Нұр-Сұлтанның білім басқармасы министрлікке бағынбай ма?
Жуырда мектептерде дүние жүзі тарихы пәнін орыс тілінде оқыту туралы айтылып қалды. Алайда, ол қоғам тарапынан қолдау таппады. Кейіннен Білім және Ғылым министрлігі оның жалған ақпарат екенін айтып, сенбеуге шақырды. Ал, күні кеше “Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы” мемлекеттік мекемесінің басшысы Әнуар Жанғозин Елорданың бірнеше қазақ мектептері аталған пәнді орыс тілінде оқу туралы бұйрық шығарыпты.
Ал, 8-шілде күні Білім және Ғылым министрінің кеңесшісі Ерболат Мұхамеджан әлеуметтік желідегі парақшасында аталған ақпараттың жалған екенін жазып, тіпті, арандатушылық деп есептейтінін де айтты.
Ерболат мырзаның пікірін қаз-қалпында келтірейік:
-Кешеден бері әлеуметтік желіде "Дүние жүзі тарихы" пәні оқу жылы басынан қазақ мектептерінде орыс тілінде оқытылады деген жалған ақпарат таратылуда.
Біріншіден, бұған дейін жазғанымдай, әлеуметтік желіде жарияланған «fake ақпаратқа» сенбеулеріңізді сұраймын. Бұның бәрін арандатушылық деп есептеймін.
Екіншіден, иә, расында, бұл мәселе осыдан бірнеше жыл бұрын көтерілген. Бірақ, сіздерге нақты сеніммен айта аламын, қазір жалпы білім беретін қазақ мектептерде Дүние жүзі тарихы пәні орыс тілінде оқытылып жатқан жоқ. Қазіргі уақытта жалпы білім беретін мектептерде осы пән оқыту тіліне байланысты, яғни қазақ сыныптарында қазақ тілінде, ал орыс сыныптарында орысша жүргізіліп жатыр, бүгінгі күні басқа жоспар жоқ.
P.S. Барлық сұрақтарға БҒМ әрқашан жауап беруге дайын. Сондықтан алдын ала осындай сұрақтарыңызды анықтап алуларыңыз дұрыс.
Алайда, Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасы Білім және Ғылым министрлігінің бұл талабын ескермеген сияқты. Есесіне, Жанғозин мырза қазір мектептердегі балалардың мектеп ғимаратын тазалап, техникалық қызметкерлерге көмек көрсетуіне қатты мән беріп жүрген көрінеді. Өзі де жұмыстан соң техникалық қызметкер әйелдерге көмектесемін деп шешім қабылдаған ол, #өзіңненбаста деп аталған эстафетасын Нұр-Сұлтандағы барлық білім беру ұйымдарының басшыларына жолдаған.
Бұл Жанғозин мырзаның жапондық үлгіде бала тәрбиелеуге жасаған шын насихаты ма, әлде, қоғам назарын әлгі бұйрықтан басқа жаққа аудару үшін ойлап тапқан айласы ма?
Қалай десек те, бұл тақырып қазір әдәуір талқыға түсіп жатыр. Ал, Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл мәселеге қатысты:
-Мектеп бюджетінде әкімшілік-техникалық персоналға тиісті қаражат пен штат қарастырылған. мұндай жұмыстар оқушылардың өз бастамасы бойынша және ата-аналардың рұқсатымен ғана жүргізіледі, - деп пікір білдіріпті.
Алайда, дәл қазір қоғам үшін баланың техникалық қызметкерге көмектескенінен де, "қазақ баласы әлемдік тарихты не себепті орыс тілінде оқиды?" деген сауал маңызды боп тұр.
Сонда бұл мәселеде Білім және Ғылым министрлігі жалған ақпар беріп отыр ма, әлде, Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасы Аймағамбетов басқаратын министрлікке бағынбай ма? Бұл сауалдарға министр Аймағамбетов не дейді?
Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz