Сенбі, 23 Қараша 2024
3117 0 пікір 7 Тамыз, 2019 сағат 11:09

Адвокат Qaznet сертификатын орнату хабарламасын жіберген Beeline-ді сотқа берді

Адвокат Жангелді Сүлейменов "қауіпсіздік сертификатын" орнату хабарламасын жіберген Beeline компаниясының үстінен шағым түсірді. 6 тамызда Алматы қаласы Бостандық аудандық сотында адвокат шағымы бойынша алғашқы сот отырысы өтті. Алдын ала тыңдау 5 минутқа созылды.

Шағым түсірген адвокат Жангелді Сүлейменов Алматыда болмағандықтан сотқа қатыспады. Оның орнына сотқа өкілі Станислав Лопатин келді. Жауапкер тарап "Кар-Тел" компаниясы (Beeline операторының иесі - ред.) өкілі істі Нұр-Сұлтанға ауыстыруды сұрады. Компания өкілінің сөзінше, компанияның бас кеңсесі Нұр-Сұлтанда орналасқан. Екі тарапты тыңдаған судья келесі отырысты 12 тамызға белгіледі.

Адвокат Сүлейменов шағымында "байланыс операторларының қауіпсіздік сертификатын орнатуды талап етуі заңсыз" екенін жазған. Beeline шағымға қатысты жауабында адвокаттан арызын қайтып алуды сұраған.

Ал Сүлейменовтің өкілі Станислав Лопатин істі Нұр-Сұлтанға ауыстырса да, соттасуға дайын екендерін жеткізді.

- Beeline "сертификатты орнату біздің құзырымыздағы мәселе емес" деп жалтарып отыр. Сот істі Нұр-Сұлтанға ауыстыруы мүмкін. Бұл маңызды емес. Тек уақытты созуы мүмкін. Бірақ біз ауыстыруға ешқандай негіз жоқ деп есептейміз. Осы жерде шағым түсірдік. Beeline Алматыда тіркелген. Жақсы делік, Нұр-Сұлтанда соттасуға да дайынбыз, - дейді шағымданушының өкілі Станислав Лопатин.

Заңгерлер Алматыдан өзге екі қалада ұялы байланыс операторларына шағым түсірген. 8 тамызда Нұр-Сұлтанда заңгер Әнуарбек Сқақовтың Beeline операторына, Қарағандыда Антон Самохиннің Аltel операторының үстінен түсірген шағымы бойынша алғашқы сот отырысы өтпек.

Биыл шілденің ортасынан бері қазақстандықтар ұялы байланыс операторларынан "интернетке кіру мәселесі туындамас үшін" арнайы қауіпсіздік сертификатын орнатуды ұсынған хабарлама ала бастаған.

Сертификаттың ресми атауы - QazNet Trust Network. Операторлар мен Қазақстан билігі мұны "кибер шабуылды алдын алу шарасы" деп атайды.

Билік "сертификаттың кибершабуыл мен теріс контенттен қорғайтынын, оны орнату туралы түпкілікті шешімді әр азамат өзі қабылдайтынын" айтумен келеді. Бірақ QazNet сертификатынан бас тартқандар көптеген әлеуметтік желі мен пошта жүйесіне кіре алмағанын айтып шағымданған.

Биліктің сертификатты жаппай енгізу талпынысынан кейін Нұр-Сұлтан жергілікті және халықаралық ұйымдар мен белсенділердің сынына қалды.

Қазақстандық құқық қорғаушылар мен белсенділер сертификаттан орнатқан соң "билік цензураны күшейтеді" деп қауіптенеді. Олар "билік осы сертификат арқылы әркімнің жеке ақпаратын бақылап отырғысы келеді" деп топшылайды. Кейбір белсенділер билік бастамасына наразылық білдіріп, астанада жалғыз адамдық акция өткізген.

Халықаралық ұйымдар мен басылымдар да Қазақстан билігін сынға алды. "Журналистерді қорғау комитеті" халықаралық журналистерді қорғау ұйымы сертификат орнату ұсынысын "азаматтарды бақылауда ұстау мүмкіндігін күшейтуге талпынысы" сияқты көрінетінін айтады. Комитет жариялаған блог авторы Мадлин Эрп Нұр-Сұлтанның вебтрафикті қадағалау әрекетін "цензура мен аңдудың жаңа бір түрі" деп атаған.

АҚШ-тың Мичиган университетіндегі Censored Planet зерттеу тобы Qaznet сертификатын тестілеуден өткізіп, оның қорытындысын жариялаған. Зерттеушілер сертификаттың қолданушы мен веб-ресурстар арасындағы ақпарат алмасуға араласу, трафик ұрлау, контентті мофицикациялау және қолданушыны аңду тәрізді функциялары бар екенін анықтаған.

Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымының әлемдегі интернет еркіндігінің деңгейі туралы есебінде Қазақстан 2018 жылы 65 елдің ішінде 46-орында тұрған. Freedom House Қазақстанды "әлеуметтік желілер мен коммуникациялық платформаларды жиі бұғаттайтын" елдер қатарына жатқызады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373