Ақселеу ағаның әңгімесін тыңдау ғанибет еді...
Ақселеу ағаның әңгімесін тыңдау бір ғанибет қой. Ол кісі әңгіме айтқанда, байырғы әңгімешіл қазақтың соңғы тұяғындай көрінетін бізге. 1994 жылы Алматыда диссертация жазумен шұғылданып жүрген кезімде қоңыр күздің бір кешінде Ақселеу аға Сейдімбектің әңгімешілдігіне куә болғаным бар еді. Ол кезде мен арнайы ғылыми жолдамамен Ғылым Академиясының Әдебиет және өнер институтында тәжірибеден өтіп жатқан уақытым еді. Ғылыми жетекшім Сейіт аға Қасқабасов Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің Никольск базарының жанында орналасқан біліктілікті көтеру институтының жатақханасынан бөлме алып берген болатын.
Көршім - Қарақалпақстаннан докторлық диссертация жазу үшін келген Қаржаубай Жұмажанов деген кісі. Бір күні ол маған: «Бүгін кешкілік бөлмеге ертерек орал. Ақселеу Сейдімбек пен Шәкір Ыбыраевты шай ішуге шақырып отырмын, Алматының жанында тұратын балам палау бастырып алып келеді, бірге бол»,-деді. Құп алдым.
Кешкілік қуықтай бөлмедегі шағыр столға төрт кісі жайғасып, ұзақ сонардың уақытын алған әңгіме- шайға жайғастық Ахаң сол отырыста «Сөйлесе - сөздің шешені, толғанса - терең ойдың көсемі» екенін танытып, көсіле әңгіме айтты. Шәкең оны әлсін-әлсін «Ахаң бұған не деді екен?» деп, көтермелеп, қолпаштап отырды.
Еркін жағдайда отырып әңгіме ағытылған кеште Ахаң не себептен фамилия орнына өзінің шыққан сойын -Тарақтыны жазып жүргенін айтты. «Мен мұны руымды көрсетейін, мақтанайын деп, болмаса тайпалық сананың жалауын желбіретіп жүрген жоқпын. Орыстың дәстүрінен орныққан «ов»-тан құтылудың бір әдісі ретінде қолданып жүрмін. Бір күні қызықты оқиға болды. Ономастика жөніндегі республикалық кеңестің мүшесі болып жүрген кезім. Сол комиссияның кезекті бір кеңесінде қазақ арасында, соның ішінде зиялылардың, руды фамилия (тек) етіп алу көрінісі сыналды. Менің де атым аталды. Реті келгенде сөз алып өз ойымды айттым. Дау-талас туды. Сонда академик Манаш Қозыбаев тұрып былай деді: «Руды фамилия етіп алу, ел-жұрт арасына іріткі салуы, тәуелсіздік алып жатқан жас мемлекетіміздің бірлігін бұзуы мүмкін. Сондықтан мұндай дәстүрге әуес болмайық. Ал Ақселеуге бұл жарасады. Оған рұқсат берейік. Осымен әңгіме тамам болсын»,- деді. Осылайша «Тарақты Ақселеу» атты тегімді республикалық ономастикалық кеңес арқылы, Манаш ағаның арқасында «ауызша бекітіп» алғамын»,- деп күлді.
Әңгіменің ауаны «тарақтыларға» ауғандықтан, Ахаң Тарақты руынан шыққан атақты би-батырларды түгендей бастады. Әңгіме Түркістанда жатқан Наймантай батырға ауысты. «Мен сендерге, - деді Ақселеу аға, - Наймантай мен Тама Есет батырдың дос атанып, құда болу аңызын айтып берейін. Сол құдалықтың соңы бүгінгі Асанәлі Әшімов пен Ілия Жақановқа да қатысы бар»,- деп бір елеңдетіп қойды.
- Ертеректе Тамалардың қыс қыстауы мынау қазіргі Өзбекстан жеріндегі Үшқұдық маңы, Тамды өзенінің бойы екен де, жаз жайлауы Торғайға даласына асатын Ырғыз бойында болған. Тарақтылардың қыстауы Сарысу бойы екен де, жайлауы Ұлытау, Қима өзенінің бойы екен. Қазақ ішінде барымта-қарымтаның көп кезі. Ол кезде «мен» деген батырлар барымтаны я жаудан, не болмаса жаудан олжа түсіріп, онымен бөліспеген ауылдан алады екен. Бір жылы Тама Есет батыр қалмақты шауып, табын-табын жылқы айдап келіпті-мыс. Таңбасы бір Тамадан олжа дәметкен Тарақты Наймантай «атасы бөлек, діні бөлек қалмақтан түскен тегін олжа ғой» деп, Есет батырдан өзімсініп сый күтеді. Бірақ батырдан батырға сый келе қоймайды.
Бір күні жаз мезгілінде Ұлытауды жайлап отырған Тарақты Наймантай Ырғыз бойындағы Тама Есеттің аулына барып, «өзіме тиісті олжаны алдым» дегендей, жылқы барымталайды. Наймантай жылқыға тиісіп жатқанда, Тама Есет батыр табыннан алыста орналасқан ауылда екен. Хабар Есет батыр аулына таң ата жетеді. Есет батырдың бәйбішесі жайсыз хабарды естісімен: «Мен саған айттым ғой еркек емессің, батыр емессің деп, батырдың жылқысын жұрт барымталай ма екен?»,- дейді. Бәйбішесінің бұл бір емес, бірнеше рет айтуы екен. Бұрын айтқанда батыр: «Қаһарымнан қалмақ ығысқан даңқымды қатындығына салынып көре алмай жүр ғой».- деп ойлап, мән бермей келген екен.
Осы жолы сол сөз ауыр тиіп, ашуға булыққан Тама Есет батыр жорыққа аттанардай бес қаруын бойына артып, қол жинамастан барымташылардың артынан жалғыз қуа жөнеледі. Барымташылар да едәуір ұзап, Ырғыздың Торғайға ұласатын мойынына жетіп қалған екен. Артынан «қайт» деп жалғыз шауып келе жатқан кісіні көріп, Тарақты Наймантай: «Мынау дәу де болса, Тама Есеттің өзі шығар. Қалмақтың құтын қашырған жүрек жұтқан батыр жылқы алған барымташылардан қорықсын ба, жалғыз қуып келеді екен»,- дейді де, маңындағы жігіттерді сол жерде қалдырып, өзі Тама Есетке қарай қарсы шабады. Әудем жер қалғанда, Наймантай батыр Тама Есетке былай дейді: «Қалмақты шауып, ортаға олжа үйірді деп естіп едім. Сыйласқан кісіге атасы бөлек қалмақтан түскен олжадан татырмады» деген өкпемен өшімді жылқы барымталауға салып едім. Жекпе-жекке шығып, күш сынасайық, жеңген - жылқыны айдап кетсін»,-дейді.
Екі батыр осы сөзге тоқтап, сол жерде күш сынасады. Алдымен ақ найзаны қолға алып, айқасқа түседі. Наймантай батыр Тама Есеттің найзасын қағып түсіреді. Кезек жалаңдаған қылышқа келеді. Бұл жолы да жеңіс Наймантай жағында болады. «Ер кезегі – үштен» дегендей, соңғы күш сынсуды ат үстіндегі белдесумен өткізбек болып келіседі. Екі батыр белдесе кеткенде, Наймантай қарсыласын ер үстінен көтеріп жұлып алып, көкпар тартқандай ат үстіне көлденең өңгеріп алады. Сол кезде, Тама Есет батыр мырс етіп күліп жібереді. Наймантай батыр дереу: «Неге күлдің, батыр?», - дейді. Сонда Тама Есет: «Бәйбішем еркек емессің, батыр емессің дейтін. Сол сөздің растығына күлдім»,-дейді. Тама Есеттің аузынан шыққан мына сөзді естіген мәрт Наймантай батырды босатып: «Қалмақтың табасынан қатынның табасы жаман» деген, түс аттан, жылқыны алдыңа сал, мені байла да, атыңа өңгеріп, аулыңа апар»,- дейді.
Тама Есет Наймантайдың айтқанын істейді. Наймантайды байлап-матап, алдына өңгеріп алып, бәйбішесінің алдына әкеліп, өңгерілген тұтқынды «дүңк» еткізіп тастай салады. Ауылдың ақсақалдары, кісілері де жиналып қалады. Тұтқынға қараса - Орта жүздің ноқтағасы Тарақтыдан шыққан Наймантай батыр. Содан батырдың бәйбішесі Тама Есеттің алдына тізерлеп отырып, «қате айтыппын, жаңылыс айтыппын, нағыз еркексіз, нағыз батырсыз» деп кешірім сұрайды.
Ауыл ақсақалдары «Атақты батырды бұлай қорлаған жарамайды, таңбасы бірдің таласы бір» деген, қалмақтан келген жылқыға таласып, өзімсіп барымтаға келген екен. Бізден де ағайындық айып бар. Босатыңдар, батырды»- дейді.
Сөйтіп, Тамалар Тарақты Наймантай батырды тұтқыннан босатып, қасындағы жігіттерін қосып, қонақасы береді. Ас үстінде қонақтарды күтіп жүрген Тама Есеттің сұлу қарындасына Наймантай батырдың көзі түседі. Ертеңіне Тама Есет Тарақты Наймантайды жігіттерімен бірге, сый-сыяпат беріп аттандырады. Еліне келген Наймантай ауылдың беделді кісілерін Тама аулына құдалыққа жіберіп, Есет батырдың қарындасын алады. Осылайша таңбасы бір тайпалар құда атанады.
Тама Есет дүниеден өтіп, Ырғыз, Елек бойына орыстар бекініс салып, көш-қон тарылған уақытта Тамалардың бір бөлігі Сарысуға- құдаларына қарай ауып, көшіп келеді. Енді олар Тарақтылармен бірге Сарысу мен Сарыарқа арасын жайлай бастайды. Сол Тамалардың бүгінгі ұрпақтарының бірі әрі бірегейі Асанәлі Әшімов пен Ілия Жақанов»,- деп әңгімесін аяқтап, Ахаң қалтасындағы «Құнанбай шақшасына» қол салды... Сол кеште маған ол «Күй шежіре» атты кітабына қолтаңба қойып, сыйға тартты.
Алмасбек Әбдсадықтың facebook парақшасынан
Abai.kz