Жанұзақ Аязбеков. Бальзак неге жылады?
Дейінгіні айтпағанда, кейінгі жиырма ғасырда небір қарағай басын шортан шалған аласапыран замандардар өтті.Адамзат қоғамы дамып, жетіліп, кемелінің кемеріне келді.Бірақ адам-пендеңіз ізгілік, мейірім , махаббатымен қатар, сол баяғы - дүниеқоңыз , көзтоймас, баққұмар, қызыққұмар , құмар да құмар! Құштар да құштар! «Әлемді түгел көрсе де, алтын үйге кірсе де, аспанда жұлдыз аралап, ай нұрын ұстап мінсе де- қызыққа тоймас адамзат!» (Бұхар жырау). Осы қасиетке күншіл, қызғаныш вирустары қосылып одан сайын тегеурінді, қатерлене түседі. Жолына кездескен кез- келген тосқауылды тас талқанын шығарып, жайпап, таптап, не болмаса айналып орағытып өтуге, тіпті болмаса өлердей өрмелеп шығуға ұмтылады! Бәрін ең алдымен өзі көргісі келеді, өзі білгісі келеді, өзі рахатқа батқысы келеді. Сол үшін басын тауға да тасқа да ұрады, қорлық- сұмдыққа да барады, қорлық- сұмдыққа да төзеді! Ал қазір түйені түгімен жұтатындар пайда болып, енді тау- төбеңізді, жиделбайсын атамекеніңізді үй -орманымен, тезек - қабымен қоса бауырына басып алды! Өзім дегенде «өгіз қара күшін» көрсетіп жатыр.Аяулы ұлы махаббат, ізгілік адамгершілік атаулының да түптеп келгенде бір жібек тіні - иманды өзімшілдікте жатыр. Тұтастай айтсақ, қоғам мен қоғам, мемлекет пен мемлекет те солай.
Дейінгіні айтпағанда, кейінгі жиырма ғасырда небір қарағай басын шортан шалған аласапыран замандардар өтті.Адамзат қоғамы дамып, жетіліп, кемелінің кемеріне келді.Бірақ адам-пендеңіз ізгілік, мейірім , махаббатымен қатар, сол баяғы - дүниеқоңыз , көзтоймас, баққұмар, қызыққұмар , құмар да құмар! Құштар да құштар! «Әлемді түгел көрсе де, алтын үйге кірсе де, аспанда жұлдыз аралап, ай нұрын ұстап мінсе де- қызыққа тоймас адамзат!» (Бұхар жырау). Осы қасиетке күншіл, қызғаныш вирустары қосылып одан сайын тегеурінді, қатерлене түседі. Жолына кездескен кез- келген тосқауылды тас талқанын шығарып, жайпап, таптап, не болмаса айналып орағытып өтуге, тіпті болмаса өлердей өрмелеп шығуға ұмтылады! Бәрін ең алдымен өзі көргісі келеді, өзі білгісі келеді, өзі рахатқа батқысы келеді. Сол үшін басын тауға да тасқа да ұрады, қорлық- сұмдыққа да барады, қорлық- сұмдыққа да төзеді! Ал қазір түйені түгімен жұтатындар пайда болып, енді тау- төбеңізді, жиделбайсын атамекеніңізді үй -орманымен, тезек - қабымен қоса бауырына басып алды! Өзім дегенде «өгіз қара күшін» көрсетіп жатыр.Аяулы ұлы махаббат, ізгілік адамгершілік атаулының да түптеп келгенде бір жібек тіні - иманды өзімшілдікте жатыр. Тұтастай айтсақ, қоғам мен қоғам, мемлекет пен мемлекет те солай. Тіпті кеше Қазақ мемлекеті ежелгі даласындай аңқылдақ ақжарма ниетімен Астана Саммитінде еуроодақ елдерін татулық пен ынтымақ үшін басын қосып, бәтуаға шақырғанда, күштілерінің арты диірмен тартып кергіді, кедейлері кербезденіп кежегесі кейін тартты, ортақ адамзаттық татулық, төрткіл дүниедегі бейбіт тірлік , тастүйін бірлік дейтін баға жетпес келісім үшін бәрін ұмтытып, президенттер бір- біріне риясыз жүрекпен құшақ жая алмады. Әрқайсысы да өз елінің мүддесінен, мемлекеттік өзімшілдігінен асып кете алмады. Әр кәллада өз қиялы! Ал тарихта жаһанды дүр сілкіндіріп, қоғам дамуына бетбұрыс жасаған XVIII ғасырдың соңынан бастап XIX ғасырды шарпыған Франциядағы ұлы төңкерістердің көзін де ашқан, көрін де қазған - эгоизм! Ал сол эгоизмның бүлк - бүлк соққан күретамыры - сан жүзді құштарлық! Құмарлық! Ынтықтық! Осы тіні бір, сабағы бір тұмса қасиеттің адамның түрлі ниеттерімен түрленіп, мың құбылысқа ұшырайтынын қайтерсіз! Мұны пәлсапашылар, психологтар, социологтар тағы сол сияқты түрлі саланың мамандары талдап, жіліктеп, адамзат қоғамындағы алуан -алуан көрінісін, сипатын ғылыми айналысқа енгізгелі талай -талай ғасырлар өтті, алда да солай бола бермек. Ендеше, жұмыр басты адам пендеңіздің кеудесінде шыбын жаны барда осынау бес күн жалған дүниедегі құштарлығында шек болмайды екен.. Бальзак Гориосын қыздарына деген алапат сезімімен қайнаған өмір көрігінің от- жалынына лақтырып жібереді.
Сонымен, романды астын сызып тұрып байыппен тағы бір оқып көріңізші, кез- келген оқиға желісінен өзіміз қойып отырған сауалға жетелеп апаратын, суыртпақтап сыр тартқызатын тұстарын оп- оңай -ақ табасыз. Соның ішінен біздің алдымен талғауымыз - шығарманың шырқау шегіне жақындар тұсында Горионың пансионатта бірге тұратын студент Растиньякқпен әңгіме құрған сәті. (Растиньяк шығармадағы басты тұлғаның бірегейі) Көбіне ызасы желіп келетін, ашуы шауып шығатын Горио: « Әркім өзінше сүйеді. Менің сүйгенімнен кімге қандай қырсық тимек? Маған жұрт неге қадала береді? Мен деген өзімше бақытты жанмын.» дейтіні бар. Міне, Бальзактың ең шедевр деп танылған барша туындыларының астарында, тінінде жатқан осы - Адамды сүю! Сыншылар Горио парасатсыз, кісілігі жоқ, қиянкес біреу, мұндайлар біздің қоғамда болуы мүмкін емес деп тарпа бас салғанда, Бальзак : «Горио өлтірсе де қожайынының қолындағы жылы қанын жалай беретін ит сияқты; ол талқыламайды, ол айыптамайды, ол - сүйеді.», - дей келе, « Горио қызына жақын бару үшін ол Растиньяктың етігін ырзалықпен тазалар еді. Егер қыздарына ақша жетпей жатса, ол банк тонауға да дайын, қыздарын бақытты ете алмаған күйеубалаларына қалай өшікпей тұра алады? Дельфина Растиньякты сүйеді, ендеше ол оны неге жақсы көрмеске. Айналаңызға қараңызшы: егер шынайы болғыңыз келсе, юбка киген қаншама Горио атайларды көрер едіңіз! Яғни Горио атайдың сезімі - түгелімен аналық сезім. Бірақ, осының бәрін түсіндіріп жатудың пайдасы да жоқ. Бұл шығармаға ең көп қарсы шыққан адам, егер бұл туындыны өзі жазар болса, риза көңілімен ақтап шығар еді.», - деп жазған. Бажайласақ, Бальзак сөзінің біз келтіріп отырған үзіндісінің соңғы сөйлемінде, тағы да қайталайық, оның бүткіл дәуірнамасының да , оның өз тағдырының да кілті жатқан секілді! Иә,қарсы болған адам «егер бұл туындыны өзі жазар болса, риясыз көңілмен ақтап шыққан болар еді» деп ашынады! Бальзак романының екінші басылымындағы алғысөзінде осылай дейді де, мұндай әке махаббатын сіз бұл пәниде ешкімнен таппайсыз, ешбір қисынға келмейтін абсолюттік инстинкт дейтініңізді сезіп, автор өзі жетелеп, Гориосын алға сап оқушыны иландыруға ұмтылады. Мына бір үзінділерді шыдамыңызды жеткізіп оқып шығыңызшы, Горио: «Елисей алаңына барып, қыздарымның өтетін жолының қасында тосып тұрамын; олардың күймелері тұсыма келе бергенде, жүрегім қаттырақ соғады; сәнді киімдеріне қарап сүйсінемін; қасымнан өтіп бара жатып қыздарым менімен жымиып амандасады, міне тап сол мезетте бүкіл табиғат нақ бір ерекше жап - жарық күннің шұғыласына бөленіп, алтындай жарқыраған тәрізді болады маған.Бұлар қайта оралуға тиіс қой деп тосып тұра беремін, сөйтіп тағы да көремін оларды! Жел қағып, өңдері қызара түскендіктерін көремін. Айналамнан «не деген сұлу еді!» деген сөзді естимін де, жан дүнием қуанышқа бөленеді. өзімнің қаным емес пе олар? Қыздарым жеккен аттарымды да жақсы көремін, солар үнемі тізелерінің үстіне қондырып отыратын кішкентай ит те болғым келеді.Менің өмір сүріп жүргенім тек солардың арқасы». Горио қыздары балға баратынын естісе, бір көріп қалу үшін «кештен таңғы сағат үшке дейін тосады». Бірде сомадай «қызының аяғының астында жатты да, балтырынан сүйді», «көйлегіне басын үйкеледі, «бір сөзбен айтқанда, біреуді өзеурей сүйген ең сыпайы, ең жас жігітке ғана жарасатын, ақылға сыймайтын қылықтар істеді», «өзі қақсаған өлі дене де, жаны болса - қашан да қай жерде болса да қыздарымен бір жүреді.» , қарт қызының жазған хатын иіскей беріп «исінің жақсысын ай! Жазғанда қағазға саусақтары тиіп отырды ау» деп сүйсінеді, «..жаратқан құдайдың әлемді сүйгенінен гөрі, мен қыздарымды артық сүйемін» дейтін «махаббаты қара бастың қамының қандайымен болса да сыйыспайтын әкелік махаббат». «Өзім жұмаққа бара қалған күнде, рухым қайтып орала алар ма, осы жерге және қыздарыммен бірге бола алар ма, - айтыңыздаршы? Осы секілді болады да дегенді естігенім бар. Сол рас па?», « Менің қаным жүрмей тоқтап қалуы үшін олардың бірақ рет мұңдана қарағаны жеткілікті.« Қызықты бір нәрсе айтайын, тыңдағыңыз келе ме? Керек десеңіз құдайдың өзін әке болғаннан кейін түсініппін.»
Шығарманың өн бойында әйелге тән аналық сезімнің еркекке көшкенін нандыру үшін зербақ жазушы психологиялық иірімдер, штрих, детальдарды үсті- үстіне еселейді. Горионың аузымен айтылған монолог-диалогтарды оқып отырғаныңызда түйсік түкпірінде осылай болуы мүмкін деген сана шырағы жалт етеді. Шалдың тұла бойын , ақыл -есін меңдеген осы бір гипер -сезім кәдімгідей - ақ жаныңызды баурап алады. Бәтшағар Горио біздің қазекеңнің кешегі естияр шалы болса қыздарымды өсірдім, өндірдім, құтты орнына қондырдым, енді арғысын өз таланынан көрсін, өз тағдыры, өз бақыты үшін өздері күрессін, өздері қорғасын дер ме еді?! Қайтесіз, бұл Бальзактың шалы, оның аузынан ондай сөз шығартпайды, шығартпайтыны, шінжау шал- он тоғызыншы ғасырдағы француз шалы! Оның пәни тірлікке деген жан көзі бөлек, танығаны -түйгені, түйсік -түбірі де өзгеше. Автор өзінің сыртқы және ішкі әлемінен пана таппай аласұрған Горионы қыздары үшін тозақтың отына әбден иуін қандырып әкеліп , ақыры өзі жаққан сол отқа өртеп тынады. Сөйтіп әке махаббаты «өз қанынан жаралған» перзенттерінің мейірім- қайырымын оята алмайды, көкірегін қарс айырып, қасіретке ұшыратады. Бұл барып тұрған сыйы, қадірі жоқ қатігез әкелік сүйіспеншілік болып шықты. Неге? Бальзактың неге қабырғасы сөгіледі?
Бальзак романға кіріспес бұрын, бір күнделік жазбасында: «Қарт - отбасымен тұратын пансион - 600 франк, рента - қыздарының әрқайсысында 50000 франктен кіріс бола тұрса да, солар үшін деп барынан түгел жұрдай болады, ит өліммен өледі» деп түртіп қойыпты. Қолына қалам ұстағандардың бәрі түртеді, онда тұрған не бар дерсіз. Бірақ классиктің мұрақазарлары мен сыншылары романды талдағанда мұны қарапайым көп шимайының бірі демей, дәл осы түртпеге жата жабыса, куәлікке тартып, талай сарапқа тұздық етіп құйды. Бальзак әлемін шарлағандарға қамырдан қыл суырғандай етіп, жазушы феноменінің бір кілтін осы тақылеттес түртпелерінің астарынан іздеу әдеттке айналып кеткен. Оған себепші басқа емес, Бальзактың өзі еді. Өйткені.. Горио трагедиясының қоясын ақтарғандардың көрген- білгеніне, тапқан -таянғанына біз де үңіліп көрдік. Бұл шындық. Көзіңізді де, көңіліңізді де жеткізетін тағы сол жазушының өзі! Ол шындықтың аты - ақша!
<!--pagebreak-->
Ақша! Ақша?. Ақша.. Байсал көңілмен безбендесек, ақшаның аты- ақша. Ақшаны құдай жаратқан жоқ. Ақшаны ойлап тапқан адамзаттың өзі. Оның «әкесі» - сауда-саттық. Дүниенің бәрін шағып-шығырлап берген қазіргі дәуірімізде нумизматиканың сырлы баянынан сонау ықылым замандардан Азия, Үнді, Мысыр, Рим, Еуропа,Африка дейсіз бе, ақшаның түпкі шаранасының қалай шыққанын білудің түк қиындығы жоқ. Басқаны былай қойғанда, қазақ жерінде ҮІ-ҮІІІ ғасырларда Суяб, Сарайшық, Отырар, Тараздағы арнайы шеберханаларда рубасылар төл рәмізін бедерленген теңгелер құйғызыпты. Б.з. 704-706 ж. Таразда құйылған «Түркеш қаған теңгесі» немесе «Түркінің көк ханының теңгесі» деген жазулардан. бүкіл мемлекеттің дәулет - мүлкін, куәландыратын кепілдеме болған көрінеді.Тарихи даму үдерісінде жалпыға бірдей эквивалент формасында әр алуан тауарлар: мал, тері, бақалшақ, металл бұйымдары т.б ақшаның қызметін атқарды. О баста жаһан елдерінде ақшаның түп атасы мал болса керек.(Біздің қазақта есен -саулықтың піссімілласы «мал -жанның амандығын» сұраудан басталады ғой.)Малды айтасыз, бір монетаны бір тауыққа теңестірілген заман болған. Ол ол ма, Юлий Цезарь билік құрған заманда құлақ кесті құлды ақшаға - бір кұлдың құны үш сиыр, алты бұзау, он екі қойға бағалаған. Ақшаның кісәпірлігінен шошыған XIX ғасырдың социал -утопистері - Прудон, Оуэн, Грей және басқалары ақшаның көзін құрту үшін жанталасқанмен түк шыққан жоқ. Қаза берсеңіз, ақшаның сыры ұшан теңіз. Ақшаның қызметімен адамзат дамыды, кемелденді.Ал дүние-тезекке құмарлық о баста жаратқанның адамға жіберген зауалы. Ол зауалмен күресе алмаса, адам өзін -өзі жалмап құртады.Сондықтан да адамзат өмірі - мәңгілік айқас, мәңгілік күрес. Өркениетке арпалыспен аяқ басты, ғасырдан - ғасырға құштарлық, құмарлық дүмпуімен жетті. Ендеше, бұл ежелден - ақ көркемөнер атаулының өзекті, мәңгі бақилық тақырыбы. Сондықтан қай ғасыр, қай дәуірде болсын ақшаны, дүние -байлықты, оның зорлық- қорлығын, қайғы - қасіретін жазбаған жазушы кемде- кем, қазір де жазады, келешекте жазыла береді. Бір ғана қиярпұрыстық, күні бүгінге дейін бальзакиаданың (әсіресе кеңес дәуірі рухындағы орыс әдебиетшілері) өкілдері бәрі біртоға ақшаны құбыжық, кесепат, қараниет демон ретінде танытып келеді. Бірақ жаңа айттық, ақша пайда болғаннан бері қанша қоғамдық формациялар ауысты, ауыса береді, бірақ бұл тағынан түспейтін феномендік құбылыс.Төрт ғасыр бұрын ағылшын философы Томас Гоббс мемлекетті- тірі ағзаға, ал ақшаны - оның қанына теңепті.Ақшасыз қоғам дамымайды. Алтын мен күміс монеталардың мемлекет дәрежесінде айналымға түскен жері, қағаз ақшаны да банктен шыққан жері, бәленің бар ошағы мұқым дүниеде Франциядан басталатынын қайтерсіз! Жаһандық экономиканың жұлыны ақшаға тәуелді. Сол XIX ғасырда тұңғыш рет Парижде (1867) әлемдегі ақша қызметі алтынға баланып пәтуа да жасалған. Орта ғасырларда Франция көп елді әлімжеттікпен отарлады, тонады, алтын - күміс, мүккамал -байлықты тасыды, төкті, шашты. Париждіктер, Биағаңша айтсақ: «Уа, кімсіз? - Французбыз!» деп қораз айдарлы галлар ұрпағының мейманасы тасыған. Дүниеқоңыздық ынсапсыз ындыны меңдеп, ашкөз құштарлық француз ұлтының ғасырлардан келе жатқан әлеуметтік түбір- тамырына балта шауып, жуадай солдырып жатқан кез.Бар гәп, міне, осы бір сан қырлы магиялық құдіретке ие болған ақша феноменінде. Қилы - қилы замандарда ақша факторы әлемдік көркем ой домнасында қайтіп пісті, қалай қорытылды? Буржуазияның балпаң перісі Бальзактың қолқасын қауып, алақан аясы ақ қағазды оттай қыздырып, жалындай шарпығанда көкейідегісі, көксегені, тапқаны не?
Сұржекей жазушыны бүлкілдеткен, дедектеткен, жан терін шелектеп төктірген құдіретті құштарлық күшінің бірегей сыры неде жатыр? Мұны алыстан іздеудің керегі жоқ екен. «Адам комедиясының» беташары - «Горио атайға» зер салсаңыз болғаны- алдыңыздан жамырап қоя береді ! Туындының материалдық ресурстары мен архитектоникасы, троптық айшықтары зейініңізді баурап, бір сиқырына арбалып, соңынан томпаңдап ілесіп жүре беретіндей күйге түсесіз. Ол сиқыр құмға аунатқан магниттей темір «шаштары» түзіліп Бальзактың қара басы туралы, дәуірнамадағы қыруар кейіпкерлері өре түрегеліп, кез- келген кітабынан шыға келеді. Көзге әп дегенде сүйелдей қадалатыны - сандар, есеп- қисаптар, тұнған бухгалтерия! Деректер, дәйектер! Піссіміләсі, романның алғашқы сөйлем орамдарынан - ақ басталады. Айталық, оқиғаның қай жылы, қай мезгілде, қай күні, керек десеңіз кейде қай сағатта, минутта болғанына дейін сөйлемдермен өріп береді. Қараңыз: « 1819 жылдың ноябрьдің аяқ кезінде жеке меншікті пансиондағы жағдай осылай еді», « Ал Растиньяк болса- талтүс, сағат екі жарымда қара фрак киіп келген», «виконтессаны көруге келгендердің қай -қайсы болса да күндізгі сағат екі шамасында д Ажуда Пинто маркизді осы үйден кездестіретін», «Сағат екіден төртке дейін келіп кету де Босеан ханымға жайсыз тиетіндігін», «Виконтесса сағат төрт жарымнан былай қабылдайтын», «немере інісі бес минут бұрын келсе, винкотесса қабылдамаған да болар еді.» т.с.с.( жоғарыда ескерткеніміздей , романнан алынған үзінділердің беттерін көрсетуді жөн көрмедік. Себебі, көз талдырмайық, кітапты парақтай қалсаңыз қиналмай табасыз) Бұл бұл ма, романдағы оқиға алаңы -Воке пансионатын суреттейтін парақ беттерін сүзіп көрейік:« Париждегі Латын кварталы мен Сен-Марсо маңындағы аралықтағы Нев-Сент-Женевьев көшесінде 40 жылдан бері бар». Пансионда 18 тұрғын бар. Тұрақтысы - 7 адам. Пансион 4 қабатты, әр қабатында 5 терезеден бар, 1 қабатта - қонақ үй мен асхана, 2 қабатта - Воке ханым; Кутюр ханым мен Викторина Тайфер,( екеуі жылына 1800 франк төлейді) , 3 қабатта - Пуарье қарт пен Вотрен;(айына 72 франк төлейді), 4 қабатта -мадмуазель Мишоно, Горио атай ,Эжен де Растиньяк, Кристоф, Сильвия, суденттер, медиктер, заңгерлер, келіп кетіп жүретіндер. Пәтершілері айына 30 франк төлейді, кедей студенттердің 45 франктан артық жұмсауға шамасы келмейді, үшінші қабаттағы екі тұрғын бар болғаны 72 франк ақы төлейді. Викторинаның әкесі жылына 600 франктен артық бермейді, Растиньяктың алыста қалған отбасының жылына 3000 франк кірісі бар, ал әке- шешесі оған жыл сайын 1200 франк салып тұратын. Мерзімсіз рентасын жылына 1350 франк кірісіне сатты да қозғалмайтын мүлікті толық қамтамасыз етіп 15 мыңын өмір бойы 1200 франк кіріс беретін етіп сатып алады. Үйдің жоғары қабатынан жылына 150 франк төлейтін бөлме жалдап алады да, күніне 40 суменен княздарша тұратын болады».Осымен доғарайық, соза берсек, көз сүрінеді, сандардан сана сарсиды. Бірақ оқырман жалыққанмен Бальзак жалықпайды. Автор Воке ханымның пансионын іші сыртын, айналасын, қора - қопсысын, иті мен мысығын, құрт - құмырсқасына дейін түгін қалдырмай суреттейді. Бальзак мұндайда жазушы емес, есепші, коммерсант, құрылысшы. Пансионның бар сұлбасын метрлеп, қадамдап өлшеп береді. Басы Вөке ханымнан бастап, ондағы тұратын бар адамның қалтасынан қанша ақша, қанша тиын - тебен шыққанына дейін санап отырады. Үйдің іші - сыртындағы заттардың бәрін түгендейді, тізеді. Қанша есік бар, қанша тесік бар, қанша ыдыс аяқ, көрбай - жербайдың бәрінің дымынан -дым қоймайды. Бөлмелер, ішіндегі жиһаздар, түрлі заттар бәрінің түр - түсі, исі, пансионаттың айналасындағы өсімдіктер мен қоқыстар, малайлар мен атшылардың сасық исті қыл- қыбырлы тұрағы дейсіз бе, бәрі -бәрі бар. .Кейіпкерлерінің киген киімін, жүрген тұрғанын, ішкен -жегенін бажайлап, есеп -шотқа салынады.Тіпті бықсып жанған тезектей қолқаңызды қабатын сәттері де, шуда жіптей шұбатылған сөйлемдер де кейде жалықтырып жіберуі мүмкін. Егер атүсті, жеңіл желдіртіп оқысаңыз, өкінбеуіңіз ықтимал. Десек те, кітаптың соңғы бетін жапқан соң барып, бір мезет алған әсеріңізді іштей шолғаныңызда бірдеңе жетпей қалғандай болады екен. Содан кейін Онорекең тілін безеген жолдарға қайта көз жүгіртіп байқаңызшы, әр сөйлемнің тасасынан алған әсеріңізге жылт еткізіп сәуле түсіретін , ойыңызды түртіп өтетін сөздер, тіркестер өріп қоя береді. Күндікке қарабайыр натурализм деп көркемдігіне шәк келтірген байламыңыздан айнығыңыз келеді. Әдебиетшілер классиктің басты ерекшелігі болып табылатын осы стильдік айшығына, қолтаңбасына қырғидай тиді. Бірақ қағылез қаламгер алысып - жұлысып жүріп, алған бетінен қайтпай, дәуірнаманың тоқсаннан астам томын тоқтамай жазып шыққан.
Бальзактың пайымында - сандар мен заттар, тұтас материя қоғам өмірінің тіні, тіршіліктің сыртқы құбылыс-бедері мен адамдардың ішкі - түйсік құбылысының жымыннан, бұлым-бұлымынан жүрек көзі сұңғыла адам болса, небір сырды түтіп шығарады. Адам қасиеті мен ақшаны таразының екі басына тарта отырып, адам пәруайын тұрмыстың қалай билейтінін безбенге салады.Қаламгердің осындай түпкі ойына үш жүз бетке жуық, қалыңдығы табан елідей осы романының өзі- ақ айғақ.
Сонымен, Горионың әкелік жанкешті махаббатына бүртүрлі таңырқап отырып, адамға тән тұмса сезімнің эволюциясына еріксіз ықыласыңыз ауады. Тағы оқи түсейік. Горио:« ..оларға ақша керек те, мен болсам.-ақшаны қайда барып,қайдан табуды білемін. Таза крахмал істеуге Одессаға барамын. Он саусағымнан өнер тамады менің, миллиондап табамын». «..Шіркін - ай, мен дәулетті болсам ғой, байлығымды оларға бермей өзімде сақтасам ғой , осында болар еді де, сүйе- сүйе жағымды жалтыратар еді -ау , екеуі. Жайнаған бөлмелері бар дара үйде тұрсам, қызметші әйел ұстап, жағдайым жақсы болса: күйеулері мен балаларын ертіп еңірей келер еді қыздарым! Тура солай болар еді! Міне енді дәнеңем де жоқ. Ақшаңа алмайтының болмайды, тіпті қыздарыңды да сатып аласың. Қайран менің ақшам, қайда кеттің екен.?!» деп шыбын жаны шырқырайды. Міне, оқушы, осы үзінділерден- ақ Горионың кім екенін, әкелік сезімнің тағдыр - талайын көзге елестете беріңіз. Осынау ақ жұпар әлемге саудагердің көзімен қарап, пысықайдың ақыл- есімен танып, жұлын -жүйкесін тұрмысы торлаған, дәулеттің диірменін айналдырудан басқасы мақұрым тірлік деп күн кешкен. Пешенесіне жазған жалғыз бақыты - перзенттеріне деген әкелік сүйіспеншілігі жолында , Горио: «Қырық жыл жұмыс істедім, қап арқаладым, тер шүмектеп ақты, бір сендер үшін деп өмір бойы жоқшылыққа көндім. Қандай зілді болса да, қандай еңбекті болса да, қаңбақтай жеңіл көргенім сендердің арқаларыңда. ғана. Енді ғой менің өмірім, менің дәулетім бар ғой, күл боп ұшпақ!» деп зар илейді! Бейбақ шалға өмірдің басқа қызығы бұйырмаған Алабөтен фанатик! Бірақ фанатик болса да, анау айтқандай кеңкелес те емес. «Горионың санасыз сезімі- иттің ересен сезімталдығымен тең түсе алады». Сауда - саттықтың жөн жобасын жақсы біледі, есепке жүйрік, қаражаттың қарымына сауысқандай сақ, пысықай.. Қызы Дельфина мұңын шағып келгенде, күйеубаласы Нусингеннің қулық- сұмдықтарын жіліктей шағып, қаражаттың қалай жұмсалатынын, қалай пайда түсетінін қызына ашына тізіп беретіні бар. Ал қисынға келмейтін сол алабөтендігі өз заманында биліктің де қытығына тиіп, романды жариялауға тыйым салған екен. Біздіңше, бұл жерде Горио образының болмысын бедерлеуде Бальзакта логикалық қайшылық жоқ. Байқасаңыз, Горио қанша қиналып ақшаға тарықса да, Бальзак оған банк тонатқан жоқ, кісі өлтірткен жоқ, пендеге қылаудай қиянат жасатқан жоқ. Тіпті кейде оның байлыққа әбден құныққан деп те айтудың өзі күмәнді. Романнан қыздарына деген күйініш- ашыныс үстінде айтқаны болмаса, ақша жолындағы кесірлі іс- әрекетін көрмейсіз.
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»