Сұңғат ӘЛІПБАЙ. Өскелең қала Өскемен
Жақсы істі көрмекке, көпке үлгі бермекке
Осының алдындағы осы аттас мақаламызда Өскемен қаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайында үлкен өзгерістердің жүріп жатқандығын, соңғы екі жылдың айналасында ғана жеті мыңнан астам қалалықтың жеке үй салу үшін жер телімін алып, қалада жерге деген мұқтаждықтың жойылғандығын, сондай-ақ көптеген балалар бақшасы мен шағын орталықтардың іске қосылып, бұл салада тұңғыш рет мемлекет-жеке меншік әріптестігінің сәтті жүзеге асырылып, жалғасын тапқандығын, дендробақтың, спорттық және демалыс орындарының іске қосылғандығын әңгімелеген болатынбыз. Олардың барлығы Елбасының өз Жолдауында Үкіметке, жергілікті билік органдарына берген тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылуда.
Сонымен Өскемен қаласында әлеуметтік өмірдің алға басқандығын көрсететін жағымды жаңалықтар уақыт өткен сайын жалғасын тауып, тың істерді туындатуда. Оны бұқаралық спорттың дамып, қоғамдық ұйымдардың белсенділігінің артып, халықтың жергілікті өзін өзі басқару ісіне араласа бастағандығынан да байқауға болады. «Жақсы істі көрмекке, көпке үлгі бермекке» демекші, төменде осы мәселелер туралы да әңгіме қозғай кеткенді жөн санадық.
Жақсы істі көрмекке, көпке үлгі бермекке
Осының алдындағы осы аттас мақаламызда Өскемен қаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайында үлкен өзгерістердің жүріп жатқандығын, соңғы екі жылдың айналасында ғана жеті мыңнан астам қалалықтың жеке үй салу үшін жер телімін алып, қалада жерге деген мұқтаждықтың жойылғандығын, сондай-ақ көптеген балалар бақшасы мен шағын орталықтардың іске қосылып, бұл салада тұңғыш рет мемлекет-жеке меншік әріптестігінің сәтті жүзеге асырылып, жалғасын тапқандығын, дендробақтың, спорттық және демалыс орындарының іске қосылғандығын әңгімелеген болатынбыз. Олардың барлығы Елбасының өз Жолдауында Үкіметке, жергілікті билік органдарына берген тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылуда.
Сонымен Өскемен қаласында әлеуметтік өмірдің алға басқандығын көрсететін жағымды жаңалықтар уақыт өткен сайын жалғасын тауып, тың істерді туындатуда. Оны бұқаралық спорттың дамып, қоғамдық ұйымдардың белсенділігінің артып, халықтың жергілікті өзін өзі басқару ісіне араласа бастағандығынан да байқауға болады. «Жақсы істі көрмекке, көпке үлгі бермекке» демекші, төменде осы мәселелер туралы да әңгіме қозғай кеткенді жөн санадық.
*Этноауылдағы қазақ үйі
Қала халқының 30 пайызы спортпен шұғылданады
Елбасы өзінің халыққа арнаған биылғы Жолдауында «Туризм және спорт министрлігі әкімдермен бірлесіп, еліміздегі бұқаралық спортты дамытудың бірлескен шараларын әзірлеп, оны нақты іске айналдыратын болсын. Қазақстандықтардың 30 пайызына жуығы бұқаралық спортқа тартылуы қажет. Тек осындай жағдайда біз бұл істен прогресті көретін боламыз. Бұл - бүкіл Үкіметтің де міндеті» деп атап көрсеткен болатын.
Міне, Елбасы алға қойған осы міндетті жүзеге асыруда да өскемендіктер алда келеді. Егер 2008 жылы спорттың бұқаралық түрлерін дамытуға байланысты қалада 95 шара өткізіліп, оған 30 560 адам тартылған болса, 2010 жылы 150 шара ұйымдастырылып, оған 72 340 адам тартылды. Ал үстіміздегі жылдың І тоқсанының өзінде ғана 42 шара ұйымдастырылып, оған 28 800 адам тартылды. Бұл 2010 жылдың І тоқсанындағыдан 10 мың адамға артық. Осы көрсеткіштің өзі жыл соңына дейін 100 мыңнан астам өскемендіктің бұқаралық спорт түрлерімен айналысатынын көрсетіп отыр. Егер қалада 300 мыңнан астам халық тұратындығын ескеретін болсақ, биылғы жылдың өзінде өскемендіктердің 30 пайыздан астамы спортпен шұғылданатындығына көз жеткіземіз.
Үстіміздегі жылдан бастап қалада әртүрлі сала қызметкерлерінің өз араларында спартакиада өткізу жүйелі жолға қойылды. Осындай спартакиадалар банк қызметкерлерінің, білім беру және денсаулық сақтау қызметкерлерінің, журналистердің, өнеркәсіп кәсіпорындарының, ардагерлер мен мүгедектердің арасында өткізілді. Бұрынғы «Әкем, шешем және мен» отбасылық жарысы жаңа мәнінде қайта жаңғырды. Этно-мәдени орталықтар да осындай жарыстарға қосылды.
Әрине, спорт шаралары көбейген сайын қаладағы спорт сарайлары мен алаңдарына, жаттығу залдарына деген жүктеменің де ауырлай түсетіні белгілі. Соған сәйкес қалалық білім бөлімінің шешімімен мұндай мекемелердің жұмыстары кешкі сағат 9-ға дейін ұзартылды. Дене тәрбиесі оқытушыларына спорт алаңдарындағы және мектептен тыс жұмыстары үшін қосымша еңбекақы белгіленетін болды.
Cпорттың бұқаралық сипатын дамыту үшін Өскемен қаласында өткен жылдың өзінде ғана 25 шағын футбол мен хоккей алаңдары пайдалануға берілді. Сонымен қатар Өскеменде үстіміздегі жылы теннис корттарының бүтін бір жүйесі іске қосылмақ. 2009-2010 жылдардан бері қолға алынып келе жатқан бұл жұмыстардың сметалық құны 600 миллион теңгені құрайды.
Биылғы жылы қала аумағындағы демалыс орындарының қатарына тағы бір нысан келіп қосылғандығын ерекше атап айтуымыз керек. Қалалықтардың бос уақыттарын мәнді әрі денсаулықтары үшін пайдалы өткізуін көздеп, тау шаңғысын дамыту жөнінде бастама көтерген қала әкімі Ислам Әбішевтің идеясы ШҚО Фристайл және сноуборд федерациясының президенті, «Изумрудный Алтай» ЖШС құрылтайшысы Александр Чиликиннің тарапынан қолдау тауып, Австралиядан шаңғышыларға арналған аспалы жолдың құрал-жабдықтары жеткізіліп орнатылды. Тау шаңғысына арналған бұл құлама жолдың ұзақтығы 550 метрді, ал биіктігі теңіз деңгейінен 400 метрді құрайды. Құлама биіктігі - 100 метр. Жобаның жалпы құны 20 миллион теңгеге бағаланып отыр.
Енді Өскемен қаласында әрбір тұрғынның қыс кезінде тауға отбасымен аспалы жол арқылы қиналмай шығып, рахаттана сырғанауына толық мүмкіндік бар. Қазір осыған байланысты қалада тау шаңғысы шеберлігіне арналған балалар мектебі құрылды. Тау шаңғысы жөнінен бұрын да алдарына жан салмайтын өскемендіктер енді спорттың осы бұқаралық түрін одан әрі дамытудың толық мүмкіндігіне ие болды.
Қалада соңғы кездері дәстүрге ене бастаған спорттың тағы бір түрі Аблакетка тауының басындағы «Қазақстан» деген үлкен жазу мен соның қасында тігілген туға жету. Ол теңіз деңгейінен 522 метр биіктікте орналасқан. Жарыстың бұл түріне былтырғы жылы қаладағы жасы 11-ден 72-ге дейінгі аралықтағы 200 адам қатысты. Олар жоғарыдағы биіктікке жету үшін 2 шақырым 400 метрлік жолды басып өтті. Қазіргі күні биіктік басына электр желісі тартылып, «Қазақстан» жазуы мен еліміздің көк байрағы кешкі, түнгі уақыттарда алыстан жарқырап көз тартатын болды. Енді бұл биіктікке жету үшін автокөлік және аспалы жол салу жоспарға еніп отыр. Бірте-бірте бұл жер өскемендіктер күн сайын бас қосатын үлкен бір демалыс орны, бұқаралық спорттың өзіндік бір алаңына айналады деген сенім мол.
Қала әкімі Ислам Әбішевтің Елбасы тапсырмасына сәйкес спорттың бұқаралық түрлерін дамытуға ерекше мән беріп, бұл істе уақытының тығыздығына қарамастан жеке басымен де үлгі көрсетіп келе жатқандығын айта кетсек те артық болмас. Әкім қаладағы тәрбиесі қиын балалардан 30 баланы жеке қамқорлығына алып, өзінің спорттық командасын құрды. Олармен бірге спортпен айналысып, жиі кездесіп тұрады. Жаз айларында маусымдық жұмыстарға орналасуларына да көмек көрсетті. Қазір бұл балалардың 15-і мектеп бітіріп, жоғары оқу орындарының студенті атанды.
«Әкім бол, әкім болсаң халыққа жақын бол» деген қағида бойынша жұмыс істеп келе жатқан азамат осындай істерімен халық арасында тез танылып, беделге ие болып келеді.
Қоғамдық ұйымдар серпіліс үстінде
Сапар барысында қаладағы қоғамдық ұйымдар тарапынан тың серпілісті байқадық. Елбасының үнемі атап көрсетіп, жергілікті билік өкілдеріне кеңес ретінде жалықпай айтып келе жатқан үлкен бір талабы - жергілікті өзін-өзі басқару ісін дамыту мәселесі нақ осы Өскемен қаласында ерекше ұшқындап тұр дей аламыз. Мұнда қаладағы бірнеше шағын аудандар бойынша жергілікті өзін-өзі басқару комитеттері құрылған. Олардың қала ішіндегі кенттер әкімдерінің жұмысына жасайтын ықпалы өте үлкен. Бұл комитеттерді халық пен қала әкімдігінің ортасындағы қызметі демократиялық қағидаттарға негізделген жаңа бір буын деп айтсақ та артық емес. Қаланың Аблакетка шағын ауданындағы №2 жергілікті өзін-өзі басқару комитетіне жетекшілік етіп келе жатқан еңбек ардагері Владимир Семеновты әңгімеге тарттық.
- Біздің комитеттің қарауында 66 көп пәтерлі үй, көптеген жеке меншік тұрғын үйлер бар. Біз пәтер иелері кооперативтері мен кондоминиумдардың жұмыстарын үйлестіріп, оларды қоғам тарапынан қадағалап отыруда қала басшылығы мен халыққа қолқабыс жасаймыз. Халық қазіргі күні ең алдымен бізге келіп, өз өтініштерін айтатын болып жүр. Біз оны қолымыздан келгенінше өзіміз шешіп, ал қолымыздан келмегендерін тиісті мәселелер бойынша жүйелеп, ретке келтіріп, қаладағы тиісті органдарға, мемлекеттік мекемелер мен шаруашылық жүргізуші субъектілерге тапсырамыз. Белгіленген уақытта тапсырылған өтініш-шағымдардың жауабын күтеміз. Ол жауапты тұрғындарға жеткіземіз. Мәселенің осылай жүйеге түсуі қала әкімдігіне де, халыққа да өте қолайлы болып шықты. Сондықтан біздің жұмысымызға алғыс айтушылар аз емес, - дейді ол.
Қаланың Аблакетка шағын ауданындағы осы жергілікті өзін өзі басқару комитеті аумағына кіретін, алдына гүл егілген көп қабатты үйлердің бірі «Титаник» деп аталады екен. Бұқтырма теңізіне жақын орналасқандықтан әрі бірнеше кіреберісті құрайтын ұзын үй болған соң солай аталған шығар деп жорамалдаған едік. Мұның тарихы мүлдем басқаша болып шықты. Бұл шағын аудандағы көп пәтерлі үйлерге жылу мен су келмей, жарық жиі өшіріліп жағдай қиындаған осыдан біраз жыл бұрын осы үйдің тұрғындары асығыс өз пәтерлерін тастап шығып, қыраулы қыста басқа жерлерге барып жан сауғалайды. Бұл жағдай «Титаник» кемесі суға батқан кезде халықтың одан жаппай қашқан дүрбелең оқиғасын көзге елестетеді де тұрғындар оған «Титаник» деген ат қояды. Ал қазіргі картина мүлдем басқаша. Су да, жылу да бар, жаз айларында тұрақты түрде ыстық су беру қолға алынған. Көгалдандыру жұмысы да жөнге қойылған. Осыған сәйкес кезінде сутегін қалған мұндағы пәтер бағасы уақыт өткен сайын қымбаттай түсуде.
- Мен осы үйден былтыр 25 мың долларға пәтер сатып алып едім. Енді қазір оны 35 мың долларға сатпай отырмын, - дейді бізбен әңгімесінде атын айтқысы келмеген бір тұрғын.
Қазіргі күні Өскемен қаласында 10 жергілікті өзін өзі басқару комитеті жұмыс істейді. Бұл республика бойынша осындай комитеттер құрудың алғашқы тәжірибесі. Олардың қызметтерін дамытып, жұмысқа шын мәнінде пәрменділік беру мақсатында арнайы кәсіпорын құрылыпты. «Өскемен тәртіп» аталатын ол кәсіпорын қала әкімінің Істер жөніндегі басқармасына бағынады. Қолында тиісті қаржысы болғандықтан бұл кәсіпорын қала тұрғындарының өтініш-арыздарына қатысты кейбір мәселелерді шұғыл шешуге қабілетті. Қазіргі күні осы кәсіпорынның және Өскемен қаласындағы өзін өзі басқару комитеттерінің жұмыс тәжірибесімен басқа өңірлер мен елдерден келіп танысушылар да аз емес екен. Өйткені бұл тәжірибе көпшілік үшін өзіндік бір тың үлгі есебінде қалыптасып, сыннан өтіп келеді. Оның нәтижесі де жаман емес.
- Біздің шағын ауданымыздағы халықты толғандырып келген үлкен бір проблема осындағы жылу қазандығының жұмысы болатын. Бұл қазандықты ұстау шығындары осы уақытқа дейін 100 пайыз тұрғындардың мойнында болып келді. Қазандықтың жөндеу жұмыстарының, қысқа қажетті көмір сатып алуының, мұндағы жұмысшыларды ұстаудың барлық шығындары тұрғындар төлейтін төлемақы есебінен өтеліп отырды. Бірақ бұл қаржы көмір сатып алудың өзіне толық жетпей, жөндеу жұмыстары мүлдем назардан тысқары қалған еді. Қазандықты өз меншігіне қаратып алған жеке тұлға оның жұмысын жандандыра алмай үнемі жұртшылықтың наразылығына ұрынып отырды.
Міне, осы мәселені қала әкімдігімен бірлесе отырып, биылғы жылы сәтті шештік. Оны жылыту қала басшылығының араласуымен қаладағы жылу жүйелері мекемесіне тапсырылды. Осы үшін қазандықтан жылу жүйелері мекемесінің магистралды құбырына дейін жаңа желілер тартылуда. Көп жылдардан бері тұңғыш рет жөндеу жұмыстары қолға алынды. Алғаш рет жаз айларында біздің шағын ауданымызға да ыстық су келетін болды. Осы жағдайға байланысты тұрғындардан жылу қызметіне ақы төлеу ісі де жақсарып отыр, - дейді бізбен әңгімесінде жергілікті өзін өзі басқару комитетінің басшысы.
Ал қала ішіндегі №13 жергілікті өзін өзі басқару комитетіне Наталья Цыкунова жетекшілік етеді. Ол - «Ақжол» партиясының мүшесі және оның осындағы филиалын басқарады.
- Қала әкімі біз секілді саяси партиялардың жергілікті жетекшілерімен кездесу өткізіп, бәрімізді ел мүддесі жолында бірігіп жұмыс істеуге шақырды. «Егер бәріміздің ойлағанымыз халықтың мүддесі екендігі рас болса, онда илегеніміз де бір терінің пұшпағы ғой. Ендеше бірігіп жұмыс істеп, қаламыздың көркейіп дамуына атсалысайық» деді. Бұл ұсынысты мен қолдадым. Сөйтіп жергілікті өзін өзі басқару жұмысына араластым. Енді қала әкімдігінің ұсынысы бойынша Арматура зауыты шағын ауданындағы қирап тұрған балабақшаны сатып алып, одан мектеп пен балабақша жасасам деп жүрмін. Менің ойымша бұл қала әкімдігіне де, бәлкім, кәсіпкер ретінде маған да пайдалы болуы мүмкін. Ең бастысы, бұдан халық ұтатын болады. Мүдделер тоғысқан жерден ғана игілікті жақсы істер шығады», - дейді Наталья Федоровна.
Өскеменде қаладағы барлық қоғамдық ұйымдар, кәсіподақтар, саяси партиялардың басын қосатын қоғамдық кеңес құрылған. Оған бай тәжірибелі, бұрын талай басшылық қызметтер атқарған Владимир Лопаткин жетекшілік жасайды. Осы қоғамдық кеңес аясында қаланың әртүрлі проблемаларына байланысты сарапшылар топтары жұмыс істейді. Ол топтардың бірі қаладағы азық-түлік бағаларының қозғалысын бақылауға алса, екінші бір топ экология мәселесімен шұғылданады. Бұл қоғамдық кеңес Өскемен қаласының әкімі Ислам Әбішев пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа дейін шығып, өз ұсыныстарын қойып отырады және аталған мәселелерде басқа өңірлер мен елдерде қандай жақсы тәжірибелер бар, соларды осы өңірге тартуға өз жәрдемдерін тигізеді.
Экологиялық комиссияның жетекшісі бұрынғы атақты хоккейші Геннадий Корешковтың айтуы бойынша, ол басқаратын комиссия құрамына қаладағы барлық ірі кәсіпорындардың бас экологтары кіреді. Сондықтан бұл комиссия қала өмірінде өте маңызды рөл ойнайды.
- Бұрын біздің қаламызда экологиялық жағдайды бақылайтын 5 бақылау бекеті бар еді. Қазір оның санын 15-ке жеткіздік және қала басшылығының қолдауымен олардағы құрал-жабдықтарды жаңа технологиялармен жаңарттық. Енді біз 10-15 минөттің ішінде қаланың экологиялық жағдайын дәлме-дәл білу мүмкіндігіне ие болдық. Сөйтіп, экологияға кері әсерін тигізген кәсіпорындар сол сәтінде бірден айқындалатын болды. Ал бұрын гидромет бақылауында болған кезде қаланың мұндай мүмкіндігі жоқ еді. Енді біз экологиялық қауіпсіздік орталығын құрудың жобасын жасап, оны енгізу жөнінде қала және облыс басшылығына ұсыныс жасап отырмыз. Бұл жоба бойынша қаланың экологиялық жағдайына дереу талдау жасалып, осының нәтижесінде экологияны бұзған кәсіпорындарға айыппұл белгіленеді және бұл жағдай халыққа дереу хабарланады. Менің ойымша осындай ашықтық, жариялық жағдайда кәсіптік шеберлікпен жұмыс істеу қала тұрғындарына олардың денсаулығын қорғауда үлкен пайдасын тигізетін болады. Мұндай жағымды нәтижелерге біз облыс пен қала басшылығының қолдауы арқылы қол жеткізіп келеміз. Халық үшін жұмыс істеуге келген мұндай басшылармен ынтымақтаса әрекет етудің пайдасы мол, - дейді Геннадий Корешков.
Осы жөнінде қала әкімі Ислам Әбішевпен әңгіме қозғаған кезімізде ол бізге Елбасының тапсырмасына сәйкес халық мүддесінен туындайтын іспен шұғылданудың басшы ретінде жеке адамға беретін ләззаты барлығын да жасырмады.
- Рас, халықпен жұмыс істеу оңай емес. Бірақ атқарып отырған ісіңнен сол халықтың пайдасына орай нәтиже көрінсе, осының өзі адам ретінде мені қанаттандырады. Осындай мәселелерде ең алдымен облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тыным таппай жұмыс істеп, жақсы іске жанашырлықпен қарайтындығын, ал бізге осының өзі үлкен қолдау екендігін жасырмаймын. Қазіргі күні біз қаладағы қордаланып қалған көптеген әлеуметтік проблемаларды шеше бастадық. Ағымдағы жұмыстың барлығы өз ретіне түсті. Енді кезекте болашақтың мәселесімен шұғылдануға мүмкіндік алдық. Қаламызды қалайша көріктендіріп, дамытамыз? Өскемен қаласының атағын қалай шығарамыз? Міне, осындай сұрақтардың шешімін ойластыра бастадық. Қалада тұрғын үй-коммуналдық саланы модернизациялау жөніндегі жұмыстар еліміздің қалалары арасында алғашқылардың қатарында бізде басталып кетті. 20 жыл бойы қолға алынбай келген Үлбі жағалауындағы кейбір қоқысты жерді жақсылап тазалаудан өткізіп, олардың жағасына демалыс орындарын ашпақ ойымыз бар. Бұл жобаны сәтті қорғап, оған республикалық бюджеттен қаржы да алып отырмыз.
АҚШ-та белгілі бір нәрсені шешерде уақыттың 70 пайызы ойлануға, 20 пайызы әзірленуге, тек 10 пайызы ғана оны жүзеге асыруға жұмсалады екен. Егер шындап ойлап, жүрегіңмен беріліп жұмыс істей білсең, бізде көптеген мәселелерді шешуге болатындығына көзім жетіп келеді. Өйткені, ел басшылығы осы жолда барлық қажеттіліктерді жасап отыр. Сондықтан менің ойымша басшы адамдарға қазіргі уақыттағы ең қажеттісі креативті ойлап, жаңа идеяларды айқындау және соған қол жеткізуде қоғамның, халықтың көмегіне сүйеніп, оларды осы іске жұмылдыра білу деп білемін, - деді.
Сәулеткерлік сән берген қала
Өскеменде мүсіншілердің халықаралық симпозиумын өткізу ісі осындай креативті ойлаудың жемісі секілді. Бұл симпозиум Өскемен қаласында былтыр ұйымдастырылса, биыл тағы жалғасын тапты. Идеясы өте тамаша. Әлемнің әр түпкіріндегі атақты кәсіпқой мүсіншілерге хабар жіберіліп, Өскемен қаласында олардың арасында конкурс өтетіндігі мәлімденеді. Симпозиумға әзірлік жасау, ұйымдастыру жұмыстарын қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі мойнына алады. Симпозиумға қатысушы әр жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей өзінің болашақта қалада орналастыратын мүсінінің суреттерін, материалдың көлемін, эскиздік жобасын жібереді. Қабылдаушы жақ (Өскемен қаласының әкімдігі) симпозиумға қатысушының мүсінді қалаға жеткізу, келіп-кету шығындарын өтейді. Әрбір мүсіншіге айына 100 мың теңге көлемінде стипендия тағайындалады. Ал мүсіншілер өзімен бірге ілестіре келетін адамдардың және олардың қалада болу шығындарын өз қаржысымен өтеуге тиіс.
Жұмысқа қажетті материалдарды ұйымдастырушы жақ бөледі. Ал әрбір қатысушының құрал-жабдықтары өзімен бірге болуы тиіс. Жұмыс әбден дайын болып, тиісті жерге орналастырылғаннан кейін барлық қатысушы мүсіншілердің арасында конкурс басталады. Бір бірінші сыйлықтың құны - 1 500 мың теңге. Екі екінші сыйлық - 750 мың теңгеден. Үш үшінші сыйлық - 450 мың теңгеден. Есесіне осы орнатылған мүсіндердің барлығы бұдан әрі Өскемен қаласының меншігі болып қалады. Әрине, мүсіншілердің барлығына сыйлық тимеуі мүмкін. Бірақ, алдын-ала жасалынған шарт бойынша Өскеменге жеткізілген және орнатылған мүсіндер қайта қайтпайды.
Былтырғы жылы осындай ереже бойынша симпозиумға Қытайдан, Ресейден, Грекиядан және өз елімізден 20 жұмыс қатысқан болатын. Cоның нәтижесінде Өскемен қаласында былтырғы жылдың өзінде 17 мүсіндеу туындысы пайда болып, орнығып қалды. Қаланың көркіне көрік қосты. Биылғы жылы олардың саны мен географиялық аясы одан да арта түсті. Сөйтіп, Өскемен қаласы бірте-бірте атақты мүсіншілердің қолтумалары орналастырылатын көрікті қалаға айналып келеді. Өскемен қаласы осы бағыттағы әлемдік доданың іргелі орталықтарының біріне айналуы да ғажап емес. Оларды көріп тамашалау үшін келетін туристер саны да арта түсетіндігіне күмәнмен қарауға болмайды.
Сонымен қатар Өскеменде халықаралық «Бал арасы» фестивалін өткізу дәстүрге енді. Мұның мәнісі қазақстандық Алтай тауы Қазақстан мен Сібірдегі, Ресейдегі омарта шаруашылығының отаны болып табылады. Кенді Алтайдың омарта шаруашылықтарының өнімдері бүкіл әлемге белгілі. Ендеше осы істі неге насихаттап, пайда таппасқа. Әрі бұл өскелең қала Өскеменнің халықаралық танымалдығын да арттырған болар еді. Фестивальді өткізу міне, осындай ниеттен туындап отыр. Қаладағы Сәтпаев, Жібек жолы көшелерінің қиылысқан жерінде халықаралық фестиваль символы ретінде 10 метр биіктікте, диаметрі 4 метрді құрайтын бал арасының бейнесі мен бал ұясы бой көтерді.
Өткен жылғы мұнда негізгі капиталға 65,1 миллиард теңгенің инвестициясы келіп құйылса, биылғы жылдың І тоқсанындағы инвестиция көлемі өткен жылдың осы мерзіміндегіден 8,8 пайызға артып түсті. Қала кәсіпорындары мен ұйымдарынан әртүрлі деңгейдегі бюджеттерге 68,2 миллиард теңге аударылса, қала бюджетінің кірісі 18,5 миллиард теңгеге жетіп, 9,5 пайызға артық орындалды. «Жол картасындағы» жұмыстарды жүзеге асыруда, даму бюджетін қалыптастыруда қала облыс ішінде ағарып алдан көрінуде.
Сонымен Өскемен қаласының қазіргі даму барысы мен ондағы әлеуметтік мәселелердің шешімін табуы өзге өңірлер үшін үлгі етіп ұсынуға әбден лайық секілді. Мұны біз қаланың ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына тартып отырған үлкен тартуы, Елбасы саясатын жүзеге асырудағы жақсы жетістігі деп түсіндік.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.
http://www.egemen.kz/309431.html