Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Жазылған жайдың жалғасы... 4866 23 пікір 15 Тамыз, 2019 сағат 12:25

Әуезов театры әкімшілігінің Abai.kz мақаласына жауабы

Редакциядан: Кеше, 14 тамыз күні сайтымызда "Орысша білмесең Әкемтеатрға жұмысқа тұра алмайсың..." атты мақала жарияланды. Онда М.Əуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры "бақылаушы" қыздарды жұмысқа алуда олардың орыс тілін еркін меңгеруін талап етіп отырғаны жазылған.

Бүгін біздің электронды почтаға театр әкімшілігінің аталған мақалаға жауабы келіп түсті. Театрдың жауабын еш өзгеріссіз назарларыңызға ұсынып отырмыз.


Қуаныш Қаппас мырза, Сіздің қазақ тілінің қамын ойлап әрі қазақтың қаракөз қыздарына көмектескіңіз келіп, осындай мақала жазғаныңызды түсініп отырмыз. Алайда, көптеген жайттар ескерусіз қалыпты.

Алматы – туристік қала әрі еліміздің мәдени астанасы. Оңтүстік астанамызға келген туристер, қала мәдениетімен танысу мақсатында  біздің театрымызды іздеп келеді. Себебі,  М.Әуезов атындағы  Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры  –  Қазақ өнерінің қара шаңырағы, қазақтың тұңғыш кәсіби мәдени ошағы. «Әуезов театрының табалдырығын қазақша бір ауыз сөз білмейтін өзге ұлт өкілдері тоздырып жүр ме?» деген сұрағыңызға және жалпы уәжіңізге театр әкімшілігінің жауабын жеткізіп отырмыз.

Орыс тілді көрерменді былай қойғанда, бізге Ресейден, Татарстаннан, Оңтүстік Кореядан, Жапониядан, Грузиядан, Америкадан және түрлі жобалар (академическая мобильность)  арқылы оқуға келген  көптеген өзге ұлт өкілдері қойылымдарымызды тамашалайды. Бұны ескергендіктен, қыздарды іріктеу барысында біз олардың ағылшын тілін меңгеруіне де аса үлкен мән береміз. Табалдырықты тоздырып жүр деуге келмес, маусым ашылғанда еліміздің мәдениетін тануға, театрын көруге көптеп келеді. Шет елден келетін көрермендеріміз үшін, ағылшын, орыс тілдерінде ілеспе аудармашы (синхронный перевод) үздіксіз қызмет етуде.

2019 жылдың бірінші жартысында С.В.Маковецкий, М.М.Жванецкий және т.б. көптеген шет елдік әртістер жеке қойылымдарымен келді. Мұндай кездері де көрермендерге  біздің бақылаушы қыздар қызмет көрсетеді.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңының 1-тарау, 5-бабында «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады»   делінген. Демек, Сіздің сауалыңызға заң бойынша да жауап берсек, біз өз жазбамызда өрескел қателік жібермедік.

Театрымыздың көрермені көп, репертуарымыз да бай. Жас та, жасамыс та өзіне керек рухани азығын алады. Театр – көрерменімен театр. Ал біз өз кезегімізде әрбір  көрерменге қолайлы әрі сапалы қызмет жасауымыз керек. Сондықтан, бақылаушы қыздарға көрсетілген шарттарымызды қоямыз.

М.Әуезов атындағы  Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының
"МАРКЕТИНГ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС" бөлімі.

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052