Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3003 0 пікір 18 Мамыр, 2009 сағат 05:58

Құбырлар мен мүдделер текетiресi

 

АҚШ пен Батыс энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуде сенiмдi серiктестерге зәру. Ал көмiрсутегiлерге бай елдер ресейлiк монополист компанияның ықпалынан шығуға, яғни, халықаралық нарыққа энергоқорды кедергiсiз тасымалдайтын балама жолдар табуға мүдделi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

 

АҚШ пен Батыс энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуде сенiмдi серiктестерге зәру. Ал көмiрсутегiлерге бай елдер ресейлiк монополист компанияның ықпалынан шығуға, яғни, халықаралық нарыққа энергоқорды кедергiсiз тасымалдайтын балама жолдар табуға мүдделi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Апта басында ҚР Сыртқы iстер министрi Марат Тәжин Вашингтонда АҚШ Мемлекеттiк хатшысы Хиллари Клинтонмен, АҚШ Президентiнiң Ұлттық қауiпсiздiгi мәселелерi жөнiндегi кеңесшiсi Джеймс Джонспен, Энергетика министрi Стивен Чу және т.б. бiрқатар мемлекеттiк шенеунiктермен кездесулер өткiздi. Ресми басқосуларда негiзiнен ядролық қаруды таратпау талабын күшейту, орталықазиялық аймақтағы қауiпсiздiк пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, екi ел арасындағы стратегиялық серiктестiктi нығайту мәселелерiне баса назар аударумен қатар энергетикалық қорларды тасымалдау жолдарын дербестендiруге көңiл бөлiндi.
Ресми деректерге сүйенсек, көмiрсутегi мәселесiнде Қазақстан тәуелсiздiк алғалы берi АҚШ инвесторлары елімізге 11 млрд. доллар көлемiнде қаржы құйған, әсiресе, мұнай компаниялары. Серiктестiкке, ынтымақтастық пен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделiлiк танытып отырған америкндықтар Еуроодақтың газ тасымалдауға қатысты жобасы – Nabucco газ құбырына қазақтардың белсене араласқанын қалайды.
3,3 мың шақырымға созылатын Nabucco Орталық Азиядан бастау алып, Еуропалық Одақ құрамындағы Германия, Австрия сияқты басқа да елдерге қарай жол тартпақ. Тасымалдау қуаттылығы – жылына 26-32 млрд. текше метр табиғи газ. Жалпы құны 7,9 млрд. еуроаға бағаланған жобаға алғашқы қаражатты өткен аптада Еуропалық Комиссия бағыттады: 4 млрд. еуро. Қатысатын компаниялар: Австрияның OMV, Түркияның BOTAS, Болгарияның Bulgargaz, Румынияның S.N.T.G.N. Transgaz S.A., Венгрияның MOL Natural Gaz Transmission Company Ltd. және Германияның RWE AG компаниялары.
Әп дегенде жобаға Иранның Парсы Шығанағындағы кен орындарында өндiрiлетiн «көгiлдiр отынды» тарту көзделген, бiрақ Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты туындаған даудан кейiн құбырға қажеттi энергоқорды Қазақстан, Түркiменстан, Өзбекстан, Әзiрбайжаннан алуға шешiм қабылданды. 2008 жылдың тамызындағы Ресей мен Грузия арасындағы Оңтүстiк Осетияда болған қарулы қақтығыстардан кейiн Nabucco құбырын Армения арқылы тарту туралы мәселе күн тәртiбiне шықты. Бүгін, яғни мамырдың 8-де Прагада Nabucco жбасын талқыға салатын саммит өтіп жатыр. Энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуде кәрi құрлықтың басты бәсекелесi – Ресей саммитке Ирак, Египет, Өзбекстан сияқты бақылаушы мемлекет ретiнде шақырылды. Бұл басқосудан Қазақстан, Әзiрбайжан, Түркiменстан, Грузия мен Түркия шет қалмады. Мәскеу өзiнiң Nabucco-ға балама жобасы – «Оңтүстiк ағынды» жүзеге асыруға жанталасып жатыр. Сонымен қатар еуропалықтардың ұсынысын қостап отырған Венгрия, Румыния, Болгария мен Австрияны да Ресей «Оңтүстiк ағынға» қосылуға үгiттеп бағуда. Өйткенi, Қара теңiз түбi арқылы тартылатын ресейлiк газ құбыры орыстардың «көгiлдiр отынын» Болгарияға, Сербия мен Венгрияға, одан кейiн Австрияға жеткiзбек. Осыдан екi апта бұрын София қаласында ұйымдастырған Мәскеу саммитiнде мүдделi тараптар нақты келiсiмге келе алмады. Посткеңестiк елдерге деген ресми Мәскеудiң ықпалын әлсiрету мақсатында тер төгiп жүрген Брюссель Прагадағы саммиттен бiр күн бұрын Еуропалық Одақтың былтырдан берi жүзеге асырып келе жатқан жаңа жобасы – «Шығыстық серiктестiк» бағдарламасына қатысатын Әзiрбайжан, Армения, Беларусь, Грузия, Молдова мен Украина мемлекеттерiмен бас қосып, стратегиялық серiктестiкке қатысты бiрқатар түйiндi мәселелердiң басын ашып алмақ. Әсiресе, энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудi көздейтiн жобалар – Nabuccoның бiр тармағы болып табылатын Транскаспийлiк газ құбырына қатысты мәселелер жан-жақты талқыланбақ. Бұл орайда Ресей де қаражаяу емес, Каспий бойы құбырын салуға құлшына кiрiскен Кремль өткен аптада қазақ депутаттарына Каспийлiк құбыр жобасын мақұлдатып алды. Ендiгi кезек – Орталық Азиядағы көмiрсутегiлерге бай елдер мен тасымалдауда маңызды рөл атқаратын басқа мемлекеттерде.
Табиғи ресурстарға бай барлық аймаққа ықпал етуге мүдделi Ресей Қазақстанға  бiрнеше рет Сiбiрдiң батысы мен шығысындағы кен орындарын бiр бiрiне жалғастыру арқылы көмiрсутегiлердi АҚШ пен Азия-Тынықмұхит нарығына тасымалдайтын Шығыс Сiбiр – Тынық мұхиты құбырының жобасына қатысуға ұсыныс бiлдiрген. Алайда, бiздiң мұнай және газ компаниялары бұл жобаға қатысуға құлықсыз. Ресей, Қытай, Жапония, Оңтүстiк Корея қолдау көрсетiп отырған Шығыс Сiбiр – Тынық мұхиты құбыры Қазақстан үшiн көмiрсутегiлер тасымалын дербестендiрудiң бiр жолы ретiнде қарастырылғанмен, ресми Астана мен Мәскеу арасында нақты келiсiмдер қабылданған жоқ. Өйткенi, жоба тым қымбат әрi экономикалық тұрғыдан алғанда, қазақтар үшiн тиiмсiз. Оның үстiне, кез келген жобаға қатысуға ресми Астананың бiрден елп ете қалмауына Қашаған кен орнындағы өндiру жұмыстарының басталмауы да себеп. Сарапшылардың кейбiрi Қашаған мен Теңiздегi көмiрсутегiлер қоры сыртқа мол көлемде «көгiлдiр отын» экспорттауға қабiлетсiз деген күдiк айтады. Ал ресми билiктiң бұл пiкiрге қатысты айтар уәжi басқа. ҚР Энергетика және табиғи ресурстар министрлiгiндегiлер 2015 жылға қарай елiмiздегi Маңғыстау облысы мен Қашағаннан өндiрiлетiн көмiрсутегiлердiң ең төменгi көрсеткiшi 10 млрд. текше метрден асып түсетiндiгiне және энегетикалық қорларды Ресей мен Еуропаға бағыттау арқылы экспорттық қуатты арттыруға мүмкiндiк беретiндiгiне сенiмдi. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстандағы табиғи газ қоры 3,3 трлн. текше метрге жуық, потенциалдық қор көлемi 6-8 трлн. текше метр төңiрегiнде. 2010 жылға қарай жыл сайынғы экспорттық көлем 12 млрд. текше метр болмақ. Жуырда Nabucco Gas Pipeline International компаниясының басшысы Райнхард Мичек газ құбырының құрылысына қатысушы барлық тараптар алдағы екi айда келiсiмге қол қоятынын және 2011 жылы басталған құбыр 2014 жылы пайдалануға берiлетiнiн айтты. Жобаның жалпы құны шамамен 7,9 млрд. еуро, ал тасымалдау қуаты – жылына 31 млрд. текше метр. Орталық Азия мен Таяу Шығыстағы елдерге тиесiлi табиғи газдың жалпы көлемi бүгiнде 82 трлн. текше метрге тең.
Орталық Азямен тiзе қоса әрекет етуге талпынған Еуропарламент кәрi құрлықты «көгiлдiр отынмен» тұрақсыз қамтамасыз етуге жағдай жасайтын бiрқатар жаңа заңға қол қойды. Бұл Украина мен Ресей арасында тағы да газ дауы туындай қалса, келеңсiздiктердiң алдын алуды көздейдi. Яғни, аталған құжат еуропалық тұтынушыларға қалаған кезiнде энергетикалық қорларды тасымалдаушыларды оңай әрi тез ауыстыруға және олардың құқықтық талаптарын күшейтуге негiз. Аталған құжатқа сәйкес, газ тасымалдаушы концерндер ЕО-ның нарықты реттеуге қатысты заңдарын бұзған жағдайда жылдық айналым көлемiнде айыппұл төлеуге дейiн мәжбүр болады. Бұған себеп – Ресей мен Украина арасында бiр емес, бiрнеше рет туындаған газ дауы. Еуропаның көпшiлiкке орындалмас армандай көрiнген Nabucco жобасын жүзеге асыруға құлшына кiрiсуiне де энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету түрткi болды. Жаңа заң жобасындағы бiр бапта Еуропалық Одаққа тиесiлi энергетикалық жүйелердi ЕО-ға мүше емес елдердiң сатып алуына тыйым салатын талаптар да қарастырылған. Ал ұлттық органдар келiсiм-шартта көрсетiлген талаптарды сақтамаған концерндермен арадағы келiсiмдi мерзiмiнен бұрын бұзуға құқылы болады. Сонымен қатар еуропалық депутаттар 11 жыл бойы Еуропарламенттiң күн тәртiбiнен түспеген тақырыбы – ЕО мен Түркiменстанның жаңа сауда серiктестiгi туралы құжатты қабылдады. Бұл кейiнгi кездерi әлемдiк сахнада жиi қозғалып жүрген Nabucco газ құбырының құрылысын бастауға негiз болмақ. Өйткенi, Еуропалық Одақ Nabucco үшiн бюджеттен 4 млрд. еуро бөлуге шешiм шығарды. Ресейдi айналып өтетiн жобалар арасында табиғи газды Әзiрбайжан мен Грузия арқылы Қара теңiздiң табанымен Украинаға тасымалдайтын «Ақ ағын» да бар. «Ақ ағыннан» орыстар ғана емес, түрiктер де шет қалады. Ал өткен аптада түркiмендердiң Мемлекеттiк көмiрсутегiлер қорын басқару және пайдалану агенттiгiнiң жетекшiсi Ягшыгелдi Какаев пен RWE AG жетекшiсi Юрген Гроссман Түркiменстан Үкiметi мен немiстердiң концернi арасындағы ұзақмерзiмдiк серiктестiк туралы меморандумға қол қойды. RWE AG – Nabucco жобасын қамтамасыз етушi акционер кәсiпорын. Ол Еуропаны ресейлiк энергоқорға деген тәуелдiлiктен құтқару үшiн құрылған. RWE AG жуырда ғана австриялық OMF концернiмен бiрлесе отырып, Каспий жағалауында орналасқан кен орындарындағы көмiрсутегiлердi Батыс нарығына жеткiзу мәселелерiн зерттейтiн Caspian energy company кәсiпорнын құрды. Қазiргi кезде каспийлiк жағалауда ағылшындар мен арабтардың бiрлескен кәсiпорны – Dragon Oil мен малайзиялық Petronas жұмыс iстеуде. Бiр ерекшелiгi сол, Petronas аталған аймақта 10 жыл бойы үздiксiз зерттеу жұмыстарын жүргiзген көрiнедi. Сонымен қатар немiстердiң Wintershall компаниясы мен даттық Maersk теңiздiң орта шеңберiнде сейсмикалық зерттеу бағдарламаларын жүзеге асыруда. Наурыздағы Медведев пен Бердiмұхамеовтың кездесуiнде Кремльдiң монополисі – «Газпром» салуды жоспарлаған «Шығыс-Батыс» газ құбырының құрылысына қатысты келiсiмге қол қойылмады. Тараптардың ортақ келiсiмне орай. Түркiмендер Ресейдi айналып өтетiн қос жоба – Түркия арқылы Батысқа бағытталатын Транскаспийлiк құбыр мен Еуропаға тура жол тартатын Nabucco құбырынан дәмелi болғандықтан, «Шығыс-Батысқа» қосылуға аса құлшынған жоқ, ал артық шығын шығаруға бүгiнде «Газпромның» қалтасы жұқа. Осыдан бiрнеше апта бұрын болған газ құбырындағы жарылыста Ашхабад «табиғи газды аз мөлшерде қолдануының салдарынан құбырға түскен қысым шамадан тыс көбейiп кетiп, құбыр жарылып кеттi» деп «Газпромды» кiнәлады. Негiзi энергоқорды тасымал мәселесi ғана емес, баға саясаты да Ашхабадтың көңiлiнен шықпайды. Ол көмiрсутегiлердiң құны халықаралық нарықтағы бағамен өлшенуi тиiс және шикiзат таситын балама жолдарды көптеп қарастыруға мүдделi болуымыз заңды деп есептейдi. Бүгiнде Еуроодақ ұсынған жобаларға қызығушылық таныта бастауы түркiмендердiң тасымалдық тәуелдiлiктен құтылуға ұмтылуынан. 
Еуроодақтың белсендiлiгi ұнамаған Мәскеу Сахалиннен сығымдалған табиғи газ өндiретiн зауыт салып, өнiмдi Жапония мен Оңтүстiк Кореяға, Ұлыбританияға бағыттады. Сахалинде салынған зауытты 2010 жылы толық iске қосылады деп жоспарлап отырған орыстар халықаралық нарықтағы сығымдалған табиғи газдың 5 пайызын иеленбек. Сондай-ақ, Ресей Приморский край, Штокман мен Ямалдан зауыттар салуда. Сондай-ақ, орыстар қытайлар жерiне қарай тартуды көздеген құбыры қағаз жүзiнде қалып отыр. Өйткенi, әр тиынын санап үйренген аспанасты елi Кремльмен баға мәселесiнде келiсiмге келген жоқ. Есесiне, қазақтармен ынтымақтасуға қытайлар мүдделi. Мысалы, қазiр қазақ билiгi үшiн көмiрсутегiлердi Батысқа бағыттайдағы маңызды жобалардың бiрi – Қазақстан-Қытай газ құбыры. Жуырда ҚР Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмовпен кездескен Қытайдың Ұлттық МұнайГаз корпорациясының (CNPC) вице-президентi Ван Дунцзинь Қазақстаннан Қытайға тартылатын газ құбырының құрылысын аяқтауға әзiр екендiгiн мәлiмдедi. Алғашқы кезеңде жыл сайын 4,5 млрд. текше метр газ тасымалдайтын құбырдың қуаты 2013 жылға қарай 40 млрд. текше метрге дейiн жеткiзiлмек. 40 млрд. текше метрдiң 30 млрд. текше метрi – Қытайға, ал 10 млрд. текше метрi Қазақстанға бағытталады. Қазақ билiгi көмiрсутегiлердi тасымалдау жолдарын барынша көбейтуге мүдделi. Қазақстандық энергоқорды Шығысқа қарай бағыттайтын Қазақстан-Қытай құбырының екiншi тармағын қаржыландыруға да құлшынып отырған аспанасты елi тасымал жолын iске қосудың мүмкiндiктерiн қоса ұсынған. Қазақ, түркiмен, өзбек, қытай қатысатын бұл жобаға жауаптылар – «ҚазСтройСервис» АҚ мен CPPE (China Petroleum Pipeline Engineering) корпорациясы. Ең маңыздысы, аспанасты елiне бағытталатын құбырдың арқасында ОҚО, Жамбыл, Алматы мен Қызылорда облыстарының белгiлi бiр бөлiктерi табиғи газбен қамтамасыз етiлмек. Әрi бұл әлемдiк қаржылық дағдарыстың салқынын сезiнген отандық экономикаға да сеп болмақ. Өйткенi, құбыр құрылысын салуға жұмылдырылатын жұмыскерлер елiмiздегi жұмыссыздар санын азайтатыны сөзсiз. Түркiмен мен өзбектiң «көгiлдiр отынын» қазақ жерi арқылы өткiзу де экономикалық тұрғыда тиiмдi. Үстiмiздегi жылдың шiлдесiнде басталған құбырды 2010 жылы пайдалануға беру жоспарланып отырғанын бiлетiн Ресей Қазақстанмен арадағы iскерлiк қатынастарды барынша нығайтуға жанталасып жатыр. Бiресе орталықазиялық елдермен және табиғи газ өндiрушi мемлекеттермен бiрiгiп, Энергетикалық хартия құруға талпынған, бiресе Иранмен, Катармен бiрлесiп, газ картелiн құруға жанталасқан Кремль Орталық Азия усымынан шығып кетпесе деп алаңдайды. Қазақстан-Қытай құбыры iске қосылса, «Газпромның» ықпалы әлсiреп, Батыс Сiбiрден ҚХР-ға дейiн тартылатын «Алтай» газ құбырының жобасы маңызын жоғалтады. Iшкi нарықтағы көмiрсутегiлерге деген тұтынушылық сұранысты қанағаттандыру үшiн Қытай 80 млрд. текше метр газды сырттан тасымалдайды. Оның басым бөлiгi – түркiмен мен орыстiкi. 

«Қазақстан Іскері», №9 (29), 8.05.2009

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377