Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Талдау 6021 5 пікір 19 Тамыз, 2019 сағат 17:34

Жазушылар одағындағы жүздесу: Сағынтаевтың сегіз ұсынысы

Өткен аптаның аяғында (16 тамыз күні) Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Жазушылары одағына арнайы келіп, қалемгерлермен кездесті. Одақтың, одаққа қарасты ұйымдар мен басылымдардың («Қазақ әдебиеті» гәзеті, «Жұлдыз» журналы, «Простор» журналы) материалдық жағдайы талқы болды.

Қала басшысы ашқан жиынды Одақ төрағасы, ақын Ұлықбек Есдаулет жүргізіп отырды. Ал әкіммен кездесуге ұзын-ырғасы 100-ге жуық қаламгер келіпті. Солардың ішінде Қабдеш Жұмаділов, Дулат Исабеков, Смағұл Елубай, Марал Ысқақбай, Есенғали Раушанов, Мұхтар Шаханов, Темірхан Медетбек, Кәдірбек Сегізбаев, Иран-Ғайып Оразбаев, Рафаэль Ниязбеков, Ахметжан Ашири, Любовь Шашкова сынды қаламгерлер жиын мінберінен сөз алды.

Мысалы, Халық жазушысы Қабдеш Жұмәділов «Сіз Колбин мен Тасмағамбетовтен кейін Жазушылар одағына арнайы келген үшінші әкімсіз» деді, әзіл-шынын араластырып.

Расында, Арысын айтпағанда, Тәуелсіздік алған 28 жылда Алматы қаласын марқұм Заманбек Нұрқаділовтен Бақытжан Сағынтаевқа дейін 6 бірдей әкім басқарыпты. Сағынтаев жетінші әкім. Жазушы Жұмәділовтің айтуынша, сол алтаудың ішінде 2004-2008 жылдар аралығында қала басқарған Иманғали Тасмағамбетов қана Жазушылар одағына арнайы ат басын бұрған көрінеді. Көптен бері әкім келмеген Одақтың өкілдері Бақытжан Әбдірұлын жылы қабылдады. Бірқатар түйіткілді мәселелерді сөз етті. Залдағы ортақ микрофонға кезек-кезек шығып, қала басшысына өздерінің талап-тілектерін, өтініш-уәждерін жеткізді.

Әкім бұл жиынға тыңғылықты дайындықпен келіпті. Жазушылар көтерген бірқатар мәселенің күн тәртібіне қойылғанын айтты. Проблематикалық мәселелердің шешу жолдарын ұсынды. Атап айтқанда, ҚЖО-ның 85 жылдығы мен Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өту, Одақ ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу, қаламгерлерге шығармашылық гранттар бөлу, кітаптар шығару т.б. бірқатар мәселелер қамтылды. Енді осыларды рет-ретімен жазайық...

Одақ ғимараты күрделі жөндеуден өтеді

Қала басшысы өз баяндамасында Қазақстан Жазушылары одағы ғимаратының күрделу жөндеуден өтетінін, ол үшін бюджеттен арнайы қаржы бөлінгенін хабарлады.

«Бірінші ұсыныс - Жазушылар Одағының ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу мәселесі туралы болмақ. Ғимаратқа кіргенен көріп, байқап келеміз. Ғимарат қатты ескірген. Шын мәнінде көп жұмысты талап етіп тұр. Дәл осы мәселеген қатысты өткен аптада қалалық мәслихаттың сессиясы өткен. Сол сессияда қаралған смета бойынша, ҚЖО ғимаратының жөндеу жұмыстарына 250 миллион теңге бөлініп отыр. Қалалық мәдениет басқармасы конкурс жариялайды. Солардың ішінен таңдап, өздеріңіз де ақыл-кеңес берерсіздер. Бұйыртса жөндеу жұмыстарын бастап кетеміз», деді әкім.

Жазушылар одағының 85 жылдығын атап өтуге әкімдік қолдау көрсетеді

Әкім Бақытжан Әбдірұлы тоқталған екінші мәселе Қазақстан Жазушылары одағының 85 жылдығына орай қалалық әкімшілік тарапынан көрсетілетін қолдау жайлы болды.

«Жазушылар Одағының 85 жылдығы туралы айтылып жатыр. Бұған әкімшілік тарапынан да үлкен жұмыстар жасалуы керек. Сол себепті, біздің жұмысымыздың алғашқы бір бөлігі болсын, осы Одақтың тарихынан сыр шертетін «Әдеби өмір шежіресі» және «Қазақстан Жазушылар анықтамалығы» атты кітаптардың жарыққа шығуына қолдау көрсететін боламыз», деді Бақытжан Сағынтаев.

«Қазақ әдебиеті» гәзетіне материалдық қолдау жасалады

Иә, Одақтық бас гәзетіне қалалық бюджеттен қаржылай көмек көрсетілетінін айтты, әкім. Арнайы тапсырма да берілген екен.

«Қазақ әдебиеті газеті. Өз басым қай қызметте жүрсем де «Қазақ әдебиетін» жаздырып алып отырдым. Күнделікті өмірдегі экономика, саясат мәселесі басқа газеттерде жазылып жатыр. Жоғарғы қызметке қойғаннан кейін оның бәрін біліп отырасың. Ал, бірақ содан сәл демалып, көңілім басқаға бөлінсін, ой салсын, сырттай ұсыныс-пікірлер бар ма екен деп, «Қазақ әдебиетін» қарап отырамын.

Бұл газеттің материалдық жағдайы туралы біраз сөз болған. Соған байланысты, қазір біз «Қазақ әдебиетіне» осы мерейтойлық жылда арнайы қаржылай көмек беретін боламыз. Қазір біздің басқарма жұмыс жүргізіп жатыр. Қажетті құжаттардың бәрін дайындап, қаржы бөлінетін болады», деді қала басшысы.

Шығармашылық үй мен жер мәселесі шешіледі

Қазақстан Жазушылар үйіне тиесілі болған шығармашылық үй мен жер қазір жалға берілген. Бұл туралы біраздан бері айтылып жүр. Одақтың өткен пленумында да осы шығармашылық үй мен жер мәселесі біраз дау тудырған еді. Осыған байланысты қала басшысы Бақытжан Сағынтаев бұл мәселенің де қаралатынын айтты.

«Шығармашылық үйге тиесілі жер мәселесі туралы айтып жатырсыздар. Сіздердің тараптарыңыздан «жер арендада, сол жер тағы біреуге кетіп қалмай өзінің меншігіне өтсін» деген ұсыныс келіп түскен. Қазір шығармашылық үй жалға берілген. Біз бұл мәселе бойынша тиісті жұмыстар жасаймыз», деді әкім өз сөзінде.

Қаламгерлердің бейнегалереясын жасау «Алматы» телеарнасына жүктелді

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді. Соған байланысты осы 85 жылдық мерейтойдың аясында, қаламызда еңбек етіп, өміршең шығармаларын дүниеге әкелген және бүгінгі таңда ел руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген сөз зергерлерінің шығармашылығы туралы әлеуметтік-танымдық бейнероликтер циклын шығару туралы «Алматы» телеарнасына тиісті тапсырма берілді.

Өздеріңізбен тығыз байланыс орнатып, Алатау баурайында ғажайып шығармалар жазған майталмандарымыздың бейнегалереясын жасайтын боламыз. Оған сіздер ат салысып, көмек бересіздер деп ойлаймыз», деді Сағынтаев.

Халықаралық «Алматы – еліміздің өркениет ордасы» атты әдеби байқау ұйымдастырылады

Қала әкімі Алматының бай тарихын қалың көпшілікке кеңінен дәріптеу мақсатында «Алматы – еліміздің өркениет ордасы» атты әдеби байқау ұйымдастыруды ұсынды. Байқау Халықаралық көлемде өткізілетін болады.

«Алматы біздің талай ұлыларымыздың іздері қалған, халық жүрегінен орын алған шығармалары оқырман жүрегіне жол тапқан құтты мекен екенін жақсы білесіздер. Еліміздің өнері мен мәдениетінің қара шаңырағы.

Осыған орай Жазушылар Одағы тарапынан Алматы қаласының терең тарихын көпшілікке дәріптеу мақсатында 2020 жылы қаламызда Халықаралық деңгейде «Алматы – еліміздің өркениет ордасы» атты әдеби жанрлық байқау өткізу туралы ұсыныс түскен болатын.

Біз бұл ұсынысты қолдаймыз. Жоғары деңгейде өткізу үшін барлық жағдайды жасаймыз. Қаржылық көмек қажет болатын болса, ол да бөлінетін болады», деді Бақытжан Әбдірұлы.

Қаламгерлерге шығармашылық гранттар бөлінеді

Иә, қала басшысы қаламгерлерге арнайы шығармашылық гранттар бөлу мәселесін күн тәртібіне енгізгенін айтты. Тіптті, қыркүйек айынан бастап алғашқы гранттар беріле бастайды екен. Қалалық мәслихат сессиясында дәл осы мақсатта резервке арнайы қаржы бөлу мәселесі мақұлданыпты.

«Біздің ақын-жазушыларымыздың тұрмыс-жағдайы өзекті мәселе. Аттарыңыз бар, бірақ сол аттарыңызға сай өмір сүру мүмкіндігі төмен. Қаламақының өзі шамалы. Сол себептен өздеріңізді қолдау - біздің бүгінгі күн тәртібіміздегі өзекті мәселенің біріне айналып отыр.

Осыған байланысты қаламгерлерге грант тағайындау туралы ұсынысым бар. Мен оның басын бастап қойдым.

Бізде мәслихаттың сессиясы өткенін жаңа айттым. Сол жерде қаламгерлерді қолдау мақсатында резервке ақша салынды. Бұл жерден енді грант тағайындалады. Тамыз айынан бастаймыз. Ақша жылдың соңына дейін салынды. Ол ақшаның ішінде жалғыз грант емес, кітап басып шығаруға көмектесу де қарастырылады. Және, бұл осы жылдың соңына дейін ғана болатын нәрсе емес. Келесі жылдары да жалғасын табады.

Сол себептен менің жеке ұсынысым – грант бөлу мәселесін отыздай ақын-жазушыға деп есептесек... Қаншадан береміз? 500 мың?  Ол жағын өздеріңізбен ақылдасып шешуіміз керек. Егер қаласаңыздар қыркүйектен бастап, сол гранттарды бере бастаймыз...», деді өз сөзінде Алматы әкімі.

Драматургиялық шығармалар байқауын жариялау

«Менің сегізінші ұсынысым – ересектер мен балаларға арналған драматургиялық шығармаларға ашық байқау жасасаңыздар. Ол байқаудың төрелігін де өздеріңіз шығарсаңыздар.

Егер жазылған дүние бірінші орынға лайықсыз болса, онда бірінші орын болмасын. Мәселе - бірінші орынды бере салу емес, лайықты дүниені бағалап соны жарыққа шығару. Бұл бір жағынан сол драматургтарды қолдау, екінші жағынан жазылған пьесаларды театр сахнасына шығару.

Егер осы идеяны қабылдасаңыздар, ол жағына да қосымша қаржы бөлінеді», деп түйіндеді Бақытжан Сағынтаев.

Әкім Бақытжан Сағынтаевтың бұл сегіз ұсынысы да қаламгерлер тарапынан қолдау тапты. Одақтың, жай-күйі, қаламгерлердің мәселесімен қатар, қаланың тұрмыс-тіршілігіне қатысты да ұсыныстар айтылды. Жалпы жиын 3 сағатқа созылып, аяқталды.

Адамдарды қатігездіктен, қылмыстан құтқаратын бір-ақ, нәрсе бар ол – көркем әдебиет!

Қабдеш Жұмаділов,  Қазақстанның халық жазушысы:

-Біздің жазушылар ортамызға бір лауазымды адам келсе, қуанып қалады. Өйткені лауазымды үлкен кісілер бізге кейінгі кезде сирек келетін болды. Тіпті, келмейтін болды. Егер жаңылмасам, Иманғали Тасмағамбетов әкім боп тұрғанда келді-ау деймін бізге...Содан басқа әкімді көріп тұрғанымыз осы.

Қош келдіңіз, Бақытжан мырза!  Алматыға қош келдіңіз! Содан кейін киелі қара шаңыраққа қош келдіңіз. Алматы қазақтың рухани қаласы.

Біздің халық қазір әдебиет оқудан, кітап оқудан қалды. Мен айтар едім адамдарды қатігездіктен, қылмыстан құтқаратын бір-ақ, нәрсе бар ол – көркем әдебиет. Бізде қазір әдебиетті насихаттау жағы артта қалды.

Сосын кітаптың данасы. Мен қазір өз кітабымды өзім шығарамын. Үкімет көк тиын бөлмейді. «Нәубет» кітабымды шығаруға Үкімет қол ұшын бермейді. Содан соң ол кітапты шығарады да, біздің үйге әкеліп тастайды. Соны өзім сатамын. «Атамұра» баспасы бар, «Алматы кітап» баспасының дүкендеріне өткіземін. Үкімет бір тиын қол ұшын бермейді, бірақ, әр кітапқа 10% салық салуды ұмытпайды. Сіздің есіңізде болсын.

Алматының өзінде кітап таратуға мүмкіндік жоқ. Менің романдарым 40 мың данамен шығатын еді, қазір 2 мың данамен ғана шығады. Осындай хәлде, біздің жазушылар.

«Рухани жаңғыру» деп жатыр ғой. Бірақ, мен адамдардың санасын жаңғыртуды бірінші орынға қояр едім. Біздің санамызда отаршылдықтың қалдырып кеткен дүниелері көп. Біз соны әлі тазалаған жоқпыз.

Шығармашыл жастарға арналған жатақхана салынса 

Есенғали Раушанов, ақын:

-Алматыны айтып жатырмыз ғой. «Жүрегіме жақын сенің есімің, Атам десем,  анам десем, несі мін? Жарқыраған көк тасыңда көшеңнің, Ізі қалған Сәкен бәтеңкесінің» деген Төлеген Айбергеновтың өлеңі бар. Оны бәріңіз білесіздер. Сол Сәкендермен бірге Алаштың туын көтерген Ахмет Байтұрсынұлының осында музей үйі бар. Ол өзінің атындағы көшеде. Сол үйдің бүгінгі ахуалы өте нашар. Себебі, ол жер көшенің бұзықтарымен наркомандарының жиналатын орны болып кетті. Біздің өтінішіміз - соның себебін анықтап, Ахаңның әруағы үшін қаланың бюджетіне алдырсаңыз. Әңгіме – Ахаңның әруағы ғана емес, сол жерге бір тәртіп орнату туралы болып отыр.

Екіншіден, Алматыда өзіңіз білесіз, «Целинный» деген кинотеатр бар. Сұлтан Қожықов ағамыз түсірген қазақтың атақты «Қыз Жібегінің» алғашқы көрсетілімі сол жерде болып еді. Ұзынқұлақтан естуіміз бойынша, Қыз-Жібек пен Төлегенге ескерткіш қойғыңыз келеді екен. Бұны қолдаймыз. Бірақ, сол Целинный деген аттың өзі қазақтың бергені көп пе, алғаны көп пе оны енді айта жатармыз. Бірақ, алда-жалда сол кинотеатрдың атын өзгертетін болсаңыз, Қыз-Жібектің аты сұранып тұрған сияқты. Және Сіздің қоямын деген ескерткішіңіз сол кинотеатрдың алдына сұранып тұрған сияқты.

Үшінші мәселе – ҚЖО Ұлықбек Есдәулет мырза келгелі көптеген жаңа шаруалар атқарылып жатыр. Оны өзіңіз де қолдап отырсыз. Алғыс айтамыз. Сол жұмыстардың бір парасы- жастар мәселесі. Өзіңіз білесіз, Алматы шығармашылық одақтар топтасқан интеллектуал қала. Мұнда тек қана Жазушылар Одағы емес, композиторлар одағы, суретшілер одағы, дизайнерлер одағы топтасқан. Сол одақтарға келетін жастардың тұратын жері жоқ. Соған шығармашыл жастарға арналған жатақхана салынса деген ұсынысым бар.

Төртіншіден, біздің тауда әл-Фараби атындағы шығармашылық үйіміз болған еді. Ол қолды болуға аз қалғанда қайтарып алдық. Қазір жақсы жұмыс істеп тұр. Енді соның бір мәселесі бар. Сол жеріміздің арт жағынан бір гектар жері сатылып кетіпті. Алайда, ол сатылған жер әлі игерілмеген сияқты. Бірақ, ол біздің ЖО-ның келісімінсіз сатылғаннан кейін әлі шешілмеген сияқты. Соны өзіңіз арнайы мамандарыңызға тапсырма беріп тексертіп көрсеңіз. Ол жерге біз болашақта «Әдебиет институтын» ашсақ деген ниетіміз бар. Ол жерде жастар білім алып, қазақ әдебиетімен қатар, әлем әдебиетімен де сусындамақ. Біз бәрібір сіздің мазаңызды аламыз, «Әдебиет институтын ашамыз, бізге жер тауып бер» деп, сондықтан өзіміздің мүлкімізді өзімізге қайтаруға қол ұшын берсеңіз деген тілек айтамыз.

Бүгінде бізге бір Бердібек Соқпақпаев жетіспейді

Смағұл Елубай, жазушы, кинодраматург:

-Шын мәнінде Бақытжан Әбдірұлы сіз Алматыға келгелі тұңғыш рет қоғамдық ұйымның, Жазушылар одағының табалдырығын аттадыңыз. Бұл бізді қатты қуантып отыр. Екіншіден біз айтайын деген нәрсенің бәрін өзіңіз шешетін болып, сүйіншілеп бізге тағы да айттыңыз. Бұған да разы болып отырмыз.

Енді бір айтуға тиіс нәрсе – Алматы оңбай орыстанған қала. Осыны біз қорыта алмаймыз. Күн сайын төңірегімізде орысша сөйлеп тұрған қазақтарды көріп жерге қараймыз. Түңілеміз. Бұны қалай шешеміз? Бұл жалғыз біздің қолымыздан келмейді, ағайын. Алматы осы тіл мәселесінде де үлгі болуы керек. Сіз сөзсіз саяси рингктегі ауыр салмақты боксерсыз. Ендеше, ұлтымыздың басына төнген бір қауіп қатерлер бар. Соларды да ауыр салмақты боксер ретінде Алматыда ұрып жықсаңыз, өзге өлкелер біздің ізімізге ерген болар еді. Әсіресе, тіл саласында не істейміз? Мүмкін сіз жарты жылдай мүлде орысша сөйлемей қоярсыз? Үлгі болып. Біздің ел басқарған азаматтар Президенттеріміз ең болмағанда жарты жыл орысша сөйлемей қойса, басқалары да түгел қазақша сайрайды.

Жақында түк бітірмеген тіл заңына отыз жыл толайын деп отыр. Түк бітірмеген тіл заңы. Біздің жанымыздың шырқырап тұрғаны сол.

Мемлекеттік тілді қорғай алмады, қор қылды. Тіліміз төрге шықпады. Тіліміз әлі босағада жүр. Осыған үлгі көрсететін бір адам керек. Осы үлгіні Алматыдан бастасақ, ғажап болар еді.

Тәуелсіздікті не үшін жариялайды ұлттар. Қан кешіп жүріп жариялайды. Ұлт өзін-өзі сақтау үшін жариялайды ғой. Ал, біз не істедік? Отыз жылдың ішінде отыз ауыз сөз үйренбеген қазақтар толып жатыр. Ауладағы балаларды тыңдап отырсаңыздар бәрі орысша сөйлейді. Не жетістік біз, отыз жылдың ішінде? Осы ма жеткен жетістігіміз?

Тағы бір айтарымыз жаңағы Сіз айтқан байқауларға алдымен балалар әдебиеті кіру керек. Болашағамызды тәрбиелейік. Балаларға арналған әңгімелер жетіспейді. Бүгінде Бердібек Соқпақпаев жетіспейді. Сол тәрізді талантты жастарды ашайық. Менің айтпағым осы!

Түйін. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың ҚЖО Мәжіліс залында өткен қаламгерлермен кездесуінде көтерілген мәселелердің бір парасы осы болды.

Кездесу барысында кезек-кезек сөз алған қаламгерлер әдебиеттің айналасындағы маңызды деген мәселелерге тоқталды. Соның ішінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен кең көлемде аталып өтілетін хәкім Абайдың 175 жылдығына даярлық мәселесі де сөз болды.

Басқосуды ҚЖО төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет қорытындылап, елдің рухани-мәдени дамуына үлес қосуда қаламгерлер қауымының да қалыс қалмайтынын айтты.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1974