Сенбі, 23 Қараша 2024
Тамыр 13960 29 пікір 20 Қыркүйек, 2019 сағат 19:11

«Қазақ» және «жүз» сөздерінің этнонимдері туралы...

(Немесе Тамалар Арқаға қайдан келді)

Бұл сұрақтың жауабы қазіргі тілмен айтқанда, бүгінгі Түркістан облысы және Жамбыл, Қарағанды облыстарын мекен еткен тамаларды бей-жай қалдырмасы анық. Себебі, Оңтүстікте орналасқан тамалар мен Қарағанды облысындағы тамалардың ата-бабаларының түп негізі – Арқадағы тамалар. Кейіннен түрлі тарихи жағдайларға байланысты, Арқадағы тамалардың негізгі дені, қазіргі Түркістан және Жамбыл облыстарына шашырай қоныстанды.  Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Десек те, ата-баба тарихы-асыл мұрамыз. Себебі, бабалар тарихы-бұл біздің ұлттық өзегіміз, өз генологиямыз туралы тарих.

Арғы жағы қыпшақ, бергісі де орта жүз тайпалары Найман мен Арғын, Тарақтылардың ортасына Кіші жүз тамалардың орналасуы сырт көзге біртүрлі тосын жағдай секілді болып көрінері анық дүние.

Сонда, қазақи түсінікте Орта жүз терреториясы болып есептелінетін Арқа жеріне тамалар қайдан келген?

Арқаға тамалардың қоныстануы жайлы ел арасында екі түрлі аңыз бар. Халық аузындағы түрлі аңыз әңгімелер мен мұрағаттық құжаттарға негізделген тарихи деректер молынан қамтылған Пернебай Дүйсенбин ағамыздың "Үркердей болып көшкен жұрт" кітабында сол екі аңыздың екеуі де жазылған. Оқушыға түсінікті болу үшін П. Дүйсенбин кітабынан үзінді келтіруді жөн санадық.

Пернебай Дүйсенбин: "Осы күнге дейін түрлі басылымдарда, ауызекі әңгімелерде Кіші жүздің Тама, Шеркеш алшын,Жағалбайлы әулеттерінің Оңтүстік өңірге, Сарысу бойына қай кезде қоныстанғаны жөнінде түрлі әңгімелер алға тартылады. Бірақ бұл пікірлердің көпшілігі нақты тарихи құжаттармен айғақталмайды. Бұл орайда жазушы Дулат Шалқарбаев көнекөз қариялар әңгімелеріне негізделген мына төмендегі мәліметтерді алға тартады.

1928 жылы 3 қыркүйек айында Қызылқұм, Сарысу, Созақ, Шу аудандары құрылды. Сарысу ауданы құрамына бұрынғы Сарысу өзенін жайлап, Шуды қыстап жүрген 9 болыс кіреді. Бұлардың 7 болысы Кіші жүз рулары, 2 болысы Орта жүз Тарақты болатын.

Ал, мұндағы Кіші жүздер Сарысу бойындағы жылқының түгіндей қаптаған Орта жүз ішіне сыналап кіріп,қайдан жүр,- деген сұрақ тууы мүмкін. Оған шама-шарқынша жауап бере кетейік. Атақты "Ақтабан шұбырынды" кезінде қазақ халқын билеген үш хандықтың мәмілеге келіп, кіші жүздің ханы Әбілқайырды бас сардар етіп, 1726 жылы жоңғарға қарсы қырғын соғыста оларды ойсырата жеңгенін білеміз. Жауды жеңгеннен кейін Әбілқайырдың қолы еліне қайтқанда Кіші жүзден 17 батыр Абылай сұлтанның қол астында қалып кетеді. Өйткені олар Абылаймен өне бойы бірге  жүрген қанды көйлек жанқияр жолдастар еді. Соғыста үзеңгі қағысып бірге жүрді, бірін-бірі сыйлай білді. Сөйткен майдандас достар бірінен-бірі ажырасқысы келмеді. Абылай өзінің қарауында қалғысы келген достарына Сарысу бойындағы Қоңырөлең, Толағай, Жарық, Бастау, Түгіскен деген жерлерді мекендеуге енші етіп береді. Қариялардың айтуы бойынша, ол батырлар мыналар: Малғара, Өтебай, Өтеген, Рәмет, Жұма, Қозыбақ, Тойғұлы, Қосағалы, Түктіқұрт, Қарамерген, Бекберген, Ақша тағы басқалары. Олар кейін батыс өлкедегі ел-жұрттың біраз бөлігін көшіріп әкеледі",- деп жаза отырып, екінші аңызда "Ұлы Даланың Ұлытауы" атты кітаптың авторы, жазушы, өлкетанушы Қуаныш Ахметовтың жазбасы арқылы береді.

Қуаныш Ахметов: "Арқаға Кіші жүздердің ең алғаш қоныстануы жайлы менің білетінім мынау: Ол жайлы 1978-1979 жылдары Шет ауданында тұрған Ермек Мустафин деген көне сөздерден хабары мол, әнші, ақын азаматтан естіген едім.

Тәуке хан заманында (1685-1718 ж.ж) Атасу жақтағы Алтай Қарпықтар мен Ұлытау өңіріндегі Бағаналы наймандар арасындағы бір дау әбден өршіп,рулар арасындағы бейбіт өмір бұзылып, жылдар бойы басылмай қояды. Бір-бірінен мал айдап кету, кісі өлімдері секілді оқиғалар тіпті көбейіп, қақтығыс асқынып, бой бермей кетеді. Хан Кіші жүздегі Әйтеке биге жарлық беріп,өзіне қызметке жүз жігіт сұратады. Талабы мынау: Жігіттер әрқайсысы бес адамды ұрып жыққандай қауқары болсын әрі бойдақ болсын. Бұл шамамен 1711 жылы тіптен одан да бұрынырақ болған оқиға сияқты. Өйткені Әйтеке би 1711 жылға дейін қайтыс болған.

Содан Тәуке хан жігіттердің біреуіне Арғыннан, біреуіне Найманнан дегендей қыз алып беріп, бас-басына отау тігіп, алдарына қазынадан жеткілікті мал салып,оларды 5-6 үйден Сөрті мен Сарысу бойына айқайлағанда бір-біріне дауыстары жететін жерлерге орналастырып, оларға мынандай міндет артады: Арғыннан Найманға немесе керісінше кетіп бара жатқандарды байқап отырасыңдар, қызыл-жасыл киініп, сырнайлатып-кернейлетіп тойға, сауық-сайранға бара жатқандарда шаруаларың болмайды. Ал, түнделетіп, шоқпар асынып, сойыл сүйретіп жүргендерді әрі де, бері де өткізбейсіңдер (бітімгершілік күш деуге келеді).

Кіші жүз жігіттері хан тапсырмасын абыроймен орындап шыққан. Алайда бұл шаруа ондаған жылдарға созылған. Бұған Жоңғар шапқыншылығының да әсері болған сияқты (1723 ж). Ханнан жер алған Кіші жүз жігіттері Арқаға мүлдем орнығып қалады. Арттарында іздеушілері, жоқтаушылары бар ғой. Оның үстіне Кіші жүздегі орыс империясына қарсы үздіксіз көтерілістерден соң "итжеккенге" айдалатындар, жазаланатындар 1822 жылға дейін (Орта жүздің орыс қарамағына өтуіне дейін) дүркін-дүркін бой тасалау үшін Арқадағы туыстарға келіп қосылып отырған. Бұр үрдіс кейінге дейін жалғасқан. Осыны нақтылай түсетін деректер "Парасат" журналында (1990 ж №11) Рахымжан Отарбаевтың мақаласында да бар... Солай көбейіп, іргелі елге айналған..."- деп жазады.

(Пернебай Дүйсенбин. "Үркердей болып көшкен жұрт" 14-15-16-беттер. Алматы, "Литра-М"  баспасы-2007 жыл)

Әрине, бұл-ешқандай тарихи құжатқа негізделмеген, халық арасында түрлі нұсқада ауызша таралған-аңыз әңгімелер. Сондықтан да біз оны ғылыми негізде талдауды мақсат етпедік.

Ал, енді Тамалардың Арқаға қоныстануын кәсіби тарихшылар: "Тамалардың негізгі ата-қонысы Қазақстанның батыс бөлігі болса да,олардың Оңтүстік пен Орталық Қазақстанға келуін Ресейдің отарлау саясаты мен отаршылдыққа қарсы болған ұлт-азаттық қозғалыстардың салдарымен түсіндіруге болады", -деп жазады. (Тама.1-том, 2-кітап,25-бет.Алматы, "Алаш" тарихи зерттеу орталығы. 2005 жыл)

Ауызекі әңгімелер сүрлеуімен айтылған тарихшылардың бұл сілтемесі, Тамалардың Арқаға қашан келгеніне ғылыми тұрғыда жауап бере алмайды. Бұл көзге анық көрініп тұрған шындық. Сонда Тамалар Арқа жеріне қашан келген?

Бұл сұраққа жауап беру үшін тарихқа аз-кем шолу жасай отырып, "Қазақ", "Жүз", "Тайпа", "Тайпалық одақтар"  немесе  "Тайпалық бірлестіктер"  деген сөздер мен сөз тіркестерінің этимологиялық мағынасы мен тарихын біліп алғанымыз жөн.

"Қазақ" этнонимінің пайда болуы, Қазақ хандығының жеке мемлекет болып құрылуымен тұспа-тұс келді десек,  бір жақты үстірт кетіп адасамыз. Себебі, "Қазақ" деген сөз Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі дәуірде де қолданыста болғаны белгілі.

Көптеген ғалымдар "Қазақ" сөзінің шығу тегін Қазақстан территориясында б.з.д VII-VI ғасырларда өмір сүрген сақ тайпаларының атымен байланыстыруды ұсынады. Қазақ тарихын архиологиялық қазба жұмыстары арқылы көп зерттеген тарихшы ғалым А. Н. Берштам "Қазақ" сөзі "Каспа", "Кас" және "Сақ" тайпаларының бірігуінен жасалды десе, академик Ә. Х. Марғұлан Хазарлар арасында "Хазар-ұқ" деген тайпа болғандығын баса көрсетіп, "Хазар-ұқ" сөзі "Қаз-ұқ", "Қазақ" болып түрлене өзгеруі мүмкін,-деген ғылыми болжам айтады. "Орыс тарихының атасы" деп мойындалған Н. М. Карамзин "История государство Российского" еңбегінде Кавказдың солтүстік-батысында "Казахия" елі туралы мәлімет келтірсе, Х ғасырдағы араб тарихшысы әрі геогрофы Әл-Масудидің "Китаб ат-тарих ва-ль шираф" деген шығармасында Кубань өзенінің жағалауындағы Кавказ халықтарының этникалық аумағын "Әл-Касакия" деп жазады. Немістің көрнекі шығыстанушы ғалымы И. Маркварт "Касаг" термині этностың атауын білдіреді десе,авторы белгісіз парсы тілінде Х ғасырда жазылған "Худуд әл-алам" деген географиялық еңбекте "Касаг" сөзі этникалық атау емес, Қаратеңіз жағалауындағы қала атауы деп жазады. Ал, белгілі лингвист ғалым А. Н. Самоилович өзінің "О слове "казах" еңбегінде, "қазақ"сөзінің пайда болуын XI ғасырға жатқызады. Жазбаша әдебиетте "қазақ" термині алғаш рет 1245 жылы мәмлүктік Египеттегі "Қыпшақ-Араб" сөздігінде кездеседі.

Осы ғылыми деректерге жүгіне отырып айтарымыз; "қазақ" сөзі Қазақ хандығының құрылуынан әлдеқайда көп уақыт бұрын пайда болған. Себебі, этноним мен мемлекет көп жағдайда бір уақытта пайда бола бермейді. Бұл ғылымда дәлелденген ақиқат жағдай.

Ал,енді "Қазақ" сөзінің қандай мағына беретініне келсек, "Қазақстан тарихы" ғылымы: "Түркі тілінің атақты маманы, академик В. В. Радлов: "Қазақ сөзінің мағынасы-тәуелсіз,ерікті адамдар", - деп жазады. Бұл пікірді А.Н.Самоилович те қолдаған. Ал, Ш.Құдайбердіұлы "қазақ" сөзінің мағынасы-өз алдына ел болып, еркін жүрген халық, -деп жазса, тіл маманы Телқожа Жанұзақов "қазақ" сөзінің бірінші бөлігі "қаз", "қас" Алтай, Орал, Кавказ тағы басқа түркі тілдер тобында "еркін", "ер", "ер жігіт" деген мағынаны білдіретінін дәлелдеген", -деп жазады. (С.Жолдасбеков. "Қазақстан тарихы" оқулық. "Мектеп" 2010 жыл.

Отандық туркология ғылымының көрнекті өкілі, академик А.К.Құрысжанов өзінің "Исслеодование по лексике старо-кыпчакского письменного памятника ХIII века" атты ғылыми еңбегінде "қазақ"сөзінің "еркін", "кезбе", "тәуелсіз" деген мағына беретінін лигнвистика жолмен,ғылыми негізде тамаша дәлелдеген.

Жоғарыда келтірілген ғалымдар пікірін қорытындылай келе, бірер сөзбен ойымызды тұжырымдасақ: "қазақ" этнонимі "еркін", "ер", "тәуелсіз", "ерікті адамдар" деген мағына беретін көне түркі сөзі болып шығады.

Қазақ халқының тарихын сөз еткенде қазақ халқын құрайтын үш жүзді, яғни Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүздерді айтпай кету мүмкін емес. Көптеген зерттеушілер қазақ "жүздерін" арабтың "джуз" - бір нәрсенің басты бөлігі, "тармақ" деген сөздермен сәйкестендіреді. Қазақ жүздерінің пайда болуы туралы нақты деректер жоқ. Осы уақытқа дейінгі зерттеушілер "жүз" мәселесінің толық, жан-жақты зерттелмегенін мойындай отырып, өзіндік қорытындылар жасайды. Мәселен, Н.А.Аристов,  Г. Н. Потанин секілді зерттеушілер жүздердің шығуын халық арасындағы кең таралған аңыз әңгімелер негізінде түсіндіреді.Бұл авторлардың айтуынша қазақтың үш жүзі бір адамның үш баласынан тараған. (Г. Н.Потанин. Казак-киргизские и алтайские предания,легенды и сказки. Аристов. Н.А. Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей.)

Қазақ деген бір адамның Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс атты үш баласынан қазақтың үш жүзі тарайды деген аңыз әңгімелер көптеген рулық шежірелер мен ел арасында ауызша айтылатын әңгімелерде күні бүгінге дейін кездеседі. Қазақ деген бір адамның Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс атты үш баласынан қазақтың үш жүзі тарайды деген тұжырымдар, бүгінгі сауатты да білімді көпшіліктің ғылыми сұранысын қанағаттандыра алмайтыны өзінен-өзі түсінікті жағыдай. Қазақ жүздері бір адамның үш баласынан тараған деген тұжырымды біз, аңыз әңгімелерге негізделген топшылаулар қатарына жатқызамыз.

Ғалымдар С.А. Аманжолов (Вопросы диалектологии и истории казахского языка. А-Ата,1959г.) және Г.М. Әділгереевтің (К историй образования казахского народа. К.А.Н."Хабаршы" 1951 ж) ғылыми еңбектеріндегі пікірлері бойынша қазақтың үш жүзі ерте түркі дәуірінде басталып, X-XI ғасырларда аяқталады. В.В. Вильяминов-Зермов, М. Красовскилер қазақ жүздері XV-XVI ғасырлар шегінде,қазақ хандығының негізін қалаған үш ұлыстың территориясында құрылды десе, Ш. Уәлиханов қазақ жүздерінің шығуын Алтын Орданың бөлшектенуімен байланыстырады.

Ал, Бартольд географиялық ерекшеліктерге сай, көшпелі мал шаруашылығының жағдайынан туындаған,-дейді.

И.Вяткин жүздердің пайда болуына экономикалық және саяси жағдайлар әсер еткен десе, Т.И.Султанов қазақ жүздерінің пайда болуы жөнінде нақты жазба деректердің жоқтығын мойындай отырып, қазақ жүздері шамамен XV ғасырдың екінші жартысында ұлыстық жүйенің орнында пайда болған деген болжам айтады. (Султанов Т.И. "Кочевые племена Приаралья в XV-XVIIв-в. Москва.1982 г")

Қазақ жүздерінің пайда болуы жөнінде ғалымдар арасындағы пікірлер әртүрлі болғанымен, "жүз" сөзінің анықтамасы жөнінде ғалымдар арасында талас жоқ, керісінше олар бір ауыздан ортақ пікірге келеді. Ол пікір мынандай: "Жүз- XV-XVI ғасырларда қазақ хандығының аймақтық-әкімшілік бөлігі ретінде қалыптасқан тайпалық-рулық бірлестіктер." (Арғынбеков. Х.Л,Мұқанов. М.С. Восторгов. В.В. Қазақ шежіресі хақында. Алматы, 2000ж)

Жоғарыда аталған ғалымдардың деректері мен дәлеліне сүйене отырып,мына тоқтамға келеміз. Ол: қазақ халқын құрайтын үш жүз, қазақ шежірелерінде айтылып жүргендей туыстық-генологиялық байланыс емес, ол-территориялық, әкімшілік бөлініс.

Сөзіміз дәлелді болу үшін, Кіші жүздің алты ата Әлімінің бір атасы-Қаракесек руы. Ал, осы Қаракесек руы Орта жүздегі Арғын тайпасының құрамында да бар. Орталық Қазақстанның оңтүстік-шығыс бөлігін мекендейтін Қаракесек руы географиялық жер ыңғайы мен саяси-экономикалық жағдайларға байланысты біразы Кіші жүз құрамына кіріп, көпшілік бөлігі Орта жүз құрамында қалса керек. Рамадан-Кіші жүз "Жеті ру" бірлестігінің бір руы. Ал, енді найман тайпасынан өрбіген Бағаналы руының бір атасы-Рамадан. Сол секілді Керей деп аталатын бір ата Найман тайпасы ішінде Төлегетай құрамында да бар.

Профессор С. Аманжолов түрлі экономикалық жағдайларға байланысты Төртуыл руының Арғын мен Найман тайпасының құрамына, ал Қаракесек руының Орта жүз бен Кіші жүз құрамына бөліне кіргенін мысалға келтіре отырып: "Исходя из этих фактов, можно приити к выводу, что деление на жузы (орды) было отнюдь не по признаку родство  племен, а по территориальному их расположению, т.е. в силу единство экономичиских интересов отдельных родов и племен",-(қазақшасы:Осындай дәлелдер тұрғысынан келгенде,жүзге бөліну-тайпалардың туыстық қатынасына байланысты емес,ол-тайпалар мен рулардың территориялық жағынан орналасуы мен экономикалық мүдделеріне байланысты болды. Еркін аударған Н.Махан.)-деп жазады. (С. Аманжолов. Вопросы диалектологии и истории  казахского языка.А-Ата 1959г.17 стр)

Автордың бұл пікіріне біздің өз тарапымыздан қосарымыз: Қазақ ру-тайпаларының жүзге бөлінуіне тек қана территориялық және экономикалық жағдайлар ғана емес, саяси-әлеуметтік жағдайлар да әсер еткен болуы бек мүмкін. Бірақ, бұл өз алдына жеке зерттейтін бөлек тақырып.

Қазақстан территориясында б.з.д III ғасыр мен б.з X ғасырында Үйсін мемлекеті, б.з.д III ғасыр мен б.з VII ғасырында Қаңлы мемлекеті, XI-XIII ғасырларда Қыпшақ, XII-XIII ғасырда Найман, Керей мемлекеттері өмір сүргені белгілі. Тарихтың б.з.б III ғасыры мен б.з XIII ғасыр аралығында өмір сүрген Үйсін, Қаңлы, Қыпшақ, Найман, Керей секілді түркі тайпаларына "жүз" деген ұғым түсініксіз болса, ал қазіргі таңда Үйсін, Қаңлы тайпалары Ұлы жүз бірлестігіне, ал, Қыпшақ, Керей тайпалары Орта жүз бірлестігіне кіреді. Осыдан-ақ "жүздердің" территориялық әкімшілік бөлінісі ретінде кейіннен пайда болғаны айқын көрініп тұр.

Аристов, Левшин, Харузин, Гродеков секілді орыс зерттеушілері Қазақтың үш жүзін өз еңбектерінде старший, средний, малой орды" деп жазады. Бұл орыс зерттеушілерінің білместікпен айтқан қате тұжырымы. Шындығына келгенде, жүздің "ордаға" еш қатысы жоқ. Олар "орда" деп бытыраңқылыққа ұшырап, жоңғар шапқыншылығының тұсында үшке бөлінген қазақ хандығы мен сол хандыққа қарайтын қазақ руларын айтып отыр. Ал, негізінде қазақ халқының территориялық-әкімшілік тұрғысынан үш жүзге бөлінуі, қазақ мемлекетінің нығайып, тарих сахнасына шыққан Керей, Жәнібек, Қасым хан тұсынан бастау алып, Хақназар хан мен Тәуке ханның тұсында кеңінен қанат жайған. Ол кезде территориялық-әкімшілік жағынан үш жүзге бөлінген қазақ халқын бір хан басқарды. Қазақ хандығының үш жүзге бөлінуі, Тәуке хан өлген соң, Жоңғар шапқыншылығының тұсында болған оқиға. Орыс зерттеушілері жазып жүргендей "жүз" бен "орда"-ның арасында ешқандай байланыс жоқ. "Орда" сөзі "жүз" сөзінің баламасы да емес. Орда-ханның ставкасы орналасқан орын, ал, жүз-тайпалық-рулық бірлестікке негізделе қалыптасқан территориялық-әкімшілік бөлініс. Сондықтан да профессор С.Аманжолов:  "Жузы" в исторической литературе часто называются "ордами" хотя слово "жуз" самими казахами никогда заменялась словом "орда",-(қазақшасы:"Жүз"-тарихи әдебиеттерде көбіне"орда"деп аталады.Бірақ,қазақтардың өздері"орда"сөзін "жүз" деген сөздің орнына еш уақытта қолданған емес. (Еркін аударған Н.Махан)-деп жазады өзінің "Вопросы диалектологии и истории казахского языка "атты ғылыми еңбегінде. Жүз-сөз жоқ рулық-тайпалық негіздегі территориялық-әкімшілік бөлініс. Бұл дау тудырмайтын шындық. Қазақ жүздерінің "ұлы", "орта", "кіші" аталуы, ол-олар орналасқан территориялық жер жапсарының ыңғайына қарай яғни ғылыми тілде айтқанда жер релефіне байланысты айтылған болуы мүмкін. Су ағыны Тянь-Шаньнан бастау алады. Ұлы жүз орналасқан Тянь-Шань, жоңғар Алатауы бір сөзбен айтқанда Жетісу өлкесінің жер жапсары биік, жоғарыда тұр. Сондықтан да осы өлкеде орналасқан тайпаларды "Ұлы жүз" деп атаған. Ал, "Орта жүз" географиялық жер жағдайының орналасуы бойынша қазақ хандығының ортасында тұр. "Кіші жүз" орналасқан  Ақтөбе, Орал, Атырауды біздің ел күні кешеге дейін "төмен жақ", "төменгі ел" деп атайтын.                 Шындығында да Ақтөбе, Орал, Атырау,Жетісу өлкесіне қарағанда төменде орналасқан.Сондықтан да  оларды "Кіші жүз" деп атаған болуы мүмкін. Сонымен, қазақ жүздерінің "Ұлы", "Орта", "Кіші"деп аталуы,  ол-олар орналасқан территориялық-географиялық жер релефінің жағдайына байланысты болуы бек мүмкін.

XV-XVI ғасырларда рулық-тайпалық негізде территориялық-әкімшілік тұрғысынан үш жүзге бөлінген қазақ мемлекетінің патриархалды рулық құрылысы мына төмендегідей болды. Отбасы-Әулет-Ата-Ру-Тайпа (және тайпалық бірлестіктер. Мыс: "Жеті ру"деген секілді) -Жүз-Үш Жүзден қазақ халқы құралды. Бір адамның баласынан бірнеше отбасы таралса, бірнеше отбасынан әулет құралды, бірнеше әулеттен ата, атадан ру құралады. Сонда ру деген не? Ру-генологиялық тегі бір, әдет-ғұрпы, сенім-түсінігі, өмір сүретін территориясы, шаруашылық жүргізу әдісі бірдей адамдар бірлестігін ру деп атаймыз. Руға Отбасы, Әулет, Ата бірлестігі жатады.

Ал, бірнеше рудан құралған тайпаға руға берген анықтаманы бере алмаймыз. Неге? Себебі, тайпаларды тек қана генологиялық тегі бір рулардан құралды, -десек бір жақты үстірт кетіп адасамыз. Түрлі тарихи жағдайларға байланысты, тайпалар құрамына өзге руларды кіріктіріп отыру, Н.А. Аристовтың, А. Харузиннің және профессор С. Аманжоловтың зерттеулері бойынша қазақ халқының тарихында жиі қайталанған оқиғалар.

Тайпа құрамына басқа руларды кіріктіріп отырғандықтан да болуы мүмкін, ұрпағының генологиялық тегі мен қан тазалығына соншалықты қатал қарап,жеті атаға дейін қыз алыспаған аталарымыз,бір тайпа құрамындағы екі руға қыз алысып, гендік тұрғыдан араласуға рұқсат берген.

С. Аманжоловтың зерттеуі бойынша, Ноғай ордасы ыдыраған соң, Қоңырат тайпасының құрамына Ноғай ордасынан келген Маңғыттар мен Саңғыттар кіріктірілген. Міне, осы Маңғыттар мен Саңғыттардың (Π секілді) таңбасы Қоңыраттармен бірдей болып,Қоңырат тайпасының құрамында Сангыт, кейбір деректер бойынша "Сангик", "Сангыт", "Санглы", "Саңғыл" болып, ал, Маңғыттар "Мангыт", "Мангатай", "Маңғытай" болып қатар аталып жүр. (Таңбалар мен деректер С. Аманжоловтың "Вопросы диалектологии и истории казахского языка", Алма-ата 1959 г еңбегінен алынды. Қазақ ру-тайпаларының тарихы. Тама. 1-том,бірінші кітап, 296-бет. Алматы, "Алаш" тарихи-зерттеу орталығы)

Ел аузындағы деректерге қарағанда Қоңырат тайпасының құрамындағы  Маңғытай, Саңғыл рулары бұрын бір ата болып, кейіннен бөлініп қыз алысқан.

Тайпа тарихын олардың құрамындағы рулардың таңбаларын салыстыру арқылы зерттеген профессор С. Аманжолов, Ұлы жүз Албан, Суан, Ботпай, Сиқым руларының Дулат тайпасымен байланысын олардың таңбасы арқылы ғылыми негізде дәлелдейді. (С. Аманжолов "Вопросы диалектологии и истории казахского языка", 12-13-беттер, Алма-ата 1959 г )

Әдебиет-тарихтың көркем шежіресі. Бұл-ақиқат! Бірақ, әдебиет тарихи құжат бола алмайды. Бұл заңдылықты да естен шығармаған абзал. Ауыз әдебиеті үлгілері эпостық жырлар мен аңыз-әңгімелердің түп негізі-өзегінде тарихи шындық жатуы мүмкін. Тек оны жете түсіну үшін көркемдік шындық пен тарихи шындықты бағамдап ажырата білетіндей оқушы бойында нәзік сәулелі ғылыми түйсік болуы шарт. Қазақ ауыз әдебиетінде мынандай аңыз бар: Оғыз ханның ұлы Күн хан малдары қосылып, оларды ажырата алмай өзара дауласып, соғыса берген соң қарамағындағы өзіне бағынышты әр тайпаға өзіндік белгі-таңба таратып беріпті. Міне, сол Күн ханнан алған таңбаны малдарына басқан Оғыз тайпалары, қосылып кеткен малдарын таңбасы арқылы ажыратып, тату-тәтті өмір сүріпті, -дейді аңыз. Екінші бір аңызда дәл сондай таңба мен тайпа ұранын және тайпа үшін қасиетті бір затты (тал, қыран құс т.б) қарамағындағы өзіне бағынышты тайпаларға Шыңғыс хан үлестіріпті, -десе, тағы бір аңыз қазақ ру-тайпаларының таңба белгісін Алаша хан таратыпты,-деп,бұған қазақ даласының әр қиырындағы ру-тайпа таңбалары қашалып басылған "Таңбалы тастарды" дәлел ретінде ұсынады.

Мәселе таңбаны кімнің таратқанында емес. Мәселенің өзегі ол-қазақ халқын құрайтын әр тайпаның өзіне ғана тән белгі-таңбасы болуында.

Ру мен тайпалар өз таңбасын жеке меншік малдарына ғана емес, шекаралық аумағына және бәтуалы істің келісімі ретінде, басқа тайпалармен бірге өз таңбаларын келісімге келген жерде орналасқан тасқа да қашап басқан. Сондықтан да ол тас "Таңбалы тас" деп аталған. Ру-тайпа таңбалары басылған дәл осындай "Таңбалы тастардың" бірнешеуі қазақ даласының әр қиырында  бар. Әр тайпа өз таңбасы арқылы өзін басқа тайпаларға таныта отырып, өздері бөтен таңба арқылы өзге тайпаларды таныған.

Дәл осы жағдай ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің энциклопедиялық тұрғыда жазылған

"Абай жолы" роман-эпопеясының бірінші кітабында шынайы суреттелген. Жас Абайдың әкесі Құнанбайға еріп, Бөжей дауына байланысты Қарқаралы қаласына келген тұсын оқып көрелікші.

...Абай қора ішінде келе жатып, әр топтың тұс-тұсында байлаулы тұрған аттарына қарап, сандарынан таңбаларын көріп, ішінен танып келеді. "Анау" көз таңба" дейтін, қос дөңгелек-Арғын, Бошан аттары. Мына біреу "ашамай" таңба Керей. Ал, ана біреу көк ат ше? Е, е, ол "шөміш "таңбалы-Найман екен ғой. Бұл жақта Наймандар да бар екен-ау! "-деді. Екі жерде араптың "шын" әріпіне ұқсас Төре таңбасын да таныды. (М.Әуезов. Абай жолы. Бірінші кітап, 78-бет. Алматы, "Жазушы" 1989ж)

Міне, дәл осылай әр тайпа өзін және өзінің жеке мүлкін өзгелерге таныту үшін оларға тайпа таңбасын басқан. Тайпа таңбасы қазіргі тілмен айтқанда, мемлекеттік елтаңба секілді. Жеке дара оны өзгертуге ешкімнің де құқы жоқ.

Біздің көптеген тарихшыларымыз тайпалар тарихы туралы жазылған жазба деректер жоқ деп өкініш білдіреді. Меніңше, олар қателеседі. Тайпалар туралы жазбаша деректер бар! Ол-тайпалар таңбасы! Тайпалар таңбасының әрбір сызығы мен қосымшасының өзіндік белгісі мен мағынасы бар. Өкініштісі сол, біз оларды оқи алмай жүрміз. Орхон-Енисей жазбалары секілді, тайпа таңбаларының да құпиясын ашып, оларды оқитын күн алыс емес деп ойлаймын. Егер біз, тайпа таңбаларының құпиясын ашып оқи білсек, онда ұлттық тарихымыздың біз білмейтін жаңа құпиялары ашылып,ұлттық санамыз өлшеусіз биікке көтерілген болар еді.

Н.А. Аристов, А. Харузин, Левшин, Мейер секілді орыс зерттеушілері қазақ ру-тайпаларының тарихын олардың таңбасы арқылы зерттеуге әрекет жасаған. А. Харузин өзінің "Киргизи Букеевской орды" еңбегінде: "Тамга-не есть знак собственности,  а знак родовой", -дей келіп: " ...так, как не Левшин ни Мейер изображая тамги, их никакими  объяснениями не пополняют",-(қазақшасы: Таңба ешкімнің жеке меншік белгісі емес, ол-рудың белгісі,- дей келіп: "Левшин де,Мейер де таңбаларды суреттей отырып,оларды ешқандай түсінікпен толықтырмайды."(Еркін аударған Н. Маханов) - деп, қазақ ру-тайпаларының таңбаларын еркін түсініп, тани алмағанына өкініш білдіреді.

"Вопросы диалектологии и истории казахского языка" еңбегінде профессор С. Аманжолов Н.А. Аристовтың қазақ ру-тайпаларының таңбалары туралы зерттеу еңбегіне сілтеме жасай отырып, қазақ руларының өзара генологиялық туыстығы мен байланысы туралы былай дейді: "Н. Аристов в своей замечательной работе "Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности ("Живая старина"вып III-IV спб.1896 г) намекая на возможность найти главные, основные роды или племена при помощи сопостовления тамговых знаков", -дей келе: "Если это верно, то существуюшие родовые тамги должны указывать от каких родов нынешние родовые единицы происходит", - (қазақшасы: Н. Аристов өзінің"Түркі халқы  тайпаларының саны мен этникалық құрамы туралы жазбалар" атты тамаша еңбегінде ("Живая старина" вып III-IV спб.1896г) рулар мен тайпалардың таңбаларын салыстыру арқылы басты ру мен тайпаны табуға мүмкіншілік барлығын айтқан",-дей келіп: "Егер бұл дұрыс болса,онда қазіргі ру таңбалары,рудың қандай рудан шыққанын көрсетіп беруге тиіс".Еркін аударған Н. Махан.)-деп жазады.

С. Аманжолов және Н. Аристов, А. Харузин секілді зерттеушілер тайпа таңбаларын салыстыру арқылы олардың басқа қазақ тайпаларымен байланысын анықтауға тырысқан. Қазақ халқын құрайтын ру-тайпалар таңбаларын бір-бірімен салыстыра отырып зерттеген С. Аманжолов: "Кыпчаков я считаю самостоятельным племенем. К ним, по моему, относится из родов малой орды-тама; сюда надо было бы отнести и Керейтов, поскольку они тоже имеют кыпчакскую тамгу", -десе, Н.А. Аристов: "Малая орда и Букеевская "еңбегінде: "Тама по тамге должен быть родом кипчакским",- (қазақшасы: Меніңше,қыпшақтар өзіндік тайпа.Оларға меніңше,кіші орданың тамалары қарайды. Бұларға Керейіттерді де қосуға болады,себебі олардың да таңбасы қыпшақтардың таңбасымен бірдей,-десе,Н. Аристов:"Тама-таңбасы бойынша қыпшақ тайпасынан болуға тиіс".(Еркін аударға Н.Махан.)-деп жазып, С. Аманжолов пікірін нақтылай түседі.Шындығы сол:А. Харузин, С. Аманжолов зерттеу еңбектеріндегі қазақ тайпаларының таңбалар таблицасында да,басқа еңбектерде де көрсетілген тайпа таңбалары туралы дерек көздерінде Қыпшақтар мен Тамалардың таңбалары бірдей дәл  осындай II қос әліпби болып келеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін А. Харузин және Н. Аристовтар жасаған қазақ ру-тайпаларының таңбалар таблицасын негізге алған, С. Аманжоловтың қазақ-ру тайпаларының таңбалар таблицасына назар аударайық.

 

Таңбалар таблицасы."Тама" кітабынан алынды.

(Қазақ ру-тайпаларының  тарихы. Тама. 1-том,бірінші кітап, 296-бет. Алматы, "Алаш" тарихи-зерттеу орталығы)

Байқап отырғанымыздай,қазақ ру-тайпаларының өзара ішкі байланысы мен тарихын біз тек қана олардың таңбалары арқылы ғана анықтап болжай аламыз.

Мен осы мақаламды "Тамалар Арқаға қашан келді?"-деген сөзбен бастап едім.Бұл сұраққа бір жақты жауап беру өте қиын.Тегінде біз, қазақ халқының ру шежірелері мен тайпа тарихын сөз еткенде қазақ ауыз әдебиеті нұсқасы мен Бартольд, Радлов, Левшин, Аристов, Харузин, Мейер секілді орыс зерттеушілерінің ғылыми еңбектеріне сүйене отырып, қазақ ру-тайпаларының шежірелі тарихын тұңғыш рет ғылыми негізде жазған қазақ тарихының ғалымы Мұхамеджан Тынышбаев еңбектеріне соқпай өте алмаймыз.

М. Тынышбаев өзінің "Материалы к истории киргиз-казакского народа" атты еңбегінде: "По киргизским (казахским Н.М) преданиям Тауке-хан соединил слабые 7 родов Средней орды в один союз и включил Младшую орду ",-(қазақшасы: Қазақ аңызы бойынша, Тәуке хан Орта жүздің әлсіз 7 руын бір одаққа біріктіріп,оларды кіші ордаға қосты. (Еркін аударған Н.Махан.) - деп жаза отырып,өмір сүру заңы соншалықты қатал қыр төсінде өмір сүретін қазақ тайпаларының саны аз,әлсіздеу жеті руын Тәуке хан "Жеті ру" атты бір бірлестікке топтастырып, "Кіші жүзге" қосқанын атап өтеді.

Н.А. Аристов: "Левшин пологал,что меньшая орда прежде соединены из сильного племени алчин и семи малых родов которые были соединены знаменитым в народе киргизским (казахским. Н.М.) ханом Тявкою (Тәуке. Н.М.) в одно поколение. Теперь меньшая орда обыкновенно делится на три части. Первое поколение алчыни,второе поколение байулы и III поколение джетиуруг или семиродское,"-(қазақшасы: Левшиннің ойынша, кіші орда  мықты да күшті Алшын тайпасы мен халық арасында өте беделді,әйгілі Тәуке хан біріктірілген жеті рудан құралады. Қазір кіші орда үш бөлікке бөлінген.Бірінші бөлік-алшындар,екінші бөлік-байұлы, үшінші бөлік-жеті жұрт немесе жеті ру.(Еркін аударған Н.Махан.) - деп жаза отырып,Тәуке хан Орта жүздің жеті руын "Жеті ру" бірлестігіне топтастырып, Кіші жүзге қосты,-деген М. Тынышбаев пікірін өзінің "Малая орда и Букеевская" атты еңбегі арқылы нақтылап,дәлелдей түседі. Айта кететін бір мәселе: Кіші жүз құрамындағы руларды түгелдеген Левшин де, Аристов та алшындардың он екі ата Байұлына, ал, алты ата Әлімнің Кіші жүз құрамына кіретінін білмеген.

Қазақ тарихын, қазақ халқын құрайтын ру-тайпалардың тарихы арқылы зерттеген Левшин, Аристов, Тынышбаевтардың жазуына қарағанда, Орта жүздің әлсіздеу 7 руын "Жеті ру"атты бірлестікке біріктіріп, оларды Кіші жүзге қосқан-Тәуке хан.

"Жеті ру" бірлестігіне кіргенге дейін Қыпшақтармен таңбалары бірдей тамалар Орта жүз құрамында болса,онда олар Арқаға ешқайдан да келмеген, Арқаны ертеден мекендеп келе жатқан қазақтың көне тайпаларының бірі болып шығады. Біздің бұл пікірімізді ұлт көсемі, тамаша энциклопедист ғалым Әлихан Бөкейханның мына пікірі растай түсетін секілді.

"Бұрынғы уақытта бұл өзенді осы күні Перовскіге қарайтын Тама да жайлайтын еді. Бағаналы-Балталы, Тама бұл Алаш хан, Жошы хан бейіті туралы не біледі?", -деп жазады өзінің "Түрік, қырғыз һәм хандар шежіресі" атты мақаласында. ("Қыр баласы","Қазақ",№12,28.04.1913жыл.Орынбор.)

Еңбектерінің көбін "Қыр баласы" атты әдеби бүркеншік есіммен жазатын Әлихан Бөкейхан өзінің дәл осы мақаласында Найман тайпасының Балталы-Бағаналы рулары мен Тама тайпасы бұрынғы уақыттан бері Арқа жерінің Қаракеңгір өзені бойын мекендейтінін жазған. "Историческое судьбы Киргизского края и культурные его успехи", "Киргизы", "Материалы к истории султана Кенесары Касымова", "Родовые схемы киргиз Каркаралинского уезда", "Казахи Адаевского уезда" секілді қазақ халқының тарихы туралы бірнеше ғылыми зерттеу еңбектерінің авторы, тамаша тарихшы,энциклопедист-ғалым Әлихан Бөкейханның бұл сөзі, Тама тайпасының Арқа жерін ертеден мекендеп келе жатқанына дәлел болса керек. Ұлтымыздың біртуар дарынды ұлы,тарихшы-этнограф, жазушы Ақселеу Сейдімбектің мына пікірі Тамалардың Арқа жерін ежелден мекендеп келе жатқан қазақтың көне тайпаларының бірі екенін дәлелдей түседі.

Ақселеу Сейдімбек: "Тарихи және шежіре деректері бойынша Кіші жүз құрамындағы жеті ата, Жетіру XVIII ғасырға дейін Орта жүздің құрамында болған.Тәуке ханның тұсында мемлекеттік құрылымды шыңдау барысында Орта жүздің Телеу, Рамадан, Тама, Кердері, Керейіт, Жағалбайлы деп аталатын жеті рулы елі Кіші жүз құрамына қосылған. Бұл деректі Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың (1693-1743) айтуында И.И. Тевкелеев келтіреді", -дей келіп: "Тәуке хан Орта жүздің жеті руын Кіші жүз құрамына қосқанымен, олардың бәрі бірдей ата-қонысын тастап кетпеген, тіптен алғашқы хан жарлығымен көшуін көшкенімен ата жұртқа қайта оралғандары да аз болмаған", -дей отырып, Еділ-Жайыққа үш барып, үш қайтқан дуалы ауыз Қылышұлы Итемген бидің шежірелік дерек сөзін мысалға келтіреді. (А. Сейдімбек. "Қарабура" жинағы. 532-533-беттер.)

Шындығында да, егер Тамалардың ата-мекені Еділ-Жайық бойы болса, онда олар жаңа жерді жатырқап Еділ бойына үш барып,үш келмес еді ғой. Кіші жүз "Жетіру" бұрын Орта жүз құрамында болды деген орыс елшісі И.И. Тевкелев жазбаларындағы деректерге сенуге болады. Себебі, бұл деректерді И.И. Тевкелев Кіші жүз ханы Әбілқайырдың өз аузынан жазып алған. Екіншіден, қазақ даласында бірінші рет болып отырған елші И.И. Тевкелев орыс патшасына қазақ халқы туралы сұрыпталған, барынша сенімді деректерді жеткізуге тырысатыны өзінен-өзі түсінікті жағдай.

Тарих үшін адамзат түрлі себептерге байланысты үнемі орын ауыстырып отыратын ауа ағыны секілді. Адамзат тарихы – ұлы қоныс аударулардан тұрады. Бұл – заңдылық. Сол себептен де жүз-ру-тайпалардың генологиялық байланысы емес, ол – ру-тайпалардың территориялық-әкімшілік бөлінісі. Қазақ хандығының мемелекет болып тарих сахнасына шыққан алғашқы дәуірінде, мемлекеттік құрылымдарды күшейтіп шыңдау мақсатында бір руды екінші тайпа құрамына немесе белгілі тайпа мен тайпалар бірлестігін территориялық-әкімшілік жағынан бір жүзден екінші жүзге ауыстырып отыру қалыпты жағдай болған. Бұл тарихи-диалектикалық шындықты әрқайсысымыздың да жете түсінгеніміз абзал.

Айта кететін бір мәселе: егер Тамалар Еділ-Жайықтан Арқаға ауа көшіп, қоныс аударса, халық өміріндегі мұндай күрделі оқиғаның кез-келген ұлттың «тарихи жадысы» болып есептелінетін халық ауыз әдебиеті нұсқаларының бірінде сақталмай қалуы мүмкін емес.

2010 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігінің Республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша құрылған «Қазыналы Оңтүстік» ғылыми зерттеу экспедициясының құрамында жүргенімізде, көне көз қариялардан сұрастырып, ауызша-жазбаша халық арасында сақталып қалған түрлі әдеби нұсқаларды қанша жерден шұқшия зерделесек те, Тама тайпасының Арқаға қашан келгені туралы нақты дәлелді-деректі кездестіре алмай, салымы суға кеткендей болған. Арқаға Тамалар ешқайдан да келмеген-ау, - деген күдікті ой сол кезден бастап қылаң бергені рас. Белгілі тарихшылардың Тамалар туралы ғылыми-зерттеу еңбектері сол күдігімізді расқа шығарып тұрғандай.

Сонымен Тамалар Арқаға қашан келген? Бұл сұраққа Левшин, Н. Аристов, М. Тынышбаев, А. Харузин және С. Аманжоловтардың ғылыми-зерттеу еңбектері мен И.И. Тевкелеев, Ә. Бөкейхан, А. Сейдімбек деректеріне сүйене отырып айтарымыз; Қыпшақ тайпасымен таңбасы бірдей, бір кезде Орта жүз құрамында болған Тамалар, Арқа жеріндегі Қаракеңгір, Сарысу өзендері бойын ежелден мекендеген қазақтың көне тайпаларының бірі, - деген тоқтамға келеміз. Түгел сөзді  түбірімен айтсақ: Арқаға Тамалар ешқайдан да келген жоқ. Себебі, Арқа жері – Тамалардың ата-мекені. Бұл – ғылыми негізде дәлелденген ақиқат дүние!

Нұрғали Махан

Abai.kz

29 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379