Жұма, 22 Қараша 2024
5277 0 пікір 29 Тамыз, 2019 сағат 16:16

Еріктілер арыстық ата-аналарға балаларын мектепке дайындауына көмектесіп жатыр

Бір топ ерікті жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласы тұрғындарының жаңа оқу жылына дайындалуына көмектесіп жатыр.

Белсенді Бэлла Орынбетованың айтуынша, тамыз айының басынан бастап екі апта бойы балаларын мектепке әзірлеуде қиындық көріп отырған отбасыларға арнап, қаражат жиналған. Оған республиканың түкпір-түкпірінен жүздеген адам үлес қосып, шамамен 900 мың теңгеге жуық ақша жиналған. Оған мектепке қажет рюкзак, дәптер, қарындаш сатып алынған.

Еріктілер жиналған қаражат есебін Facebook-тағы "Арыс.Ақпарат" арнайы тобында жариялап отырған. Бэлла Орынбетованың сөзінше, 300 отбасыға көмек берілген. Еріктілер көмекке мұқтаж отбасылардың тізімін әкімдіктен алған.

- Біз бұған дейін әкімдіктен "Жаңа оқу жылы қарсаңында отбасыларға көмек беріле ме, берілмей ме" деп сұрағанбыз. Олар оған шамамыз жетпейді деп айтты. Осылайша өзіміз жасайық деп келістік, - дейді Бэлла Орынбетова. Оның айтуынша, көмек акциясына түрлі жастар ұйым өкілдері қатысқан.

Түркістан қаласынан келген ерікті Ғани Темірәліұлының айтуынша, үш күннен бері төрт ерікті екі көлікпен Арыс қаласында қажетті заттарды тұрғындарға үлестіріп жатыр.

- Жағдайы нашар отбасы мен үйі бүлінген тұрғындарға таратып жатырмыз. Бір отбасы мектепке дайын, бірі дайын емес. Кейбірі "біз тізімде неге жоқпыз? Неге бізді қоспаған?" деп те ренжіп жатыр. Біздің өзімізге хабарласып, көмек сұрап жатқандар да бар. Арасында киім сұрағандары да болды. Шамамыз келгенше қамтамасыз етуге тырысып жатырмыз. Қазір 11 отбасыны таппай қалдық. Олардың үйі бүлінген, бірақ қалада емес екен. Оларды тауып, үлестіруіміз керек, - деді Арыс қаласында жүрген Ғани Темірәліұлы.

2019 жылғы 24 маусымда Арыс қаласындағы әскери оқ-дәрі қоймасында жарылыс болып, жергілікті ондаған мың тұрғын мекен жайын тастап қашуға мәжбүр болған. Олардың көбі қаладан өз күшімен шыққан. Жарылыстан төрт адам мерт болған.

28 тамызда билік Арыс тұрғындарына үйлеріне оралуға рұқсат берді. Жергілікті биліктің мәліметінше, жарылыс салдарынан қаладағы үйлердің 85 пайызы бүлініп, 20-дан астам үй өртеніп кеткен. Үкімет Арыстағы бүлінген тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды бюджет есебінен қалпына келтіруге уәде еткен. Қалада жөндеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Тұрғындардың кейбірі жөндеу жұмыстарына көңілі толмайтын айтады.

Соңғы он жылда Арыс қаласында әскери оқ-дәрі сақталатын қоймалар мен оларды жоюға арналған жерде төрт рет жарылыс болып, бірнеше адам қазаға ұшыраған. Биыл маусымдағы жарылыстан кейін қорғаныс министрлігі әскери оқ-дәрінің "елдімекендерден аулақ жерге" көшірілетінін мәлімдеген.

Арыс қаласында 45 мыңға жуық адам тұрады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1458
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3225
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282