Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 3567 0 пікір 1 Тамыз, 2011 сағат 07:47

Гүлназ Қадыр. Қазақстанды «қара тізімге» іліктіргендер нені көздейді?

Егемендігімізді жариялаған соң әліптің артын бағып, ел үшін ғана тиімді емес, өзгелерге үлгі боларлық игі қадамдарға бару арқылы халықаралық саяси  сахнада бейбітшілік пен ынтымақтастықтың отаны ретінде ойып тұрып орын алдық. Енді міне «Лаңкестік қауіп төндірген ел» деген «атақты» елімізге таңу арқылы өзін әлемде теңдесі жоқ қуатты мемлекет санайтын АҚШ 20 жыл қасықтап жинаған абыройымызды бір-ақ күнде шөміштеп төкпек. Нәтижесінде біздің елден АҚШ-қа шығатын жолаушылар тексеру пунктінде ерекше бақылаудан өтеді деп байбалам салуда. Баққан адамға мұның астында жай бақылаудағы қырағылық таныту ғана емес, өзге саяси астар бар.

Егемендігімізді жариялаған соң әліптің артын бағып, ел үшін ғана тиімді емес, өзгелерге үлгі боларлық игі қадамдарға бару арқылы халықаралық саяси  сахнада бейбітшілік пен ынтымақтастықтың отаны ретінде ойып тұрып орын алдық. Енді міне «Лаңкестік қауіп төндірген ел» деген «атақты» елімізге таңу арқылы өзін әлемде теңдесі жоқ қуатты мемлекет санайтын АҚШ 20 жыл қасықтап жинаған абыройымызды бір-ақ күнде шөміштеп төкпек. Нәтижесінде біздің елден АҚШ-қа шығатын жолаушылар тексеру пунктінде ерекше бақылаудан өтеді деп байбалам салуда. Баққан адамға мұның астында жай бақылаудағы қырағылық таныту ғана емес, өзге саяси астар бар.

Әрине, бұл мәлімдеме жайдан-жай жасалынған жоқ. Соңғы кездері елдің кейбір өңірлерінде атыс-жарылыстар оқтын-оқтын бой көрсетіп,  сүттей ұйыған тыныштығымызға сызат түскендей болды. Мәселен, ағымдағы жылдың 17-мамырында Ақтөбе қаласының ҰҚК-ті ғимаратының маңында 25 жасар қазақстандық азамат өзін-өзі жарып жіберді, ал тура бір аптадан соң Астана қаласының ҰҚК ғимараты маңында жеңіл автокөлік жарылды. 11 шілдеде Балқаштағы абақтыдан қашпақ болған азаматтар арнайы жасақталған топқа қарсылық білдіріп, жарылыс ұйымдастырды.  Бұл Талибтердің Қазақстанға жасаған ескертуінің көрінісі деген жандар да болды. Алайда, бұл жағдайдың ешқайсысы да құқық қорғау органдары тарапынан «лаңкестік» деп танылмағанымен, АҚШ-тың көзқарасын елімізді атышулы тізімге енгізуінен-ақ байқауға болады.

Оқиғаның бастауына көз жүгіртер  болсақ, 18-мамыр күні Қазақстан парламентінің төменгі палатасы НАТО-ның Ауғанстанда жүргізіп жатқан соғысына әскер жіберу туралы заң жобасын мақұлдап, сенатқа ратификациялауға жіберген болатын. Мұны естіген талибандықтар бұл іс-әрекеттің арты ауыр жағдайларға әкелуі мүмкін деген ескертпе жасады. «(Қазақстан) ел халқының тілегі және аумақтық мүдделерді ескерудің орнына АҚШ мүддесін қорғауға ниетті...», - деп келтіреді Reuters тәліптердің мәлімдемесін. Ақыр аяғында бұл заң жобасын Сенат мақұлдамаса да, бастапқы шешімнің өзі өзара түсініспеушілік отының тұтануына себеп болғаны айқын. Елімізді өздерінің әскери операциясына араластыру арқылы лаңкес атағына жол салып берген сол елдің өзі емес пе екен деген сауал туындайды.

Міне, абайламаған адымның соңы айналдырған 2,5 ай ішінде Қазақстанды лаңкестік өркен жайып бара жатқан ел деп жаһанға жар салуға мүмкіндік туғызды. Бір таңқаларлығы бұл қара тізімге көбіне мұсылмандықты ұстанатын, қара алтынға бай елдер ілігуде. Ондағы 35 ел ішінде әлемдік мұнай қорының 25 пайызына ие Сауд Арабиясы, мұнайгаз қорынан әлемде екінші орында тұрған Ирак, үшінші орынды иеленетін Біріккен Араб Әмірліктері, мұнай газ байлығы бойынша әлемде бесінші орындағы Түркменістан да бар. Енді міне қара алтыннан кенде қалмаған Қазақстан да осы тізімге ілікті.

Сонда АҚШ-тың көздегені не деген заңды сұрақ туындайды. Осы жайлы пікірлерін ортаға салу үшін, саяси сарапшылармен арнайы хабарласқан болатынбыз:

Дос Көшім, саясаттанушы, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі:

-  Қазір ғаламдану процесі болып жатыр ғой.         Осы үрдістің өзі Шығыс, Азия елдеріне, жалпы мұсылман елдеріне қарсы жасалынып жатқан бағдарлама сыңайлы. Соңғы кезде анық байқалатыны, батыстықтарға кез келген жерде сылтау керек. Мысалы, Ливиядағы жағдайға, Муаммар Каддафиге қатысты мәселеге де батыс елдері әсересе АҚШ елі қарап қалмай, өз бағытын беріп, өз көзқарасмен араласты. Және бұл елдерде күш қолдану мәселесі, басқа елдердегі жағдайларға белгілі бір баға беріп, санкция жасау мүмкіншілігі мол. Біз АҚШ-тың Қазақстанды лаңкестік қауіп төндіріп тұрған елдердің қатарына қосуына байланысты бір нәрсені жақсы түсінуіміз керек. Біздің елде секталардың ойына келгенін жасауға қолайлы жағдай жасалған. Еліміздің түрлі аймақтарында болып жатқан келеңсіздіктерге көз жұма қарамай, оған көңіл аударғанымыз абзал. АҚШ тарапынан берілген баға бізді терроризмге қарсы күресті бұдан да белсендірек жүргізуге итермелеуі тиіс.

Әзімбай Ғали, саясаттанушы:

- АҚШ-тың бұл мәлімдемесіне өкпелеудің қажеті жоқ. Шындығында 16 миллион халықтың бәріне біз кепілдік бере алмаймыз. Бұл бізге қосымша проблема тудыратыны айқын. Біздің халықты дабырлатпау үшін еліміз көп келеңсіздіктерді құпия сақтап қалуға тырысады. «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, бұл Қазақстанның, әрі АҚШ-тың қауіпсіздігі мақсатында жасалған мәлімдеме деп бағалаймын. - деді.

«Айтылған сөз - атылған оқ» демекші АҚШ-тың бұл мәлімдемесінен соң қазақстандық билік қол қусырып отырмай, АҚШ-тан бірден түсініктеме беруін  өтінді. Қазақстандағы АҚШ елшісінің кеңесшісі Джефри Секстон:

"АҚШ үкіметі Қазақстанды қандай да бір жолмен террорды қолдап отырған ел деп қарастырмайды. Керісінше, біз Қазақстанды террорға қарсы ортақ күрестегі стратегиялық әріптес деп танимыз" деп жылы жауып қойды. Алайда еліміз бұл талабы арқылы ұтқаны шамалы. Себебі, Қазақстанды қара тізімнен шығара қойған АҚШ жоқ. Билік тізгінін ұстап отырғандар мұнымен шектеліп қалған жоқ. Өткен аптада Елбасы Н.Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысында құқық қорғау органдары мен өзге мемлекеттік органдарға діни-экстремистік көріністерді ашу және жедел әрекет ету жөнінде тапсырма берді. Астана, Алматы қалаларының және облыстардың әкімдері тәрбие жұмыстарын күшейтіп, діни бірлестіктердің қолданыстағы заңнама нормаларын қатаң сақтауын қадағалаулары керек екенін ескертіп, іс жүзінде ауқымды міндеттер Дін істері агенттігіне жүктелетінін жеткізді.
Сол күні Елордамыз Астанада лаңкестікке қарсы күрес тақырыбы халықаралық конференцияда талқыланып, іргелі ойлар қозғалды. Онда сөз сөйлеген  Құранның орыс тіліндегі түсінігінің авторы,  академик Валерия Порохованың «Ислам сөзінің өзі - бейбітшілік, тыныштық, қауіпсіздік дегенді білдіреді. Сондықтан баспасөз «исламдық терроризм» деген терминді қолданғанда, бейбіт, қауіпсіз терроризм болып шығады... Осындай филологиялық былық-шылықтың бәрі баспасөзден шеттетілуі керек.... Ең алдымен терроризмге не итермелейтінін және бұл кім үшін тиімді екенін түсіне білген жөн» деген сөзі ой саларлық.

Елімізде түрлі діни ағымдар өрісін кеңге жайып бара жатқандығы ащы да болса шындық. Қоғам арасында іріткі салып, тыныштығымызды бұзатын бұл ағымдар өздігінен жоқтан бар болған жоқ, әлдекімдердің мықты қаржыландыруы мен қолдауының арқасында өріс жаюда. Ал қазекең болса, теріс пиғылды өзге елдердің мақсатын сол ағымдарға аяқ басу арқылы өз еркімен жүзеге асыратын қолбалаға айналып бара жатыр. Өзімізді өз қамшымызбен сабау деген осы. Жалпы елдің болашағы үшін тек саясаткерлер мен бірен-саран ұлтжанды азаматтар ғана емес, әрбір тұрғын алаңдаулы болмайынша, жан-жақтан жалмаңдаған айдаһарларға төтеп беруге келгенде әлсіз болатынымыз айқын.

Елімізге терроризм мен экстремизм сынды әрекеттер ғана емес, кен, мұнай саласы қызметкерлерінің ереуілі сияқты әрекеттер де абырой әпермейді. Қарап тұрсаңыз, сырттағы сыншылар соңғы кездері   оғаш кетер тұсымызды тышқан аулаған мысықтай аңдып отырған сыңайлы.  Жуырда Қарағанды өңіріне арнайы келген Еуропалық парламент депутаты Пол Мерфи  «Время» газетіне берген сұхбатында «Біз «Арселор Миттал» кеншілерімен кездестік. Олар маған өндірісте қауіпсіздік техникасының өрескел бұзылуы фактілері жайлы хабарлады... «Арселор Митталдың» қазақстандық және шетел жұмыскерлерінің көз жасы негізінде гүлденіп келе жатқанын түсіндім. Ал билік жұмыскерлерді қорғауға дайын емес, олар дауға тек жұмыс берушілердің мүддесін қорғау үшін ғана араласады» деп жар салды. Өз құқығын қорғауға шыққан Маңғыстаулық мұнайшылармен де кездескен Мерфи жүздеген жұмыскерлердің санын, көзіне елестеді ме екен, 4 мыңнан асады деп, мұндағы жағдайды да Еуропарламент депуттарына толық баяндайтынын айтумен болды. Саясаткердің өз елінде болып жатқан католиктер мен протестанттар арасындағы қақтығысқа емес, біздің елдегі демократия мен адам құқығының бұзылуына бас ауыртуының түбінде де шикілік бар екенін түсіну қиынға соқпайды. Қарағандылық шахтерлермен кездеспес бұрын  Астанада аялдаған Ирландияның Социалистік партия секциясы хатшысының саяси кеңесшісі Таня Нимейер де елордамызда көрген әділетсіздікті БАҚ өкілдеріне ашық айтудан тайынбады. Оның сөзінше Астананың сырт келбетінен-ақ бай және кедей аудандар болып бөлінетінін байқауға болады. «Бұл нағыз әділетсіздік қой» дейді Таня ханым. «Сақ ит көріп үрсе, сабалақ ит еріп үреді» дегеннің дәл өзі. Ел ішіндегі саяси жағдайларға өзге елдің араласуына мемлекет ратификациялаған халықаралық құжаттар негіз болары хақ. Алайда көп жағдайда бұл араласудың түбінде қарапайым халықтың мүддесін қорғау емес, сол қолайсыз жағдайдан өздеріне тиімді тұсын өндіріп алу жатқанын ескерген абзал.

Әрине, жас болса да, көсегелі елге айналу үшін көшелі ой қозғайтын елдің саяси сахнада сөзі салмақтырақ келеді. Осы орайда өз мүддесі үшін бір ауылдың, бір аймақтың, тіпті күллі елдің  атына кір келтіретін іс-әрекетке бару қаншалықты біздің ел үшін тиімді? Осы жағын таразыласақ, артық болмас. Әрине, өз құқығы аяқасты болмауын әр азамат қалайды. Онымен күресудің арты үлкен дауға айналмас үшін қарапайым халықты жұмыспен қамтып отырған жұмыс берушілер де өз әлеуметтік жауапкершілігі жайлы ойланса екен. Бұл өз кезегінде істерінің еш кедергісіз ілгері басуына, сонымен қатар, елдің әрі қарай дамуына айтарлықтай ықпалын тигізбек. Елбасымыз Н.Назарбаев айтпақшы «Бүгінгі істеліп жатқандардың барлығы да болашақ ұрпақ үшін». Ендеше ертеңім деген әрбір азамат бүлікпен емес, бірлікпен таң атырса игі.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052