Серікжан Біләш қазақтың бағы ма, соры ма?
Биылғы жыл Қазақ елі үшін аса күделі кезеңге аяқ басуымен ерекшеленді. Елді дүрліктірген түрлі оқиғалардың біріненен соң бірінің орын алуы халық арасында наразылықтың күшеюіне әкелді. Елдегі қалыптасқан әлеуметтік теңсіздік салдарынан басталған наразылықтың соңы рұқсат етілмеген митингілер ұласқанына бәріміз куә болдық. Халық әлі толық сабасына түскен жоқ.
Тура осындай халық ішінде наразылық толқыны басылмай тұрған кезеңде халық арасында жік туғызып, ел ішіндегі тұрақтылықтың іргесін шайқалтатын тағы бір фактордың қалыптасқанына бүгінгі күні бәріміз куә болып отырмыз. Ол - Серікжан Біләш ылаңы десек тура болатын шығар. Алғашында Қытайдан келген қандастарымыз арасына жік салып, бірін қытайшыл, екінші бірін қазақшылдар деп екіге бөліп, араздастырудан бастаған Серікжан Біләштің әрекеті оралмандар аясынан шығып, жалпы қазақ арасын бүлдіріп, екіге жарды. Бұл екіге жарылған топтар арасында жасы да, жасамысы да жеткілікті. Тіпті, мүйізі қарағайдай Мұрат Әуезов, Мұхтар Мағауин, Мұхтар Шаханов сияқты тұлғалардың бұл даудың арасынан көрінуі Серікжан Біләш салған ылаңның шеңбері жалпы қазақ арасын толық шарпығандығын көрсетеді.
Бұл тіке-тірестен өз үлестерін алып қалмақ ниетімен саясаткерлер де араласа бастағаны қазақ қоғамы ішін шарпыған алауыздықтың жаңа сатыға көтеріле бастағанынан хабар берсе керек. Серік Абдірахманов сияқты саясаткерлерді айтпағанның өзінде, жаңадан “Алаш” партиясын құрамын деп жүрген Сырым Абдрахманов пен атақты Мұхтар Аблязовтардың бұл дауға араласып, Серіжан Біләшті қолдай сөйлеуі әрқайсысының осы тіке-тірестен өз үлестерін алып қалмақ ниеттері барлығын көрсетті. Өкініштісі, сол Серікжан Біләшті қолдап, атой салып жүрген топтың көпшілігі сол адамның кешегі күнінен еш хабары жоқ. Қазақстанға келіп алып, Қытайдағы қазақтардың жағдайын айтып, шырылдап жүргеніне қарап, “қазақты шын жанашыры осы” деп таныған халық, оған қарсы шыққан, оны сынаған адамның барлығын жау көріп, қарсы шыққандарды шайнап тастауға дайын екендігін білдіруде. Мысалы, жақында ғана Мұхтар Шаханов ағамызға қарсы «Шахановтың атағы Қытайдағы үш миллион қазақтың жанынан артық емес» деген атпен тараған видеодағы наразы топтың әрекетіне қарап, Серікжан Біләшті жақтаушылардың санасы қаншалықты радикалданып, ақыл шеңберінен шығып бара жатқандығын көруге болады.
Халық арасында осындай дау-дамай тудырып, қазақты қазаққа қарсы қоятындай Серікжан Біләш кім? Оның кешегі өткенінен кімнің хабары бар? Ешкімнің де! Көпшілік оның «Қазағым»-деп, көзінен қолтырауынның жасын ағызып, Қытайдағы қазақтардың жайын айтып, оны жалпақ дүниеге жайып жүргеніне қарап бағалайды. Ал, шындығында, Серікжан Біләш қазіргі күні қазақ үшін жан беретін адам болып көрінгенімен, сол Қытайдағы қазақтың басына түскен бар ауыртпалықты өз қолымен жасаған, түрмеге түскен бар қазақтың түрмеге түсуіне себеп болған адам екендігінен ешкімнің хабары жоқ. Бар болса да сенбейді. Оны өзінің анық кім екендігін білетін халық барлығын, бірақ дәлелдей алмай жүргенін өзі де айтты. Біз оның атақты «Түбі бір түркі халықтарының бірігуін қаламайтын қай антұрған» атты видеосынан көрдік. Ол видеода ол былай дейді: «Атажұртты өшіру керек болды. Серікжанда өшіру керек болды. Серікжанды ваххабист деп көрді. Бірақ ол уаххабист болмай қалды. «Шетелден ақша алады екен»- деді. Сөйтсе, ол алмайды екен». Видеода осылай сайрап тұр. Шындығында солай ма? Жоқ. Серікжан Біләштің уаххабист екендігін осыдан бір жыл бұрын өзінің кітабы «Мың бір сапарынан» мысалдар келтіре отырып дәлелдегенбіз. Оның «Мың бір сапар» атты шығармасында жарияланған материалдары оның нағыз уаххабилік бағытты Қытайдағы қазақтар арасына таратушы, басты уағызшы болғанына көзімізді жеткізді.
Енді сол «Мың бір сапар» атты шығармасынан сол қысқа үзіндіні тағы ұсынып көрейік. «Бақсысы жоқ, құмалақшысы жоқ қазақтың әулеті бар ма екен осы? Түген әулие, түген көріпкелдің атағын есіткенде тайлы-таяғы қалмай шұбыратын қазақты шайтан иектемей қайтсін?! Бақсысы мен балгеріне, құмалақшысына құдайдай ұйыған қазақ адаспай кім адассын! Бақсысы мен балгеріне нанған қотыр тайыншасын табу үшін Алланың қарғысы тиген бақсыға жүгінетін, Алланың ең жек көретін күнәсін істеуден қорықпайтын қазақ, Аллаға серік қосудан қорықпайтын қазақ құрымай, кім құрысын?! Біз Алланың кітабы бойынша талдау жасап көрелікші. Жаңағы сөз жақпайтын дүнген мен ұйғыр, сіздің айтуыңыз бойынша болғанда, сіздің жинаған ақпаратыңыз бойынша болғанда, күндіз мешітіне барып, кешке көршісінің тауығын ұрлады делік. Ал, қазекең тойына жарты байлығын шашып тастап, жомарт болып, бай болып, жасап, ешкімнің ала жібін аттамай тек қана, жоғалған қотыр тайы үшін бақсыға шауып барды делік. Таразыға салып өлшеңдерші. Қайсысының күнәсі ауыр екен? Көршінің ғазабына қалу дегенің, Алланың азабына қалудың қасында ештеңе емес. Асса тапқан саубынан, жиған иманынан қайырар. Ал Алланың шектеген, тыйған, Алланың ең жек көретін күнәлі ісін істеген жаңағы бақсышыл қазақтың хәлі ол дүниеде қиын болмақ! Әрине бұл дегеніміз жаңағы тауық ұрлағанның күнәсін ақтағанымыз емес. Екеуі де күнә. Бірақ, бақсышылдың, мүшіріктің, Аллаға серік қосушының күнәсі кешірілмейтін күнә! Мейлі жаңағы бай, ақкөңіл қазақ, жомарт қазақ, өзінің бүкіл ұлын, туыс-туғанын жалғыз өзі асырап отырсын! Ұлы ғана емес, күллі адамзатты, жер бетіндегі жеті миллиард адамды жалғыз өзі асырап, бақса да, бақсыға сенгені ұшін, құмалақшыға барғаны үшін, аспан мен жердің арасын толтырардай сауапты еңбегі болса да, баратын жері тозақ болмақ! Осындай күнәдан қаш қазағым. Алланың азабына қалдыратын күнәдан арыл қазағым!». Міне осы берілген үзіндінің өзі Жарқын 7-Серікжан Біләштің кім екендігін, Қытайда қазақтар арасында қандай бағытты уағыздағанын көрсетіп тұр. Қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, дәстүрлі діні толығымен жоққа шығарылып, уаххаби болмасаң, тозаққа барасың деп уағыздауда. Сонда Серікжан Біләш кім? Уаххабист! Сөйте тұра өзін сүттен ақ, судан таза етіп көрсеткісі келеді.
Серікжан Біләш уаххабилік уағызын таратып, халықтың санасы уланғаннан кейін, қазақ жастарының Қытай өкіметіне қарсы әрекеті басталады. Қытай өкіметі жаппай жазалау шараларын бастайды. Оны өзі де мойындайды. Қытайдан келген Жарқын Исахан атты жігіт жариялаған видеода ол әңгімесін: «Мен бір кезде витчаттың королі болып тұрған кезімде, ана өлген үш малшының әңгімесі. Ал, витчаттағылардың бәрі мың-мыңдаған менің әскерім ғой» - деп бастайды. Бұл жерде Серікжанның өзі Қытайдағы витчат желісінде ықпалы болғандығын айтып отыр. Демек, витчатта отырып, Жарқын 7-уағызын таратқандардың барлығы Қытай үкіметінің құрығына ілілікті және полиция ұстаған кезде «Жарқын шиді қолдағаны үшін» деп ұстайды екен [https://youtobe.be/OVmgF6-Blg].
Бұл Қытай қазағының басына тауқыметті тауып берген осы Серікжан Біләш екендігін көрсетеді. Жалпы қытайлық санасы улана қоймаған жастардың Серікжан Біләшті Қытай үкіметінің өз адамы деп біледі. Мысалы, Ербол Сәменұлы деген жігіттің «Қара сәулелі лампа» атты жазбасында былай баяндалады: «Жарқын 7 дәріптеген әсіре ұлтшылдық пен діншілдік уағыздарына белсенділік танытып, үн қосқан Шиху қаласынан Нұржан мұғалім, Санжылық Сарқытжан, дөрбөлжіңдік Ерзат, Алтайдың Ағалақ аулынан Жұмабек сықылды мыңдаған ұлтжанды қыз-жігіттерінің Қытайдың қауіпсіздік қызметі тарапынан тұтқындалып, мемлекет қауіпсіздігіне қауіп төндіру пиғылында болды деген айыппен ондаған жыл арқалап кетуі ойымызды одан ары дәлелдей түседі. Серікжан Біләш өзі сол шығармасын жазған кезінде үнемі Қытайдың ірі қалаларын аралап, әуе кеңістігін ұшақпен кезіп жүрген болатын. «Мың бір сапарда» кімнің не айтқанын жіті қадағалап отырған Қытайдың сауысқаннан сақ арнайы қызметі Жарқын 7-ні сонша шолжаңдатып қойғанын айтпасақ та түсініп отырған шығарсыздар» - дейді.
Бұл жігіттің айтқандарының шын екендігін Қытайдан келген бауырларымыздың көпшілігі ашық айта алмаса да, іштері сезеді. Бір қытайлық бауырымыз Қытай газетінде жарияланған мына мақаланы аударып беріпті. Онда былай делінеді: «Қытайда 200-ден астан қазақ алынды. Олардың қылмысы қазақстандағы арандатушы Жарқын 7-нің арандатқыш сөздерін таратқандар екен». Қытай қазақтарының басына сор жамап, түрмеге түсірген Серікжан Біләш екендігіне бұдан артық қандай дәлел керек? Оның мұндай әрекеттерінен хабарсыз халық, «қазағым» деп шырылдағанын көріп, қазақты бар ауыртпалықтан құтқарушы «тұлға» ретінде танығаны шындық. Қытайдағы қазақ сияқты қуғынға түсіп жатқан аз ұлттардың басына түскен тауқыметін оны халықаралық қауымдастық алдында әшкерелеп, әлем назарын аудартқаны оның абыройын арттырды.
Бірақ, Серікжан Біләштің бұл әрекеттері қазаққа не беріп жатыр? Оның соңы неге апарып ұрындыруы мүмкін дегенге бас қатырып жатқан қазақ жоқ. Қазақтың сөзін сөйледі, болды, - деп түсінген қазақ Серікжан Біләшті қолдамағандарды өздеріне жау санап, бір-бірімен алакөз болып отырған жайы бар. Осылай өзінің іс-әрекетімен халық арасына іріткі салып, онсыз да түрлі ағымдар мен бағыттардың жетегінде кетіп, іркітттей іріп отырған қазақ қоғамын одан да сорақы қадамдарға итермелеп отырғанын көруімізге болады. Егерде бұл әрекет бұдан ары жалғасатын онда мұның ішкі қақтығысқа алып бару ықтималдығы бар. Біз оның алғашқы нышандары барлығын М.Шаханов ағамызға қарсы топтың әрекетінен байқадық.
Ендігі кезекте Серікжан Біләш бүлдіру әрекеттері бір қазақпен шектелмейтініне, оның бүлдіру әрекеттері халықаралық сипат алып бара жатқанына көзіміз жете түсті. Серікжан Біләштің ұйғыр сеператистерімен арасындағы байланыстың барлығы, солардың шотын шауып, Қазақ мемлекеті есебінен ұйғырларға мемлекет құрып беру жоспары да барлығы жалпы халыққа әшкере болып қалды. Жоғарыда сілтеме жасалған «Түбі бір түркі халықтарының бірігуін қаламайтын қай антұрған» атты видеода Серікжанның серігі Ербол Дәулетбек дегеннің «2-3 млн ұйғырды Қазақстанға кіргізіп, азаматтық берейік. Одан Қазақстанның ештеңесі кетпейді. Ертең Қытайдағы ұйғыр жойылатын болса, одан кейін Қытай қазаққа, басқа түркі халықтарына ауыз ауыз салады» - сарнап отыр.
Біріншіден, ондай жалпы қазақ атынан төбебилік жасайтын құқықты Серіжан Біләш пен Ербол Дәулетбекке кім берді?
Осының бәрін көріп отырған қазаққа «2-3 млн. ұйғырды Қазақстанға әкеліп, азаматтық бере қояйық»- деп жалпақ шешейлік танытып отырған Серікжан Біләш пен Ербол Дәулетбекті қазаққа дос, қазақтың жанашыры деп айтуға келеді ме? Мұның артында қазақ есебінен ұйғыр мемлекетін құру саясаты жатқандығына дау жоқ. Осы қауіптің түбінің не боларын сезген бір бауырымыз ФБ-да жазыпты:
«Қытайдағы ұйғыр мен Қазақты салыстырмаңдар!! Екеуі екі басқа әлем!! Қытайдағы қазақтың арқа сүйер Отаны бар! Ал, ұйғырда отаны жоқ!! Қытайдағы қазақ ұйғырлар секілді үкіметке қарсы мыңдаған адамдық қанды көтеріліске шыққан жоқ, шықпақ түгілі, бір адамдық пикет те жасаған емес, қытайды егестіретіндей. Қытайды егестіріп, қазаққа айдап салатын әрекеттерді жасап жүрген сол Серікжанның нақ өзі, қажет болса!! Қытай тіпті, Қазақстанға біржола көшіп кеткен қазақтарға дейін пенсиясын беріп отырды!! Мәселе, Серікжанның күресуінде емес, мәселе оның сол ұйғыр трагедиясын қазаққа аудару жолында күресуінде!! Бұл ш ы н д ы қ!! Қытайдағы ұйғыр проблемасы ондағы қазаққа пәле болып жабысты!! Ұйғырлар да соны іштей қалады!! ... Ал, Қытайда қыспақ көріп жатқан қазақтар болса, олар сақалды, балақты дүмше мұсылмандар». Бұл айтылғандарға бірнәрсе қосу артық болар.
Ендігі кезекте Серікжан Біләштің Батыспен байланысы туралы болмақ. Бұл мәселе осыған дейін Серікжан Біләшқа қатысты жазылған екі мақалада арнайы көтерілген болатын. Ол мақалаларда айтылған мәселелерді қайта жазып, уақыттарыңызды алғым жоқ. Бірақ сонда да болса, айтпауға болмайтын бір мәселе бар. Ол әлемдік саясаттағы теке-тіресте өз тәуелсіздігін жаңа алған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан сияқты Орталық Азия аймағындағы мемлекеттердің әлі бұғанасы бекіп үлгермей жатып олардың елін мен жерін қайта бөліске салу алпауыт державалардың жоспарында барлығын мұның алдында жазылған мақалаларда да айтқан болатынбыз.
Оның дәлелі ретінде тәуелсіздік таңы атқан күннен бастап, бұл елдерге діни-рухани экспансияның басталуын келтіруге болады. Оның соңы неге барып ұрындырғанынан да хабардармыз. Сол діндегі алауыздық салдарынан түрлі террактілер мен діни-рухани негіздегі тіке-тірестер орын алмаған бірде-бір ел жоқ. Соның салдарынан кез-келген республикада сырттай тыныш болып көрінгенімін іштей арбасу бар. Міне, осындай қоғам ішіндегі алауыздықты одан әрі ушықтырып, бүлік шығаруға әрекет жасап жатқан топтардың барлығын көріп-біліп отырмыз.
Осы мақаланың басты кейіпкері Серікжан Біләштің әрекеті де сондай қоғам ішінде дүмпу туғызуға бағытталғандығын айта кетуіміз керек. Егерде ол дүмпудің соңы ішкі қақтығысқа ұласатын болса, тіптен жақсы. Онда Орта Азия аймағында бүлік шыққанын күтіп отырған әлемдік саясаттағы ойыншылдардың көктен сұрағаны жерден табылып, бұл қақтығысқа тікелей қатысуға мүмкіндік алады. Егерде олардың ондай ойлары болмаса, Ауғанстан мемлекетінің солтүстігіне ондаған мың қарулы жасақтарды топтастыру оларға не үшін қажет болды? Егерде саяси ахуал олай қалыптаса қалған жағдайда, Қытай да, Ресей де бұл қақтығыстан тыс қалмасы анық. Алдымен қазақ жеріне әскер кіргізетін Қытай болмақ. Себебі, қазіргі күні Қазақстан экономикасына көп қаржы салған мемлекет Қытай екендігі жасырын емес.
Және бұл жерде ескерте кететін тағы бір жәйт, Серікжан Біләш өзінің әрекетінде жалғыз емес, оның іс-әрекетін жалғастырушы әріптестері көршілес Қырғызстанда, Өзбекстанда, Ауғанстанда әрекеттерін жүргізіп жатыр. Мысалы, Қырғызстан мен өзге республикаларда Евгений Бунин дегенің аты аталып жүр. Қырғызстанға Бунин келген кезде қырғыздардың Қытайға қарсы әрекеттері күшейеді екен. Өткен жылғы желтоқсан айындағы қырғыз ағайындардың Қытайға қарсы наразылық акциялары кезінде 02-28 желтоқсан аралығында Бунин Бішкекте болады. Бұл кездейсоқтық па? Әлде...? Және оның сондай әріптесі Ауғанстаннан да табылыпты. ФБ-да жарияланған мына бір поста былай жазылыпты: «Серікжан біләш кім екенін білу үшін Серікжан біләш сйқты аяқ астынан пайда болған жасанды лидерлерді зерттеу керек. Мәселен, Манзур Паштин. («Мансур Паштин и его «новая пуштунская политика» пользуются расположением англичан и американцев, индийского истеблишмента и их марионеток в Кабуле лишь с единственной целью — постараться навредить российским и китайским интересам в регионе», — считает Ариф Хасан Хан Ахунзада). Серікжан Біләштың мақсаты Қазақстанды дүниежүзілік соғыстын алаңы жасау».
Демек, бұл деректер мемлекеттің ішкі тұтастығын бұзуға бағытталған іс-әрекеттер тек, Қазақстан емес, өзге де көршілес елдерде орын алып жатқанын көрсетеді. Демек, бұл саясаттың артында Батыс елдері тұрғанын аңғару қиын емес. Мақсаттары – қалайда Орталық Азия аймағында соғыс өртін тұтандырып, содан өз үлестерін алып қалу. Орталық Азия аймағындағы негізгі майлы шелпек Қазақстан екенін ескеретін болсақ, онда бұл сұрқия саясаттың түпкі мақсаты біздің мемлекетімізге бағытталып отырғандығын түсіну оншалықты қиын емес.
«Бұл мәселеге Серікжан Біләштің қаншалықты қатысы бар деген заңды сұрақ туындары анық. Біз оны Батыс елдерінің Серікжан Біләшті қорғауынан-ақ көруімізге болады. Сайрагүлді Норвегия мемлекетінің өз қорғауына алуы, Серікжан Біләшті Нобель сыйлығына ұсынудың астарында да оның осы байланысы жатыр. Менің ватцабыма келген авторы белгісіз мақалада оның Батыс елдерімен арадағы байланысын қалыптастырған Өмірхан Алтын екендігі тұспалдап болса да айтылады: «белгісізден би шыққан» ұлтшыл қаһармандардың артында өздерін демократ санайтын ұлтшыл қытай өкіметі тұрған жоқ па? Себебі: Қазақстандағы айғайшыл топтың жүйесін, күресу технологиясын жасап беріп отырған. Бір сөзбен айтқанда идеялогы болып отырған германиялық қазақтың артындағы қаржы көзі Тайван болуы мүмкін деген болжам бар. Өзі біраз жыл Тайванда оқыған, Тайван қытай ұлттық өкіметінің диосперасы саналып, әртүрлі қаржыландыру, көмек алып жүрген топтың «атажұрттың» негізгі қолдаушысы болуы күдікке күдік қосады. Сол қолдаушының Түркиядағы ұйғыр жетекшілерімен болған қарым-қатынасын, қаржылық байланыстарын алдағы жағдайда ішкерлей бөлек зерттеуге тура келеді.
Қортып айтқанда, «атажұрт жастары еріктілері» ұлты үшін жанын шүперекке түйген жастардың албырт батырлық қимылына емес, алды-артын ойластырған, Қазақстандағы лобисстері бар, арт жағында қытайдың қызылы ма, ұлтшылы ма, қытай саясатының белгісі бар жоба болуы әбден мүмкін...». Жалпы бұл тұжырымға алып-қосатын жоқ болып көрінгенімен, Серікжан Біләштің Батыстың да мүддесіне жұмыс істеп жүрген адам деп айта аламыз. Олай болмаған жағдайда олардың оған көмек қолын соза қоюы екіталай. Жалпы, Серікжанның осы еліміздің ішкі тұтастығын бұзуға бағытталған әрекетінің соңы бүлікке ұласатын болса, біз сырттан берілетін соққыны еш ескертусіз алатынымызға күмәндарыңыз болмасын. «Демократияны қорғау», «инвеститцияны қорғау» деген сылтуаларды желеу етіп, елімізге бас салады. Біз оны Ливия мемлекетінің мысалында көрдік. Мемлекеттің ішіндегі қатығысқа Франция мемлекетінің басшысы Саркози ешбір ескертусіз араласып, Ливияны бомбылауға бұйрық берді. Оның соңы немен аяқталғаны әлемге аян. Осындай жағдай біздің еліміздің де басына түспесін дейтін болсақ онда Серікжан Біләштің мына арандату әрекеттеріне тосқауыл қойылу керек.
Өкінішке орай, әзірге бәрі керісінше болып тұр. Оны тұтқындап, үй қамаққа отырғызу Серікжан Біләштің пиар компаниясына айналды. Қолдан «герой» жасадық. Соттағы сөйлеген әрбір сөзі оның абыройын көтерді. Неліктен екені белгісіз, прокурорлар да, сот та өздерінің дәрменсіздігін көрсетті. Шындығында ол соншалықты күнәсіз жан ба? Жоқ! Мәселе оның артында елімізде бүліктің шықанына мүделлі, ықпалды топтың тұрғандығында болып тұр. Егерде ондай сенетіні болмаса, Серікжан Біләштің сотта олай сөйлеуі мүмкін емес болатын. Ал, бұл мәселеге мән беріп жатқан ешкім жоқ сияқты.
Зікірия Жандарбек
Abai.kz