«Әр жүректе – туған жер!»
Осынау керемет атаумен Орал қаласында облыстық патриоттық ән арт-фестивалі өтіп, әні мен әуені, жыры мен термесі үйлескен полицейлер сахнаны өнермен көркемдеді.
Патриоттық ән арт-фестивалі жастар жылын өткізу іс-шаралар жоспарын іске асыру шеңберінде, ішкі істер органдары қызметкерлерінің мәдени және патриоттық тәрбиесін жоғарылатуға, оларды ұлттық және әлем мәдениеті мен өнеріне баулу, ұжымдарда моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту, сондай-ақ, Қазақстан полициясының оң имиджін нығайтуға бағытталған.
Бұл атаулы шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру іс-шаралар жоспарын іске асыру мақсатында ұйымдастырылған еді.
Байқауға БҚО Полиция департаменті, Орал қалалық полиция басқармасы, аудандық полиция бөлімдері, төтенше жағдайлар департаменті, мемлекеттік күзет қызметі басқармасының қызметкерлері қатысып, өз өнерлерін ортаға салған еді. Полиция қызметкерлері ән айтып, терме орындап сахнаны көркемдеді.
Өнерпаздардың өнерін бағалау үшін алқалы жиынға қазылық еткендердің қатарында БҚО Полиция департаменті Кадр саясаты басқарамасының бастығы полиция подполковнигі Қадеркеев Руслан Кеңесұлы; Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медальінің иегері, Ғ.Құрманғалиев атындағы филармония әншісі – Жаскелең Ғайсағалиев; Ғ.Құрманғалиев атындағы филармония әншісі Ахметова Ақмарал Алиқызы; Жастар мәдениет үйі директоры, «Үздік қызметкер медальінің» иегері Қайрлиев Серік Ерболатұлы; облыстық жастар шығармашылық орталығының режиссері Аубакирова Римма Аманжолқызы болды.
Конкурс вокал номинациясы бойынша өткізілді. Сондықтан жеке орындауға, дуэт, трио, квартет ретінде өнерлерін ұсынған әр сайыскерлердің өнерін әділқазы алқасы вокалдық мәліметтер, репертуардың көркемдік құндылығы, күрделілігінің деңгейі, орындау шеберлігі, костюм кию үлгісі бойынша бағалап отырды. Сондай-ақ, конкурстық бағдарламалардың тақырыптық бағыты патриоттық сипаттамаға, қазақ және шетел композиторларының әндерін орындауға, Қазақстан халқының жалпыұлттық келісім басымдықтарына сәйкес болуы жіті бақыланды.
Әр саланың майталман мамандары бас қосып, сахнаны жырға бөлеп, әнмен тербеді. БҚО ПД Теректі ауданының полиция бөлімі кеңсесінің жетекші маманы Әсемнұр Сағидолла «Туған жер» әнін орындаса, БҚО Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және арнайы жасақ қызметі» мемлекеттік мекемесі №1 мемлекеттік өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі азаматтық қорғау кіші сержанты Әлішер Құттығалидің «Көк тудың желбірегені», БҚО ПД Казталов аудандық полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің инспекторы полиция аға лейтенанты Жақсылық Гайнуллиев «Қазақ полициясы» секілді сайыскерлердің орындауындағы әндер тыңдаушыны бір ұйытып әкеткендей болды. Бұл аталғандар орындалған нөмірлердің бірегейі ғана, айта берсек, көп әрине. Кейбіреуі ән үшін жаратылғандай образды сомдады. Терме де жырланды. Қазақтың күмбірлеген қара домбырасы сахнаны одан әрі айшықтай түсті.
Байқаудың екінші жартысында сайыс қорытындысы белгілі болып, жіңімпаздар марапатталды. Аталған өнер додасына 12 үміткер қатысып, бақ сынасқан еді. Салтанатты бөлімде Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті Кадр саясаты басқарамасының бастығы полиция подполковнигі Қадеркеев Руслан Кеңесұлы құттықтау сөз сөйлеп: «Мұндай іс-шаралардың өткізілуі өте орынды. Осындай сайыстардың ұйымдастырылуы еліміздің азаматтарының ұлттық сезімдерін оятуға, еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыруға көп мүмкіндік береді. «Талантты адам, ол қай кезде де талантты», қиын да қауіпті қызметімен қатар, тәртіп сақшыларының өз өнерлерін көрсете білуі үлкен жетістік», - деп аталған іс-шараны ұйымдастыруға ат салысқан, қатысқан барлық тәртіп сақшыларына алғысын білдірді. Сондай-ақ, өнерімен ерекшеленіп, көзге түскен сақшылар алғыс хатпен марапаттады.
Байқау қорытындысы бойынша жүлдегерлер төмендегідей анықталды:
3 орын – Жеенбаева Сюзана (Орал қ. ПБ Шаған Пб)
2 орын – Хамит Батырхан (БҚО МКҚБ)
1 орын – БҚО ПД Вакалды-инструменталды ансамблі (Жолбаев Парасат, Құлмашев Едіге, Ермеков Жақсылық, Бактубаев Мейрамбек)
Бұл ән сайысының іріктеу бөлімі, одан әрі жалғасы қыркүйек айында Қызылорда қаласында ҚР Ішкі істер министрлігінің қолдауымен өтетін өңірлік сайыста жалғасатын табады.
Асылай Губашева
БҚО ПД баспасөз қызметкері
Abai.kz