қол соғылды. Жаутаң қаққан көздерде жас тамшысы жылтылдады. Композитор Сыдық Мұхамеджанов жұртқа бас иіп, ілтипат білдірді. Залда көптің бірі боп отырған Жүсіпбек Елебеков сахнаға көтерілді. Мұңды жүзінде тарам-тарам ыстық жас. Ол үнсіз ғана жыламсырап, Бекенді өксіп-өксіп сүйе берді, сүйе берді.

"Егемен Қазақстан" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1489
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5531