Дүйсенбі, 26 Тамыз 2019
Билік 867 3 пікір 12 Тамыз, 2019 сағат 13:32

Асқар Бейсенбаев Қазақстанның Белоруссиядағы Елшісі болып тағайындалды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Беларусьтегі Төтенше және Өкілетті елшісін тағайындады. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

Мемлекет басшысының өкімімен бұл қызметкен сенатор Асқар Бейсенбаев тағайындалды.

"Мемлекет басшысының Жарлығымен Асқар Асанұлы Бейсенбаев Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ТМД Жарғылық органдарының жанындағы Тұрақты Өкіл қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды", делінген ресми хабарламада.

Осыған дейін Асқар Бейсенбаев Шымкент қаласының әкімі қызметіне тағайындалды деген хабар тараған еді. Кейін бұл ақпараттың шындыққа сәйкес еместігі белгілі болған.

Асқар Асанұлы Бейсенбаев 1961 жылдың 31 қаңтар айында Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында дүниеге келген.

Білімі жоғары, Алматыдағы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының филиалын және Ресей-Қазақстан Қазіргі заманғы гуманитарлық университетін бітірген, инженер-технолог, заңгер. Экономика ғылымдарының докторы.

Еңбек жолын 1983 жылы Түлкібас консерві зауытында цехтың ауысым инженер-технологы болып бастады.

1998 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының әкімі болып тағайындалды.

2001, 2004 және 2007 жылы Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Екінші, үшінші және төртінші шақырылымының депутаты, Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісінің  аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі.

2013 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты және Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты Төрағасының орынбасары болып сайланды.

2016 жылы қыркүйек айында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік Комитетінің төрағасы болып сайланды.

2005 жылы "Құрмет" ордені, 2008 жылы "Содружество МПА СНГ" ордені, 2011 жылы " Парасат " және  2016 жылы "Достық" ІІ-дәрежелі ордендерімен марапатталған.

Abai.kz

3 пікір